ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | БАЛА ТӘРБИЕСІ
Баламен нәсілшілдік жайлы сөйлесу
Балалар кішкентай кезінен адамдардың бір-бірін терісінің түсіне, ұлтына бола кемсітіп алалайтынын байқайды. Қоғамдағы нәсілдік теңсіздік балаңызға әсер етпеу үшін не істей аласыз? Ал балаңыз нәсілшілдіктің құрбаны болса ше, мұндайда не істеуге болады?
Бұл мақалада:
Балаңызбен әртүрлі нәсіл жайлы қалай сөйлессеңіз болады?
Нені түсіндіру керек. Әлемде адамдар бір-бірінен сырт көріністерімен ерекшеленеді және мәдениеттері де сан алуан. Бірақ осындай ерекшелікке бола кейбір адамдар өзгелерді кемсітіп, оларға менсінбей қарайды.
Бірақ Киелі кітапта барлық адам бір адамнан тарағаны айтылады. Былайша айтқанда, біз барлығымыз бір-бірімізге туыспыз.
“[Құдай] бір адамнан күллі халықтарды шығарды” (Елшілердің істері 17:26).
“Балаларымыздан бір байқағанымыз олар әртүрлі нәсілдің адамдарымен араласқанда, кез келген адам сүйіспеншілік пен құрметке лайық екенін түсінеді” (Карен).
Нәсілшілдік жайлы балаңызға қалай түсіндіре аласыз?
Ерте ме, кеш пе балаңыз жаңалықтардан бір нәсіл екінші нәсілді жек көретінін, тіпті сол үшін қылмыс жасайтыны жайлы еститін болады. Сол кезде жағдайды оған қалай түсіндіріп берсеңіз болады? Мұны баланың жасына сай түсіндіру керек.
Балабақша жасындағыларға. Элиссон Бриско Смит деген профессор “Ата-аналар” деген журналда былай деп жазды: “Кішкентай балалар ненің әділ, ненің әділетсіз екенін бірден сезіп қояды”. Осыны пайдаланып балаңызбен әділетсіздік жайлы сөйлессеңіз болады.
“Құдай ешкімді алаламайды. Ол өзінен қорқатын және әділ әрекет ететін әрбір адамды, қай ұлттан шықса да, қабыл алады” (Елшілердің істері 10:34, 35).
Бастауыш сыныптағы балаларға. 6—12 жас аралығындағы балалар көп нәрсені білгілері кеп тұрады. Кейде күрделі сұрақтар да қойып жатады. Олардың сұрақтарына қолыңыздан келгенше жауап беріңіз. Балаларыңызбен мектепте, жаңалықтарда не байқайтыны жайлы сөйлесіңіз. Және осы мүмкіндікті пайдаланып нәсілдік алалаушылықтың дұрыс емес екенін түсіндіріңіз.
“Пікірлес, қайғыға ортақтас, бауырластарды сүйетін, мейлінше жанашыр, кішіпейіл болыңдар” (Петірдің 1-хаты 3:8).
Жасөспірімдерге. Осы жаста бала анағұрлым күрделі тақырыптарды түсіне алады. Сондықтан онымен жаңалықтардағы нәсілдік алалаушылық жайлы талқылай аласыз.
Рухани толысқан адамдар “түйсіну қабілетін қолдану арқылы машықтандырып, жаман мен жақсыны ажырата алады” (Еврейлерге 5:14).
“Біз балаларымызбен расизм туралы сөйлесіп тұрамыз. Себебі олар қай жерде тұрмасын бір күні емес, бір күні осы мәселемен бетпе-бет келеді. Егер олар сол мәліметті бізден естімесе, сырттан естіп, солар сияқты ойлана бастауы мүмкін. Олар балаларымызға жалған ақпаратты шындық ретінде көрсетуі мүмкін” (Тания).
Балаңызға қалай үлгі көрсете аласыз
Балаларыңыз сізге қарап бой түзеді. Сондықтан айтатын сөзіңіз бен іс-әрекетіңізге мұқият болыңыз. Мысалы:
Өзге нәсілдегі адамның үстінен күліп, кемсітесіз бе? “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” демекші, бір мақалада келесідей сөздер жазылған: “Балаларыңыз сізді мұқият бақылайды, сөйтіп, сізден естіп, көргенін қайталайды” (Academy of Child and Adolescent Psychiatry).
Сіз әртүрлі ұлттан шыққан адамдармен араласқанды ұнатасыз ба? Педиатр Аланна Нзома былай дейді: “Балаңыз әртүрлі ортадан шыққан адамдармен жақсы аралассын десеңіз, өзіңіз үлгі көрсетуіңіз керек”.
“Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер” (Петірдің 1-хаты 2:17).
“Біраз жылдан бері біз жердің түкпір-түкпірінен келген адамдарды үйімізге қонаққа шақырамыз. Біз олардың жейтін тағамдары, тыңдайтын әуендері жайлы көп білдік, тіпті ұлттық киімдерін киіп көрдік. Біз балаларымызбен сөйлескенде нәсіл жайлы емес, адамдар жайлы сөйлесеміз. Сонымен қатар біз өз мәдениетімізді басқалардыкінен жоғары санаудан аулақпыз” (Катарина).
Балаңыз нәсілшілдіктің құрбаны болғанда
Адамдар барлық нәсіл тең деп ұрандатқанмен, әлемде расизм кең етек жайған. Бұл дегеніміз өзгелер сіздің балаңызды кемсітіп, келеке-мазақ етуі мүмкін деген сөз, әсіресе оны өздерінен төмен санайтын болса. Мұндайда не істеуге болады?
Мән-жайды біліп алыңыз. Біреу балаңызды әдейі ренжітті ме, әлде ойланбай сөйлей салды ма? (Жақып 3:2). Онымен сөйлесу керек пе, әлде бұл жағдайға көз жұма салуға бола ма?
Бұл орайда байсалды болған дұрыс. Киелі кітапта: “Ренжуге асықпа”,— делінген (Уағыздаушы 7:9). Нәсілшілдік — жеңіл-желпі қарайтын мәселе емес. Десе де барлық жағдайды адам менің нәсілімді жек көргендіктен осылай етіп жатыр деп тұжырымдау қате.
Әрине, әр жағдай әртүрлі. Сондықтан қандай да бір әрекет жасамас бұрын, мән-жайды анықтап алыңыз.
“Мән-жайды тыңдамай жатып жауап қайтару — Ақымақтық әрі масқаралық” (Нақыл сөздер 18:13).
Мән-жайды анықтап алған соң, былай ойланып көріңіз:
Балам әрдайым өзгелер мені нәсіліме бола кемсітеді деп ойласа, бұндай көзқарас оған қалай әсер етеді?
Балам Киелі кітаптың: “Адамдардың әрбір сөзіне мән бере берме”,— деген кеңесінің қандай пайдасын көруі мүмкін? (Уағыздаушы 7:21).
“Есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (Філіпіліктерге 4:5).
Балаңызды әдейі ренжітсе ше? Көп нәрсе балаңыздың жағдайды қалай қабылдайтынына байланысты. Ол өз жауабымен жағдайды жақсартуы не одан бетер ушықтырып жіберуі мүмкін. Осыны балаға түсіндіру керек. Көп жағдайда өзгені қорлап, мазақ ететін бұзақылар “адам не істейді екен” деп әдейі тиісіп көреді. Мұндайда ең дұрыс жауап — мүлдем жауап бермеу.
“Отын жоқ жерде от өшер” (Нақыл сөздер 26:20).
Егер жағдай айтарлықтай қауіпті болмаса, балаңыз өзін ренжіткен адаммен өзі сөйлесе алады. Мысалы, ол жұмсақтықпен “сенің істегенің дұрыс болмады деп ойлаймын” десе болады.
Ал егер жағдай көз жұматындай болмаса ше? Егер балаңыздың өміріне қауіп төніп тұрса не бұл мәселені жайына қалдыруға болмайды деп ойласаңыз, мектеп әкімшілігімен, тіпті қажет болса, полиция қызметкерлерімен сөйлесуден тартынбаңыз.