Мазмұнға өту

ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ

Танысу мен кездесу. 3-бөлім: Айырылысқанымыз дұрыс па?

Танысу мен кездесу. 3-бөлім: Айырылысқанымыз дұрыс па?

 Кездесіп жүргендеріңе біраз уақыт болып қалды. Алайда көңіліңде бір күдік сезімі кетпей тұр. Қарым-қатынасты үзу керек пе, әлде жоқ па? Осы мақала саған дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Бұл мақалада

 Күдікпен күресу

 Біршама уақыт кездесіп, жақын араласқан соң, қыз бен жігіт бір-бірінің екі түрлі адам екенін түсінуі мүмкін. Мысалы:

  •   Біреуі жағажайда жатып демалғанды ұнатса, біреуі жаяу жүргенді ұнатады.

  •   Біреуі тұйық, ал біреуі ашық мінезді.

  •   Біреуі алдай салуға бейім болса, екіншісі тек шындықты айтады.

 Байқасаң, үш жағдай әртүрлі. Біріншісінде, екеуінің талғамдары бөлек. Екіншісінде мінездері әртүрлі. Үшінші жағдайда екеуінің құндылықтары сай емес.

 Ойланып көр: Екеуің үйленеміз деп шешсеңдер, осы үш айырмашылықтың қайсысы сен үшін ең қиыны болар еді? Қажет болса, қайсысын өзгерте алар едіңдер?

 Талғамдары я мінездері екі түрлі болса да, ерлі-зайыпты бақытты ғұмыр кеше алады. Өйткені бір-біріне сай болу деген ол бірдей болу керек деген сөз емес қой. Кейбір жағдайларда жұбайлар бір-бірінің талғамдарына қарай ығысып жатады, тіпті мінез өзгешеліктерінің көп пайдасын көреді a.

 Алайда жарың екеуіңнің құндылықтарың бірдей болмаса — сол қиын. Ол — діни құндылықтар, моральдық құндылықтар және өнегелік құндылықтар. Ондайда достықты тоқтатқан дұрыс.

 Мысалы, екеуінің діни құндылықтары әртүрлі болуы мүмкін. Неке жайлы бір кітапта соған қатысты былай делінген: “Зерттеулер қайта-қайта бір тұжырымға келіп отыр: діни сенімі әртүрлі жұбайлар өте көп жағдайда ажырасып жатады” (“Fighting for Your Marriage”).

 Киелі кітап кеңесі: “Сенбейтіндермен қоян-қолтық бірге жүрмеңдер” (Қорынттықтарға 2-хат 6:14, “Жаңа өмір” баспасы).

 Шешім қабылдау

 Киелі кітапта “үйленгендер өмірлерінде көп ауыртпалық көреді” деп жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 7:28, “Жаңа өмір” баспасы). Сондықтан кездесіп жүргенде аз-маз қиындықтар болып жатса, еш таңғалма.

 Арада кішігірім келіспеушіліктер болса, бірден жараспаймыз деп ойлама. Ең бастысы, сол келіспеушіліктерді ың-шыңсыз шеше аласыңдар ме? Үйленіп жатсаңдар, бұның көп пайдасын көресіңдер.

 Киелі кітап кеңесі: “Бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; ...өзара кешірімді болыңдар!” (Ефестіктерге 4:32).

 Алайда жиі келіспей қалсаңдар я олар тым күрделі болса, бәлкім, екеуің бір-біріңе сай келмейтін шығарсыңдар. Бұны үйленбей тұрып анықтап алған дұрыс.

Жиі келіспей қалсаңдар я олар тым күрделі болса, бәлкім, екеуің сай келмейтін шығарсыңдар

 Ойтүйін: Кездесіп жүрген адамыңа қатысты күдігің болса, я өзіңді дайын еместей сезінсең, бұған көз жұмба.

 Киелі кітап кеңесі: “Зерделі жан қатер көріп бас сауғалар, Аңғал адам жүре беріп, зиян табар” (Нақыл сөздер 22:3).

 Айырылысу

 Қарым-қатынасты үзу жүректі ауыртады. Алайда екеуіңнің я тіпті біреуіңнің көңіліңде бір салмақты күдік бар болса, ең дұрысы — достықты тоқтату.

 Оны қалай істеген дұрыс? Келелі себеп болмаса, мұны хабарлама я телефон арқылы істеме. Бұл маңызды мәселені шешу үшін уақыт белгілеп, лайықты жерде кездесіп сөйлесіңдер.

 Киелі кітап кеңесі: “Бір-біріңе шындықты айтыңдар” (Зәкәрия 8:16).

 Айырылысқан соң өзіңді жолы болмайтын адамдай сезінуің мүмкін. Алайда бұл мүлдем олай емес. Біреумен кездессең, міндетті түрде сол адамға үйленуім керек деп ойлама. Кездесіп жүрген шақ — саған сол адаммен неке құру керек пе, жоқ па — соны анықтауға көмектесетін кез. Жолдарың екі бөлек кетсе де, сен бұдан қажетті өмірлік сабақ түйіп аласың.

 Өзіңді тексер: Осы қарым-қатынастың арқасында өзіңді қай жағынан таныдың? Өсуің керек, жетілуің керек тұстарың бар ма? Қайтадан біреумен жүре бастасаң, нені басқаша істер едің?

a Осындай қиындықтар ерлі-зайыптыға қалай ықпал ететінін жақсы түсіну үшін мына мақалаларды қара: “Отбасыңыз берекелі болсын. Ойларыңыз бір жерден шықпағанда” және “Отбасыңыз берекелі болсын. Ашу-ызаны қалай тізгіндеуге болады?”