ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Кімнен үлгі алсам болады?
“Мектепте қандай да бір қиындық болса, менікіндей жағдаймен кезіккен адам жайлы ойланып, содан үлгі алуға тырысамын. Үлгі тұтатын адамың болса, қиындықтардан өту әлдеқайда жеңіл” (Хейли).
Үлгі тұтар адамыңның болғаны проблемаларды айналып өтіп, мақсаттарыңа жетуге көмектеседі. Бірақ бұл үшін үлгі етіп лайықты адамды таңдау керек.
Дұрыс таңдаудың маңызы
Кімнен үлгі алатының жүріс-тұрысыңа әсер етеді.
Киелі кітап мәсіхшілерді жақсы адамдардан үлгі алуға шақырып былай дейді: “Жүріс-тұрыстарының игілікті нәтижесі туралы ой жүгіртіп, олардың сеніміне еліктеңдер” (Еврейлерге 13:7).
Кеңес: Кімді үлгі ететінің саған жақсы не жаман жағынан әсер ететіндіктен, жай ғана танымал не өзіңмен жасты адамдарды емес, шынымен жақсы қасиеттері бар адамдарды үлгі тұт.
“Мен Эдам деген бауырластан көп нәрсеге үйрендім. Оның танытатын көзқарасы мен жүріс-тұрысына қызығатынмын. Оның кейбір айтқан сөздері мен жасаған істері әлі күнге дейін есімде. Бұның бәрі маған қалай әсер еткенін ол бауырлас тіпті білмейді де” (Колин).
Кімнен үлгі алатының ой қалпыңа және сезіміңе әсер етеді.
Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “Алданбаңдар, жаман орта жақсы әдеттен айырады” (Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
Кеңес: Тек сырт көрінісі тартымды адамға емес, жақсы қасиеттері бар адамға еліктеуге тырыс. Әйтпесе, ақырында көңілің қалып қалуы мүмкін.
“Гламурлы адамдармен өзіңді салыстыра берсең, өзіңді ұсқынсыз, түкке тұрғысыз сезініп кетесің. Сөйтіп, жатсаң-тұрсаң сырт-көрінісіңді ғана ойлайтын боласың” (Тамара).
Ойланатын жайт. Жұлдыздар мен спортшыларға еліктеудің қандай қаупі бар?
Кімнен үлгі алатының мақсаттарыңа жетесің бе, жоқ па — соған әсер етеді.
Киелі кітап былай дейді: “Данамен жүрген дана болар” (Нақыл сөздер 13:20).
Кеңес: Өзің мақсат еткен жақсы қасиеттерді танытып жүрген адамдарды үлгі ет. Оларды сырттай бақылап жүрсең, мақсатыңа жету үшін нақты не істей алатыныңды көресің.
“Мен жауапкершілікке үйренгім келеді” деген жалпы мақсат қоюдың орнына, “Мен Джейн сияқты ісіне жауапкершілікпен қарайтын адам болғым келеді. Ол ешқашан ешқайда кешікпейді, тапсырмаларын да тиянақты орындайды” деген дұрысырақ” (Мириам).
Ойтүйін: Өзің қалағандай адам болу үшін, үлгі еткің келетін адамды дұрыс таңдауың керек.
Қалай таңдау керек?
Үлгі еткің келетін адамды таңдаудың екі жолы бар:
Бойыңда қай қасиетті дамытқың келетінін анықта, сосын сол қасиетті жақсы танытып жүрген адамды ізде.
Өзіңді тәнті ететін бір адамды таңда, сосын оның бойындағы өзің танытқың келетін қасиетіне елікте.
Бұл орайда саған осы мақаланың жұмыс парағы көмектеседі.
Үлгі тұтқың келетін тұлғаларды келесі адамдардың арасынан таңдай аласың:
Құрдастарың. “Мен өзімнің жан досыма ұқсағым келеді. Ол біреуге көңіл бөлуге әрдайым уақыт табады. Оның жасы менен кіші. Бірақ оның бойында менде жоқ тамаша қасиеттер бар. Ол — мен үшін үлгі” (Мириам).
Ересектер. Бұл сенің ата-анаң не сенімен бірге Құдайға қызмет ететін бауырластарың болуы мүмкін. “Ата-анам мен үшін ең керемет үлгі. Олардың тамаша қасиеттері көп. Әрине, кемшіліктері де жоқ емес. Бірақ соған қарамастан Құдайға адалдық танытып жүр. Олардың жасына келгенде, мен де солар сияқты болғым келеді” (Аннет).
Киелі кітап кейіпкерлері. “Мен Киелі кітаптан үлгі тұтқым келетін бірнеше кейіпкерді таңдап алдым. Олар: Тімөте, Рут, Әйүп, Петір және исраилдік кішкентай қыз. Әрқайсысынан әртүрлі нәрсеге үйренемін. Олар туралы көбірек білген сайын, олар мен үшін жандана түседі. Мен “Сенімін серік еткендер” деген кітапты және “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” басылымындағы “Өткеннен өнеге” деген қоршауды зерттегенді ұнатамын” (Мелинда).
Кеңес: Бір ғана адамнан үлгі алумен шектелме. Елші Пауыл мәсіхшілерге былай деген: “Біздің үлгімізге еліктеп жүргендерге де назар салыңдар” (Філіпіліктерге 3:17).
Сен білгенсің бе? Сен де біреуге үлгі бола аласың! Киелі кітапта былай делінген: “Адал болып жүргендерге сөзіңмен, жүріс-тұрысыңмен, сүйіспеншілігіңмен, сеніміңмен және пәк тазалығыңмен үлгі көрсет” (Тімөтеге 1-хат 4:12).
“Өзің басқалардан үлгі ала жүріп, өзгелерге де жақсаруға көмектесе аласың. Ешқашан сыртыңнан кімнің бақылап жүргенін және сөздеріңнің біреудің өмірін қалай өзгертуі мүмкін екенін білмейсің” (Киана).