ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ
Манта рей скатының сүзгіш жүйесі
Манта рей скаттары планктондармен қоректенеді. Алайда скаттардың аузына планктондармен бірге теңіз суы кіргенде, олардың бәрі сүзгіштен өтеді. Планктондар скаттың тамағына кетеді, ал су желбезек арқылы шығып кетеді. Планктондар тіпті сүзгіш тесіктерінен анағұрлым кішкентай болса да, олар сол тесіктерден сумен бірге шығып кетпейді, қайта тіке скаттың тамағына барады. Эд Ян деген ғылыми журналисттің айтуынша, манта рей скатының сүзгіш жүйесін қайталау адамдар үшін “мүмкін еместей көрінеді”.
Көңіл қоярлық жайттар. Манта рей скатының сүзгіш жүйесі бес доға сияқты, доғаның әрқайсысы екіжақты тараққа ұқсайды. Тарақ тістерінің кейбірі алға, ал кейбірі артқа қарап тұрады. Су тарақ тістеріне ұрылғанда тістердің төбесінен де, арасынан да ағып кетеді. Сөйтіп, кішкентай су иірімдері пайда болады.
Планктондар тістердің ұшына ұрылғанда жылдам су ағымына түседі. Сол ағыммен олар скаттың тамағына өтіп кетеді. Тіпті тістердің арасынан өтіп кете алатындай кішкентай планктондардың өзі теңізге шығып кетпей, скаттың тамағына барады. Себебі су иірімдері оларды тіс арасынан шығармай, жоғарғы су ағымына қарай көтеріп жібереді. Егер осындай сүзгіш жүйесі болмағанда манта рей скаты кіп-кішентай планктондарды аузында ұстап қала алмай, олардың көбісі теңізге шығып кетер еді.
Скат қаншалықты тез жүзбесін немесе планктондар қаншалықты көп болмасын, оның сүзгіші ешқашан бітеліп қалмайды және өз-өзін тазалай алады.
Зерттеушілер мантаның сүзгіш жүйесіне қарап, ағын суды зиянды микропластиктен тазалайтын фильтрлер жасауды ойлап отыр.
Сіз қалай ойлайсыз? Мантра рей скатының сүзгіш жүйесі өздігінен пайда болды ма, әлде бұл Жаратушының жасампаздығы ма?