ЖАСТАРДЫҢ САУАЛДАРЫ
Шомылдыру рәсімінен өтуім керек пе? (1-бөлім). Шомылдыру рәсімі деген не?
Жыл сайын Ехоба куәгерлерінің отбасында өскен балалар мен жеткіншектер шомылдыру рәсімінен өтіп жатады. Сен де осы қадамды жасауды ойлап жүрсің бе? Ойлап жүрген болсаң, алдымен бағышталу мен шомылдыру рәсімінің мәнін түсініп алуың қажет.
Шомылдыру рәсімі деген не?
Киелі кітап бойынша, шомылдыру рәсімі — жай ғана адамға су бүрку емес, оны суға толығымен батыру. Мұның терең мән-мағынасы бар.
Суға толық батырылғанда, сен бұдан былай өзіңе ұнайтынды ғана істемейтініңді жұртқа паш етесің.
Ал судан шыққанда, жаңа өмір бастап, енді бірінші кезекте Құдайға ұнайтынды істегің келетінін көрсетесің.
Шомылдырудан өткенде, Ехобаның сен үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтуға құқы бар екенін мойындайтыныңды көрсетесің. Сондай-ақ өз еркіңмен оның қалауын орындаймын деп уәде еткеніңді көпшілікке мәлім етесің.
Ойланып көр. Ехобаға қызмет еткің келетінін неге ашық көрсеткенің абзал? (Жоханның 1-хаты 4:19 бен Аян 4:11-ді қара).
Бағышталу деген не?
Шомылдыру рәсімінен өтпес бұрын, сен Ехобаға бағышталуың қажет. Мұны қалай істейсің?
Ехобаға оңашада дұға етіп, оған мәңгі бақи қызмет етуді уәде етесің. Әрі қандай жағдай болмасын және өзгелер қалай әрекет етпесін, Құдайдың қалауын орындауға сөз бересің.
Ал шомылдыру рәсімінен өткенде, өзгелерге өміріңді Ехобаға арнағаныңды білдіресің. Олар сенің өз өміріңді Ехобаның қолына табыстағаныңды, енді оған тиесілі екеніңді түсінеді (Матай 16:24).
Ойланып көр. Ехобаға тиесілі болудың қандай жақсы жақтары бар? (Ишая 48:17, 18 бен Еврейлерге 11:6-ны қара).
Шомылдыру рәсімінен өту неге маңызды?
Иса шомылдыру рәсімінен өту оның шәкірті болғысы келетіндерге қойылатын талап екенін айтқан (Матай 28:19, 20). Сондықтан бүгінгі күні де мәсіхші болғысы келетіндердің бәрі осы қадамды жасаулары керек. Киелі кітапта бұл рәсімнің құтқарылу үшін маңызды екені айтылады (Петірдің 1-хаты 3:21).
Дегенмен шомылдыру рәсімінен өтуге сені Ехобаға деген сүйіспеншілігің мен ризашылығың талпындырғаны жөн. Сенің ниетің зәбүр жыршысынікіндей болу керек. Ол: “Ехобаның жасаған бар жақсылығын қалай өтеймін?.. Ехобаны есімін атап шақырамын. Ехобаға берген анттарымды орындаймын”,— деп жазған (Зәбүр 116:12—14).
Ойланып көр. Ехоба саған қандай жақсылықтар жасады? Оларды қалай өтей аласың? (Мұсаның 5-жазбасы 10:12, 13 пен Римдіктерге 12:1-ді қара).