Аспан деген не?
Киелі кітаптың жауабы
“Аспан” не “көк” сөзі Киелі кітапта негізінен үш мағынада қолданылады: 1) тура мағынадағы аспан, 2) рухани тұлғалардың мекені және 3) асқақ не жоғары дәреже. Киелі кітапта бұл сөздің қай мағынада қолданылып тұрғанын мәнмәтінге қарап анықтауға болады a.
Тура мағынадағы аспан. Бұл мағынадағы “көк” сөзі жердің атмосфера қабатын, яғни жел соғып, құстар ұшатын, жаңбыр мен қар жауып, найзағай жарқылдайтын кәдімгі көк аспанды білдіреді (Зәбүр 78:26; Нақыл сөздер 30:19; Ишая 55:10; Лұқа 17:24). Сондай-ақ ол “күн, ай, жұлдыздар” орналасқан ғарыш кеңістігін де білдіруі мүмкін (Мұсаның 5-жазбасы 4:19; Мұсаның 1-жазбасы 1:1).
Рухани әлем. Сондай-ақ “көк” сөзі рухани әлемді, яғни материалдық әлемнен тыс мекенді және ондағы тіршілік деңгейін білдіреді (Патшалар 1-жазба 8:27; Жохан 6:38). Ол әлемде Ехоба Құдай мен өзі жаратқан періштелері мекендейді. Олар көзге көрінбейтін рухани тұлғалар болып табылады (Жохан 4:24; Матай 24:36). Кейде “көк” сөзі “қасиеттілердің қауымын”, яғни адал періштелерді білдіреді (Зәбүр 89:5—7).
Сонымен қатар Жазбаларда “көк” сөзі рухани әлемдегі Ехобаның жеке “тұрағына” қатысты қолданылады (Патшалар 1-жазба 8:43, 49; Еврейлерге 9:24; Аян 13:6). Киелі кітапта Шайтан мен жын-перілер көктен жерге лақтырылғаны айтылған. Олар бұдан былай Ехобаның алдына бара алмайды, бірақ рухани әлемде қала береді (Аян 12:7—9, 12).
Асқақ не жоғары дәреже. Жазбаларда “көк” сөзі билік иелерінің жоғары дәрежесіне қатысты да қолданылады. Мұндай дәрежеге кімдер ие?
Құдіреті шексіз Әлемнің Әміршісі Ехоба Құдай (Шежірелер 2-жазба 32:20; Лұқа 15:21).
Құдай Патшалығы, яғни адамдардың үкіметтерін алмастыратын үкімет. Киелі кітапта бұл Патшалық “жаңа аспан” деп аталған (Ишая 65:17; 66:22; Петірдің 2-хаты 3:13 b).
Көкке бару үміті бар жердегі мәсіхшілер (Ефестіктерге 2:6).
Халқын билеп-төстейтін үкіметтер (Ишая 14:12—14; Даниял 4:20—22; Петірдің 2-хаты 3:7).
Дүниені билеп отырған зұлым рухтар (Ефестіктерге 6:12; Жоханның 1-хаты 5:19).
Көк қандай?
Рухани әлемде жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Ондағы жүздеген миллион рухани жаратылыстар Ехобаның “сөзін іске асыруда” (Зәбүр 103:20, 21; Даниял 7:10).
Жазбаларда көк жарқыраған әлем ретінде сипатталады (Тімөтеге 1-хат 6:15, 16). Езекиел пайғамбар көк жайлы аян көріп, ондағы жарқыраған сәулені сипаттап жазған. Даниял болса көкте “отты өзеннің” ағып жатқаны жайлы аян көрген (Езекиел 1:26—28; Даниял 7:9, 10). Көк киелі, таза және көркем (Зәбүр 96:6; Ишая 63:15; Аян 4:2, 3).
Киелі кітаптағы салтанатты көктің сипаттамасы қатты таңғалдырып, тамсандырады (Езекиел 43:2, 3). Әйтсе де, рухани әлемнің қандай екенін толық түсініп-білуге адам баласының ақылы жетпейді.
a “Көк” деп аударылған еврей сөзі “биік” не “асқақ” деген мағынаны білдіретін сөзден шықса керек (Нақыл сөздер 25:3). (“The New Brown, Driver, and Briggs Hebrew and English Lexicon of the Old Testament” еңбегінің 1029-бетін қараңыз.)
b Макклинток пен Стронгтың энциклопедиясында Ишая 65:17-дегі жаңа аспан “жаңа үкіметті, жаңа патшалықты” білдіретіні айтылған (IV-топтама, 122-бет).