Киелі кітапта табиғи апаттар жайында не делінген?
Киелі кітаптың жауабы
Әлемде болып жатқан табиғи апаттарды Құдай жібермейді. Қайта, сол апаттардан қиналып жатқан адамдарды көріп ол қайғырады. Болашақта Құдайдың үкіметі адамзатты азапқа салғанның бәрін, оның ішінде табиғи апаттарды да жоюға ниеттеніп отыр. Сол тамаша уақыт келгенше Жаратушымыз табиғи апаттан қиындық көріп жатқандарға жұбаныш көзін беріп жатыр (Қорынттықтарға 2-хат 1:3).
Табиғи апаттар Құдайдың жазасы емес екенін қайдан білеміз?
Киелі кітапта Құдай өз үкімін іске асыру үшін кей жағдайларда табиғат күштерін қолданғаны жазылған. Алайда олардың табиғи апаттардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Қандай?
Табиғи апат кезінде жазықсыз адамдар өліп, қасірет шегеді. Ал Құдай өз үкімін іске асырғанда тек жауыз адамдарды жазалаған. Мысалы, ежелде Содом мен Ғомора қалаларын жоямын деп шешкенде, Құдай Лұт деген жақсы адам екі қызымен бірге сол қаладан шығып кеткенше күтті (Мұсаның 1-жазбасы 19:29, 30). Құдай сол кездегі адамдардың жүрегінде не бар екенін көрген, ол зұлым деп тапқандарды ғана жойған (Мұсаның 1-жазбасы 18:23—32; Самуилдің 1-жазбасы 16:7).
Көп жағдайда табиғи апаттар күтпеген кезде болады. Ал Құдай табиғат күштерін зұлымдарға қарсы қолданар алдында оларды ескерткен. Ескертуге құлақ асқандар апаттан аман қалған (Мұсаның 1-жазбасы 7:1—5; Матай 24:38, 39).
Кейбір табиғи апаттарға адамдар өздері кінәлі. Неге? Өйткені олар қоршаған ортаны ластайды. Зілзала, топан су қаупі бар жерлерге, күн райы қолайсыз жақтарға ғимараттар соғады (Аян 11:18). Олардың бұндай істеріне Құдайдың не кінәсі бар? (Нақыл сөздер 19:3).
Табиғи апаттар ақырзаманның белгісі ме?
Иә. Киелі кітапта “осы заман аяқталып қалғанда” (соңғы күндер деп те аталады) апаттардың болатыны алдын ала айтылған (Матай 24:3; Тімөтеге 2-хат 3:1). Мысалы, біздің заманымызға қатысты Иса пайғамбар былай деген: “Түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады” (Матай 24:7). Жақында Құдай Тағала адамдарды азапқа салатын, жүректерін сыздататынның бәрін жояды, табиғи апаттар да жоқ болады (Аян 21:3, 4).
Табиғи апаттан жапа шеккендерге Құдайдың көмегі
Құдай өз Сөзі арқылы күш береді. Құдай Сөзінде ол бізді ойлайтыны, біздің жүрегіміздегі қайғыны ол да сезетіні жазылған (Ишая 63:9; Петірдің 1-хаты 5:6, 7). Сондай-ақ табиғи апаттар ешқашан болмайтын тамаша заман сыйлайтынын да пайғамбарларына жаздыртқан (“ Жұбаныш сыйлайтын Киелі кітап үзінділерін” қараңыз).
Құдай қызметшілері арқылы көмектеседі. Ол өз қызметшілерін Иса пайғамбардың үлгісіне еліктеуге шақырады. Иса пайғамбар “жүрегі жаралыларды”, “қайғырып жүргендерді” жұбататыны Құдай Сөзінде алдын ала жазылған (Ишая 61:1, 2). Құдайдың қызметшілері де сондай болуға ұмтылады (Жохан 13:15).
Табиғи апаттан жапа шеккендерге Құдай өз қызметшілері арқылы іспен де көмектеседі (Елшілердің істері 11:28—30; Ғалаттықтарға 6:10).
Киелі кітапта апатқа дайындайтын принциптер бар ма?
Иә. Киелі кітап өздігінен апатқа дайындайтын нұсқаулық емес. Десе де ондағы принциптер өте пайдалы. Мысалы:
Жоспар құрыңыз. Киелі кітапта былай жазылған: “Парасатты қатерді көріп, бас сауғалар, Аңғал алға жүріп, жапа шегер” (Нақыл сөздер 22:3). Демек, апатқа алдын ала дайындалу — парасаттылықтың белгісі. Не істеуге болады? Дабыл сөмкесін дайындаңыз, ішіне ең керектіні салып қойыңыз, отбасыңызбен апат кезінде қай жерде кездесетіндеріңізді ақылдасып, жаттығыңыз.
Дүние-мүлікті емес, өмірді бағалаңыз. Киелі кітапта: “Біз бұл дүниеге ештеңе әкелген жоқпыз, ештеңе алып та кете алмаймыз”,— деп жазылған (Тімөтеге 1-хат 6:7, 8). Апаттан аман қалу үшін үйіміз бен мүлкімізді тастап кетуге дайын болуымыз керек. Кез келген заттан өміріміз артық екенін ұмытпаған жөн (Матай 6:25).