Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР

Бала және смартфон. 1-бөлім: Балама смартфон қажет пе?

Бала және смартфон. 1-бөлім: Балама смартфон қажет пе?

 Бүгінде қолында смартфоны a жоқ бала кемде-кем. Олардың көбісі жалғыз қалған кезде интернетке оп-оңай қосыла алады. Баланың қолына смартфон беріп қоюдың қандай қаупі бар? Оның пайдасы мен зияны қандай? Бала смартфонды күніне қанша уақыт қолданса болады?

 Мұны білген жөн

 Пайдалы жақтары

  •   Қауіпсіз бала, алаңсыз ата-ана. Екі жасөспірім баланы тәрбиелеп отырған Бетани есімді ана былай дейді: “Қазіргі заман өте қауіпті, сондықтан ата-аналар өз балаларымен әрдайым байланыста болу керек”.

     Ал Кэтрин есімді әйел болса былай дейді: “Балаңда телефон болса, мобильді қосымшаның көмегімен оның қайда жүргенін көре аласың”.

  •   Үй тапсырмасында көмегі. “Электронды хат не хабарлама арқылы балалар үй тапсырмасын ала алады және әрдайым мұғаліммен байланыста бола алады”,— дейді Мэри есімді ана.

 Зиянды жақтары

  •   Телефонда тым ұзақ отыру. Әдетте жастар күн сайын телефонда сағаттап отырады. Шынын айтсақ, ата-аналар да олардан қалыспайды. Олар балаларымен қанша уақыт өткізсе, телефонға да сонша уақыт жұмсайды. Бір психологтың айтуынша, “отбасы мүшелері үйде телефоннан көз алмайтындары сонша — бір-біріне тура бір бөтен адамдардай көрінеді” b.

  •   Порнография. Бір сауалнамаға сай, жасөспірімдердің жартысынан көбі ай сайын интернеттен порнография іздейді. Смартфонда порнографияның қаншалықты қолжетімді екенін ескерсек, бұл мүлдем таңғалдырмайды. Екі жасөспірімнің әкесі Уильям былай дейді: “Баланың қолына смартфон беріп қою оның алдында ұшы-қиыры жоқ порнографияның есігін айқара ашып қоюмен тең”.

  •   Тәуелділік тудырады. Көп адамның смартфонға байланып қалатыны сонша — ол эмоцияларына қатты әсер етеді. Қолдарында телефон болмай қалса, абыржып, не істерін білмей, тіпті ауырып қалатындар бар. Кейбір ата-аналар балалары телефон қолданып жатқанда мінез көрсететінін байқаған. Кармен деген ана былай дейді: “Кейде балама бір нәрсе айтайын десем, телефоннан алаңдатқаным үшін көзін алартып, жұлқынады не қарсы сөйлейді”.

  •   Басқа да қаупі. Смартфонды пайдаланушылар кибер бұзақылық c пен секстингке d кезігуі мүмкін. Сондай-ақ олар қисық отырғаннан, ұйқының аздығынан түрлі ауру табады. Кейбір жастар ата-аналарынан телефондарында не бар екенін жасыруға тырысады. Бұл үшін олар арнайы қосымшаларды қолданады. Мысалы, көрсеткісі келмейтін нәрселерін “ешкімге зияны жоқ” калькулятордың астына тығып қоюы мүмкін.

     Жасөспірім қызды тәрбиелеп отырған Даниэль есімді әке мынадай тұжырымға келген: “Смартфон дегенің интернеттегі жақсы-жаманның бәріне жол ашып береді”.

 Ойланып көріңіз

  •   “Балама смартфон қажет пе?”

     Киелі кітапта былай делінген: “Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15). Осы сөздерді есте ұстап, былай деп ойланып көріңіз:

     “Баламның қауіпсіздігі үшін не басқа мақсатта оған смартфон әпергенім дұрыс па? Оның пайдасы мен зиянын салмақтап-саралап алдым ба? Смартфонның орнына басқа нәрсе қолдануға бола ма?”

     Тодд есімді әке былай дейді: “Қарапайым жай телефондар әлі сатылымда бар. Олар баламен хабарласып, хат жазып тұруға жарайды. Оның үстіне, біраз ақшаң қалтаңда қалады”.

  •   “Балам бұндай жауапкершілікке дайын ба?”

     Киелі кітапта былай делінген: “Дананың жүрегі оны дұрыс жолмен... жетелейді” (Уағыздаушы 10:2). Осы сөздерді есте ұстап, былай деп ойланып көріңіз:

     “Балама сенім арта аламын ба? Әдетте ол менімен ашылып сөйлесе ме? Балам шыншыл ма, әлде менен бір нәрсе жасыруға тырыса ма? Мысалы, достарының кім екенін. Қазіргі уақытта ол теледидар, ноутбук, планшет сияқты нәрселерді қолданғанда, шегін біліп, ұстамдылық таныта ма?” Серина есімді ана былай дейді: “Смартфон деген керемет нәрсе, бірақ өте қауіпті. Сондықтан балаңызға балғын шағында қандай жүк артқалы жатқаныңызды ойланыңыз”.

  •   “Бұндай жауапкершілікке өзім дайынмын ба?”

     Киелі кітапта былай делінген: “Баланы тәрбиелеп, тура жолға сал” (Нақыл сөздер 22:6). Осы сөздерді есте ұстап, былай деп ойланып көріңіз:

     “Балама қауіпті жақтарын айтып түсіндіріп бере алатындай, телефонды өзім жақсы білемін бе? “Ата-ана бақылауы” функциясын қалай қолдану керектігін білемін бе? Балама телефонды ақылмен қолдануды қалай үйрете аламын?” Жоғарыда сөзі келтірілген Даниэль былай дейді: “Байқауымша, баланың қолына телефон беріп қойып, мүлдем қадағаламайтын ата-аналар өте көп”.

 Ойтүйін: Балаға смартфонды ақылмен қолдануды үйрету керек. “Indistractable” деген кітапта былай делінген: “Кім-кімді де оңай тартып кететін смартфонға қарсы тұруға бала мүлдем дәрменсіз, әсіресе қасында ата-анасы жоқ кезде”.

a Бұл мақалада “смартфон” деген сөз интернетке қосылатын телефонға нұсқайды.

b Томас Кёрстингтің “Disconnected” деген кітабынан алынған.

c Кибер бұзақылық деген — адамдарды қорлау, кемсіту мақсатында интернет арқылы хабарламалар, суреттер, видеолар жіберу.

d  “Секстинг” деген — сексуалды мазмұндағы суреттер, видеолар мен хабарламалар жолдау.