Киелі кітапта өз-өзімізді жақсы көруге қатысты не делінген?
Киелі кітаптың жауабы
Киелі кітапта өз-өзімізді лайықты шамада жақсы көргеніміз дұрыс, тіпті қажет екені айтылған. Мұндай сүйіспеншілікке өз қамымызды ойлау, өз-өзімді құрметтеу және қадірлеу жатады (Матай 10:31). Киелі кітап өзімшілдікті құптамайды, бірақ өзімізді орынды түрде жақсы көруге талпындырады.
Ең алдымен кімдерді жақсы көруіміз керек?
Құдайға деген сүйіспеншілік жүрегіміздің төрінен орын алу керек. Киелі кітаптағы “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен... сүй” деген өсиет ең басты өсиет болып табылады (Марқа 12:28—30; Мұсаның 5-жазбасы 6:5).
Ал екінші басты өсиет мынандай: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” (Марқа 12:31; Мұсаның 3-жазбасы 19:18).
Киелі кітапта өзімізді жақсы көруге қатысты нақты өсиет жоқ. Алайда “өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй” деген өсиеттен өзімізді орынды түрде жақсы көріп, құрметтегеніміз кәдімгі нәрсе әрі пайдалы екенін көреміз.
Иса ең алдымен кімдерді жақсы көрген?
Иса Құдайға, адамдарға және өзіне деген сүйіспеншілікті өз орнымен танытқан. Ол шәкірттерін өз үлгісіне еліктеуге шақырған (Жохан 13:34, 35).
Иса бірінші кезекте Ехоба Құдайды жақсы көрген әрі оның тапсырған ісін орындауға бар өмірін арнаған. Ол: “Әкемді жақсы көретінімді осы дүние білсін деп, Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын”,— деген (Жохан 14:31).
Иса адамдарды жақсы көретінін олардың қамын ойлау арқылы көрсеткен. Тіпті олар үшін өз өмірін қиған (Матай 20:28).
Иса өзін жақсы көретінін көрсетіп, тынығуға, тамақтануға уақыт бөлген, ізбасарларымен әрі шәкірті болғысы келетіндермен араласуды ұнатқан (Марқа 6:31, 32; Лұқа 5:29; Жохан 2:1, 2; 12:2).
Өзгелерді өзімізден артық жақсы көргеніміз қуаныштан айырып, қадірімізді түсіре ме?
Жоқ, өйткені біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғанбыз. Ал оның ең басты қасиеті — риясыз сүйіспеншілік (Мұсаның 1-жазбасы 1:27; Жоханның 1-хаты 4:8). Бұл біз басқаларды жақсы көретіндей етіп жаратылғанымызды білдіреді. Әрине, өзімізді орынды түрде жақсы көруіміз керек. Бірақ ең алдымен Құдайды жақсы көрсек және басқаларға жақсылық жасасақ, өзімізді бақыттырақ сезінеміз. Киелі кітапта: “Алғаннан гөрі берген бақытты”,— делінген (Елшілердің істері 20:35).
Бүгінде көп адам бірінші кезекте өзін ойлайтын адам бақытты деп есептейді. Олар “өзгелерді жақсы көр” деген сөздерді “өзіңді сүй” деген сөздерге алмастырып алған. Алайда бүгінгі жағдайлардан көрінетіндей, Киелі кітаптағы “Әркім өзінің емес, өзгенің игілігін ойласын” деген кеңеске сай жүретін адам бақытты әрі денсаулығы жақсы болады (Қорынттықтарға 1-хат 10:24).