Темекі шегу күнә ма?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта темекіні шегу a немесе оны басқа да жолдармен қабылдауға қатысты ештеңе айтылмаған. Десе де онда Құдайдың денсаулыққа зиянды әрі таза емес әдеттерді құптамайтынын көрсететін принциптер бар. Демек, ол темекі шегуді күнә деп қарастырады.
Өмірді бағалау. “Құдай... барлығына өмір, тыныс... береді” (Елшілердің істері 17:24, 25). Өмір Құдайдың берген сыйы болғандықтан, темекі шегу сияқты өмірді қысқартатын кез келген әрекеттен аулақ болуымыз керек. Темекі дүниежүзі бойынша кісі өлімінің негізгі себептерінің бірі болып отыр.
Өзге адамдарды ойлау. “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Матай 22:39). Адамдардың қасында тұрып темекі тарту сүйіспеншілікке жатпайды. Адам өзі шекпесе де, темекі түтінімен жиі демалатын болса, шылым шегушілердің шалдығатын ауруларына ол да шалдығуы мүмкін.
Құдай алдында қасиетті болу. “Денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар” (Римдіктерге 12:1). “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық. Осылай Құдайдан қорқа отырып, қасиетті бола түсейік” (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Қасиетті болу пәк таза болуды білдіреді. Ал темекі шегу — адамның табиғатына жат нәрсе. Шылым шегетін адам саналы түрде ағзасына зиянды токсиндерді қабылдап, ағзасын құртады. Демек, темекі шегу қасиетті болуға қарама-қайшы келеді.
Марихуана мен басқа да есірткі түрлерін ләззат-ермек үшін қолдануға қатысты Киелі кітапта не делінген?
Киелі кітапта марихуана (“анаша” немесе “наша” деген атпен белгілі) немесе басқа да есірткі түрлері аталмаған. Бірақ онда тәуелділік тудыратын осындай заттарды көңіл көтеру мақсатында қолдануға болмайтынын көрсететін принциптер бар. Жоғарыда айтылған принциптерге қоса, бұған қатысты тағы мынадай қағидаларды келтіруге болады:
Біз сана-сезімімізді қадағалай алуымыз қажет. Киелі кітапта: “Ехоба Құдайыңды... барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— делінген (Матай 22:37, 38). Сондай-ақ онда “саналарың барынша сергек болсын!” деген ескерту бар (Петірдің 1-хаты 1:13). Есірткіні бұрыс қолданған адам ақыл-ойын тізгіндей алмайды, әрі көбісі кейін оған тәуелді болып қалады. Олар жақсы нәрселерді ойлаудан гөрі, есіл-дерті есірткіні тауып, қабылдау болып тұрады (Філіпіліктерге 4:8).
Үкімет заңдарына бағынуымыз қажет. Киелі кітапта “үкімет пен билік иелеріне бағыну” керектігі айтылған (Титке 3:1). Көптеген елдерде есірткінің кейбір түрлеріне қатаң шектеулер қойылған. Құдайға ұнамды болғымыз келсе, біз билік басындағыларға бағынуымыз керек (Римдіктерге 13:1).
a Бұл жерде темекі шегуге сигарета, сигара, мүштік (трубка) немесе қорқор тарту (кальян) да кіреді. Десе де бұл мақалада келтірілген принциптер шайнайтын не иіскейтін темекі түрлеріне, насыбайға, құрамында никотині бар электрондық темекіге және сол сияқты темекі өнімдеріне қатысты.