Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ехоба сізді қорғайды

Ехоба сізді қорғайды

“Иеміз сөзіне адал, ол берік тұруларың үшін күш беріп, сендерді Зұлымнан сақтайды” (САЛ. 2-Х. 3:3).

124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық

АҢДАТПА *

1. Иса неліктен Ехобадан шәкірттерін қорғауды сұрады?

ӨЛЕР алдындағы түні Иса шәкірттерінің болашағы туралы ойлады. Жақсы көретін осы достарын алда не күтіп тұрғанын білгендіктен, Иса Әкесіне: “Оларды... Зұлымнан қорғай көр”,— деп жалбарынды (Жох. 17:14, 15). Иса көкке оралғаннан кейін де, Шайтан Ехобаның қызметшілеріне шабуылдай бермек еді. Сондықтан олар Ехобаның қорғағанына мұқтаж болды.

2. Ехоба дұғаларымызға жауап беретініне неге сенімдіміз?

2 Ехоба өз Ұлын жақсы көргендіктен, оның дұғасына жауап берді. Егер біз Ехобаға ұнамды болуға барынша ұмтылсақ, ол бізді де жақсы көретін болады және дұғаларымызға жауап беріп, қорғайды. Қамқор отағасы ретінде Ехоба өз ұл-қыздарының қамын ойлайды. Ол сүюші Әке деген атына кір келуіне ешқашан жол бермейді.

3. Неге біз Ехобаның бізді қорғағанына мұқтажбыз?

3 Біз әсіресе қазір Ехобаның бізді қорғағанына мұқтажбыз. Өйткені Шайтан көктен жерге лақтырылған әрі “қатты ашулы” (Аян 12:12). Оның жетегіндегі кейбір діндар адамдар бізді қудалап, осылай “қасиетті қызмет атқарып жатырмыз” деп ойлайды (Жох. 16:2). Ал Құдайға сенбейтін адамдар болса олардың ағымымен жүрмегеніміз үшін бізді жек көріп, қарсы шығады. Кім қандай себеппен қудаламасын, біз еш қорықпаймыз. Өйткені Киелі кітапта: “Иеміз сөзіне адал, ол берік тұруларың үшін күш беріп, сендерді Зұлымнан сақтайды”,— делінген (Сал. 2-х. 3:3). Сонда Құдай бізді қалай сақтайды? Мұның екі жолы бар.

ЕХОБА БІЗДІ САУЫТ-САЙМАНМЕН ЖАБДЫҚТАЙДЫ

4. Ехоба бізді қорғау үшін немен жабдықтады? (Ефестіктерге 6:13—17)

4 Шайтанның шабуылдарынан қорғануымыз үшін Ехоба бізді сауыт-сайманмен жабдықтады (Ефестіктерге 6:13—17 оқыңыз). Бұл рухани сауыт-сайманның әрқайсысы мықты әрі қызметі өте бағалы. Біз оларды түгелімен киіп, шешпей жүрсек қана аман жүреміз. Қазір бұл сауыт-сайманның әрқайсысы нені білдіретінін қарастырайық.

5. Шындықтың белдігі деген не және оны не үшін тағып жүруіміз керек?

5 Шындықтың белдігі деген — Киелі кітапта жазылған шындық сөздер. Бұл белдікті тағып жүргеніміз неге маңызды? Өйткені “өтіріктің әкесі” Шайтан сан ғасырлар бойы неше түрлі өтірігін таратып, “бүкіл жержүзін адастырып” келеді (Жох. 8:44; Аян 12:9). Бірақ Киелі жазбалардағы шындықтар оның өтірігіне иланып, алданып қалудан сақтайды. Бұл белдікті тағып алу үшін не істеуіміз керек? Ехоба туралы шындықты білуіміз керек. Оған “киелі рухқа және шындыққа” сай ғибадат етуіміз қажет және барлық жағдайда адал жүріп-тұруымыз керек (Жох. 4:24; Ефес. 4:25; Евр. 13:18).

Белдік: Құдай Сөзіндегі шындықтар

6. Әділдік сауыты деген не және оны не үшін киіп жүруіміз керек?

6 Әділдік сауыты дегеніміз Ехобаның әділ талаптарын білдіреді. Бұл сауыт бізді неден қорғайды? Кәдімгі сауыт сарбаздың жүрегін оқ пен найзадан қорғайтыны іспетті, әділдік сауыты бейнелі жүрегімізді осы дүниенің жаман ықпалынан қорғайды (Нақ. с. 4:23). Ехоба біздің оны тұтас жүрекпен жақсы көріп, тұтас жүрекпен қызмет еткенімізді қалайды (Мат. 22:36, 37). Ал Шайтан біздің осы дүниедегі Ехоба жек көретін нәрселерді жақсы көріп, жүрегіміздің екіге бөлініп кеткенін көксейді (Жақ. 4:4; Жох. 1-х. 2:15, 16). Ал егер бұл амалы іске аспаса, ол Ехобаның талабын бұзуымыз үшін қорқытып, күш көрсетуге тырысады.

Сауыт: Ехобаның әділ талаптары

7. Әділдік сауытын киіп жүргенімізді неден білеміз?

7 Ехобаның дұрыс пен бұрысқа қатысты талаптарына мойынсұнып, солар бойынша өмір сүрсек, әділдік сауытын киіп жүргеніміз (Зәб. 97:10). Кейбіреулер Ехобаның талаптарын тым қатал деп ойлауы мүмкін. Бірақ Киелі кітаптың принциптері бойынша өмір сүруді доғарсақ, онда қызу майданның қақ ортасында жүріп, сауытын тым ауыр ғой деп шешіп тастаған сарбаздай болар едік. Бұлай ету нағыз ақымақтық! Бірақ біз Ехобаны сүйгендіктен, оның өсиеттерін орындауды қиын деп санамаймыз, қайта, өмірімізді сақтайтынын түсінеміз (Жох. 1-х. 5:3).

8. Аяқкиімімізді киіп, ізгі хабарды уағыздауға дайын болу деген нені білдіреді?

8 Пауыл бізді аяқкиімімізді киіп, татулық туралы ізгі хабарды уағыздауға дайын болуға шақырған. Демек, біз Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды айтуға қашан да дайын тұруымыз керек. Өзгелерге уағыздағанда өзіміздің де сеніміміз қатаяды. Жер-жердегі Ехоба куәгерлерінің мүмкіндікті қалт жібермей ізгі хабарды уағыздап жүргенін көргенде, қатты қуанамыз. Олар жұмыста, мектепте, іскерлік аумақтарда, үйме-үй не базарлап жүргенде, туыстарына қонаққа барғанда, таныстарымен сөйлесіп қалғанда, тіпті үйінен шыға алмаған кезде де куәлік беруді доғармайды. Егер қорқынышқа бой алдырып, уағыздауды доғарсақ, соғыс алаңында аяқкиімін шешіп тастаған сарбазға ұқсап қаламыз. Мұндай сарбаздың аяғы тез-ақ жараланып, өзін жаудан қорғай алмай қалады. Қолбасшысының да нұсқауларын орындай алмайды.

Аяқкиім: Ізгі хабарды уағыздауға дайын болу

9. Сенімнің үлкен қалқаны бізге не үшін қажет?

9 Сенімнің үлкен қалқаны Ехобаға деген сенімімізді білдіреді. Біз Ехобаның барлық уәдесінде тұратынына сенімдіміз. Осы сенімнің арқасында “зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аламыз”. Сенімнің үлкен қалқанын үнемі ұстап жүретін болсақ, жолдан тайғандардың жалған ілімдеріне алданып қалмаймыз және өзгелердің ащы мысқылдарына көңілімізді түсірмейміз. Мысалы, мектепте не жұмыста сенімімізде берік тұрғанда, осы қалқанымыздың бар екені көрінеді (Пет. 1-х. 3:15). Жалақысы жоғары, бірақ ғибадатымызға кедергі болатын жұмыстан бас тартқанымыз да осы сенімнің көрінісі (Евр. 13:5, 6). Қарсылықтарға қарамай, Ехобаға қызмет ете бергенде де осы қалқанды мықтап ұстап жүргенімізді көрсетеміз (Сал. 1-х. 2:2). Ал сеніміміз болмаса, басқалар Ехобаның заң-талаптарынан аттай салуға итермелегенде, көніп қаламыз.

Қалқан: Ехоба мен оның уәделеріне деген сенім

10. Құтқарылудың дулығасы деген не және неге біз оны киіп жүруіміз керек?

10 Құтқарылудың дулығасы деген — Ехоба беріп отырған үміт. Яғни оның еркін орындасақ, бізді жарылқайтынына және жер құшсақ, қайта тірілтетініне деген үмітіміз (Сал. 1-х. 5:8; Тім. 1-х. 4:10; Тит. 1:1, 2). Дулыға сарбаздың басын қорғайтындай, бұл үміт те біздің ой-санамызды қорғайды. Қалай? Құтқарылу дулығасы қиыншылықтарға кезіккенде мойымай, Құдайдың уәделерін ойда ұстауға көмектеседі. Бұл дулығаны киіп жүргіміз келсе, көзқарасымыз әрдайым Құдайдікіндей болу керек. Мысалы, біз бүгін бар, ертең жоқ байлыққа үміт артамыз ба, әлде Құдайға ма? (Зәб. 26:2; 104:34; Тім. 1-х. 6:17).

Дулыға: Мәңгілік өмірге деген үміт

11. Рухтың семсері деген не және оны не үшін қолдануымыз керек?

11 Рухтың семсері деген — Құдай Сөзі Киелі кітап. Ол кез келген өтіріктің бетін ашады әрі адамдарды жалған ілімдердің және зиянды әдеттердің құлдығынан босата алады (Қор. 2-х. 10:4, 5; Тім. 2-х. 3:16, 17; Евр. 4:12). Біз жеке зерттегенде, Құдайдың ұйымы беріп жатқан тәлімді алғанда, осы семсерді қолданып жаттығамыз (Тім. 2-х. 2:15). Ехоба бізді қорғау үшін сауыт-сайманнан бөлек тағы бір мықты көмек берген. Ол не?

Семсер: Құдай Сөзі Киелі кітап

ШАЙҚАСТА ЖАЛҒЫЗ ЕМЕСПІЗ

12. Бізге тағы кімдердің көмегі қажет және неге?

12 “Жалғыз батыр жауға жоқ” демекші, жалғыз сарбаз жаудың қалың нөпіріне бір басымен қарсы тұра алмайды. Оған өзге сарбаздардың көмегі қажет. Сол сияқты біз де Шайтан мен оның жағындағыларға жалғыз өзіміз төтеп бере алмаймыз. Бізге бауырластарымыздың көмегі қажет. Осы орайда Ехоба бізге тірек болатын дүниежүзілік “бауырластықты” сыйлады (Пет. 1-х. 2:17 сілт.).

13. Еврейлерге 10:24, 25-тен көрінетіндей, қауым кездесулерінің пайдасы қандай?

13 Біз бауырластығымыздың көмегін қауым кездесулерінде көреміз (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Барлығымыздың да жігеріміз жаситын кездер болады. Осындай кездері қауым кездесуіне барғанда бір марқайып қаламыз. Шын жүректен айтылған түсініктемелерді, Киелі кітапқа негізделген баяндамаларды тыңдағанда және тапсырмаларды көргенде қатты жігерленіп, Ехобаға әрі қарай да қызмет еткіміз келіп кетеді. Қауымға дейін және кейін бауырластармен араласқан кезде де бір қанаттанып қаламыз (Сал. 1-х. 5:14). Сондай-ақ қауымдағы бауырластарға жақсылық жасап, өзіміз содан қуаныш аламыз (Ел. іс. 20:35; Рим. 1:11, 12). Кездесулеріміздің көмегі бұл ғана емес. Қауымда біз жақсы уағыздауды, жақсы тәлімгер болуды үйренеміз. Мысалы, “Тәлім беру құралдарын” қолданып жаттығамыз. Ендеше, қауым кездесулеріне алдын ала жақсылап дайындалыңыз. Кездесуде бағдарламаны мұқият тыңдаңыз. Ал қауымнан кейін білген-түйгендеріңізді қолданыңыз. Сонда сіз қару-жарағы сайма-сай, Мәсіхтің әбден шыныққан “жақсы сарбазы” боласыз (Тім. 2-х. 2:3).

14. Біздің жағымызда тағы кімдер бар?

14 Біздің жағымызда күш-қуаты орасан зор миллиондаған періште бар екенін де ұмытпайық. Бір періштенің өзі қандай күшке ие екенін ойлап көріңізші! (Ишая 37:36). Ал енді періштелердің қалың әскері не істей алатынын ойлап көріңіз. Ехобаның бұл қуатты әскеріне адам баласы түгілі жын-перілер де қарсы тұра алмайды. “Қасыңда Ехоба барда, жыға алмас ең күшті жау да” деген сөз рас-ақ! (Би. 6:16). Сондықтан әріптесіңіз, сыныптасыңыз не сенбейтін туысыңыз рухыңызды күйрететін бір нәрсе айтса не істесе, осы сөздерді есте ұстаңыз. Бұл шайқаста жалғыз емес екеніңізді ұмытпаңыз. Ехобаның нұсқауымен жүргендіктен, жеңіп шығатыныңызға сенімді болыңыз!

ЕХОБА СІЗДІ АЛДАҒЫ УАҚЫТТА ДА ҚОРҒАМАҚ

15. Ишая 54:15, 17-дегі сөздерді ескерсек, неге уағыз ісін ешкім тоқтата алмайды?

15 Шайтан билеген мына дүниенің бізді жек көруіне себептері көп. Өйткені саясатқа араласпаймыз, қолымызға қару алмаймыз, Құдайдың есімін жариялаймыз, адамзатқа бейбітшілікті тек Құдай Патшалығы әкеледі дейміз. Сондай-ақ Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүреміз және осы дүниенің билеушісі арсыз өтірікші, қанішер екенін әшкерелейміз (Жох. 8:44). Бұл дүние түбінде жойылатынын да айтамыз. Бірақ Шайтан да, оның жақтастары да ешқашан аузымызды буып, байлап тастай алмайды. Біз кез келген мүмкіндікті пайдаланып, Ехоба Құдайымызды мадақтай береміз. Шайтан қаншалықты күшті болса да уағыз ісінің кең таралуын еш тоқтата алмады. Өйткені бұл істің артында тұрған — Ехоба (Ишая 54:15, 17 оқыңыз).

16. Зор алапатта Ехоба халқын қалай құтқарады?

16 Алда келе жатқан зор алапатта Ехоба бізді екі мәрте құтқарып қалады. Біріншіден, жержүзінің патшалары Ұлы Бабылды, яғни жалған діндер империясын жойғанда, ол адал қызметшілерін сақтап қалады (Аян 17:16—18; 18:2, 4). Екіншіден, Шайтанның дүниесінің қалған бөлігін Ехоба Армагеддонда тас талқан еткенде, өзінің халқын тағы бір рет қорғап қалады (Аян 7:9, 10; 16:14, 16).

17. Ехобамен бірге жүргеніміз неге маңызды?

17 Ехобамен бірге болсақ, Шайтан бізге оңалмастай соққы бере алмайды. Керісінше, оңалмастай соққы алатын — сол Шайтанның өзі (Рим. 16:20). Ендеше, сауыт-сайманыңызды түгелімен киіп алыңыз, оны ешқашан шешпеңіз! Шайқасқа жалғыз шықпаңыз. Бауырластарыңызға көмектесіңіз. Ехобаның нұсқауларына құлақ асыңыз. Сонда көктегі сүюші Әкеңіз сізге күш-қуат беріп, міндетті түрде қорғайды! (Ишая 41:10).

149-ӘН Жеңіс әні

^ 5-абзац Ехоба бізге күш беріп нығайтатынын, онымен қарым-қатынасымызға зиян тигізетін кез келген нәрседен қорғайтынын уәде етеді. Сонда ол бізді неден қорғайды және қалай қорғайды? Ол бізді қорғау үшін біз не істеуіміз керек? Бұл сұрақтардың жауабын осы мақаладан білеміз.