ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Мен максимализмге бейіммін бе?
Егер сен...
әр бақылау жұмысынан жоғары баға күтсең;
сәтсіздікке ұшыраймын деп жаңа істен қашсаң;
кез келген сын сөзді беделіңе түскен дақ деп қарастырсаң...
... демек, сен максимализмге бейімсің деуге болады. Алайда бұл көңіл қоюға тұрарлық жайт па?
Максимализмнің несі жаман?
Не істесең де, барыңды салып істеуде тұрған еш айып жоқ. Алайда “Максимализм: тым жақсы болудың несі жаман?” деген еңбекте былай делінген: “Қандай да бір істі жақсы істеуге талпыну мен қол жетпес мүлтіксіздікке ұмтылудың арасындағы айырмашылық жер мен көктей”. Сондай-ақ бұл кітапта: “Максимализм ауыр жүк болуы мүмкін, өйткені шындап ойлансақ, ешбір адам мінсіз емес”,— делінген (“Perfectionism—What’s Bad About Being Too Good?”).
Киелі кітап та осы ойды құптайды. Ол жерде: “Жер бетінде әрдайым жақсылық жасап, ешқашан күнә істемейтін әділ адам жоқ”,— деген сөздер бар (Уағыздаушы 7:20). Бәріміз пенде болғандықтан, кейде істеген ісің сен қалағандай нәтиже әкелмеуі мүмкін.
Бұған көңілің түсе ме? Олай болса, максимализмнің саған тигізер 4 кері әсерін қарастырып көрейік.
Өз-өзіңе деген көзқарасың. Максимализмге бейім жандар өзіне ақылға қонымсыз тым жоғары талаптар қояды. Бұл болса көңілдің қалуына себеп болады. “Шындыққа тура көзбен қарасақ, ешқайсысымыз барлық жағынан керемет бола алмаймыз. Осыған бола өзімізді жегідей жей берсек, өз-өзімізге сенімді болудан қаламыз. Бұл өте өкінішті болар еді” (Алиша).
Пайдалы кеңеске деген көзқарасың. Максимализмге бейім адамдар тіпті орынды сын сөздерді кемсіту деп қабылдайды. “Мені түзеткенде, өзімді жаман сезінемін. Максимализм мүмкіндіктеріңнің шектеулі екенін мойындауға кедергі жасап, қажетті көмектен құралақан қалдырады”,— дейді Джереми есімді жас жігіт.
Басқаларға деген көзқарасың. Әдетте максимализмге бейім адамдар өзгелерді сынап-мінегіш келеді. Бұның себебі айтпаса да түсінікті. “Мінсіздікті өзіңнен күтсең, өзгелерден де соны күтесің. Басқалар күткеніңді ақтамай жатса, олардан үнемі көңілің қалады”,— дейді 18 жасар Анна.
Басқалардың саған деген көзқарасы. Өзгелерден тым көп нәрсе күтсең, олар сенен қаша бастайды, бұған таңғалмай-ақ қой. “Талаптары тым жоғары адамның көңілінен әрдайым шығуға тырысу шаршатып жібереді. Ондай адамның қасында кімнің жүргісі келеді дейсің?!”
Шектен шықпауға бола ма?
Құдай Сөзінде: “Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын”,— деп жазылған (Філіпіліктерге 4:5). Есті адам өзінен де, өзгелерден де нені күтіп, нені күтпеу керектігін біледі.
“Мына жалған дүние онсыз да қыспақтап жатады. Максимализмге ұрынып, өзіңе қажетсіз қысымды еселеп қосудың не қажеті бар? Бұны шектен шығу дер едім!” (Найла).
Құдай Сөзінде: “Құдайыңның жолында қарапайым болып жүр”,— делінген (Миха 6:8). Қарапайым адам өз шектеулерін мойындайды. Шамасы жетпейтін істерге бармайды және оларға босқа уақытын сарп етпейді.
“Өз ісімнен қанағат сезінгім келсе, мен көрпеме қарай көсілем. Шамам жететінді ғана істеймін” (Хейли).
Құдай Сөзінде: “Қандай істі қолға алсаң да, оны барыңды салып істе”,— делінген (Уағыздаушы 9:10). Демек, максимализмнің емі — жалқаулық емес, еңбекқорлық. Бірақ ол жоғарыда айтылған қасиеттермен, яғни естілік және қарапайымдылықпен ұштасып жату керек.
“Маған тапсырылған істі қолымнан келгенше жақсы істеуге тырысамын. Оның ешқашан мінсіз болмайтынын түсінемін, бірақ барымды салып істегенім мені қуанышқа бөлейді” (Джошуа).