Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

9-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Жас ер бауырластар, қауымда жақсатқа иесіңдер ме?

Жас ер бауырластар, қауымда жақсатқа иесіңдер ме?

“Жастар... таң шапағынан туған шыққа ұқсайды” (ЗӘБ. 110:3).

39-ӘН Құдай алдында жақсатқа ие болайық!

АҢДАТПА *

1. Жас ер бауырластардың қауымда орны қандай?

ЖАС ер бауырластар, сендердің күш-қайраттарың көп болғандықтан қауымда көп іс атқара аласыңдар (Нақ. с. 20:29). Қауым үшін сендер нағыз батасыңдар. Енді сендер қызмет көмекшісі болып тағайындалатын кезді асыға күтіп жүрген боларсыңдар. Бірақ өзгелер сендерді әлі буыны қатпаған, мұндай маңызды қызметке әлі дайын емес деп ойлауы мүмкін. Десе де сендер қауымдағы бауырластардың сенімі мен құрметіне ие болу үшін, қазірдің өзінде көп іс жасай аласыңдар.

2. Бұл мақала не жайында болмақ?

2 Бұл мақалада біз негізінен Дәуіт патша туралы қарастырамыз. Сонымен қатар Яһуданың патшалары Аса мен Жосафаттың да бастан кешкен оқиғаларына тоқталамыз. Бұл үш кейіпкердің қандай қиындықтарға кезіккенін және сол қиындықтарда қалай әрекет еткенін білетін боламыз. Сондай-ақ жас ер бауырластар олардан не үйрене алатынын көреміз.

ДӘУІТ ПАТШАНЫҢ ӨМІРІНЕН ӨНЕГЕ

3. Жастар қауымдағы қарияларға қандай көмек ұсына алады?

3 Дәуіт жас кезінде музыкалық аспапта шебер ойнауды үйреніп алды. Кейін Дәуіт осы қабілетінің арқасында Құдайдың майланған патшасы Саулға көп қызмет етті. Иә, Дәуіт жас кезінде өзгелердің игілігіне асатын қабілеттерін арттырған (Сам. 1-ж. 16:16, 23). Бұдан оның рухани адам болғаны көрінеді. Ал сендер, жас ер бауырластар, қауымдағылар үшін не істей аласыңдар? Мысалы, сендер техниканы бес саусақтай білесіңдер. Ендеше осы білімдеріңді қолданып, қауымдағы қарияларға планшет сияқты электронды құрылғыларын қауымда және жеке зерттегенде қалай қолдануға болатынын көрсете аласыңдар.

Әкесі Дәуітке қой бағуды тапсырғанда, ол бұл іске жауапкершілікпен қарап, сенімді адам екенін көрсетті. Ол тіпті қойға аю шапқанда, отарын қорғап қалған (4-абзацты қараңыз)

4. Жас ер бауырластар Дәуіттің қандай қасиеттерін үлгі етсе болады? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

4 Дәуіт тапсырылған іске жауаппен қарап, сенімді адам екенін көрсеткен. Әкесі оған қой бағуды тапсырғанда, ол бұған бар ынта-ықыласымен кірісті. Бірақ ол уақытта қой бағу оңай болмаған. Бұны Дәуіттің Саул патшаға айтқан мына сөздерінен білеміз: “Қызметшіңіз әкесінің қойын бағып келеді. Кейде малға арыстан не аю шауып, қойлардың біреуін алып кететін. Мен жыртқышты қуып жетіп, бас салатынмын да, малды аранынан құтқарып алатынмын” (Сам. 1-ж. 17:34, 35). Ол қойларын батыл қорғап, өзіне тапсырылған іске үлкен жауапкершілікпен қараған. Жас ер бауырластар, сендер де өздеріңе тапсырылған кез келген істі Дәуіт сияқты ынта-ықыласпен атқара аласыңдар.

5. Зәбүр 25:14-ке сай, жас ер бауырластар бірінші кезекте нені мақсат еткендері жөн?

5 Дәуіт үшін бойындағы батылдығынан да, арфада ойнау қабілетінен де бағалы бір нәрсе болды. Бұл Ехобамен жақын достығы еді. Дәуіт Ехобаны Құдайым деп қана емес, жан досым деп білген (Зәбүр 25:14 оқыңыз). Жас ер бауырластар, сендер де көктегі Әкелерің Ехобаға жақындай беріңдер. Бұл өмірлеріңдегі ең басты мақсат болсын, сонда көп ұзамай сендерге қосымша жауапкершіліктер беріледі.

6. Кейбіреулер Дәуіт туралы қандай ойда болды?

6 Жас кезінде Дәуітті өзгелер менсінбеген кездер де болған. Бірде ол Ғолиятпен жекпе-жекке шығамын дегенде, Саул патша оны бала көріп, райынан қайтармақ болады (Сам. 1-ж. 17:31—33). Ал Дәуіттің ағасы болса оған жауапкершілігің жоқ, ұқыпсызсың деп ұрысқан (Сам. 1-ж. 17:26—30). Бірақ Ехоба бұлай ойламады. Ол үшін Дәуіт мойнына міндет ала алатын сенімді адам болды. Өйткені ол Дәуітті өте жақсы білді. Дәуіт досы Ехобаның күшіне сенгендіктен, қарсыласы Ғолиятты жеңіп шықты (Сам. 1-ж. 17:45, 48—51).

7. Дәуітпен болған жағдайдан не үйрендіңдер?

7 Дәуітпен болған жағдайдан не түсінеміз? Үлкендер сенің есейіп қалғаныңды түсіну үшін біраз уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан шыдамды болғаның жөн. Бірақ Ехоба өзгелер көрмейтінді көре алады. Ол сенің қасиеттеріңді, жасырын жатқан қабілеттеріңді байқайды (Сам. 1-ж. 16:7). Олай болса, Ехобамен достығыңды күшейте бер. Мысалы, Дәуіт Ехобаның тамаша жаратылыстарына қарап тамсанған. Осының арқасында ол Жаратушысын жақыннан тани түсті (Зәб. 8:3, 4; 139:14; Рим. 1:20). Ехобамен достығыңды нығайтудың тағы бір жолы — Дәуіт сияқты, Ехобаның күшіне арқа сүйеу. Мысалы, Ехоба куәгері болғаның үшін сыныптастарың үстіңнен күлетін шығар. Сондай кезде Ехобадан көмек сұрап дұға ет. Киелі кітаптағы, әдебиеттер мен бейнероликтердегі кеңестерді қолдан. Сонда бұлардың көмегін сезген сайын, Ехобаға деген сенімің де өсе береді. Ал бауырластар сенің Ехобаға сенім артатыныңды көргенде, саған да сенім арта бастайды.

Жас ер бауырластар көп көмек көрсете алады (8, 9-абзацтарды қараңыз)

8, 9. Дәуіт таққа отыруды ұзақ уақыт күте жүріп немен айналысты және жас ер бауырластар оған қалай еліктей алады?

8 Дәуіт кезіккен тағы бір қиындыққа назар аударайық. Дәуіт Яһуданың патшасы болып майланғанмен, таққа отырғанша көп жыл күтті (Сам. 1-ж. 16:13; Сам. 2-ж. 2:3, 4). Бірақ бұдан Дәуіт мұңға батып кетпеді, қайта, сол уақытты ұтымды пайдаланды. Саулдан қашып, Філістір елінде жүргенде, ол Исраилдің жауларымен шайқасты. Яһуда жерінің шегарасын жаудан қорғап, пайдалы іспен айналысты (Сам. 1-ж. 27:1—12).

9 Жас ер бауырластар, сендер Дәуіттен не үйрене аласыңдар? Бауырластарыңа қызмет етудің мүмкіндігін қалт жібермеңдер. Рикардо * есімді бауырластың оқиғасын алайық. Ол жасөспірім кезінен тұрақты ізашар болуды армандайтын. Бірақ ақсақалдар оған әлі дайын емес екенін айтады. Рикардо бұған ренжімеді, арманынан да бас тартпады. Қайта, қызметін жақсарта берді. Ол былай дейді: “Қазір ойласам, сол кезде кеңесті қабылдап, қажетті өзгерістер жасағаным дұрыс болыпты. Мен қызметте қызығушылық танытқан адамдардың ешқайсысын ұмытпай, оларға жақсы дайындықпен қайта баруды үйрендім. Тіпті бірінші рет біреумен Киелі кітапты зерттеу сабағын бастадым. Осылай қызметке көбірек атсалысқан сайын, сенімділігім де арта берді”. Қазір Рикардо — үлгілі тұрақты ізашар әрі қызмет көмекшісі.

10. Маңызды шешім қабылдамас бұрын Дәуіт не істеді?

10 Дәуіттің бас сауғалап жүрген кезінде болған тағы бір оқиғаға назар аударайық. Ол қасындағы сарбаздарымен бірге шайқасқа аттанып кеткен кезде тонаушылар келіп, бала-шағаларының бәрін тұтқынға алып кетеді. Сол кезде Дәуіт бұған дейін соғыста жинаған тәжірибесіне сүйеніп, мықты бір стратегия құрамын да, үй-ішімді қайтарып аламын деп ойласа болар еді. Бірақ ол өзінің емес, Ехобаның ақылына сүйенді. Діни қызметкер Әбиятардың көмегімен Дәуіт Ехобадан: “Тонаушыларды қуайын ба?”— деп сұрайды. Сонда Ехоба: “Соңдарына түс! Оларды қуып жетіп, бәрін құтқарып аласың!”— деп жауап берді (Сам. 1-ж. 30:7—10). Жас ер бауырластар, Дәуіттің бұл оқиғасынан не үйрене аласыңдар?

Жас ер бауырластар ақсақалдардан ақыл-кеңес сұрай алады (11-абзацты қараңыз)

11. Шешім қабылдар алдында не істегендерің жақсы?

11 Қандай да бір шешім қабылдамас бұрын ата-аналарыңмен ақылдасыңдар. Қауымдағы ақсақалдар да сендерге жақсы кеңестер бере алады. Оларға сенім артсаңдар болады, өйткені Ехобаның өзі оларға сенім артады. Ехоба оларды қауымға “сый ретінде” берген (Ефес. 4:8). Олардың сенімдерін үлгі етіп, ақыл-кеңестеріне құлақ ассаңдар, өздеріңе жақсы болады. Ал енді Аса патша жайлы әңгіме қозғайық.

АСА ПАТШАДАН АЛАР САБАҚ

12. Аса патша енді билік ете бастағанда қандай жақсы қасиеттер танытты?

12 Аса жас кезінде кішіпейіл әрі ержүрек патша болған. Әкесі Әбиях қайтыс болған соң, ол таққа отырып, Яһуда елін пұттардан тазарта бастады. Бұған қоса, ол “Яһуда еліне ата-бабаларының Құдайы Ехобаға ғибадат етуді, оның Заңы мен өсиеттерін орындауды тапсырды” (Шеж. 2-ж. 14:1—7). Бірде эфиопиялық Зарах бастаған 1 000 000 әскер Яһуда еліне қарсы аттанғанда, Аса Ехобаға арқа сүйеп дұрыс әрекет етті. Ол Ехобаға: “Уа, Ехоба, сен үшін күштіге де, әлсізге де көмектесу түк емес. Уа, Ехоба Құдайымыз, бізге көмектесе көрші. Өйткені біз саған арқа сүйейміз”,— деді. Аса Ехобаның құтқара алатынына толық сенді. Оның сенімін ақтап, көктегі Әкесі Ехоба “эфиопиялықтарға соққы берді де, олар қаша жөнелді” (Шеж. 2-ж. 14:8—12).

13. Аса патша кейінірек қандай жағдайға душар болды және оның себебі неде?

13 Жаудың 1 000 000 әскеріне қарсы тұруды ойлап көрші! Бірақ Аса жеңіске жетті. Кейінірек соншалықты қорқынышты емес басқа бір жағдайда Аса Ехобамен ақылдаспады. Исраилдің зұлым патшасы Бағасаның тарапынын қауіп төнгенде, ол Сирия патшасынан көмек сұрады. Бұның салдары жаман болды. Ханани пайғамбар арқылы Ехоба оған былай деді: “Сен Құдайың Ехобаға емес, Сирия патшасына арқа сүйегендіктен, Сирия патшасының әскері қолыңа түспей, құтылып кетті”. Осы оқиғадан кейін Аса соғыстан көз ашпады (Шеж. 2-ж. 16:7, 9; Пат. 1-ж. 15:32). Сен Аса патшадан қандай сабақ алсаң болады?

14. Қандай кездерде Ехобаға арқа сүйегенің жөн? Осылай етсең, Тімөтеге 1-хат 4:12-ге сай, қауымдағыларға қалай әсер етесің?

14 Әрдайым кішіпейіл болып, Ехобаға әрқашан арқа сүйе. Бұған дейін сен шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехобаға деген сенімің зор екенін көрсеттің. Сол кезде Ехоба сені өз отбасына құшақ жая қабылдады. Енді сен үшін өмірде маңыздысы — әрі қарай да Ехобаға сенім арту. Әрине, сен өте маңызды, үлкен мәселелерде Ехобаның көмегіне жүгінесің. Бұның жақсы. Бірақ кішігірім істерде ше? Мысалы, ойын-сауық пен жұмыс таңдағанда, алға мақсаттар қойғанда Ехобадан көмек сұрайсың ба? Мұндайда өз ақылыңа емес, Киелі кітаптың ақылына сүйен және соған сай әрекет ет (Нақ. с. 3:5, 6). Сонда Ехоба Құдайыңды қуантасың және қауымдағылардың құрметіне бөленесің (Тімөтеге 1-хат 4:12 оқыңыз).

ЖОСАФАТ ПАТШАДАН АЛАР САБАҚ

15. Шежірелер 2-жазба 18:1—3; 19:2-ден көретініміздей, Жосафат патша қандай қателіктер жасады?

15 Қандай жаста болмайық, бәріміз кемелсізбіз. Сендер де қателік жасап қоюларың мүмкін. Бірақ бұл жайт Ехобаға бар күштеріңмен қызмет етуге кедергі болмау керек. Мысалы, Жосафат патшаның көп жақсы қасиеттері болған. Ол жас кезінен-ақ “әкесінің Құдайын іздеп, соның өсиеттерін орындады”. Ол сонымен қатар Яһуда елінің барлық қалаларына бекзадаларын жіберіп, халыққа Ехоба жайында тәлім беруді тапсырды (Шеж. 2-ж. 17:4, 7). Бірақ оның дұрыс емес әрекет еткен кездері де болды. Сол жағдайлардың бірінде Ехоба оған өкілін жіберіп, қатаң ескерту айтты (Шежірелер 2-жазба 18:1—3; 19:2 оқыңыз). Жосафатпен болған осы жағдайдан не түюге болады?

Еңбекқор әрі сенімді жас ер бауырластар қауымда жақсатқа ие болады (16-абзацты қараңыз)

16. Радживтің оқиғасы саған несімен ұнады?

16 Берілген кеңесті қабылдап, жақсара бер. Бәлкім кейбір жастар сияқты саған да Ехобаға қызмет етуді өмірде басты орынға қою қиын шығар. Бірақ сен мұңайма. Раджив деген жас ер бауырластың сөздеріне көңіл бұршы. Жасөспірім кезі жайлы ол былай дейді: “Сол уақыттары маған не керек екенін өзім түсінбейтінмін. Көп жастар сияқты мен де спортқа қызықтым, ойын-күлкіні ұнаттым. Ал қауымға және қызметке барғым келмейтін”. Кейін Радживті уайымдаған бір ақсақал оған жақсы кеңес береді. “Ол маған Тімөтеге 1-хат 4:8-дегі принципті көрсетіп, біраз ойландырып тастады”,— дейді Раджив. Ол ақсақалдың кеңесін кішіпейілділікпен қабылдап, өмірін ретке келтірді. Раджив былай дейді: “Мен ең алдымен рухани мақсаттарға ұмтылдым. Содан, бір-екі жыл өте қызмет көмекшісі болып тағайындалдым”.

КӨКТЕГІ ӘКЕМІЗДІҢ МАҚТАН ТҰТАРЫ БОЛ!

17. Жасы үлкен бауырластар Ехобаға қызмет етіп жүрген жас жігіттер жайлы қандай ойда?

17 Жас ер бауырластар, сендерді жасы үлкен бауырластар қатты бағалайды. Өйткені сендер олармен бірге Ехобаға “иық тіресе” қызмет етіп жүрсіңдер (Соф. 3:9). Тапсырылған істерді ынта-ықыласпен атқарып жүргендеріңді көріп, олар сендерге қатты сүйсінеді. Олар үшін сендердің орындарың бөлек (Жох. 1-х. 2:14).

18. Нақыл сөздер 27:11-ден көрінетіндей, Ехоба өзіне қызмет ететін жас жігіттерге қалай қарайды?

18 Ехоба соңғы күндері оған еруге дайын тұратын әскердің, яғни көптеген жастардың болатынын айтқан (Зәб. 110:1—3). Ехоба сендерді жақсы көреді, сендерге сенім артады, қымбатты жас ер бауырластар! Осыны ешқашан ұмытпаңдар. Сен Ехобаны қаншалықты жақсы көретініңді, барынша қызмет еткің келетінін ол жақсы біледі. Ол сенің өзгелерге шыдамдылық танытқаныңды әрі өзің де шыдаммен күткеніңді қалайды. Қателік жасап қойған кезіңде, берілген ақыл-кеңес пен түзетуге құлақ ас. Оны Ехобадан деп қабылда (Евр. 12:6). Берілген кез келген тапсырмаға бар күшіңді сал. Ал ең бастысы, әрбір ісіңде көктегі Әкең Ехобаны қуант. Сонда ол саған қарап: “Жарайсың, ұлым!”— дейтін болады! (Нақыл сөздер 27:11 оқыңыз).

135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”

^ 5-абзац Жас ер бауырластар рухани өсе келе қызмет көмекшісі болуға ұмтылып жатады. Бұл мақсатқа жету үшін олар, алдымен, қауымда жақсатқа ие болулары керек. Осы орайда оларға не көмектесе алатынын көрейік.

^ 9-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.