Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Балаңызға алғыс білдіруді үйретіңіз

Балаңызға алғыс білдіруді үйретіңіз

 Көп зерттеулер көрсеткендей, алғысты білетін адамдар әлдеқайда бақытты, денсаулықтары да мықты келеді. Олар қиындықтарды дұрыс шеше алады, әрі достары да көп болады. Роберт Эммонс есімді ғалымның айтуынша, “ризашыл болу адамды қызғаныш, реніш, ашкөздік, өшпенділік сияқты жаман сезімдерден сақтайды a“.

 Алғысты біліп өсудің балаларға қандай пайдасы бар? Осы орайда төрт жыл бойы зерттеу жүргізіліп, оған 700 жасөспірім қатысқан екен. Сонда алғысшыл балалар өзгелерге қарағанда емтиханды көшіре бермейтіні, есірткі мен ішімдікке әуестене бермейтіні байқалған, тәртіптері де жақсы болған.

  •   “Өзгелер маған беруге міндетті” деп санайтын бала алғыстан жұрдай болып өседі. Бүгінде көп бала өздеріне жасалған жақсылықтың барлығын солай болуға тиісті деп қабылдайды. Егер адам бұндай жақсылықтарды сый деп қабылдай білмесе, бойында ризашылық сезімі оянбайды.

     Өкінішке қарай, бүгінде осындай көзқарас белең алып барады. Катерина деген ана былай деп ой бөлісті: “Мына әлем жаның қалағанның бәрін алуың керек деп үйретеді. Интернетте, теледидарда “сен мына затты бірінші болып алуың керек, сен оған лайықсың” деген жарнамалар қаптап кеткен”.

  •   Баланы бесіктен бастап алғысқа үйретуге болады. Кайе деген ана былай дейді: “Мысалы, ағаш түзу өсу үшін, оны шыбық кезінде таяқпен тіреп қояды ғой. Балалар да кішкентай кезінде сол шыбықтай иілгіш келеді. Осы шақта олардың бойына жақсы әдеттерді сіңірсек, олар да “түзу” болып өседі”.

Алғысқа үйретудің жолдары

  •   Рақмет айтуды үйретіңіз. Тіпті титтей балаға да сыйлық алғанда не біреу жақсылық жасағанда, рақмет айтуды үйретуге болады. Сонда олар өскенде де өзгелердің жақсылығын бағалап, шын жүректен алғысын айтып жүреді.

     Киелі кітап даналығы: “Әрдайым алғыс білдіріңдер” (Қолостықтарға 3:15).

     “Менің үш жасар немерем әрдайым “өтінемін”, “рақмет” деген сөздерді айтады. Мұны ата-анасынан үйренген. Олар сондай сыпайы, алғысшыл жандар” (Джефри).

  •   Іспен алғыс білдіруді үйретіңіз. Келесі жолы балаңызға біреу сыйлық бергенде, оған алғысын қағазға жазып беруді үйретсеңіз болады. Сонымен қатар балаңызға кейбір үй шаруаларын тапсырып қойыңыз. Сонда ол үй тірлігіне көп күш пен уақыт кететінін түсініп, бағалайтын болады.

     Киелі кітап даналығы: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).

     “Біз жеткіншек ұлымызбен және қызымызбен қандай тамақ пісіретінімізді жоспарлап, бірге дайындаймыз. Оларды басқа да үй шаруаларына араластырамыз. Соның арқасында олар ештеңенің өздігінен болмайтынын түсініп, еңбегімізді бағалайды” (Беверли).

  •   Ризашыл көзқарасты үйретіңіз. Алғыс құнарлы топырақта жайқалып өскен гүл сияқты. Ал құнарлы топырақты кішіпейілділік деуге болады. Өйткені кішіпейілділік бар жерде алғыс та бар. Кішіпейіл адамдар өзгелердің көмегіне мұқтаж екенін мойындайды әрі көмекті ризашылықпен қабылдайды.

     Киелі кітап даналығы: “Кішіпейілділікпен басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар. Тек өз мүдделеріңді емес, басқалардың да мүддесін ойлаңдар” (Філіпіліктерге 2:3, 4).

     “Кейде біз кешкі ас үстінде “рақмет айт” деген ойын ойнаймыз. Ойын кезінде кім не үшін риза екенін айтып шығады. Бұл бізге жаманды ойлай бермей, ойымызды жақсы жаққа бұруға және өзімізді ғана ойламай, өзгелерді ойлап, алғысшыл болуға көмектеседі” (Тамара).

 Кеңес: Өзіңіз үлгі болыңыз. Балаларыңыз сіздің оларға және басқаларға үнемі алғыс айтатыныңызды естігенде, олар да соған үйренеді.

a “Рақмет! Алғысты білетін адам бақыттырақ болады” кітабынан (“Thanks! How Practicing Gratitude Can Make You Happier”).