ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Денсаулығым нашар болса... (3-бөлім)
Жасөспірімдердің әдетте тепсе темір үзетін күш-қайраттары, мықты денсаулықтары болады. Бірақ кейбір жастар ауыр дертке шалдығып жатады. Егер сен де дәрменсіз ететін аурумен күресіп жүрген болсаң, Влория, Джастин және Ниса деген Киелі кітапты оқитын жастардың мысалдарын оқып жұбаныш табатының сөзсіз. Оларға ауыр дертке қарамастан, ұнжырғасын түсірмеуге не көмектесіп жатқанына назар аударайық.
Влория
Он төрт жасымда фибромиалгия ауруына шалдықтым. Ал 20 жасқа дейін менде артрит, жүйелі қызыл жегі және Лайм ауруы пайда болды. Әрдайым әлсіздік сезінгендіктен қалаған нәрсемді істей алмайтын болып қалдым. Жамбасымнан төмен қарай қозғалмай қалатын, сондықтан мүгедектер арбасына отыруыма тура келетін.
Ең қиыны, денемнің ауырғаны емес, қаламмен жазу, ыдыстың қақпағын ашу сияқты кәдімгі істерді жасауға дәрменсіз болғаным үшін жанымның күйзелгені еді. Өз аяғымен жүрген балаларды көргенде, неге мен олай ете алмаймын деп қынжылатынмын. Өзімді дүниедегі ең бақытсыз адамдай сезінетінмін.
Бірақ қуанышыма орай, мен көмексіз қалмадым. Отбасым да, Ехоба куәгерлерінің қауымы да маған зор демеу болды. Қауымдағылардың хал-жағдайымды сұрап келіп тұрғанының арқасында өзімді жалғыз сезінбейтінмін. Мүгедектер арбасынан көлікке отырғызып-түсіруіне тура келсе де, кейбіреулер мені қонаққа шақыратын.
Нашар денсаулықтың әкелер азабын жақсы түсінетін қауымның егде тартқан мүшелері маған әсіресе көп көмек көрсетті. Олар маған мүмкіндіктерімнің шектеулі екенін мойындап, басқалар сияқты көп нәрсе істей алмайтыныма мойымауым керектігін түсінуге көмектесті. Қауым кездесулеріне және уағызға барғанымда менен бақытты адам жоқ (Еврейлерге 10:25). Аурудан көз ашпай жүрсем де, ондай кездері өзге адамдардан соншалықты кем емес екенімді түсінемін.
Мен Ехоба Құдайдың қиындықтарға төзе алуымыз үшін қажетті көмек беретінін үнемі есте ұстауға тырысамын. Мысалы, Киелі кітапта адамның тәні тозып әлсіресе де, жан дүниесі “күн сайын жаңара” алатыны айтылған (Қорынттықтарға 2-хат 4:16). Мен өзімді, міне, осылай сезінемін!
Ойланып көр: Ауыр дертке шалдыққан болсаң, оқшауланбай, өзгелердің көмегіне жүгіну неліктен маңызды? Егер денсаулығың мықты болса, ауырып жатқандарға қалай көмек бере аласың? (Нақыл сөздер 17:17).
Джастин
Бір күні мен еденге құлап, тұра алмай қалдым. Кеудем қысылып, аяқ-қолым істемей қалды. Мені бірден жансақтау бөліміне әкетті. Алғашында дәрігерлер маған не болғанын түсінбеді. Бірақ бұл бірнеше рет қайталанғандықтан, олар Лайм ауруы деген диагноз қойды.
Бұл ауру денемнің жүйке жүйесіне зақым келтірді. Ауруым анықталғанынан бірнеше жыл өтсе де, әлі де кейде дірілдеп, денемді игере алмай қаламын. Тұла бойым ауыратын не саусақтарым қарысып қалып, қимылдата алмайтын күндерім болады. Буындарымды тот басып кеткен сияқты сезінемін.
Бұрын “мен әлі тым жаспын ғой, неге ауыра беремін” деген ойға беріліп, ашуланатынмын. Күнде Құдайыма жанайқайымды білдіріп, “Өстіп қиналатындай не жаздым сонша?” дейтінмін. Құдай мені тастап кеткендей сезінетінмін. Бірақ кейін мен Киелі кітапта айтылған Әйүп пайғамбар жайлы ойлай бастадым. Әйүп пайғамбар не себепті азап шеккенін түсінбесе де, Құдайға адал болып қала алды. Егер қиыншылықтары басынан асқан Әйүп пайғамбар адал болып қалған болса, бұл менің де қолымнан келеді.
Қауымымның ақсақалдары маған көп қолдау көрсетеді. Олар маған хабарласып, хал-жағдайымды сұрайды. Бір ақсақал сөйлескім келсе, кез келген уақытта телефон соға алатынымды айтты. Осындай достар бергені үшін Ехоба Құдайға күн сайын алғыс айтамын! (Ишая 32:1, 2).
Ауыр дертке шалдыққанда нендей жағдайларды бастан кешіп жатқанымызды Ехоба Құдайдың білетінін ұмытып жатамыз. Киелі кітапта: “Бар ауыртпалығыңды Ехобаға арт, Ол сені демейді”,— делінген (Зәбүр 55:22). Мен күнде осылай етуге тырысамын.
Ойланып көр: Жақын адамдарың ауруыңа берілмеуге қалай көмектесе алады? (Нақыл сөздер 24:10; Салоникалықтарға 1-хат 5:11).
Ниса
Жасөспірім кезімде Марфан синдромымен ауыратыным анықталды. Бұл буындарды зақымдап, оларды әлсіз ететін ауру. Сондай-ақ бұл синдром жүректі, көзді және басқа да маңызды дене мүшелерін зақымдайды. Мен күніге ауырмаймын, бірақ бір ауырсам оңдырмай ауырамын.
Нақтаманы алғаш рет естігенде, мен ұзақ жыладым. Өзіме ұнайтын істерді істей алмай қалатыным үшін қатты қамықтым. Мысалы, мен билегенді өте жақсы көремін. Сондықтан бір күндері билей алмай, тіпті жүре алмай қалуым мүмкін екенін ойлағанда, бойымды үрей билейтін.
Осындай кезде әпкемнің көмегі зор болды. Ол маған өзімді аяп, мүсіркеп жүре бермеуге көмектесті. Ол қорқынышпен өмір сүрмеуім керектігін, әйтпесе өмірім өмір болмайтынын айтты. Сондай-ақ ол мені талмай дұға айта беруге талпындырды, себебі менің қандай күй кешіп жүргенімді Ехоба Құдайдан артық ешкім білмейді (Петірдің 1-хаты 5:7).
Мені әсіресе жігерлендіретін Киелі кітаптағы жазба орны — Зәбүр 18:6. Онда былай делінген: “Бойымды қайғы меңдегенде, Ехобаға жүгіндім, Құдайыма жалбарына сиындым. Киелі шатырынан ол үнімді естіді, Зарлаған даусым құлағына жетті”. Бұл жазба орны Ехоба Құдайдың дұғаларымды еститінін және төзуге қажетті күш беретінін түсінуіме көмектесті. Ол қашанда көмекке келуге дайын.
Түсінгенім, жанымыз қиналғанда, мұңайып, қайғыру кәдімгі нәрсе екен. Бірақ бұл сезімдерге берілмеуіміз және Ехоба Құдаймен достығымызға кері әсер етуіне жол бермеуіміз керек. Қиыншылықтарды жіберіп отырған Ехоба Құдай емес, қайта, оны өмірімізде бірінші орынға қойсақ, ол бізді ешқашан тастамайды (Жақып 4:8).
Ойланып көр: Қасірет шегіп жатқанымызға Құдай кінәлі ме? (Жақып 1:13).