Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

“Ең болмағанда бір жыл тыныштық пен бақыт сезінейінші”

“Ең болмағанда бір жыл тыныштық пен бақыт сезінейінші”
  • ТУҒАН ЖЫЛЫ: 1971

  • ТУҒАН ЖЕРІ: ФРАНЦИЯ

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ҚЫЛМЫСКЕР БОЛҒАН, АЗҒЫН ӨМІР КЕШКЕН ЖӘНЕ ЕСІРТКІ САТҚАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Менің отбасым Францияның солтүстік-шығысындағы Теланкур қалашығында тұрды. Әкем француз, ал анам италияндық. Сегіз жаста болғанымда біз Римнің шеткері ауданына көшіп бардық. Онда қара жұмыс істейтін кедей адамдар тұратын. Ол жерде отбасымыздың берекесі кете бастады. Ақша жетіспегеннің кесірінен үйде ұрыс-керіс бітпейтін.

Он бес жасымда анам маған үйде отыра бермей, сыртқа шығып, өзге балалармен достасуды ұсынды. Мен солай еттім де. Дала кезіп жүріп, уақыт өте мүлде үйде отырмайтын болдым. Көп ұзамай жаман ортаға түстім. Бір күні жылы жүзді көрінген бір кісімен таныстым. Ол маған есірткі ұсынды. Мен ержеткенімді көрсеткім келіп, бергенін алдым. Осылайша есірткі мен азғындық әлеміне бас сұқтым. Мен көп рет жыныстық зорлыққа ұшырадым. Өмір сүруге деген құштарлығым жоғалып кетті. Тірі болам ба, өліп кетемін бе, мен үшін бәрібір еді. Өзімді сондай жалғыз сезіндім. Он алты жасымда өмірмен қош айтыспақ болып, бір бөтелке виски ішіп алдым да, көлге секірдім. Содан үш күн бойы ес-түссіз күйде комада жаттым.

Содан кейін өмірді бағалай бастадым, бірақ қатыгез әрі қулық-сұмдық жасайтын адамға айналып кеттім. Мен адамдарға жыныстық қатынас ұсынып, үйлеріне барған соң оларға есірткі беретінмін. Сосын үйлеріндегі бағалы деген заттарын тонап кететінмін. Сондай-ақ үлкен қылмыстық топтар мені Италия бойынша есірткі тасымалдауға жалдайтын. Жиі полиция қызметкерлерімен қиындықтар туып тұратын. Өмірім мәнсіз әрі құрдымға кетіп бара жатқандай болды. Десе де бұл дүниеге бекер келмеген шығармын, мұның бір себебі болу керек деп санадым. Сондықтан Құдайға дұға етіп, ең болмағанда бір жыл тыныштық пен бақыт сезінейінші деп сұрайтынмын.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Жиырма төрт жасымда Англияға көшемін деп шештім. Есірткі сатушылармен байланысым болғандықтан, өміріме қауіп төніп тұрған еді. Кетер алдында анаммен көрісу үшін үйге барғанда, үйде Аннунзиато Лугара есімді кісінің отырғанын көріп таңғалдым. Ол анама Киелі кітап жайлы айтып отыр екен *. Бұл кісінің аты шулы қылмыскер болғанын білгендіктен, қорқып кетіп, не үшін келгенін сұрадым. Ол Ехоба куәгері болу үшін өмір салтын күрт өзгерткені жайлы айтып берді және Англияға барғанда Куәгерлерге жолығуды уәде ет деді. Уәде бергеніммен, Англияға барған соң, бұрынғы өмір салтыма қайта оралдым.

Бір күні Лондонның адамдарға лық толы көшесінде “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын ұсынып тұрған Ехоба куәгерін кездестірдім. Аннунзиатоға берген уәдемде тұрайын деп, оған Киелі кітап сабағын өткім келетінін айттым.

Киелі кітаптан білгендерім мені қайран қалдырды. Мен өмір салтым үшін өзімді лас сезінетінмін. Бірақ Жоханның 1-хаты 1:9-дағы “Құдай адал да әділ, сондықтан күнәларымызды мойындасақ, оларды кешіріп, бізді барлық әділетсіздіктен тазартады” деген сөздерді оқығанда, мен қатты ойландым. Сөйтіп, мен бірден Ехоба куәгерлерінің қауым кездесулеріне бара бастадым. Куәгерлер мені өте жылы қарсы алды. Олардың бір отбасындай өзара тығыз достық қарым-қатынаста екенін байқадым. Мұндайды өмір бойы аңсаған мен олардың ортасына қосылғым келді.

Есірткі мен азғын өмірден бас тарту мен үшін аса қиын болмады. Бірақ мінезімді өзгерту қиын болды. Адамдарға құрмет көрсетіп, сезімдерін ескеруді үйренуім керек еді. Шынымды айтсам, әлі күнге дейін мінезімнің түзеу керек жақтары бар. Бірақ Ехобаның көмегімен жөнделіп жатырмын. Киелі кітапты оқи бастағаннан жарты жыл өткен соң, мен шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым. Бұл 1997 жыл еді.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Шомылдыру рәсімінен өткен соң мен Барбара есімді қызға үйлендім. Ол да жақында ғана Ехоба куәгері болған еді. Бұрынғы достарымның бірі менің қалай өзгергенімді көріп, таңғалғаны сонша — Киелі кітап сабағын өтуге келісті. Уақыт өте келе ол да, оның әпкесі де Ехоба куәгері болды. Сондай-ақ әжемнің 80-нен асқан әпкесі де Киелі кітаптан білім алып, шомылдыру рәсімінен өтті.

Бүгінде мен Ехоба куәгерлерінің жергілікті қауымында ақсақал міндетін атқарамын. Әйелім екеуміз Лондондағы итальян тілінде сөйлейтін адамдармен Киелі кітап сабақтарын өткізіп, толық уақытты қызмет етеміз. Кейде мен бұрынғы өмір салтым есіме түсіп, күйзелемін. Бірақ бұндай сәттерде Барбара маған зор қолдау көрсетеді. Енді менің өмір бойы аңсаған берік отбасым мен сүюші Әкем бар. Құдайдан ең болмағанда бір жыл тыныштық пен бақыт сезінейінші деп сұраған едім, бірақ ол маған бір жылға емес, өмірлік жолыма молынан батасын төкті!

Бүгінде менің өмір бойы аңсаған берік отбасым мен сүюші Әкем бар

^ 10-абзац Аннунзиато Лугараның “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” айдарындағы “Мен үнемі өзіммен тапанша алып жүретінмін” деген өмірбаянын қараңыз (“Күзет мұнарасы” 1 шілде, 2014 жыл, 8, 9-беттер).