ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | АТА-АНАЛАР
Желі және жеткіншек. 2-бөлім: Балаңызға әлеуметтік желіні ақылмен қолдануды үйретіңіз
Қауіп-қатерін саралап-салмақтаған соң, көп ата-ана балаларына әлеуметтік желіні пайдалануға рұқсат бермей қойды. Алайда сіз балаңызға рұқсат берген болсаңыз, оны зиянынан қалай сақтандыра аласыз? Желіні абайлап қолдануды қалай үйретсеңіз болады?
Бұл мақалада
Баланың уақыты
Білген жөн. Әлеуметтік желі кім-кімді болса да ми батпақтай сорып әкетеді. Балаңызды да сорып әкетпес үшін оның желіде отыратын уақытын реттеп отыру қажет болады.
Киелі кітаптың кеңесі: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңіз” (Філіпіліктерге 1:10).
Ойланып көріңіз. Жеткіншек балаңыз ұйықтау керек кезде, сабақ оқитын уақытта я отбасы болып бас қосқан кезде әлеуметтік желіні пайдалана ма? Зерттеушілердің айтуынша, жасөспірімдер түнде 9 сағат ұйықтау қажет. Бірақ әлеуметтік желіде күніне бірнеше сағат отыратын балалар 7 сағаттан аз ұйықтайтын көрінеді.
Істеп көріңіз. Жасөспірім балаңызға ненің маңызды екенін үйретіңіз. Балаңызбен желіде отыратын уақыттың шегі болу керектігін түсіндіріп, талқылаңыз. Ойға қонымды ережелер орнатыңыз. Мысалы, ұйықтар алдында ешқандай гаджетке кірмеу деген сияқты. Ата-ана ретінде сіздің мақсатыңыз — балаңызға ұстамдылықты ұялату. Бұл қасиет оған ересек өмірде әлі талай керек болады (Қорынттықтарға 1-хат 9:25).
Баланың ішкі сезімдері
Білген жөн. Балаңыз желіде фильтрмен әбден өңделген селфилерді, достарының тек қыдырып жүрген қызықты видео-рилстарын көріп алып, өзін жападан-жалғыз қалғандай сезінуі мүмкін. Уайымдап, күйзелуі де ғажап емес.
Киелі кітаптың кеңесі: “Күншілдіктен... аулақ болыңдар” (Петірдің 1-хаты 2:1).
Ойланып көріңіз. Балаңыз әлеуметтік желіні көрген соң, өзін басқалармен салыстырып, өз түр-әлпетіне көңілі толмай жүре ме? Өзгенің өмірі қызықты, тек онікі ғана қызықсыз көріне ме?
Істеп көріңіз. Өзін біреумен салыстыру өте қауіпті екенін балаңызға түсіндіріңіз. Негізі, ұлдарға қарағанда көбіне қыздар салыстырғыш келеді, өйткені олар қарым-қатынасқа және дене мүсініне көп көңіл бөледі. Балаңызға арасында әлеуметтік желіден демалып тұруды ұсынсаңыз болады. Жас жігіт Джейкоб былай дейді: “Мен біраз уақытқа әлеуметтік желіні өшіргенмін. Сол уақыт мен үшін ненің маңызды екенін тексеруге және өзіме, басқаларға деген көзқарасымды түзеуге көмектесті”.
Онлайн әдебі
Білген жөн: Әлеуметтік желіде болу деген сөз — ел-жұрттың алдында өмір сүру деген сөз. Сені бәрі көреді, сені бәрі оқиды. Сондықтан кей кездері біреулер бізді түсінбей, тіпті келіспей қалуы мүмкін.
Киелі кітаптың кеңесі: “Әрқилы өшпенділік, ашу-ыза, айқайласу, қорлық сөздер және бүкіл жамандық атаулыдан арылыңдар! Қайта, бір-біріңе мейірімді де барынша жанашыр болыңдар” (Ефестіктерге 4:31, 32).
Ойланып көріңіз. Балаңыз әлеуметтік желінің кесірінен басқаларға қосылып өсек айтып, біреулермен келіспей қалып, біреулерді жамандап жүрген жоқ па?
Істеп көріңіз. Балаңызға әлеуметтік желіде отырғанда да әдептен озбауды үйретіңіз. “Digital Kids” деген кітапта былай жазылған: “Жауыздық, өштік таныту, мейлі, ол онлайн болсын, мейлі, жүзбе-жүз болсын, мүлдем дұрыс емес. Балалардың санасына соны жеткізу — сіз бен біздің ата-аналық міндетіміз”.
Ұмытпайық, әлеуметтік желі өмірдің алып бара жатқан бір қажеттілігі емес. Біраз ата-ана балаларына әлеуметтік желіге рұқсат ете қойған жоқ. Ал сіз балаңызға рұқсат берсеңіз, балаңыз отыратын уақытын өзі саналы түрде шектей алатынын, басқалармен жақсы қарым-қатынаста екенін және жаман нәрсе көрмейтініне жүз пайыз сенімді болуыңыз керек.