Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Танысу мен кездесу. 1-бөлім: Біреумен кездесуге дайынмын ба?

Танысу мен кездесу. 1-бөлім: Біреумен кездесуге дайынмын ба?

 Кездесудің мақсаты

 Кейбіреулер қыз-жігіт болып жүру дегенді біреудің көңіл білдіргеніне елтіп, әдемі уақыт өткізу деп ойлайды. Алайда қыз бен жігіттің кездесіп жүрген шағы — бұл тек бір-біріне көңіл сыйлайтын кез ғана емес. Дәл сол кезде екі жас бір-біріне лайықты жар бола ала ма, жоқ па — соны көреді. Кездесудің мақсаты — осы.

 Уақыты келгенде жүріп жүрген қыз бен жігіт бір шешімге келу керек: я неке құру керек я қарым-қатынасты тоқтату керек. Екі жас жүрген кезде осы екеуіне де дайын болған жақсы.

 Ойтүйін. Кездесуге дайынмын деп ойласаң, некеге тұруға да дайын болуың керек.

Неке құрмайтын адаммен кездесу жұмысқа тұрғың келмейтін жерге барып жұмыс жайлы сөйлесу сияқты

 Біреумен кездесуге дайынсың ба?

 Сен біреумен кездесіп жүрсең, екеуің түбінде неке құруларың мүмкін. Сондықтан сенің қандай жақсы-жаман мінезің бар екенін ойланып көр. Өйткені некелерің қандай болатыны соған байланысты.

  •   Отбасың. Әсіресе стресс кезде сен ата-анаңа, бауырларыңа қалай сөйлеп, қалай әрекет етсең, болашақ жарыңа да тура солай істейсің.

     Киелі кітап кеңесі: “Әрқилы өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар!” (Ефестіктерге 4:31).

     Өзіңді тексер: “Ата-анам я бауырларым оларға құрметпен қараймын деп айта ала ма? Олармен ренжісіп қалғанда, мәселені сабырмен шешемін бе, әлде ашуланып, ұрысып кетемін бе?”

    Келіспеушілікті ата-анаңмен шеше алмасаң, жарыңмен қалай шешпексің?

  •   Жанқиярлық. Некеге тұрған соң, жарыңның тілек-қалауын ойлап, тіпті өзіңдікіңнен бас тарту керек болады.

     Киелі кітап кеңесі: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).

     Өзіңді тексер: “Мен өз дегенімде тұрып аламын ба? Басқалар мені иліккіш адам деп біле ме? Өзгенің қамын өзімдікінен биік қоятынымды қалай көрсетіп жүрмін?”

  •   Кішіпейілділік. Жақсы жар өзінің қателігін мойындап, шын жүректен кешірім сұрайды.

     Киелі кітап кеңесі: “Бәріміз де көп сүрінеміз” (Жақып 3:2).

     Өзіңді тексер: “Қателігімді бірден мойындаймын ба? Әлде ақталып шығамын ба? Маған кеңес бергенде, қатты көңіліме алып, ренжимін бе?”

  •   Қаражат. Некеде көп ұрыс ақша үшін болады. Сондықтан ақшаны дұрыс жұмсай білген жөн.

     Киелі кітап кеңесі: “Араларыңдағы біреу мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражаты жетер-жетпесін білу үшін, алдымен шығынын есептеп алмай ма?” (Лұқа 14:28).

     Өзіңді тексер: “Мен ақшамды басқара аламын ба, әлде үнемі қарыз боп жүремін бе? Ақшаны ақылмен жұмсайтынымды қалай көрсетіп жүрмін?”

  •   Рухани күй. Сен Ехоба куәгері болсаң, Киелі кітап зерттеу мен қауымға бару өміріңнің ажырамас бөлігі болуы керек.

     Киелі кітап кеңесі: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі” (Матай 5:3).

     Өзіңді тексер: “Сенімімді нығайту үшін күш салып жүрмін бе? Рухани істер өмірімде басты орында тұр ма? Әлде оларды жылжыта саламын ба?”

 Ойтүйін. Сен таңдағалы тұрған адам ең жақсы адамға лайық. Сондықтан жақсы жар болу үшін әдеттеріңді, мінезіңді жақсарта бер. Сонда тура осылай істеп жүрген адамның көзі саған түсіп, көңілдерің жарасып кетуі әбден мүмкін.