Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН

Желі және жеткіншек. 1-бөлім: Балама әлеуметтік желіге рұқсат берейін бе?

Желі және жеткіншек. 1-бөлім: Балама әлеуметтік желіге рұқсат берейін бе?

 Жүргізілген бір сауалнамаға сай, 97 пайыз жеткіншек әлеуметтік желіні пайдаланады екен. Сіздің балаңыз да сол көштен қалғысы келмей жүр ме? Олай болса, ата-ана ретінде сізге бірнеше жайтты ескерген жөн.

Бұл мақалада

 Бала және оның алтын уақыты

 “Әлеуметтік желінің мақсаты сенің бар назарыңды жаулау, сені интернетке телміртіп, экранға шұқшитып қою және жіпсіз байлау”,— дейді “HelpGuide” сайты.

 “Әлеуметтік желіге тез кіремін де шығамын деп ойлайсың, бірақ еш шыға алмайсың. Қалай сағаттап отырып қалғанымды аңғармай қаламын. Желіден шығып, бір пайдалы іспен айналысайыншы деп ойлайсың, бірақ, шыны керек, өзіңді желкелеп тұрғызбасаң болмайды” (Линн, 20 жаста).

 Ойланып көріңіз. Әлеуметтік желіге қатысты сіз орнатқан ережені балаңыз жүз айтқызбай орындай ала ма? Балаңыз желіде қанша отыратынын өзі саналы түрде қадағалай ала ма?

 Киелі кітаптың кеңесі: “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар,.. дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” (Ефестіктерге 5:15, 16).

Балаңызға ештеңені түсіндірмей жатып әлеуметтік желіге рұқсат беру — оны дайындықсыз асау атқа отырғызумен тең

 Баланың достыққа көзқарасы

 Әлеуметтік желі” адамдар достарымен аралассын, таныстарымен байланыста болсын деп жасалған. Алайда желідегі достық әдетте жеңіл-желпі ғана.

 “Менің бір байқағаным — жастар “лайктары”, “оқырмандары” көп болса, “жанашырларым”, “тілеулестерім” де көп болады деп ойлайды. Бірақ сол адамдарды тіпті танымауы да мүмкін” (Патрисия, 17 жаста).

 Ойланып көріңіз. Балаңыз оқырмандар мен “лайктардың” көп болғаны өмірдегі маңызды нәрсе емес екенін түсіне ме? Шын өмірде адамдармен дос бола ала ма?

 Киелі кітаптың кеңесі: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (Нақыл сөздер 17:17).

 Баланың ішкі сезімдері

 Зерттеушілердің байқауынша, әлеуметтік желіде тым көп отыратындар жалғыздық сезінеді, мазасыз күй кешеді, тіпті күйзеліске ұшырайды.

 “Сенің достарың сенсіз көңіл көтеріп жүргенін желіден көріп қалсаң, кәдімгідей көңілің түседі” (Серена, 19 жаста).

 Ойланып көріңіз. “Балаңыз желіде мақтанып, басқалармен жарысып кетіп жүрмей ме? Басқалардың суреттерін көріп, көңілі түсіп жүрмей ме?”

 Киелі кітаптың кеңесі: “Атаққұмар болып, бір-бірімізді бақталастыққа итермелемейік, іштарлық та жасамайық” (Ғалаттықтарға 5:26).

 Баланың өзін ұстауы

 Әлеуметтік желі — кибербуллинг, секстинг және порнографияның ашық алаңы. Балаңыз бұндайға араласпаса да, оны соған тартып әкетуі мүмкін.

 “Әлеуметтік желідегі контент бейкүнә болып көрінуі мүмкін, бірақ шындығында олай емес. Жаман сөздер мен ұятсыз әндерге өзің байқамай тап болып қаласың” (Линда, 23 жаста).

 Ойланып көріңіз. Балаңыз интернетті ақылмен қолдана ала ма? Жаман нәрсені көрмеуге оның ерік-жігері жете ме?

 Киелі кітаптың кеңесі: “Араларыңда азғындық, әрқилы арам істер мен ашкөздіктің тіпті аты да аталмасын... Ұятсыз жүріс-тұрыс, ақымақ сөз, тұрпайы қалжың сияқты нәрселер де орынсыз” (Ефестіктерге 5:3, 4).

 Әлеуметтік желі керек пе?

 Өмірде әлеуметтік желісіз-ақ қызықты әрі бақытты өмір кешуге болады. Жастардың көбі әлеуметтік желісіз өмір сүруді шешкен. Тағы біреулер кезінде пайдаланып, ал кейін желіден бас тартуды жөн санаған.

 “Әпкем әлеуметтік желіден көп зиян көрді, оның қиналғанын көріп, мен желіні пайдаланбаймын деп шештім. Содан кейін өзімді бақыттырақ сезіндім, шын өмірде әлеуметтік желісіз-ақ талай қызық бар екен ғой” (Натан, 17 жаста).

 Ойтүйін. Балаңызға әлеуметтік желіге рұқсат бермес бұрын, оның шын өмірде басқалармен дос бола ала ма, отыратын уақытын қадағалай ала ма және жаман нәрселерге кірмей ме — соны жақсылап тексеріңіз.

 Киелі кітаптың кеңесі: “Парасатты әр қадамын ойлап басады” (Нақыл сөздер 14:15).