Қандай дінді ұстансаңыз да бәрібір ме? Діндердің барлығы Құдайға апара ма?
Киелі кітаптың жауабы
Жоқ, барлық діндер Құдайға апармайды. Киелі кітапта Құдайға ұнамсыз діндер жайлы айтылған. Оларды екі топқа бөлуге болады.
1-топ: Жалған құдайларға табыну
Киелі кітапта жалған құдайларға табыну “бос нәрсе”, “бос әурешілік” пен “түкке тұрғысыз нәрсе” деген сөздермен сипатталған (Еремия 10:3—5; 16:19, 20). Ежелде Ехоба a Құдай өзінің халқы болған Исраилге: “Менен басқа құдайларың болмасын”,— деп бұйырған (Мұсаның 2-жазбасы 20:3, 23; 23:24). Алайда олар өзге құдайларға бас ұрып кеткенде, “Ехобаның Исраилге қаһары лаулады” (Мұсаның 4-жазбасы 25:3; Мұсаның 3-жазбасы 20:2; Билер 2:13, 14).
Құдайдың жалған тәңірлерге ғибадат етуге қатысты көзқарасы әлі де өзгерген жоқ (Қорынттықтарға 1-хат 8:5, 6; Ғалаттықтарға 4:8). Өзіне құлшылық еткісі келетіндерге ол: “Олардың арасынан шығып, бөлек тұрыңдар”,— деп, жалған дінді ұстанатындармен бұдан былай араласпауды бұйырады (Қорынттықтарға 2-хат 6:14—17). Егер кез келген дін адамдарды Құдайға жетелейтін болса, Құдай мұндай бұйрық берер ме еді?
2-топ: Шынайы Құдайға оған ұнамсыз жолмен ғибадат ету
Кей кездері исраилдіктер Құдайға құлшылық еткенде пұтқа табынушылардың нанымдары мен рәсімдерін қолданған. Алайда олардың шынайы ғибадатты жалған ғибадатпен араластырғаны Ехоба Құдайға жеккөрінішті болған (Мұсаның 2-жазбасы 32:8; Мұсаның 5-жазбасы 12:2—4). Иса пайғамбар өз заманындағы діни жетекшілерді айыптаған, өйткені олар Құдайға дұрыс жолмен ғибадат етпеген. Олар сырт көзге діншіл болып көрінгенмен, екіжүзділік танытып, “Мұса Заңындағы әділдік, мейірімділік және адалдық сияқты анағұрлым маңызды нәрселерді елемеген” (Матай 23:23).
Қазіргі таңға келсек, Құдайға апаратын жалғыз дін, ол — шындыққа үйрететін дін. Шындық болса Киелі кітапта жазылған (Жохан 4:24; 17:17; Тімөтеге 2-хат 3:16, 17). Ал Киелі кітапқа қайшы нәрселерге үйрететін діндер адамдарды, керісінше, Құдайдан алыстатады. Көбісінің ойынша, үштік, жанның өлместігі, тозақта мәңгілік бойы қиналу деген сияқты ілімдер Киелі кітаптан алынған. Алайда шындығында бұл ілімдер жалған құдайларға табынатындардың жораларынан шыққан. Осындай ілімдерге негізделген ғибадаттың еш пайдасы жоқ немесе “бос” ғибадат деуге болады, өйткені онда Құдайдың талаптары емес, діни жоралар насихатталады (Марқа 7:7, 8).
Құдай діндегі екіжүзділікке төзбейді (Титке 1:16). Құдайға жақын болуға көмектесетін дін қандай да бір рәсім не жоралардан ғана тұрмайды. Ол адамның өмір салтына да ықпал етуі тиіс. Мысалы, Киелі кітапта мынадай сөздер бар: “Кім өзін Құдайға дұрыс ғибадат етіп жүрмін деп санап, бірақ тілін жүгендемесе, өз-өзін алдап жүр. Оның ғибадаты еш пайдасыз. Құдайымыз әрі Әкеміздің көз алдындағы таза да арамдалмаған ғибадат — жапа шеккен жетім-жесірлерге қамқорлық жасау және өзімізді осы дүниедегі арамдықтардан кіршіксіз таза ұстау” (Жақып 1:26, 27). Осындай таза, екіжүзділіктен ада ғибадатты сипаттау үшін “Жаңа өмір” баспасының Киелі кітап аудармасында “мінсіз діншілдік” деген тіркес қолданылған.