Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Жыныстық қатынасқа көндіргенде, қалай төтеп берсем болады?

Жыныстық қатынасқа көндіргенде, қалай төтеп берсем болады?

 “Мектепте оқығанда кейбір оқушылар біреумен төсектес болғанын айтып мақтанатын. Мұндайды істемегенің үшін кейде өзіңді кінәлі де сезініп қаласың. Елден ерекше болу кімге ұнайды дейсіз” (Илан, 21 жас).

 Сен елден ерекше болғандықтан басқалар сені осындай іске қоймай да қоймай көндірген бе?

 Сенің сүйікті жігітің я қызың онымен төсектес болуға көндірген бе?

 Кейде адамды біреу көндіруі мүмкін, ал кейде адамның соған қалауы тартып тұрады. Мұндайда қалай әрекет ету керектігіне қатысты осы мақалада жақсы кеңестер бар. Сол кеңестер саған дұрыс шешімге келуге көмектеседі.

 Өтірік пен шындық

 ӨТІРІК. Менен басқасының бәрі біреумен төсек қатынасына түскен.

 ШЫНДЫҚ. 18 жасар балалардың арасында бір зерттеу жүргізілді. Сол зерттеуге сай, үш баланың екеуі біреумен төсектес болғанын айтты. Ал әр үшінші бала, яғни отыз пайыздан көбі ешкіммен болмағанын айтқан екен. Демек, сенен басқалары да ешкіммен төсек қатынасына түспеген.

 ӨТІРІК. Жыныстық жақындық екі адамды жақындастырады.

 ШЫНДЫҚ. Кейбір жігіттер жүріп жүрген қыздарын көндіру үшін осы сөздерді айтады, бірақ бұл олай емес. Өйткені жиі жігіттер қызымен жақындасқаннан кейін, оларды тастап кетіп жатады. Ал “мені сүйеді-ау, тым болмаса ұнатады-ау” деп ойлаған қыздың болса жүрегі жараланады a.

 ӨТІРІК. Киелі кітап жыныстық қатынасқа қарсы.

 ШЫНДЫҚ. Киелі кітапта жыныстық қатынас жаман деп айтылмаған. Бірақ оның қызығын тек ерлі-зайыптылар ғана көру керек делінген (Мұсаның 1-жазбасы 1:28; Қорынттықтарға 1-хат 7:3).

 ӨТІРІК. Киелі кітаптың талаптары өміріңді қара түнек қылады.

 ШЫНДЫҚ. Некеге дейін жыныстық қатынасқа ешкіммен түспей күте тұрсаң, онда өмірің жарқын, әлдеқайда бақытты болады. Өйткені ондайға бармайтын адамның артық уайымы, “не үшін істедім деген” өкініші мен қорқынышы болмайды.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Некеге дейін жыныстық қатынасқа бармағандар бұның еш зиянын көрген жоқ, ал некеге дейін жыныстық қатынасқа түскендер соның көп зардабын көрді.

 Қалай төтеп беруге болады?

  •   Жақсы мен жаманға қатысты ұстанымыңнан тайма. Киелі кітапта ақыл-ойы толысқан адамдар жайлы айтылады. Олар “жаман мен жақсыны ажырата алу” үшін ақыл-ойларын үнемі жаттықтырып отырады. Сондықтан олар ненің жақсы, ал ненің жаман екенін ажырата алады (Еврейлерге 5:14). Олардың ұстанымдары нық, сондықтан оларды жаман іске көндірген кезде оңайлықпен көне салмайды.

     “Мен дұрыс нәрсені істеу үшін және атыма кір келмес үшін, өте көп күш саламын. Қандай да бір жағдай жақсы атыма кір келтіреді-ау деп сезіп қалсам, ондай жағдайдан қашамын” (Алиса, 16 жас).

     Ойланып көр: Басқалардың сен жайлы не ойлағанын қалайсың? Біреудің көңілінен шығу үшін ғана осы уақытқа дейін жинап келген абыройыңды айрандай төккенің жөн бола ма?

  •   Салдарын ойла. Киелі кітапта былай делінген: “Адам не ексе, соны орады” (Ғалаттықтарға 6:7). Алдағы өмірің жайлы ойлап көрші. Сені жыныстық қатынасқа көндірген адамға сен беріліп қалсаң, сенің де, оның да өмірі күрт өзгеруі мүмкін. b

     “Некеге дейін жыныстық қатынасқа түскен адам жиі өзін кінәлі сезінеді, істегеніне өкінеді және біреудің сүйіктісі емес, пайдаланып кеткен адамдай сезінеді. Бұл аздай, жүкті болып қалуы мүмкін немесе жыныстық жолмен берілетін ауру жұқтыруы мүмкін” (Сиенна, 16 жас).

     Ойланып көр: Бір кітапта былай жазылған: “Сен дос деп жүрген адамдарың сені жаралайтын іске көндіретін болса, олармен араласып, айтқандарын тыңдау керек пе? Ондай адамдарды дос деуге бола ма?” (“Sex Smart”)

  •   Дұрыс көзқараста бол. Жыныстық қатынас өздігінен жаман нәрсе емес. Сондықтан Киелі кітапта ерлі-зайыптылар соның қызығын көру керек деп жазылған (Нақыл сөздер 5:18, 19).

     “Жыныстық қатынас Құдайдың адамдар үшін берген сыйы. Бірақ ол тек ерлі-зайыптылар үшін ғана берілген” (Джереми, 17 жас).

     Ойланып көр: Күндердің күнінде сен некеге тұрған соң, жыныстық қатынастың қызығын көресің. Сол кезде ол саған қайғы, өкініш, ауру емес, тек қана қуаныш сыйлайтын болады.

a Алайда қыздарын жақындасуға көндіретін тек қана жігіттер ғана емес, көп жағдайда қыздар да жігіттерін көндіруге тырысады.

b Соның бір салдары қалаусыз жүктілік болуы мүмкін, тіпті екеуінің біреуі кәмелет жасқа толмаған болса, сол ісі үшін заң алдында жауап береді.