ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Мен бөлек тұруға дайынмын ба?
Үйден көшу бір жағынан қызық болса, бір жағынан қорқынышты болуы мүмкін. Өз бетіңше өмір сүруге дайынсың ба, жоқ па — оны қалай анықтай аласың?
Себебін анықтап ал
Үйден кетуді шешуіңе өте көп нәрсе себеп болуы мүмкін. Олардың кейбірі тіпті ақылдылыққа да жатпайды. Мысалы, Марио есімді жігіт былай дейді: “Үйден кеткім келген себебі — үй шаруаларынан құтылғым келген еді”.
Шындығына келгенде, үйден кетсең, еркіндігің азаймаса, көбеймейді. 18 жасар Оня былай дейді: “Бөлек тұрсаң, тұратын жеріңді өзің жинайсың, тамақты өзің пісіресің, шығындарыңды өзің төлейсің. Мұндай кезде қасыңда көмектесе салатын ата-анаң болмайды”.
Ойтүйін: Дайын, дайын емесіңді білу үшін, үйден не себепті көшіп кеткің келетінін түсінуің керек.
Шығынды есептеп ал
Иса былай деген: “Араларыңдағы біреу мұнара салғысы келсе, құрылысын аяқтауға қаражаты жетер-жетпесін білу үшін, алдымен шығынын есептеп алмай ма?” (Лұқа 14:28). Үйден көшпес бұрын шығыныңды қалай есептеп алсаң болады? Келесі салаларды қарастырып, өзіңді тексеріп көр.
АҚШАНЫ АҚЫЛМЕН ЖҰМСАЙ БІЛЕСІҢ БЕ?
Киелі кітапта: “Ақша адамды қорғайды”,— делінген (Уағыздаушы 7:12).
Ақшаны үнемдеп ұстау сен үшін қиын ба?
Ақшаны оңды-солды шашқанды ұнатасың ба?
Өзгелерден жиі қарыз аласың ба?
Осы сұрақтардың кез келген біреуіне “иә” деп жауап берсең, жеке өмір сүрсем деген тәтті арманың ащы өмірге айналып кетуі мүмкін.
“Ағам 19 жасында үйден кетіп, бөлек тұрды. Ол бір жылдың ішінде бар жиған-тергенін тауысты, ақшасын төлемегені үшін көлігінен айырылды, еш жерден несие де ала алмады. Ақыр соңында, оның үйге қайтудан басқа амалы қалмады” (Даниелла).
Қазірден бастап былай істеп көр: Ата-анаңнан ай сайынғы шығындары қанша екенін сұрап көрсең болады. Олар ай сайын қандай шығындарды төлейді, кірісті қалай жоспарлайды, ақшаны қалай үнемдейді — осының бәрін сұрап біл.
Ойтүйін: Үйде тұрып жатқан кезіңде ақшаны дұрыс жұмсауды үйренсең, бөлек кеткенде өмірде болып тұратын қаржылай қиындықтарға дайын боласың.
ӨЗІҢДІ ТӘРТІПКЕ САЛАСЫҢ БА?
Киелі кітапта: “Әркім өз жүгін өзі көтереді”,— делінген (Ғалаттықтарға 6:5).
Істерді кейінге ысыруға бейімсің бе?
Үй тірліктерін істеуді ата-анаң саған қайта-қайта айтып отыра ма?
Үйге ата-анаң белгілеген уақыттан кеш келесің бе?
Осы сұрақтардың кез келген біреуіне “иә” деп жауап берсең, бөлек тұрған кезде міндеттеріңді атқару саған қатты қиын болуы мүмкін.
“Жеке өзің тұрғанда, кейбір нәрселерді істеу онша ұнамауы мүмкін, бірақ істеу керек болғандықтан істейсің. Қасыңда ананы істе, мынаны істе дейтін ешкім болмағандықтан, күнделікті істерді істеуге өздігіңнен талпынғаның маңызды” (Джессика).
Қазірден бастап былай істеп көр: Бір ай бойы үйде мүмкіндігінше көп істі өз мойныңа алуға тырыс. Мысалы, үйді өзің жина, киімдеріңді жу, азық-түлікті өзің сатып ал, күнде тамақ пісір, ыдыс-аяқ жу. Осылай етіп көрсең, бөлек тұрғанда өміріңнің шамамен қандай болатынын біле аласың.
Ойтүйін: Ешкімге тәуелді болмай өмір сүргің келсе, өз-өзіңді тәртіпке салу аса маңызды.
МІНЕЗІҢ САБЫРЛЫ МА?
Киелі кітапта: “Ашу, ызақорлық, жамандық, қорлық сөздер сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар”,— делінген (Қолостықтарға 3:8).
Өзгелермен тіл табысу сен үшін қиын ба?
Ұстамдылық таныту қиынға соға ма?
Бәрі үнемі өзің қалағандай болу үшін айтқаныңда тұрып аласың ба?
Осы сұрақтардың кез келген біреуіне “иә” деп жауап берсең, саған бір бөлмедегі көршіңмен немесе болашақта күйеуіңмен не әйеліңмен бірге тұру қиын болуы мүмкін.
“Бір бөлмедегі көршіммен тұрғанда, мінезім бар екенін байқадым. Стреске ұшыраған кезде көңіл күйім бұзылып кетеді екен. Бірақ мен басқалар бұл мінезіме шыдауға міндетті емес екенін түсіндім. Сондықтан стреске қарсы тұрудың дұрыс жолын табуым керек деп шештім” (Хелена).
Қазірден бастап былай істеп көр: Ата-анаңмен және бауырларыңмен тіл табысуды үйрен. Себебі қазіргі уақытта үй ішіндегілердің кемшіліктеріне қалай қарайтын болсаң, алдағы уақытта бірге тұратын адамдардың кемшіліктеріне тура солай қарайтын боласың.
Ойтүйін: Бөлек тұру — жауапкершіліктен қашудың жолы емес, дайындық пен ептілікті талап ететін қадам. Бөлек тұрудың не екенін білетін адаммен сөйлесіп көрсең болады. Олардан: “Уақытты артқа қайтарса, нені басқаша істер едің? Сол кезде білгенімде ғой деген нәрселер бар ма?”— деп сұрап көр. Кез келген үлкен қадам жасамас бұрын осылай ақылдасқаның дұрыс.