Мазмұнға өту

Қарт ата-ананы қамқорлау жайлы Киелі кітапта не айтылған?

Қарт ата-ананы қамқорлау жайлы Киелі кітапта не айтылған?

Киелі кітаптың жауабы

 Қартайған ата-ананы қамқорлау — есейген балалардың бірден-бір міндеті. Киелі кітапта: “Бұлар алдымен өз үй ішінде Құдайға шын берілгендік танытуды және әке-шешесі мен ата-әжесінің алдындағы борышын өтеуді үйренсін, өйткені бұл Құдайға ұнамды”,— делінген (Тімөтеге 1-хат 5:4). Жасы келген ата-анасына қамқорлық көрсетсе, есейген балалар Киелі кітапта жазылған “ата-анаңды құрметте” деген парызға құлақ асатындарын көрсетеді (Ефестіктерге 6:2, 3).

 Киелі кітапта қарт ата-анаға қалай қамқорлық көрсету керектігі жайында нақты нұсқаулар жоқ. Бірақ онда Құдайдың қызметшілерінің мысалдары жазылған. Сондай-ақ бұл кітапта ата-анаға қамқорлық көрсетуге көмектесетін тиімді кеңестер бар.

 Бұрынғы заманның адамдары ата-анасына қалай қамқорлық жасаған?

 Олар мұны жағдайға қарай, әртүрлі жолмен істеген.

  •   Жүсіп қария әкесі Жақыптан алыс тұрған. Сосын жағдайы келгенде, ол әкесін өзіне жақынырақ көшіріп әкеліп, баспанамен және ас-сумен қамтамасыз етіп, қарайласып тұрған (Мұсаның 1-жазбасы 45:9—11; 47:11, 12).

  •   Рут енесіне еріп, оның еліне көшіп барды және оны асырау үшін тер төгіп еңбек етті (Рут 1:16; 2:2, 17, 18, 23).

  •   Иса өлерінің алдында жақын досына жесір қалған анасы Мәриямды табыстап, оған қарауды тапсырып кеткен (Жохан 19:26, 27) a.

 Киелі кітапта ата-анаға қамқорлық көрсетуге көмектесетін қандай кеңестер бар?

 Карт адамдарға қарайтындар кейде қатты шаршайды, эмоциялық жағынан да қажиды. Киелі кітапта оларға көмек болатын ақыл-кеңестер бар.

  •   Ата-анаңызды сыйлаңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Әке-шешеңді құрметте” (Мұсаның 2-жазбасы 20:12).

     Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? Әке-шешеңізді құрметтейтініңізді оларға мүмкіндігінше көбірек еркіндік беру арқылы көрсете аласыз. Оларға қалай қамқорлық жасалатынына қатысты өздері шешім қабылдай алсын. Десе де оларға қолыңыздан келгенше көмек көрсете беріңіз.

  •   Түсінушілікпен қараңыз және кешірімді болуға тырысыңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Терең түсінік адамды ашуға баяу етер, кінәні кешіргені оны тартымды етер” (Нақыл сөздер 19:11).

     Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? Егер қарт ата-анаңыз көңіліңізге тиетін сөздер айтса немесе еңбегіңізді бағаламайтындай көрінсе: “Менің мүмкіндіктерім шектеулі болса, қолымнан көп нәрсе келмесе, өзімді қалай сезінер едім?”— деп ойланып көріңіз. Оларға түсінушілікпен қарап, кешірімді болсаңыз, онсыз да оңай емес жағдайды одан бетер қиындатып жібермейсіз.

  •   Басқа адамдармен кеңесіңіз.

     Киелі кітаптың айтары: “Ақылдаспаған жерде жоспар іске аспайды, кеңесші көп болса, ол жүзеге асады” (Нақыл сөздер 15:22).

     Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? Ата-анаңыздың денсаулыққа қатысты қиындықтарын қалай шешуге болатыны жөнінде мағлұмат іздеп көріңіз. Сіз тұрып жатқан жерде қандай көмек көздері бар екенін біліңіз. Қарт ата-анасына қамқорлық көрсетіп отырған адамдармен сөйлесіңіз. Егер туған бауырларыңыз болса, олармен бас қосып, ата-анаңыздың жағдайын қалай жасауға болатынын және міндеттерді қалай бөлісіп атқаруға болатынын талқылаңыздар.

    Отбасы болып бас қосып, қарт ата-анаңызға қалай қамқорлық көрсететіндеріңізді талқылаңыздар

  •   Байсалды да қарапайым болыңыз.

     Киелі кітаптың айтары: “Қарапайымдарға даналық тән” (Нақыл сөздер 11:2).

     Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? Мүмкіндіктеріңіздің шектеулі екенін ұмытпаңыз. Мысалы, қай-қайсымыздың да уақытымыз бен күшіміз шектеулі. Бұл ата-анаңызды қаншалықты қамқорлай алатыныңызға да әсер етеді. Қарт ата-анаңызды бағып жүріп, шаршап-шалдықсаңыз, туысқандардан жәрдем сұраңыз немесе мамандардың көмегіне жүгініңіз.

  •   Өзіңізді де күтіңіз.

     Киелі кітаптың айтары: “Ешкім де өз тәнін жек көрмейді, қайта, оған нәр беріп, аялап күтеді” (Ефестіктерге 5:29).

     Бұл кеңесті қалай қолдануға болады? Иә, сізде ата-анаңызға қамқорлық көрсету жауапкершілігі бар, бірақ сіз өзіңіздің және отбасылы болсаңыз, жарыңыз бен бала-шағаңыздың да жағдайын ойлауыңыз қажет. Сондықтан жақсы тамақтаныңыз. Демалуға, ұйқыға жеткілікті уақыт бөліңіз (Уағыздаушы 4:6). Ара-тұра үзілістер жасап тұрыңыз. Сонда эмоциялық жағынан жақсы күйде боласыз және ата-анаңызға қамқорлық көрсетуге күшіңіз болады.

 Киелі кітапта қарт ата-ананы үйде бағу керек деп айтылған ба?

 Киелі кітапта қарт ата-ананы міндетті түрде үйде бағу керек деп айтылмаған. Кейбір отбасылар ата-анасын мүмкіндігінше көп уақыт үйде бағуды шешуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе олар ата-анасының қарттарға қарайтын арнайы мекемеде болғаны жақсы деп шешуі мүмкін. Мұндайда отбасы мүшелері бас қосып, барлығына жақсы болу үшін не істегендері жөн болатынын шешу керек болады (Ғалаттықтарға 6:4, 5).

a Бұған қатысты бір еңбекте былай делінген: “Ол кезде [Мәриямның күйеуі] Жүсіптің өмірден қайтқанына біраз уақыт болса керек. Сондықтан Иса анасына тіреніш болып жүрген. Ал қазір Исаның өлетін сәті жақындап қалды. Енді Мәриям қалай күн көрмек? ...Мәсіх балалардың қарт ата-анаға қамқорлық жасаулары керектігін көрсетіп кеткен”.