ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Дельфиндердің “гидролокаторы”
Дельфиндер неше түрлі дыбыстар мен ысқырықтарды шығарып, жаңғырықтарды тыңдайды. Осылайша қайда жүзу керектігін біледі және айналасын барлайды. Тұмсықты дельфиндердің (Tursiops truncatus) есту қабілетіне таңғалған ғалымдар су астында қолдануға болатын акустикалық жүйені ойлап тапқылары келеді. Осылай қазіргі технологиялардың шамасы жетпей отырған күрделі мәселелердің шешімін табуға үміттенеді.
Көңіл қоярлық жайттар. Дельфиндер есту қабілетінің арқасында теңіздің түбінде құмға жасырынып жатқан балықты таба алады және балықты таспен шатастырып алмайды. Эдинбургтегі (Шотландия) Хериот-Уатт университетінің профессоры Кит Браунның айтуынша, дельфиндер сондай-ақ ащы су, тұщы су, сироп және мұнай құйылған контейнерлерді бір-бірінен 10 метрдей қашықтықтан ажырата алады. Ғалымдар осындай функциялары бар құрылғыларды ойлап тапқылары келеді.
Ғалымдар дельфиндердің дыбыс шығару мен есту қабілеттерін зерттей келе, олардікіндей мүмкіндігі бар құрылғы жасап шығарған. Күрделі электрондық бұл құрылғы ұзындығы 1 метрдей цилиндрге салынды. Ол торпедоға ұқсас, өздігінен қозғала алатын су асты көлігіне орнатылды. Ғалымдар оның көмегімен теңіздің түбін зерттеп, онда көрінбей жатқан кабельдер мен құбырларды тапқысы және оларды алыстан тексергісі келеді. Олар бұл құрылғыны мұнай және газ индустриясында қолдануды көздеуде. Дельфинге қарап жасап шығарылған гидролокатордың көмегімен қазіргі гидролокатордан әлдеқайда көбірек мәлімет алуға болады. Соның арқасында мамандар су асты құрылғылар қай жерге орналастыру керектігін, оған қандай залал келгенін анықтай алады. Мысалы, ол мұнай бағанасының тіреуіштеріндегі шаш талшығындай сызаттарды, тіпті мұнай құбырларының бітеліп қалған жерлерін табуға көмектесуі мүмкін.
Сіз қалай ойлайсыз? Дельфиннің “гидролокаторы”, яғни есту қабілеті эволюцияның барысында пайда болды ма? Әлде бұл Жаратушының жасампаздығы ма?