ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, әлде эволюция ма? Бәрін Құдай жаратқанына сенетінімді қалай түсіндіріп бере аламын? (4-бөлім)
Сен барлығын Құдай жаратқанына сенесің, бірақ мектепте ойыңды ашық айтуға ұяласың. Бәлкім, оқулықтарыңда тіршілік эволюция жолымен пайда болды деп жазылған шығар. Сондықтан ойымды айтсам, мұғалімдер де, сыныптастарым да мені күлкі-мазақ етеді деп қорқатын боларсың. Саған өз сеніміңді қаймықпай, сенімділікпен айтуға не көмектеседі?
Қолыңнан келеді!
Саған мынадай ой келетін шығар: “Ғылыми тақырыпта сөйлесіп, эволюцияны жоққа шығаратындай мен соншалықты білімді емеспін”. Даниэлла деген қыз да бір кездері осылай ойлаған. Ол: “Мұғалімдермен, сыныптастарыммен осы тақырыпта мүлдем сөйлескім келмейтін”,— дейді. Ал Диана деген қыз: “Олар ғылыми терминдерді жаудырғанда, не айтарымды білмей тұрып қалатынмын”,— дейді.
Бірақ сенің мақсатың — дау-дамайда жеңіп шығу емес, көзқарасыңды түсіндіру. Бір қуаныштысы, табиғат әлемін Құдай жаратты дегенге сену неге саған ақылға қонымды екенін түсіндіріп беру үшін оқымысты я профессор болудың қажеті жоқ.
Кеңес. Еврейлерге 3:4-тегі мына қарапайым да қисынды мысалды қолданып көр: “Әрбір үйдің салушысы бар, ал бәрінің Жаратушысы — Құдай”.
Кэрол деген жас қыз Еврейлерге 3:4-ті қалай қолданатыны жайлы былай дейді: “Айталық, қалың ну орманда кетіп бара жатырсың. Ол жерде бірде-бір адам жоқ. Бір кезде тіс шұқығышты көріп қаласың. Саған қандай ой келеді? Көп адам: “Бұл жерде біреу болған”,— деп айтар еді. Егер сол болмашы кішкентай ғана тіс шұқығыш ол жерде өздігінен жатпаса, бүкіл ғалам мен ондағының бәрі қалай өздігінен пайда болады?!”
Біреу былай десе: “Егер бәрін Құдай жаратқан болса, оны кім жаратқан?”
Былайша жауап берсең болады: “Жаратушы туралы бәрін білмегеніміз оның жоқ екенін білдірмейді. Мысалы, сен ұялы телефоныңды ойлап тапқан адам туралы ештеңе білмеуің мүмкін, бірақ телефоныңды біреу жасағанына бәрібір сенесің, солай ғой? [Жауабын күт.] Ал бізді жаратқан Тұлға туралы көп нәрсе біле аламыз. Егер қаласаң, ол туралы не білгенімді айтып бере аламын”.
Дайындал
Киелі кітапта былай делінген: “Үміттеріңді түсіндіріп беруді талап еткен кез келген адамның алдында оны қорғап сөйлеуге әрдайым дайын болыңдар, бірақ мұны жұмсақтықпен әрі зор құрметпен істеңдер” (Петірдің 1-хаты 3:15). Сондықтан екі жайтқа, атап айтқанда, не айтатыныңа және оны қалай айтатыныңа көңіл бөл.
Не айтасың? Құдайды жақсы көру өте маңызды, өйткені сүйіспеншілік өз сеніміңмен бөлісуге талпындырады. Бірақ адамдарға Құдайды қаншалықты жақсы көретініңді айта салғаннан олар бәрін Құдай жаратты дегенге сене салмайды. Бұған сенудің ақылға қонымды екенін көрсету үшін табиғат әлемінен мысалдар келтірсең әлдеқайда тиімді болуы мүмкін.
Қалай айтасың? Сенімді бол, бірақ дөрекі не менсінбей сөйлеуден қаш. Егер басқалардың көзқарасын сыйласаң және олардың өз тұжырымдарын жасауға құқығы бар екенін ескерсең, олар да сені тыңдауы әбден мүмкін.
“Біреудің көңіліне тиіп сөйлеуден не бәрін білгіш боп көрінуден аулақ болу маңызды. Басынсынып сөйлесең, сені ешкім де тыңдамайды” (Элейн).
Пайдалы болатын құралдар
“Егер жақсы дайындалмасаң, ұятқа қалмайын деп үндемей отыра бергің келеді”,— дейді Алиса деген жас қыз. Оның сөзінен көрінетіндей, жақсы дайындық болса, жақсы нәтиже де болады. Дженна деген қыз: “Өз нанымымды түсіндіретін қарапайым, бірақ жақсылап ойластырылған мысалым болса, жаратылыс туралы сөз қозғалғанда, өзімді сенімдірек сезінемін”,— дейді.
Ондай мысалдарды қайдан табуға болады? Көп жастарға келесі құралдар көмектескен:
“Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ”
“Ғажайып жаратылыстар Құдайдың даңқын паш етеді” (ор., видеофильм)
“Күзет мұнарасының онлайн кітапханасындағы” ”Жаратылыс ғажайыптары” айдары. (Іздеу жолағына тырнақша ішіне “жаратылды ма” не “Жаратылыс ғажайыптары” деп жазу керек.)
“Күзет мұнарасының онлайн кітапханасын” қолданып, қосымша ізденіс жаса.
Сондай-ақ “Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, әлде эволюция ма?” деген осы бірқатар мақаланың алдыңғыларын оқып шыққаның да пайдалы болуы мүмкін.
Кеңес. Сенің көзіңді жеткізетін мысалдарды таңда. Сонда оларды есіңде сақтау жеңіл болады әрі көзқарасыңды басқаларға айтқанда, өзіңді сенімдірек сезінесің. Міндетті түрде жаттық.