ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН
Ойларыңыз бір жерден шықпағанда
Жақсы көретін істері мен әдеттерінің, мінездерінің әртүрлі болғаны ерлі-зайыптылардың өмірінде біраз қиындық тудырып жатады. Бірақ келесі мәселелер жағдайды одан сайын ушықтырып жіберуі мүмкін:
Туған-туысқа уақыт бөлуге келгенде
Ақша жұмсауға келгенде
Балалы болу-болмауға келгенде
Осы мәселелерде ойларыңыз бір жерден шықпаса, не істеуге болады?
Мұны білген жөн
Жұп болу бірдей ойлануды білдірмейді. Ең жарасымды деген жұптардың өзінде кейде тіпті маңызды мәселелерде көзқарастары бір-біріне қайшы келіп жатады.
“Мен бір-бірімен тонның ішкі бауындай жақын отбасында өстім. Демалыс күндері ата-әжемізбен, аға-әпкелеріміз және бөле-жиендерімізбен бас қосатынбыз. Бірақ күйеуім ондай отбасында өспеген. Сондықтан туған-туыспен қаншалықты көп араласу керектігіне қатысты ойымыз екі түрлі” (Тамара).
“Алған тәрбиемізге қарай, әйелім екеуміздің ақша жұмсауға деген ойымыз екі түрлі болды. Үйленгеннен кейінгі алғашқы айларда бұл жайында бірнеше рет сөзге келіп қалдық. Бұны шешу үшін бізге бір емес, бірнеше рет сөйлесу керек болды” (Тайлер).
Кей жағдайларда құрбандықтарға бару керек болады. Мысалы, жарыңыздың ата-анасы не жақын туысы ауырып қалып, күтім қажет еткенде. Я болмаса жұбайыңыз балалы болғысы келіп, ал сіз қаламаған кезде a.
“Балалы болуға қатысты әйелім екеуміз сағаттап отырып сөйлестік. Ол осы жайында көп ойланған сайын арамыздағы дау-дамай да шиеленісе түсті. Бір мәмілеге келе алмайтын сияқтымыз” (Алекс).
Екі түрлі көзқарас — үй бола алмайсыздар деген сөз емес. Кейбір сарапшылар маңызды жайттарға қатысты ойларыңыз бір жерден шықпай жатса, тіпті некеңізді үзу керек болса да, өз дегеніңізден қайтпаңыз деп жатады. Бірақ мұндай “кеңес” өз сезімдеріңіздің құнын асырып, жарыңызды мәңгілік бойы сүйіп өтемін деген Құдай алдындағы антыңыздың құнын түсіреді.
Сіз не істей аласыз?
Неке антыңызға құрметпен қараңыз. Осылай етуге нық бекінсеңіз, жарыңызды қас емес, мәселені бірге шешетін жақтас деп білесіз.
Киелі кітаптың кеңесі: “Құдай қосқанды адам баласы ажыратпасын!” (Матай 19:6).
“Алдымен шығынды есептеп” алыңыз. Мәселен, жұбайыңыз балалы болуды қалайды, ал сіз бұған қарсысыз делік. Мұны шешу үшін мына жайттарды ескеру қажет:
Некеңіз қаншалықты берік?
Бала өсірумен қатар келетін қиындықтарға некеңіз дайын ба?
Ата-аналық міндетті атқара аласыз ба?
Бұған үй ішін тамақпен, киім және баспанамен қамтамасыз етуден де көп нәрсе кіреді.
Қаражатыңыз жете ме?
Жұмысты, бала-шаға мен басқа да міндеттерді қатар алып жүре аласыз ба?
Киелі кітаптың кеңесі: “Біреу мұнара салғысы келсе,.. алдымен шығынын есептеп алмай ма?” (Лұқа 14:28).
Мәселені жан-жақты қарастырыңыз. Араларыңыздағы келіспеушіліктердің кейбірін шешу қолыңыздан келер. Мысалы, балалы болуды қаламайтын жақ мына сұрақтар бойынша ойланып көрсе болады:
“Балалы болуға қарсымын деп нені айтқым келді: ешқашан бала сүймеуді ме, әлде әзірге ғана балалы болмауды ма?”
“Жақсы ана не әке бола алмаймын деп ойлаймын ба?”
“Жарымның бар көңілі балаға ауып, шетте қалып қоямын деп қорқамын ба?”
Ал бала сүйгісі келетін жақ былай деп ой жүгіртсе болады:
“Ата-аналық жауапкершілікке дайынбыз ба?”
“Баламызды асырауға шамамыз жете ме?”
Киелі кітаптың кеңесі: “Көктен келген даналық... иліккіш” (Жақып 3:17).
Жарыңыздың ойын түсінуге тырысыңыз. Бір жерге қарап тұрып, екі адам екі түрлі нәрсені көруі мүмкін. Сол сияқты, ерлі-зайыптылар да бір жағдайға, мысалы қаражат жұмсау мәселесіне, әртүрлі қырынан қарауы мүмкін. Кез келген даулы мәселені талқылауға келгенде, әңгімені ойларыңыз бір жерден шығатын нәрседен бастаңыз.
Қандай ортақ мақсаттарыңыз бар?
Сіздің де, жарыңыздың да айтқанының қандай жақсы жақтары бар?
Некенің беріктігі үшін біреуіңіз не екеуіңіз де ойларыңызды өзгерте аласыздар ма?
Киелі кітаптың кеңесі: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).
a Маңызды мәселелерді некеге дейін талқылап алған жөн. Десе де күтпеген жағдайлар туындап қалуы немесе ерлі-зайыптының біреуінің уақыт өте ойы өзгеруі мүмкін (Уағыздаушы 9:11).