Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сүйіспеншілік жеккөрушіліктен үстем

Сүйіспеншілік жеккөрушіліктен үстем

“Бұларды бір-біріңді сүюлерің үшін өсиет етіп тұрмын. Осы дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын мені жек көргенін біліңдер” (ЖОХ. 15:17, 18).

129-ӘН Табанды боламыз

АҢДАТПА *

1. Матай 24:9-ға сай, осы дүниенің бізді жек көретініне неге таңғалмауымыз керек?

ӨЗГЕЛЕРДІ жақсы көргенде, өзгелер бізді жақсы көргенде, өзімізді бақытты сезінеміз. Ехоба бізді солай жаратқан. Ал біреудің бізді жек көргені керісінше, жанымызды жаралайды, тіпті ондай адамнан қорқамыз. Еуропада тұратын Джорджина * есімді әйел бауырлас былай дейді: “Ехобаға қызмет етіп жүргенім үшін анам мені қатты жек көріп кетті. Ол кезде жасым он төртте еді. Сонда мен өзімді тастанды сезіндім. Бәлкім, мен жаман адам шығармын деп ойладым”. Ал Даниил деген ер бауырлас былай деп жазды: “Әскери қызметкерлер Ехоба куәгері болғаным үшін мені ұрып-соғып, қорлық сөздер айтты, қоқан-лоқы көрсетіп, намысымды таптады. Мен қатты қорқып кеттім”. Иә, біреудің бізді жек көргені бізге ауыр тиеді. Бірақ біз бұған таңғалмаймыз. Өйткені Иса адамдар бізді жек көретінін алдын ала айтқан (Матай 24:9 оқыңыз).

2, 3. Бұл дүние Исаның ізбасарларын неге жек көреді?

2 Бұл дүние Исаның ізбасарларын неге сонша жек көреді? Өйткені Иелері Иса сияқты, олар да бұл дүниелік емес (Жох. 15:17—19). Сондықтан олар саяси істерге араласпайды, үкіметтерді сыйлағанмен, рәміздеріне тағзым етпейді. Олар тек Ехоба Құдайға ғана қалтқысыз берілген. Біз адамзаттың үстінен билік етуге тек Ехоба ғана құқылы деп білеміз. Ал Шайтан мен оның “ұрпағы” бұны жоққа шығарғысы келеді (Мұс. 1-ж. 3:1—5, 15). Біз адамзаттың жалғыз үміті Құдай Патшалығы екенін және бұл Патшалық жақында жауларын түгел жоятынын айтамыз (Дан. 2:44; Аян 19:19—21). Бұл хабар момындарға сүйінші болғанымен, зұлым адамдардың қаһарын лаулатуда (Зәб. 37:10, 11).

3 Адамдардың бізді жек көретінінің тағы бір себебі — біз Құдайдың әділ талаптарын ұстанамыз. Ал осы дүние ұяттан безіп, барған сайын өнегесіз болып барады. Кезінде Ехоба жойып жіберген Содом мен Ғомораның өрескел, азғын істерін бүгінде адамдар кәдімгі нәрсе санайды (Яһд. 7). Көбісі біздің осы ретте Киелі кітап нормаларын ұстанатынымызды көріп, келеке-мазақ етеді, фанатиктер деп атайды (Пет. 1-х. 4:3, 4).

4. Адамдар бізді жек көргенде, бізге қандай қасиеттер күш бере алады?

4 Адамдардың бізді жек көргеніне, қорлағанына төзуге не көмектеседі? Ең алдымен, бізге Ехобаға деген берік сенім көмектеседі. Өйткені сенім үлкен қалқан іспетті “Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай алады” (Ефес. 6:16). Алайда бір ғана сенімнің көмегі жеткіліксіз. Бізге сүйіспеншілік те қажет. Өйткені сүйіспеншілік бәрін көтереді, бәріне төзеді, ол “ашушаң да емес” (Қор. 1-х. 13:4—7, 13). Қазір Ехобаға, бауырластарымызға және жауларымызға деген сүйіспеншілік осы дүние бізді жек көргенде төзуге қалай көмектесетінін білеміз.

ЕХОБАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

5. Әкесіне деген сүйіспеншілігінің арқасында Иса не істей алды?

5 Жаулары өлтіретін түні Иса адал шәкірттеріне: “Әкемді жақсы көргендіктен... Әкем нені өсиет етсе, соны орындаймын”,— деп айтты (Жох. 14:31). Иса Ехобаны сүйгендіктен алдағы қиындықтарды қайыспай қарсы алды. Ехобаны сүйсек, біз де солай ете аламыз.

6. Римдіктерге 5:3—5 тармақтардан көрінетіндей, Ехобаның қызметшілері осы дүниенің жек көруін қалай қабылдайды?

6 Ехобаға деген сүйіспеншілік оның қызметшілеріне қуғын-сүргін кезінде қашан да күш берген. I ғасырда яһудилердің жоғарғы соты елшілерге уағыздауға тыйым салғанда, олар Құдайға деген сүйіспеншіліктерінің арқасында “адамға емес, Құдайға мойынсұнған” (Ел. іс. 5:29; Жох. 1-х. 5:3). Осындай адал сүйіспеншіліктің арқасында бүгінде көп бауырласымыз қуатты әрі қатыгез үкіметтердің алдында тайсалмай тұр. Осы дүние бізді жек көргенде рухымыз күйреп, жігеріміз жасып кетпейді. Қайта, сеніміміз үшін қорлық көруге лайық саналғанымызға қуанамыз (Ел. іс. 5:41; Римдіктерге 5:3—5 оқыңыз).

7. Бізге қарсылық көрсететін туыстарымызға қалай қарауымыз керек?

7 Біз үшін ең ауыр сынақ өз жақындарымыздың өзімізге қарсы шыққаны шығар. Киелі кітапты зерттеп жүргенімізді білгенде, олар бізді адасып жүр деп ойлайды немесе саналары уланып қалған дейді (Марқа 3:21 салыстырыңыз). Кейбіреулері бізді жолдан қайтарамын деп қатыгездікке баруы мүмкін. Бірақ біз бұндай қарсылықтарға таңғалмаймыз. Өйткені Иса: “Адамға өз үй ішіндегілері дұшпан болады”,— деген (Мат. 10:36). Алайда туыстарымыз бізге қалай қарамасын, біз оларды жау санап, жек көріп кетпейміз. Өйткені Ехобаны жақсы көрген сайын, өзгелерге деген сүйіспеншілігіміз де артады (Мат. 22:37—39). Дегенмен туыстарымызға жағу үшін Киелі кітаптың заңдары мен принциптерінен ешқашан аттамаймыз.

Қиындық көретін кездеріміз болса да, Ехоба бізді ешқашан жалғыз қалдырмайды, әрдайым жұбатып, күш береді (8—10 абзацтарды қараңыз)

8, 9. Бір қыз бауырласқа аяусыз қуғынға төзуге не көмектесті?

8 Жоғарыда айтылып кеткен Джорджинаға анасы қатты қарсылық көрсеткен. Ол былай дейді: “Басында Киелі кітапты зерттеуді анам екеуміз бірге бастадық. Жарты жылдан кейін мен қауым кездесуіне барғым келгенде, анам өзгеріп шыға келді. Сөйтсем, ол жолдан тайғандармен араласып жүр екен. Ол маған солардың сөзін айтып ұрысты. Сөзімен қорлап, шашымнан жұлды, қылқындырды, әдебиеттерімнің бәрін лақтырып жіберді. Бірақ он беске толғанда мен шомылдыру рәсімінен өттім. Сол кезде анам мені есірткі қабылдайтын, қылмыс жасайтын жасөспірімдерге арналған үйге апарып тастады. Осылай Ехобадан ажыратқысы келді. Сені аялап қамқорлауы керек адамнан осылай жәбір көру өте ауыр тиеді екен”.

9 Жас бауырласымыз бұндай сынаққа қалай төтеп берді? “Анам маған қарсы шығардың дәл алдында мен Киелі кітапты толық оқып біткен едім. Мен шындықты тапқаныма 100 пайыз сенімді болдым, әрі Ехобаға өзімді сондай жақын сезіндім. Мен оған көп дұға айтатынмын, ол мені тыңдайтын. Бұзақы жасөспірімдерге арналған үйде тұрғанымда, бір әйел бауырлас мені үйіне шақырып тұрды. Біз Киелі кітапты зерттейтінбіз. Патшалық сарайына барғанда да бауырластар жігерімді қайрап, еңсемді көтеріп тастайтын. Олар мені өз қыздарындай көретін. Сонда бізге кім қарсы шықпасын, Ехоба бәрінен де күшті екеніне көзім жетті”.

10. Біз Ехоба Құдайымыздың не істейтініне сенімдіміз?

10 Елші Пауыл айтқандай, бізді ешкім де, ештеңе де “Құдайдың Иеміз Мәсіх Иса арқылы танытып отырған сүйіспеншілігінен айыра алмайды!” (Рим. 8:38, 39). Кейде қатты қиналып қалсақ та, Ехоба қасымызда болады, бізді жұбатып, күш беруін доғармайды. Сондай-ақ Джорджинаның оқиғасынан көргеніміздей, Ехоба бізді бағалы рухани отбасымыз арқылы да қолдап-демейді.

БАУЫРЛАСТАРҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

11. Жохан 15:12, 13-те жазылған сүйіспеншілік шәкірттерге қалай көмектесті? Мысал келтіріңіз.

11 Иса бізге осы дүниенің қудалағанына, жек көргеніне төзіп, өзара бірлік сақтап қалу үшін жанқияр сүйіспеншіліктің қажет екенін білген (Жохан 15:12, 13 оқыңыз). Сондықтан өлер алдындағы түні ол шәкірттеріне бір-біріңді сүйіңдер деп өсиет еткен. Мысалы, Салоникадағы бауырластар қауым болып құрыла салысымен қуғын-сүргінге ұшыраған. Бірақ олар мінсіздіктерінен де таймай, сүйіспеншіліктерін де суытпай, өзге мәсіхшілерге үлгі болды (Сал. 1-х. 1:3, 6, 7). Елші Пауыл салоникалықтарды бауырластарды сүю жағынан “әрі қарай да жақсара беруге” шақырды (Сал. 1-х. 4:9, 10). Сүйіспеншілік оларды жаны күйзеліп жүргендерді жұбатуға, әлсіздерді қолдауға талпындырмақ еді (Сал. 1-х. 5:14). Салоника қауымы Пауылдың осы ақыл-кеңесін бұлжытпай орындады. Себебі бір жылдан кейін жазған екінші хатында Пауыл: “Жеке әрқайсысыңның және бәріңнің бір-біріңе деген сүйіспеншіліктерің де артып келеді”,— деп, оларды мақтаған. (Сал. 2-х. 1:3—5). Сүйіспеншіліктерінің арқасында салоникалықтар қуғын-сүргін кезінде табанды болып қалды.

Мәсіхшілік сүйіспеншілік адамдардың жек көргеніне төзуге көмектеседі (12-абзацты қараңыз) *

12. Соғыс болған бір елде бауырластар қалай бір-біріне сүйіспеншілік көрсетті?

12 Мақаланың басында сөз етілген Даниилдың оқиғасын алайық. Қалада соғыс басталып кетсе де Даниил мен оның әйелі қауымға баруды, уағызға шығуды жалғастыра береді. Олар жейтін тамағы қалмаған бауырластарға өз азық-түліктерінен береді. Бір күні қолдарына қару ұстаған бір топ әскер Даниилдың үйіне келіп, оны сенімінен бас тартқызуға тырысады. “Бұған келіспегенде, олар мені соққыға жығып, басыма мылтық тақап өлтіреміз деп қорқытты. Кетерлерінде қайтып келіп, әйеліңді зорлаймыз деп айтты. Бірақ бауырластар бізді сол күні-ақ пойызға отырғызып, басқа қалаға жөнелтіп жіберді. Сол аяулы бауырластарымның осы сүйіспеншілігін мен ешқашан ұмытпаспын. Қалаға жеткен соң, сол жақтың бауырластары бізді күтіп алып, тамағымызды берді. Тұратын баспана мен жұмыс табуға көмектесті. Осының арқасында соғыс болып жатқан жерден қашып келген бауырластарға біз де тұратын орын бере алдық”,— дейді Даниил. Осындай оқиғалардан қуғын-сүргінге төзуге арамыздағы сүйіспеншілік көмектесетіні көрінеді.

ЖАУЛАРҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК

13. Адамдар бізді жек көргенде де Ехобаға қызмет ете беруге киелі рух қалай көмектеседі?

13 Иса ізбасарларына жауларыңды да жақсы көріңдер деген (Мат. 5:44, 45). Бұл өсиетті орындау өте қиын көрінгенмен, Құдайдың киелі рухының арқасында орындай аламыз. Ал киелі рухтың жемісіне сүйіспеншілік, шыдамдылық, мейірімділік, жұмсақтық, ұстамдылық сияқты қасиеттер кіреді (Ғал. 5:22, 23). Өзгелер бізді жек көргенде, осы қасиеттердің арқасында біз табанды тұра аламыз. Сенуші күйеуінің, әйелінің, баласының не көршісінің осындай жақсы қасиеттерін көргенде, көп адам Куәгерлерге қатысты ойларын өзгерткен. Олар тіпті шындықты қабылдап, аяулы бауырластарымыздың қатарына қосылды. Сондықтан Ехобаға қызмет ететініңіз үшін сізді жек көретін адамды сүю қиын болса, Ехобаға дұға айтып, одан киелі рух сұраңыз (Лұқа 11:13). Сондай-ақ мынаған ешқашан күмәнданбаңыз: Ехобаның айтқанына мойынсұнсаңыз, ешқашан қателеспейсіз (Нақ. с. 3:5—7).

14, 15. Ясминге күйеуіне сүйіспеншілік көрсете беруге Римдіктерге 12:17—21 тармақтардағы кеңес қалай көмектесті?

14 Таяу Шығыста тұратын Ясмин деген бауырластың оқиғасын қарастырайық. Ол Куәгер болған кезде күйеуі оны алданып қалды деп ойлайды. Сөйтіп, оған жәбір көрсетіп, Құдайға қызмет етуін тоқтатуға тырысады. Діни қызметкерді, тәуіпті және туған туыстарын қарсы қойып, оны қорқытып-үркітпек болады. Бала-шағасын тастап кетпекші деп әйеліне жала жабады. Тіпті қауым болып жатқан кезде бауырластарға айқайлап, қорлық сөздер айтады. Сол кездері Ясмин бауырлас қатты қиналып, көп жылайтын.

15 Патшалық сарайына келгенде, Ясминнің рухани отбасы оны жұбатып, жігерлендіретін. Ал ақсақалдар оны Римдіктерге 12:17—21 (оқыңыз) тармақтарда жазылған кеңесті қолдануға талпындырады. Ясмин былай дейді: “Бұл кеңесті қолдану оңай болған жоқ. Бірақ мен Ехобаға дұға етіп, көмек сұрадым және сол кеңесті қолдану үшін барымды салдым. Мысалы, күйеуім асханаға әдейілеп топырақ шашып кеткенде, үндемей барып жинай салатынмын. Ауыр сөздер айтқанда, жұмсақтықпен жауап қататынмын. Ал ауырып қалғанда, оған қарайтынмын”.

Бізді қудалап жүргендерді жақсы көрсек, жүректерін жібіте аламыз (16, 17-абзацты қараңыз) *

16, 17. Ясминнен не үйренсек болады?

16 Ясмин күйеуіне талмай сүйіспеншілік көрсете бергені үшін жарылқанды. Ол былай дейді: “Менің өтірік айтпайтынымды білгендіктен күйеуім маған көп сенім артатын болды. Әңгімеміз дін туралы болып кетсе, ол мені құрметпен тыңдайтын болды. Үйде шу шығаруды да қойды. Қауым кездесулеріне де емін-еркін бара алатын болдым. Отбасымыздың жағдайы алдыңғысымен салыстырғанда жер мен көктей. Қазір үйде бірлік-береке бар. Күндердің күнінде күйеуім шындыққа келіп, екеуміз Ехобаға жұбымыз жарасып, бірге қызмет етеміз деп сенемін”.

17 Ясминнің оқиғасы сүйіспеншіліктің “бәріне төзетініне... еш үмітін үзбейтініне, бәріне төтеп беретініне” дәлел (Қор. 1-х. 13:4, 7). Рас, жеккөрушіліктің әсері күшті, ол біздің жанымызды жаралайды. Бірақ сүйіспеншіліктің әсері одан да күшті. Ол адамдардың жүрегін жаулап алады. Сүйіспеншілік танытсақ, Ехобаның да жүрегін қуантамыз. Кейде қарсыластарымыздың жүрегі сол күйі жібімеуі мүмкін. Сонда да біз қуанышты болып қала аламыз. Қалайша?

БІЗДІ ЖЕК КӨРСЕ, БАҚЫТТЫМЫЗ

18. Адамдар бізді жек көрсе неге бақыттымыз?

18 Иса: “Жұрт сендерді... жек көрсе, бақыттысыңдар”,—деген (Лұқа 6:22). Бірақ біз жеккөрінішті болуды қаламаймыз, әрі азап шегуден де рақат алмаймыз. Сонда Иса неге бақыттысыңдар деген? Мұның үш себебі бар. Біріншіден, жеккөрушілікке төзе білсек, Құдайдың ықыласына бөленеміз (Пет. 1-х. 4:13, 14). Екіншіден, сеніміміз шыңдалып, қатая түседі (Пет. 1-х. 1:7). Үшіншіден, баға жетпес қымбат сый — мәңгілік өмірге ие боламыз (Рим. 2:6, 7).

19. Дүре соғылғандарына елшілер не үшін қуанды?

19 Иса айтып кеткен бақытты елшілер де сезінді. Қарсыластары оларды дүремен сабап, уағыздауға тыйым салғанда, олар қуанған. Неге? Өйткені олар Исаның аты үшін “қорлық көруге лайық саналған” еді (Ел. іс. 5:40—42). Олардың қорқыныштарынан Иелері Исаға деген сүйіспеншіліктері басым болды. Бұл сүйіспеншіліктері ізгі хабарды уағыздауды доғармағандарынан көрінді. Бүгінде де көп бауырлас қарсылықтарға қарамастан адал қызмет етіп жүр. Ехоба олардың осы еңбектерін, оның есіміне деген сүйіспеншіліктерін ешқашан ұмытпайды. Олар бұған нық сенімді (Евр. 6:10).

20. Келесі мақала не жайында?

20 Осы дүниенің соңы келгенше бізді жек көретін адамдар бола береді (Жох. 15:19). Бірақ бізге қорқынышқа бой алдырудың еш қажеті жоқ. Өйткені Ехоба адал қызметшілеріне “күш беріп... сақтайды” (Сал. 2-х. 3:3). Осы тақырыпты келесі мақалада тарқатамыз. Біз Ехобаны, бауырластарымызды және жауларымызды жақсы көре берейік. Сонда бірлігіміз бұзылмайды, сеніміміз қатаяды, Ехобаны мадақтаймыз және сүйіспеншіліктің жеккөрушіліктен әлдеқайда үстем екенін дәлелдейміз!

106-ӘН Сүйіспеншілік қасиетін дамытайық

^ 5-абзац Бұл мақала осы әлем бізді жек көрсе де, Ехобаға деген, бауырластарға деген және жауларымызға деген сүйіспеншілік Ехобаға әрі қарай да қызмет ете беруге көмектесетіні туралы. Сондай-ақ Исаның “сендерді жауларың жек көрсе, бақыттысыңдар” дегені нені білдіретінін білеміз.

^ 1-абзац Есімдер өзгертілген.

^ 58-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Сарбаздар сес көрсеткеннен кейін, бауырластар Даниил мен оның әйеліне басқа қалаға кетуге көмектеседі, ал сол жақтағы бауырластар оларды күтіп алып, қолдау көрсетеді.

^ 60-абзац СУРЕТТЕР СИПАТТАМАСЫ: Күйеуі қарсылық көрсеткенде, бауырластар Ясминге жақсы кеңес береді. Ол әйелдік міндетін жақсы атқарып, ауырып қалғанда күйеуіне қарайды.