ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Татуировка жасатқаным дұрыс па?
Неге біреулер татуға қызығады?
“Меніңше, кейбір татуировкалар нағыз өнер туындылары”,— дейді Райан есімді жігіт.
Татуировкаға деген көзқарасымызға басқалардың мысалы әсер етуі мүмкін. Джилиан есімді бойжеткен былай дейді: “Менімен мектепте бірге оқыған бір қыздың кішкентай кезінде анасы қайтыс болған. Сөйтіп ол жасөспірім шағында, мойнының артына анасының атын жаздырды. Менің ойымша, мұндай татуировка өте тартымды көрінеді”.
Бірақ ниетің жақсы болса да, өмірлік таңба жасатпас бұрын көп ойланғаның жөн. Татуировка жасату туралы ойланып жүрсең, нені ескеруің керек? Жазбаларда бұған қатысты қандай принциптер бар?
Нені ескеруің керек?
Бұл денсаулыққа қалай әсер етеді? Мейо клиникасының веб-сайтында былай делінген: “Татуировка салдырғанда тері тесілетіндіктен, адам тері ауруын жұқтырып алуы не басқа да асқынулар болуы мүмкін. Кейде тесілген терінің айналасында гранулема деп аталатын бөртпе түйіншектер пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ терінің тыртық жері өспе іспетті ісіп кетуі (келоид) әбден мүмкін”. Бұл сайтта тағы былай делінген: “Егер тату жасайтын құрал дұрыс тазартылмаса, қан арқылы берілетін ауруларды жұқтырып алу оп-оңай”.
Өзгелер саған қалай қарауы мүмкін? Қаласаң да, қаламасаң да, адамдар түріңе қарап тон пішеді. Олар сені есі кірген, сенім артуға болатын адам деп қарастыруы не сен туралы “ол әлі бала, баланың ісі шала” деуі мүмкін. Саманта есімді қыз былай дейді: “Татуировкасы бар адамды көрсем, бірден оны күнде мас болып, қызық қуатын адам деп ойлаймын”.
Ал 18 жасар Мелани былай дейді: “Меніңше, татуировка адамның шын келбеті мен ішкі сұлулығын жасырады. Кейбіреулер татуировканы өздерінің шынайы болмысын көрсеткісі келмегендіктен жасататын сияқты”.
Кейін өкініп қалмайсың ба? Уақыт өте келе салмақ қосудың не қартаюдың салдарынан терісі созылып, адамның татуировкасының да түрі өзгереді. “Біраз жылдан кейін татуировкалары жаман болып кеткен адамдарды көргем”,— дейді Джозеф есімді жігіт.
“Татуировкалар ескіреді,— дейді 21 жасар Аллен.— Адамға бір кездері маңызды болып көрінген нәрселер бірнеше жылдан кейін маңызын жоғалтып жатады”.
Алленнің сөзінің жаны бар. Жасы келген сайын, адамның көзқарасы, талғамы өзгереді, бірақ таңбадай басылған татуировкалары сол күйі қалады. Тереза есімді жас әйел былай дейді: “Кейін, жылдар өте келе, өкініп жүретін ақымақ істерімнің тізіміне татуировканы қосқым келмес еді”.
Жазбаларда бұған қатысты қандай принциптер бар?
Парасатты адам маңызды шешім қабылдарда таразы басын теңестіріп, жақсылап ойланып алады (Нақыл сөздер 21:5; Еврейлерге 5:14). Ендеше тақырыбымызға қатысты Жазбалардағы келесі принциптерді қарастырайық.
Қолостықтарға 3:20: “Балалар, әрдайым ата-аналарыңа мойынсұныңдар, өйткені бұл Иемізге ұнайды”.
Ата-анаңмен бір үйде тұрып, бірақ олардың айтқанына құлақ аспасаң, бұның салдары қандай болуы мүмкін?
Петірдің 1-хаты 3:3, 4: “Сендердің көріктерің шаш өру, алтын бұйымдар не қымбат киімдер сияқты сыртқы әшекейлер емес, қайта, жан-дүниелеріңдегі сәні кетпес әшекейлер, яғни Құдайдың көз алдында аса бағалы саналатын биязы да жұмсақ мінездерің болсын!”
Қалай ойлайсың, неге Киелі кітапта адамның келбетіне емес, “жан дүниесіне” көп көңіл бөлінеді?
Тімөтеге 1-хат 2:9: “Ал әйелдер әрленіп-сәнденгенде,.. қарапайым да есті болсын”.
Бұл жердегі “қарапайым” сөзі нені білдіреді? Неге адамды татуировка емес, қарапайымдылық тартымды етеді?
Римдіктерге 12:1: “Денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар. Осылай еткендерің ақыл-ойларыңды іске қосып атқарған қасиетті қызметтерің болмақ”.
Өз денеңмен не істейтінің неліктен Құдай үшін бәрібір емес?
Осы жайттарды қарастыра келе, көп жастар тату жасатпауды шешті. Олар маңызды бір нәрсені түсінді. Жоғарыдағы Тереза былай дейді: “Егер сүйікті сөздерің не жақсы көретін адамың болса, ең дұрысы, сол сөздерге сай өмір сүру, ал сүйікті адамыңа оны қаншалықты жақсы көретініңді айту. Тату жасатқанша, сенген нәрсеңе сай өмір сүр”.