Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Секстинг туралы нені білгенім жөн?

Секстинг туралы нені білгенім жөн?

 Секстинг деген не?

“Секстинг” деген — ұялы телефон арқылы біреуге сексуалдық сипаттағы сөздерді, суреттер мен видеоларды жіберу. “Қазіргі таңда бұл кәдімгі жайтқа айналып барады. Басында бір-екі рет хабарлама жазысады да, артынан жалаңаш түскен суреттер жібере бастайды”,— деп бір кісі ой бөлісті.

Адамдар не үшін бұған барады? Бір білікті заңгердің айтуынша, кейбір жасөспірімдер “телефонына өз қызының я жігітінің жалаңаш суретін сақтап, төсек қатынасымен айналысып жүргенін басқаларға жария еткісі келеді” (“Нью-Йорк таймс” газетінен үзінді). Бір жасөспірім қыз секстингті тіпті “қауіпсіз секс” деп атаған. Онысын ол былай деп түсіндіреді: “Одан сен жүкті болып қаламын деп қорықпайсың, жыныстық жолмен жұғатын аурулардан да сақ боласың”.

Жасөспірімдердің секстингпен айналысуының басқа да себептері:

  • ұнатқан қызымен не жігітімен қылымсып, жақындасуды көздейді;

  • біреуден ашық-шашық түскен сурет алғандықтан, өзін де сондай сурет жіберуге міндетті санайды.

 Секстингтің салдары қандай?

Суретіңді жібергенің сол-ақ екен, оған енді ие болмайсың: оны кімнің қалай қолданатынын, абыройыңа қалай әсер ететінін білмейсің. “Біреудің бұрыс қылығын өзгелерге жайып салу және сол қателіктің дәлелін сақтап қалу дәл қазіргідей оңай болған емес”,— дейді Аманда Ленхарт, бір америкалық зерттеу орталығының жетекші маманы әрі секстинг туралы ғылыми баяндаманың авторы (Pew Research Center).

Кей жағдайларда

  •   Біреулер қызық болсын деп әлдекімнің жалаңаш суретін достарының бәріне жібереді.

  •   Кей жігіттер өздерін тастап кеткен қыздарынан өш алу үшін олардың жалаңаш түскен суреттерін таратып жібереді.

БІЛЕ ЖҮР: Көп жағдайда біреудің жалаңаш суретін басқаларға тарату бала зорлаумен я балалар порнографиясын таратумен бірдей болып есептеледі. Сондай суреттерді жіберген кейбір жасөспірімдер заң бойынша жауапқа тартылған кездер де болған.

 Киелі кітапта не делінген?

Киелі кітапта жұбайлар арасындағы жыныстық қатынас қуаныш әкелетіні айтылған (Нақыл сөздер 5:18). Алайда онда некеге тұрмағандардың жыныстық қатынасына Құдайдың қалай қарайтыны нақты айтылған. Мысалы:

  • “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын... Ұятсыз жүріс-тұрыс, ақымақ сөз, тұрпайы қалжың сияқты нәрселер де орынсыз” (Ефестіктерге 5:3, 4).

  • “Топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық... ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер” (Қолостықтарға 3:5).

Бұл жазба орындарынан көрінетіндей, Құдай “азғындықты” (некеден тыс жыныстық қатынасты) ғана емес, “арам істер” (өнегесіз, лас істердің кез келген түрі) және “нәпсіқұмарлық” (некелік өмірде қанағаттандыруға болатын кәдімгі қалау емес, азғын жүріс-тұрысқа апарып соғатын құмарлық) сияқты қылықтарды да айыптайды.

Ойланып көр:

  • Неге жалаңаш суреттерді жіберуді “арам істердің” бір түрі деуге болады?

  • Қалайша секстинг “нәпсіқұмарлықты” оятады?

  • Жалаңаш суреттерді қарауды не жіберуді неге “зиянды құмарлық” деуге болады?

Төмендегі Киелі кітап тармақтарында секстингтен қашудың бұдан да келелі себебі айтылады:

  • “Құдай алдында оған ұнамды болу және... еш ұятқа қалмайтын жұмысшы болу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе” (Тімөтеге 2-хат 2:15).

  • “Сендердің жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек емес пе?!” (Петірдің 2-хаты 3:11).

Бұл тармақтардан көрінетіндей, құлықтылық жағынан таза болу пайдалы. Егер жүріс-тұрысың әрдайым өнегелі болса, кейін опық жейтін істерге бармайсың (Ғалаттықтарға 6:7).

Ойланып көр:

  •   Мен қандай адаммын?

  •   Басқалардың абыройын түсіргім келер ме еді?

  •   Өзгелердің жанына бататын нәрсемен көңіл көтеруді ұнатамын ба?

  •   Секстинг менің абыройыма қалай әсер етеді?

  •   Секстингпен айналысатын болсам, ата-анам маған сенім арта ала ма?

БОЛҒАН ОҚИҒА: “Менің құрбым бір жігітпен жасырын кездесіп жүрді. Бірде ол өзінің жалаңаш түскен суретін жігітіне жіберіпті, ол да өзінікін жіберіпті. Екі күн өтпей жатып, әкесі қызының телефонын тексереді. Екеуінің хабарламаларын көргенде, оның төбе шашы тік тұрады. Ол қызымен жақсылап тұрып сөйлеседі. Қызы бәрін мойындайды. Ол осы қылығы үшін, әрине, қатты өкінеді, бірақ бұнысы ата-анасына өте ауыр тиіп, көңілдерін қалдырды. Енді олар қыздарына сенер-сенбесін білмей қалды”.

Өмір шындығы: Секстинг сурет жіберген адамды да, оны көрген адамды да бұзады. Жігіті секстингпен айналысуға көндірген бір жасөспірім қыз: “Мен өз-өзімнен жеркеніп, өзімді қатты жек көріп кеттім”,— деді.

Секстинг құлықтылық жағынан құлдырататынын және қылмыстық іс болып есептелуі мүмкін екенін ескерсек, Киелі кітаптағы келесі кеңестерге құлақ асқаның ақылдылық болар еді:

 Сен не істер едің?

Киелі кітап кеңестерін келесі жағдайда қалай қолданатыныңды ойланып көр. Жанеттің төмендегі сөздерін оқып, өзің дұрыс деп есептеген нұсқаны таңда.

“Бірде бір жігітпен танысып, екеуміз телефон нөмірлерімізбен алмастық. Бір апта болмай жатып-ақ ол менен шомылу киіміммен түскен суреттерімді сұрай бастады”.

Сеніңше, Жанеттің қалай әрекет еткені дұрыс? Ал сен не істер едің?

  • А) “Мұнда тұрған не бар. Егер екеуміз шомылуға барсақ, мені сондай киіммен бәрібір көретін еді ғой”.

  • Ә) “Оның ойында не бар екенін кім білсін?! Қатты ашық емес киіммен түскен суретімді жіберіп көрейін, қайтер екен?!”

  • Б) “Бұл жігіттің есіл-дерті неде екені түсінікті болды. Оның хабарламасын өшіріп тастайын”.

Б нұсқасы — ең дұрысы, солай емес пе? Себебі Киелі кітапта былай делінген: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3).

Бұл жаттығу секстинг пен басқа да бұрыс қылықтарға жиі жаман орта себепші болатынын көрсетеді. Сондықтан: “Достарды мұқият таңдаймын ба?”— деп ойланып көр (Нақыл сөздер 13:20). “Жаман іс-әрекетке бармайтынына көзің жеткен адамдармен ғана араласқан дұрыс”,— дейді Сара есімді қыз. Делия есімді қыз да бұнымен келіседі. Ол былай дейді: “Кейбір доссымақтар өнегелік нормаларды ұстануға көмектеспейді, қайта, аттап кетуге азғырады. Олардың жүріс-тұрысы Құдай заңдарына қайшы келсе, сені де мінсіздігіңнен таюға итермелейтіні анық. Бұл саған керек пе?!”