Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Неге ата-анам маған ештеңеге рұқсат бермейді?

Неге ата-анам маған ештеңеге рұқсат бермейді?

 Достарың демалыс күні көңіл көтеруді жоспарлап, сені де шақырады. Ата-анаңнан “барсам бола ма?” деп сұрағаныңда, олардан “жоқ” деген нық жауап естисің. Бұл жауапқа таңғалған да жоқсың. Себебі олардың саған айтар бұдан басқа жауабы жоқ сияқты.

Бұл мақалада

 Неге ата-анам үнемі “жоқ” дейді?

 Сенде мынадай сезім: ата-анаңнан бірдеңе сұрасаң болды, үнемі “жоқ” деп, рұқсат бермей қояды. Олар тура бір сенің көңіл көтеріп, уақытты қызық өткізгеніңді қаламайтындай.

 Дәл осындай сезім Мари деген қызға таныс. Оған алғаш рет телефон әпергенде өзін осылай сезінген. “Әкем көп нәрсеге тыйым салып тастады: қандай қолданбаларды жүктейтініме, кіммен жазысатыныма және қаншаға дейін телефонда отыратыныма. Ал достарымда бұл жағынан еш проблема жоқ!”— дейді ол.

 Ойлап көрші: Маридің әкесі шынымен оның көңіл көтергенін қаламай ма? Әлде ол қызын уайымдай ма?

Жылдамдықты шектеу қандай да бір шамада еркіндігіңді шектегенмен, сені жаманшылықтан қорғайды. Ата-анаң орнатқан ережелер туралы да дәл солай деуге болады.

 Былай істеп көр: Осы жағдайда сен ата-анасың делік. Егер қолында жаңа телефоны бар жасөспірім балаң болса, сен нені уайымдар едің? Оны қорғау үшін сен қандай шектеулер қояр едің? Егер ол “менің көңіл көтергенімді қаламайсыз” деп сені кінәласа, сен оған не деп жауап берер едің?

 “Әкем маған әрдайым: “Өзіңді менің орныма қойып көрші”,— дейтін. Мен солай етіп көріп едім, ережелердің шынымен керек екенін, әкем шектеулерді бекерге қоймайтынын түсіндім. Егер балаларым болса, әкем менен нені күтсе, мен де балаларымнан соны күтер едім” (Таня).

 Олар “иә” деу үшін не істеуім керек?

 Былай істеме: Бұртиып, ашуланба, наразылық білдіріп, дауласпа.

 “Айқай-шумен ештеңе ұтпайсың, керісінше, өзіңді де, ата-анаңды да шаршатып тынасың. Ал дауласатын болсаң, ата-анаң сені әлі толыспаған, саған әлі еркіндік беруге ерте деп ойлайды” (Ричард).

 Оданша былай істеп көр: Ата-анаңа сөз қайтаруға асықпа. Жағдайға олардың көзімен қарауға тырыс. Олар саған сенім артпай тұр ма, әлде жай ғана сенің қай жерде және кіммен уақыт өткізетініңді уайымдай ма? Осыны білу үшін неге олармен сабырмен сөйлесіп көрмеске?

 “Әдетте әрбір ереже жақсы ниетпен орнатылады. Әкем мен анам мені қызықтан құр қалсын демейді. Олар жай ғана көңіл көтеруден соң менде еш өкініш болмаса екен дейді” (Айви).

 Киелі кітап кеңесі: “Ақымақ бар сезімін сыртқа шығарар, Ақылды сабыр сақтап, тізгіндер” (Нақыл сөздер 29:11).

 Былай істеме: Қулық жасама.

 “Мен әкемнің телефонды қолдануға қатысты қойған шектеулерінен аттап кетпекші болдым. Құрбыларыммен түннің бір уағына дейін жазысудың және әкем тыйым салған қолданбаларды жүктеп алудың жолын іздейтінмін. Бірақ әкем үнемі біліп қоятын. Сондықтан оның маған деген сенімі азайып, шектеулері одан сайын көбейе түсті. Сонда қулыққа бару жақсы емес екенін түсіндім” (Мари).

 Оданша былай істеп көр: Ата-анаңа қойған ережелерді орындауға дайын екеніңді және олардың сенімінен шыққың келетінін көрсет.

 “Шыдамды бол. Ата-ана қойған ережесін бірден өзгерте салмайды. Бірақ барлық ережелерін орындап жүргеніңді көрсе, уақыт өте көбірек еркіндік беруі мүмкін” (Мелинда).

 Киелі кітап кеңесі: “Әрдайым ата-аналарыңа мойынсұныңдар” (Қолостықтарға 3:20).

 Былай істеме: Менің құрбы-құрдастарымның ата-аналары балаларына бәрін рұқсат етеді деп, ата-анаңа қысым жасама.

 “Қыңқылдап тұрып алғаннан түк шықпайды, қалағаныңа бәрібір қол жеткізе алмайсың” (Натали).

 Оданша былай істеп көр:Ережелер туралы ойым” деген жұмыс парағының көмегімен мәселеңді ата-анаңмен талқыла.

 “Ата-ана баласының ақылмен әрекет ететінін көргісі келеді. Сондықтан әкеммен және анаммен сөйлескенде, сезімге берілмеуге тырысамын. Бір байқағаным, оларға қисынды дәлелдер келтірсең, әдетте сұрағаныңды істеуге рұқсат етеді” (Джозеф).

 Киелі кітап кеңесі: “Әке-шешеңді құрметте” (Ефестіктерге 6:2).