Мазмұнға өту

ОТБАСЫҢЫЗ БЕРЕКЕЛІ БОЛСЫН | НЕКЕ

Электронды құрылғыға ессіз үңілмеңіз

Электронды құрылғыға ессіз үңілмеңіз

 Электронды құрылғыларды қалай пайдаланғаныңыз некеңіздің іргесін я бекемдеуі, я сөгуі мүмкін. Сіздің отбасыңыз жайында не деуге болады?

 Мұны білген жөн

  •   Электронды құрылғыларды парасаттылықпен пайдалана білсе, некеге тигізер пайдасы зор. Мысалы, кейбір ерлі-зайыптылар оларды бір-бірінен жырақта жүргенде байланысу үшін қолданады.

     “Мен сені сүйем”, “сені сағындым” деген бір-екі ауызсөз хабарламаның өзі ерлі-зайыптыны бір-біріне жақындата түседі” (Жонатан).

  •   Ал электронды құрылғылар даналықпен қолданылмаса, шаңырақты шайқалтуы мүмкін. Мәселен, кейбіреулердің ұялы телефон, планшеттен бас көтермейтіні сонша — жұбайына жеткілікті уақыт пен көңіл бөлуден қалады.

     “Телефонға үңілем деп, күйеуімнің менімен көбірек сөйлескісі келген сәттерін жіберіп алған кездерім болмады емес, болды” (Юлисса).

  •   Біреулер “мен бір уақытта электронды құрылғыны да пайдалана аламын, жарыммен де жақсылап әңгімелесе аламын” деп жатады. Әлеуметтанушы Шерри Тёрклдің айтуынша, бұлай “бір уақытта бірнеше істі істеу — жай аңыз”. Әрине, бұндай қабілет кереметтей көрінгенмен, шындығында, әлгі әлеуметтанушының сөзіне сай, “біз бір мезгілде бірнеше істі қатар істеуге тырысқан сайын, олардың сапасы нашарлай түседі” екен a.

     “Күйеуім менімен әңгімелесіп отырып, электронды құрылғымен басқа да істерді істейтін болса, әңгімеден қанағат алмаймын. Ондайда оған мен емес, электронды құрылғысы болса болды екен ғой деген ойда қаламын” (Сара).

 Ойтүйін: Электронды құрылғылар некеңізді я нығайтады, я шайқалтады.

 Не істеуге болады?

 Маңызды нәрсені анықтаңыз. Құдай Сөзінде: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер”,— делінген (Філіпіліктерге 1:10). Былай деп ойланып көріңіз: “Жұбайым екеуміздің бір-бірімізге көңіл мен уақыт бөлетін кезімізді электронды құрылғыларға жұмсап жатқан жоқпыз ба?”

 “Мейрамханада тамақтанып отырған ер мен әйелдің ұялы телефондарына шұқшиып отырғанын көргенде қарның ашады. Біз электронды құрылғының құлы болып, ең маңызды нәрсені, яғни бір-бірімізбен арақатынасымызды ұмыт қалдырғымыз келмейді” (Мэтью).

 Шектеу қойыңыз. “Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар”,— делінген Киелі жазбаларда (Ефестіктерге 5:15, 16). Өзіңізге мына сұрақты қойып көріңіз: “Келген хабарламаның бәрін келген бойда жанталасып оқи бермей, шұғыл еместерін кейіндеу оқып, жауап беруге арнайы уақыт бөлем бе?”

 “Мен телефонымды дыбыссыз режимге қойып, кейін ыңғайлылау уақытта жауап берудің тиімді екенін көрдім. Әдетте шұғыл жауап беруді талап ететін қоңырау, хабарлама, электрондық хат кемде-кем болады” (Жонатан).

 Мүмкін болса, жұмысты жұмыста қалдырыңыз. Киелі кітапта: “Әр нәрсенің өз уақыты бар”,— делінген (Уағыздаушы 3:1). Келесі сұрақтар жайлы ойланып көріңіз: “Жұмысым смартфон арқылы отбасы өміріме араласып жатқан жоқ па? Егер осылай болса, бұл некеме қалай әсер етіп жатыр? Өмірлік серігім бұған не дейді?”

 “Электронды құрылғылардың арқасында қазір жұмысты кез келген уақытта, кез келген жерде істеуге болады. Жұмыспен байланысты мәселелерді шешпек боп телефонымды үнемі тексере бермеуім үшін маған ерекше күш салу керек болды” (Мэтью).

 Жарыңызбен бірге талқылаңыз. Құдай Сөзінде: “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын”,— деп жазылған (Қорынттықтарға 1-хат 10:24). Жұбайыңызбен бірге отырып, электронды құрылғыларды қалай пайдаланатындарыңызды, қажет болса, қандай өзгерістер жасауға болатынын талқылаңыздар. Бұл орайда осы мақаладағы “Пайдалы кеңестерге” жүгінсеңіздер болады.

 “Зайыбым екеуміз бір-бірімізбен өте шыншылмыз. Сондықтан біреуіміз ұялы телефонды я планшетті тым көп қолданып жатсақ, мұны ашық айтамыз. Бұның арты насырға шабуы мүмкін екенін білгендіктен, бір-біріміздің пікірімізге мұқият ден қоямыз” (Даниэлла).

 Ойтүйін: Электронды құрылғы сізге қожайын емес, қызметші болсын.

a “Reclaiming Conversation—The Power of Talk in a Digital Age” кітабынан.