Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Әлеуметтік желіде танымал болу соншалықты маңызды ма?

Әлеуметтік желіде танымал болу соншалықты маңызды ма?

 Элэйн есімді жасөспірім қыз былай дейді: “Сыныптастарымның жүздеген оқырманы бар екенін білгенде, “мәссаған, мыналар танымал екен ғой” деп ойладым. Шынымды айтсам, оларға қатты қызығып кеттім”.

 Осындай сезім саған да таныс па? Онда осы мақаладағы кеңестер сені әлеуметтік желіде жұлдыз болам деп ақылсыздыққа барудан сақтайды.

 Қандай қауіп бар?

 Киелі кітапта Нақыл сөздер 22:1-де: “Жақсат зор байлықтан артық”,— делінген. Абыройымызды ойлағанымыз, өзгелерге ұнағымыз келетіні кәдімгі жайт.

 Бірақ абайламасақ, өзгелердің ықыласына бөленгіміз келетіні сонша — бәрінің көзіне түсіп, қалай да танылудың жолын іздеп кетуіміз мүмкін. 16 жасар Ония есімді қыз бұндай қалаудың қаупі бар екенін айтты:

 “Кейбіреулердің әлеуметтік желіде қайтсем де танымал болам деп, мектептің екінші қабатынан секіруге дейін барғанын көргенмін”.

 “Атың шықпаса, жер өрте” демекші, кейбіреулер құрдастарының назарына ілігу үшін өздерінің ақымақ “трюктарын” видеоға түсіріп, желіге салып жатады. Олардың кейбір әрекеті тіпті адам ақылына сыймайды. Мысалы, көп жастар өздерінің кіржуғыш ұнтақтың капсулаларын жегендерін түсіріп, интернетке жүктеген!

 Киелі кітапта былай делінген: “Атаққұмар болмаңдар” (Філіпіліктерге 2:3).

 Ойланып көр:

  •   Әлеуметтік желіде танымал болу сен үшін маңызды ма?

  •   Құрдастарыңа ұнау үшін не өзгелердің көзіне түсу үшін денсаулығыңды я өміріңді қауіп-қатерге тігесің бе?

 Өзін танымал адам етіп көрсету

 Танымал болу үшін бәрі басын қатерге тіге бермейді. 22 жастағы Эрика адамдар басқа әдісті де қолданатынын айтып кетті:

 “Кейбіреулер “мына адам досқа бай екен, өте танымал екен” деген ой қалдыру үшін желіге көпшілікпен түскен суреттерін бірінен соң бірін салып қояды”.

 15 жасар Кара танымал болып көріну үшін фейк суреттерді де пайдаланатындар жайлы айтты:

 “Біреулер өздері үйде отырады да, желіге отырыста отырғандай етіп өтірік сурет салып қояды, сондайларды өз көзіммен көргенмін”.

 22 жасар Мэтью де осылай істегенін мойындап былай деді:

 “Өмірімде Азияға барып көрмесем де, суретімді салып, астына Эверест тауы деп жазып қойдым”.

 Киелі кітапта былай делінген: “Барлық жағдайда адал жүріп-тұрғымыз келеді” (Еврейлерге 13:18).

 Ойланып көр:

  •   Әлеуметтік желіде атыңды шығару үшін өтірікке барасың ба?

  •    Салған суреттерің мен жазған пікірлеріңнен сенің шын болмысың, неге сенетінің көріне ме?

 Оқырман мен лайк жинау қаншалықты маңызды?

 Көп адам әлеуметтік желіде жұлдыз болудың құпиясы сансыз оқырман мен лүпілдер жинау деп ойлайды. Жоғарыда айтылған Мэтью бұрынғы кезін еске алып былай деді:

 “Мен бұрын өзгелерден “Қанша оқырманың бар? Ең көп жинаған лайкың қанша?” деп сұрайтынмын. Подписчиктерімнің санын көбейту үшін, “маған да тіркеледі” деген оймен адамдарға оңды-солды тіркеле беретінмін. Есіл-дертім қалай да танымал болу еді. Ал әлеуметтік желілер сол қалауымды өршіте түсетін”.

Әлеуметтік желіде танымал болу зиянды тамақ жеумен тең. Басында тәтті болғанмен, кейін кесірін тигізеді.

 25 жасар Мария кейбір адамдар өздерін оқырмандарының санына, қанша лайк жинағанына қарап бағалайтынын байқапты:

 “Селфилеріне көп лайк қоймаса, қыздар “демек, мен әдемі емеспін” деп ойлайды. Әрине, бұл олай емес қой. Бірақ, өкінішке қарай, көбісі солай қабылдайды. Осылай өздерін өздері “жерге таптайды”.

 Киелі кітапта былай делінген: “Атаққұмар болып, бір-бірімізді бақталастыққа итермелемейік, іштарлық та жасамайық” (Ғалаттықтарға 5:26).

 Ойланып көр:

  •   Әлеуметтік желіде отырғанда өзіңді өзгелермен салыстырасың ба?

  •    Күшіңді қайда жұмсап жатырсың, оқырмандарыңның санын көбейтуге ме, әлде сені шын жақсы көретін адамдармен қарым-қатынасыңды жақсартуға ма?