Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | АДАЛДЫҚ — АРДЫҢ ІСІ

Адалдық арзандап кеткен бе?

Адалдық арзандап кеткен бе?

Жапонияда тұратын Хитоши қызметкерлерді іріктеп алу агенттігінің бухгалтериясында жұмыс істейтін. Бірде Хитоши қаржы туралы есепті тексеріп жатқанда, бастығы оған есепті бұрмалап жазуды бұйырады. Сонда Хитоши бұлай етуге ар-ұжданы жібермейтінін айтады. Сөйтіп, ол жұмысынан айырылып қалады.

Бірнеше ай бойы жұмыс таппағандықтан, Хитошидің көңілі түсе бастады. Бір күні ол жұмысқа орналасу үшін сөйлесуге барады. Әңгіме барысында Хитоши адамдарды алдауды талап ететін жұмысты істей алмайтынын айтады. Сонда жұмыс беруші оның шыншылдығын бағалаудың орнына: “Сіз біртүрлі адам екенсіз”,— дейді. Отбасы мен достары Хитошиді адалдығынан таймауға талпындыратын. Бірақ ол өз шешіміне күмәндана бастап, “Ұстанымдарым туралы ашық айтпай-ақ қойсам қайтеді?” деп ойлай бастайды.

Хитошидің мысалы бір ащы шындықты есімізге салады: бүгінде адамдар адалдықты бағалаудан қалған тәрізді. Кейбіреулер адалдықты, әсіресе бизнес әлемінде кедергі деп біледі. Оңтүстік Африкада тұратын бір әйел былай дейді: “Әріптестерімнің көбісі өтірік айтудан тайынбайды. Кейбір кезде мен де өтірік айта салғым келеді”.

Бүгінде жалған сөйлеу кең етек алған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Массачусетстегі Амхерст университетінде сабақ беретін Роберт Фельдман деген психолог бір зерттеу жүргізген болатын. Зерттеудің нәтижесі бойынша, ересек адамдардың 60 пайызы он минуттық әңгіменің барысында кем дегенде бір өтірік айтады екен. “Біз бұндай нәтижені күтпеген едік,— дейді Фельдман.— Өтірік айту кәдімгі нәрсеге айналып кетіпті”. Бәріміз де өзімізге біреудің өтірік айтқанын жаратпаймыз, онда не себепті өтірік айту өміріміздің ажырамас бөлігі болып кеткен?

Неге өтірік айту, ұрлық жасау және басқа да қулық-сұмдықтар кең етек жаюда? Бұл қоғамымызға қалай әсер етіп жатыр? Сондай-ақ, ең бастысы, шыншылдық пен адалдықтан жұрдай мына заманда жаман қылықтардан қалай аулақ бола аламыз?