Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (1-бөлім). Қорғану шаралары

Жыныстық зорлыққа қатысты нені білуім керек? (1-бөлім). Қорғану шаралары

 Жыныстық зорлық деген не?

“Жыныстық зорлық” деген тіркеске заң тарапынан әр елде әртүрлі анықтама беріледі. Десе де бұл тіркес адамның еркіне қайшы жасалатын, кейде тіпті күш көрсетіліп жасалатын, жыныстық қатынасты білдіреді. Бұған — кішкентай балалар не жасөспірімдерге жыныстық қиянат жасау, жақын туыстардың жыныстық қатынасқа түсуі (инцест), зорлау, сенім артатын адамдардың, мысалы дәрігер, мұғалім не дін қызметкерлерінің тарапынан жыныстық мақсатта пайдалану — жатады. Ауызша не күш қолданылып жасалған жыныстық зорлықтың құрбандары бұл туралы ешкімге тіс жармаулары үшін, оларға қоқан-лоқы көрсетіледі.

Бір сауалнамаға сай, Құрама Штаттардың өзінде жыл сайын шамамен 250 000 адам жыныстық зорлық көреді. Солардың жартысы дерлік 12 мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер.

 Нені білуің керек?

  • Киелі кітапта жыныстық зорлық айыпталады. Киелі кітапта 4000 жылдай уақыт бұрын азғындыққа белшесінен батқан кісілердің Содом қаласына келген екі кісіні зорламақ болғандары айтылған. Бұл жағдай Ехобаның сол қаланы жоюына бір себеп болды (Мұсаның 1-жазбасы 19:4—13). Сонымен қатар шамамен 3500 жыл бұрын берілген Мұса Заңында жақын туыстардың жыныстық қатынасқа түсуі, сондай-ақ отбасы мүшелерінің тарапынан жасалатын жыныстық зорлық айыпталады (Мұсаның 3-жазбасы 18:6).

  •   Жыныстық зорлықтың көбісі таныс адамдардың тарапынан жасалады. “Балаларыңмен жыныстық қатынас жайлы сөйлесу” деген кітапта былай делінген: “Зорланған адамның үштен екеуі өзіне қиянат жасаған адаммен таныс болған. Оларға қараңғы бұрыштан шыға қалған бейтаныс адамдар емес, өздерінің таныстары зорлық жасаған” (“Talking Sex With Your Kids”).

  • Жыныстық зорлықтан қыз балалар да, ер балалар да жапа шегеді. Құрама Штаттарда құрбан болғандардың шамамен 10 пайызы ер адамдар. Жыныстық зорлықпен күресетін бір ұйымның мәлімдеуі бойынша, зорланған ер адамдар “гомосексуалист болып кетуден” не “нағыз еркек болмай қалудан қорқады” (“Rape, Abuse & Incest National Network”).

  • Жыныстық зорлықтың кең етек алуы таңғаларлық жайт емес. Киелі кітапта “соңғы күндері” көп адам “бауырмалдықтан жұрдай”, сондай-ақ “ұстамсыз, бұзақы” болатыны пайғамбарлық етілген (Тімөтеге 2-хат 3:1—3). Дәл осындай мінез-құлық жыныстық зорлық жасайтындардың бойынан анық көрінеді.

  • Жыныстық зорлыққа душар болғанына адамның өзі кінәлі емес. Нәпсісін қандыру үшін ешбір адамның басқаға қиянат жасауына құқығы жоқ. Сондықтан бұндай жаман іске тек қылмыскер жауапты. Қалай болған күнде де, жыныстық зорлықты мүмкіндігінше болдырмау үшін, сен өз тарапыңнан қорғану шараларын жасай аласың.

 Не істей аласың?

  • Қорғануға дайын бол. Әлдекім, мейлі ол кездесіп жүрген адамың не туысың болсын, жыныстық қатынасқа күштейтін болса, қалай әрекет ететініңді алдын ала ойластыр. Эрин есімді қыздың айтуынша, құрдастардың кез келген қысымына төтеп берудің бірден бір жолы — орын алуы мүмкін жағдайды көз алдыңа елестетіп, сол жағдайда қалай әрекет ететініңді ойластыру. “Бұлай ету біртүрлі болып көрінетін шығар,— дейді ол,— бірақ соның арқасында жыныстық зорлықтың құрбаны болудан бойыңды аулақ ұстайсың”.

    Киелі кітапта былай делінген: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болыңдар,.. өйткені қазіргі күндер зұлымдыққа толы” (Ефестіктерге 5:15, 16).

    Ойланып көр: “Егер біреу қолын денеме ыңғайсыздық сезіндіретіндей етіп тигізсе, қалай әрекет етуім керек?”

  • Кетіп қалудың амалын ойластырып ал. Жоғарыда сөз етілген ұйым мынадай кеңес береді: “Бір жасырын сөз ойлап тауып, оны достарыңа не отбасыңа айтып қой. Сонда, қасыңдағы адамнан қандай да бір қауіпті сезгенде, оларға қоңырау шалып, қолайсыз сезініп жатқаныңды білдіртесің әрі мұны қауіп төндіріп тұрған адамға білдіртпестен істей аласың. Сонда достарың не отбасың сені алып кетеді не кетіп қалуыңа жағдай жасайды”. Бірақ қауіпті жағдайлардың маңына да жоламасаң, көп қиындықтан аулақ жүре аласың.

    Киелі кітапта былай делінген: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3).

    Ойланып көр: “Қауіпті жағдайдан шығудың қандай амалдарын ойластырдым?”

    Қауіпті жағдайдан шығудың амалын әрдайым ойластырып ал

  • Шектеулер қойып, соларды берік ұстан. Кездесіп жүрсең, жігітіңмен не қызыңмен қандай әрекеттердің орынды не орынсыз болатынын талқыла. Егер достасып жүрген адамың шектеулер қою ақылсыздық деп санаса, құндылықтарыңды құрметтейтін басқа адамды таңдағаның дұрыс.

    Киелі кітапта былай делінген: “Сүйіспеншілік... әдепсіз емес, өзімшіл емес” (Қорынттықтарға 1-хат 13:4, 5).

    Ойланып көр: “Ұстанатын құндылықтарым қандай? Қандай әрекеттер орынсыз болып табылады?”