11-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Қиындықта Жазбалардан күш алайық
“Табандылық... беретін Құдай” (РИМ. 15:5).
94-ӘН Құдай Сөзі үшін ризашылық
АҢДАТПА *
1. Ехобаның халқы қандай қиындықтарға кезігіп жүр?
СІЗ қандай қиындыққа кезігіп жүрсіз? Бәлкім, қауымдағы бір бауырлас сізді қатты ренжіткен болар (Жақ. 3:2). Я болмаса Ехоба куәгері болғаныңыз үшін мектепте не жұмыста сізді күлкі етіп, мазақтайтын шығар (Пет. 1-х. 4:3, 4). Немесе туысқандарыңыз сізге “мына дініңді қой, уағызыңды доғар” деп ұрсатын шығар (Мат. 10:35, 36). Кейде қиындықтардан қажып кететініңіз сонша, “болды, бұдан әрі күрескім келмейді” дерсіз. Бірақ мынаған сенімді болыңыз: басыңызға қандай қиындық тумасын, Ехоба сізге даналық пен күш береді.
2. Римдіктерге 15:4-ке сай, Құдай Сөзі бізге қалай әсер ете алады?
2 Ехоба өз қызметшілерінің қиындықтармен қалай күрескенін Киелі кітапқа бүге-шігесіне дейін жаздырғаны бекер емес. Біз сол оқиғалардан көп сабақ ала аламыз. Сондықтан да Пауыл киелі рухтың жетелеуімен Римдіктерге 15:4-тегі (оқыңыз) сөздерді жазған. Бұл сөздер бойымызға жігер құйып, үміт отын жағады. Бірақ Киелі кітапты оқып қана қою жеткіліксіз. Оның толық пайдасын көру үшін Жазбалардың санамыз бен жүрегімізге әсер етуіне жол беруіміз керек. Мысалы, кезігіп жүрген қиындығымыздың күрмеуін шешу үшін мына 4 әдісті қолдансақ болады: дұға ету, елестету, ой жүгірту, қолдану. Қазір осылардың әрқайсысына тоқталып өтейік *. Сосын осы 4 әдістің көмегімен Дәуіт патша мен елші Пауылдың оқиғасынан не үйренетінімізді көреміз.
3. Киелі кітапты оқымас бұрын не істеу керек және неге?
3 1) Дұға етіңіз. Киелі кітапты оқымас бұрын дұға етіп, Ехобадан оқығандарымнан бір нәрсеге үйрене алайыншы деп сұраңыз. Күресіп жүрген қиындықтарыңыз болса, соларды шешуге көмектесетін принциптерді көре алайыншы деп сұраңыз (4. Киелі кітапты қалай жан бітіріп оқуға болады?
4 2) Елестетіңіз. Ехоба бізге елестету қабілетін берген. Бұл — өте керемет сый. Киелі кітапты оқығанда сол оқиғаны көз алдыңызға келтіріп, оған жан бітіріңіз. Өзіңізді сондағы бас кейіпкермін деп ойлап, ол көргенді көріп, ол сезінгенді сезініңіз.
5. Ой жүгірту деген не және ой жүгіртуге не көмектеседі?
5 3) Ой жүгіртіңіз. Ой жүгірту дегеніміз — мәліметті ой елегінен өткізіп, оны өз жағдайымызға қатыстыру. Бұл сізге ойлардың өзара байланысын көруге, тақырыпты терең түсінуге көмектеседі. Ой жүгірту дәмді тамақ жеп, тамсанумен бірдей. Ал Киелі кітапты ой жүгіртпей оқысақ, сол астың құрамына кіретін азық-түлікті шикілей, бөлек-бөлек жеген сияқты боламыз. Ой жүгіртуге мына сұрақтар көмектеседі: Оқиғадағы бас кейіпкер қиындықтарын шешу үшін не істеді? Ал Ехоба оған қалай көмектесті? Өз қиындықтарыма төтеп беру үшін мен бұл оқиғадан не үйренемін?
6. Білгенімізді қолдану не үшін маңызды?
6 4) Қолданыңыз. Иса айтқандай, білгендерімізді қолданбайтын болсақ, үйін құмға тұрғызған кісіге ұқсап қаламыз. Ол бар күшін жұмсап, үй соғады. Бірақ сел жүріп, дауыл тұрғанда, үйдің негізі құмға қаланғандықтан құлап қалады. Сөйтіп, бар еңбегі далаға кетеді (Мат. 7:24—27). Сол сияқты дұға етіп, елестетіп, ой жүгірткенмен, білгендерімізді қолданбайтын болсақ, бұдан еш пайда жоқ. Қуғын-сүргін, сынақ кезінде сеніміміз шайқалып қалады. Ал егер оқып-білгендерімізді қолдансақ, қателік жасаудан аулақ боламыз, дұрыс шешімдер қабылдаймыз. Жүрегімізде тыныштық болады және сеніміміз қатаяды (Ишая 48:17, 18). Ендеше, қазір осы 4 әдісті қолданып, Дәуіттің өмірінде болған бір жағдайды қарастырып көрейік.
ДӘУІТ ПАТШАДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ
7. Қазір кімнің оқиғасын қарастырамыз?
7 Сіздің досыңыз я туысыңыз сеніміңізді ақтамай, жаныңызға жара салған ба? Дәуіт патша да өз ұлынан қиянат көрген. Ұлы Абессалом оған сатқындық жасап, тағын тартып алмақ болған (Сам. 2-ж. 15:5—14, 31; 18:6—14).
8. Ехоба сізге көмектесу үшін не істей аласыз?
8 1) Дұға етіңіз. Дәуітпен болған осы оқиғаны ойда ұстай отырып, Ехобаға дұға етіңіз. Жаныңыз қалай жараланғанын, қандай әділетсіздік көргеніңізді, не сезініп жатқаныңызды бүкпей, бәрін ашық айтыңыз (Зәб. 6:6—9). Сосын, осы қиын мәселеден алып шығатын принциптерді көруге көмектесуін сұраңыз.
9. Дәуіт және Абессаломмен болған жағдайды айтып беріңіз.
9 2) Елестетіңіз. Осы оқиғаның қалай өрбігенін көз алдыңызға келтіріп, Дәуіттің қандай күй кешкенін елестетіп көріңіз. Абессалом зымиян жоспар құрып, бірнеше жыл бойы халықтың көңілін аулап, жағынуға тырысады (Сам. 2-ж. 15:7). Сәті туды дегенде, ол Исраилдің түкпір-түкпіріне өз тыңшыларын жіберіп, халықты оны жаңа патша деп қабылдауға дайындайды. Ол тіпті Дәуіттің жақын досы, ақылшысы Ахитопелді де өзіне қаратып алады. Кейін Абессалом өзін патша деп жариялап, Дәуітті өлтіру үшін оның соңына түседі. Ал Дәуіт ол кезде науқастанып, ауыр халде болған көрінеді (Зәб. 41:1—9). Бірақ ол Абессаломның зымиян жоспарын біліп қойып, Иерусалимнен қашып кетеді. Соңында Абессаломның әскері мен Дәуіттің әскері шайқасқа түсіп, бүлікшілер жағы ойсырай жеңіледі. Абессалом сол шайқаста қаза табады.
10. Дәуіт патша неден аулақ болды?
10 Сүйікті ұлы Абессаломның және сенген досы Ахитопелдің қарсы шыққаны Дәуітке қалай ауыр тигені жайлы ойлап көріңізші. Екеуінің опасыздығы, тіпті өлтіргісі келгені Дәуіттің жанына қандай азап салды десеңізші. Дәуіт “бұлар осылай істесе, онда басқа достарымнан не үміт, не қайыр, олар да Абессаломның жағына шығып кеткен шығар” деп ойласа болар еді. Ол өзін ғана ойлап, елден жалғыз өзі қашып кетсе де болар еді. Немесе қатты түңіліп, қайғыға батып кетсе болар еді. Бірақ Дәуіт бұлай етуден аулақ болып, қиындықтарымен дұрыс күресті. Дәуіт күресуге күшті қайдан алды?
11. Қиын шақта Дәуіт қалай әрекет етті?
11 3) Ой жүгіртіңіз. Бұл оқиғадан қандай принциптерді көруге болады? Алдымен, “Дәуіт қиындықтарын шешу үшін не істеді?” деген сұраққа жауап берейік. Дәуіт сасқалақтап, асығыс шешімдер қабылдап ақымақтық жасамады. Немесе үрейге беріліп, қол қусырып та отыра бермеді. Қайта, ол Ехобаға дұға етіп көмек сұрады. Сондай-ақ адал достарынан да көмек іздеді. Оның жаны қатты жараланса да, ашынып, айналасындағылардың барлығына күмәнмен қарап кетпеді. Керісінше, Ехобаға және достарына әрі қарай да сенім артты.
12. Ехоба Дәуітке қалай көмектесті?
12 Ехоба Дәуітке қалай көмектесті? Егер қосымша ізденіс жүргізсеңіз, сол қиын шақта Ехобаның Дәуітті қалай нығайтқанын көресіз (Зәб. 3:1—8; кіріспе). Ол Дәуіттің қабылдаған шешімдеріне батасын берді. Оның адал достарын да қолдап, патшалары үшін шайқасуға күш берді.
13. Біреу сізді қатты ренжіткенде, Дәуітке қалай еліктей аласыз? (Матай 18:15—17)
13 4) Қолданыңыз. Дәуітке қалай еліктесем болады деп ойланыңыз. Туындаған проблеманы бірден шешуге тырысыңыз. Болған жағдайға қарай сіз Матай кітабының 18-тарауында жазылған қадамдар бойынша әрекет етсеңіз болады. Немесе сондағы принципті қолдансаңыз болады (Матай 18:15—17 оқыңыз). Бірақ сезімнің жетегінде кетіп, асығыс шешім қабылдаудан аулақ болыңыз. Ехобаға дұға айтып, одан сабырлық, даналық беруін сұраңыз. Достарыңызға сенбей, теріс айналып кетпеңіз. Керісінше, ұсынған көмектерін қабылдауға ықыласты болыңыз (Нақ. с. 17:17). Ал ең бастысы, Ехобаның Киелі кітапта берген ақыл-кеңесіне құлақ асыңыз (Нақ. с. 3:5, 6).
ЕЛШІ ПАУЫЛДАН ҮЙРЕНЕРІМІЗ
14. Тімөтеге 2-хат 1:12—16; 4:6—11, 17—22 тармақтар кімдерді жігерлендіре алады?
14 Сіз шындық үшін отбасыңыздан қысым көріп жүрсіз бе? Немесе Ехоба куәгерлерінің ісіне шектеулер қойылған не тіпті тыйым салынған елде тұратын шығарсыз? Олай болса, сізге Пауылдың түрмеде отырғанда жазған сөздері жігер бере алады. Бұл сөздерді біз Тімөтеге 2-хат 1:12—16; 4:6—11, 17—22 тармақтардан оқи аламыз *.
15. Не туралы дұға айтсаңыз болады?
15 1) Дұға етіңіз. Осы тармақтарды оқымас бұрын Ехобаға қиындығыңызды және бұл қиындық сізге қалай әсер етіп жатқанын ашық айтыңыз. Сосын, Ехобадан Пауылдың сынақтары туралы оқығанда, өз қиындықтарыма көмек болатын принциптерді көре алайыншы деп сұраңыз.
16. Пауылдың жағдайын айтып беріңіз.
16 2) Елестетіңіз. Бір сәт ойланып, өзіңізді Пауылдың орнына қойып көріңізші. Пауыл Римде түрмеде отыр. Қолдары шынжырмен бұғауланған. Ол бұған дейін де түрмеде отырған. Бірақ бұл жолы ол өлім жазасына кесілмек. Оның үстіне, кейбір серіктестері оны тастап кетті (Тім. 2-х. 1:15). Ал өзі болса әлі құрып, әбден шаршаған.
17. Елші Пауыл неден аулақ болды?
17 Пауыл “кезінде басқаша әрекет еткенде, қазір тұтқында отырмас едім” деп өткенді ойлай бермеді. Пауылдың оны тастап кеткен Азия аймағындағы мәсіхшілерге де ашуланып, қатуланып кетуі, содан басқа достарына да сенім артпай қоюы мүмкін еді. Бірақ Пауыл олай етпеді. Сонда оған сенімін де, үмітін де сөндірмеуге не көмектесті?
18. Сынақ кезінде Пауыл қалай әрекет етті?
18 3) Ой жүгіртіңіз. Пауыл қиындықтарымен қалай күресті деп ойланып көріңіз. Ол өлім жазасына кесілгелі жатса да, ең маңызды нәрсені, яғни Ехобаны даңқтауды ұмытпады. Ол өзгелерді қалай жігерлендірсем екен деп ойлады. Дұға етіп, Ехобаға арқа сүйеуді де доғармады (Тім. 2-х. 1:3). Пауыл оны тастап кеткендер жайлы қайта-қайта ойлай бермеді. Одан да көмек көрсетіп, қолдап жүрген адал достарына шексіз ризашылығын білдіруді ойлады. Бұған қоса, ол Құдай Сөзін үзбей зерттей берді (Тім. 2-х. 3:16, 17; 4:13). Ал ең бастысы, Ехоба мен Иса оны қатты жақсы көретініне және ешқашан тастап кетпейтініне нық сенімді болды. Олар Пауылдың адал еңбегін бағалап, болашақта бұл үшін міндетті түрде сый бермек еді.
19. Ехоба Пауылға қалай көмектесті?
19 Ехоба Пауылды мәсіхші болғаны үшін қуғын-сүргін көретінін алдын ала ескертті (Ел. іс. 21:11—13). Ол Пауылға қалай көмектесті? Ехоба Пауылдың дұғаларына жауап беріп, қажет кезде күш беріп отырды (Тім. 2-х. 4:17). Сондай-ақ Ехоба оған бар күшімен ұмтылған сыйына міндетті түрде ие болатынын айтты. Ехоба Пауылға адал достары арқылы да көмектесіп, қажетімен қамдады.
20. Пауылдың Римдіктерге 8:38, 39-да білдірген сенімін біз қалай үлгі ете аламыз?
20 4) Қолданыңыз. Мен елші Пауылға қалай еліктей аламын деп ойланыңыз. Пауыл сияқты біз де сеніміміз үшін қуғындалуға дайын болуымыз керек (Мар. 10:29, 30). Сынақта адалдық сақтап қалу үшін Ехобаға дұға етіп, арқа сүйеуіміз және оның Сөзін оқып-зерттеуді доғармауымыз қажет. Біз үшін өмірде ең маңызды жайттардың бірі — Ехобаны даңқтау екенін де ұмытпағанымыз жөн. Сонымен қатар мынаған нық сенімді болайық: Ехоба бізді ешқашан тастап кетпейді, әрі оның сүйіспеншілігінен бізді ешкім айыра алмайды (Римдіктерге 8:38, 39 оқыңыз; Евр. 13:5, 6).
ҚҰДАЙДЫҢ ӨЗГЕ ДЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕН ҮЙРЕНЕЙІК
21. Айя мен Гекторға қиындықтарымен күресуге не көмектесті?
21 Қандай қиындыққа кезікпейік, Киелі кітаптағы кейіпкерлердің оқиғалары бізге күш бере алады. Мысалы, Жапонияда тұратын
Айя деген ізашар көпшілік орындарда уағыздауға қатты қорыққан. Осы қорқынышын жеңуге оған Жүністің оқиғасы көмектескен екен. Индонезияда тұратын Гектор есімді жас жігіттің ата-анасы Ехобаға қызмет етпеген. Бірақ оған Руттың оқиғасы әсер еткендіктен, Ехоба туралы білім алуды, оған қызмет етуді шешкен.22. Киелі кітап драмаларының немесе “Сенімін серік еткендер” айдарындағы мақалалардың барынша пайдасын көру үшін не істей аласыз?
22 Бізге үлгі болатын Киелі кітап кейіпкерлері жайлы көбірек мәліметті қайдан тапсақ болады? Бізде Киелі кітап оқиғаларына жан бітіретін көптеген бейнематериалдар мен аудиодрамалар бар. “Сенімін серік еткендер” деген айдарымыз да бар *. Жан-жақты зерттеліп, дайындалған осы мәліметтерді оқып, тыңдап, көрмес бұрын, Ехобаға дұға айтыңыз. Маған көмек болатын тұстарын көре алайыншы деп сұраңыз. Өзіңізді сол оқиғадағы кейіпкердің орнына қойып көріңіз. Сол адал қызметшілер қиындықтарына төтеп беру үшін не істегені және Ехоба оларға қалай көмектескені туралы ойланыңыз. Кейін, осы түйгендеріңізді өмірде қолданыңыз. Ехобаға көмектесіп келе жатқаны үшін алғыс айтыңыз. Оның көмегін бағалайтыныңызды басқа адамдарға көмектесіп, тірек болуыңызбен көрсетіңіз.
23. Ишая 41:10, 13-ке сай, Ехоба бізге нені уәде етеді?
23 Шайтан билеген мына дүние ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Кейде қиыншылықтардан тіпті бас көтере алмай қаламыз (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ уайымға салынып, үрейге бой алдырудың қажеті жоқ. Өйткені Ехоба қандай күй кешіп жүргеніміздің бәрін көріп тұр. Құлап қалсақ, ол мықты оң қолымен бізді сүйемелдейді (Ишая 41:10, 13 оқыңыз). Ехобадан және Жазбалардан алатын күштің арқасында біз кез келген қиындықтан өте алатынымызға нық сенімдіміз!
96-ӘН Құдайдың берген қазынасы
^ 5-абзац Киелі кітаптағы көп оқиғадан Ехоба өз қызметшілерін жақсы көретінін және қиын шақта әрдайым көмектесетінін білуге болады. Сол оқиғалардан үйрену үшін жеке зерттеуді қалай жасауға болатынын көрейік.
^ 2-абзац Осы мақалада Киелі кітапты зерттеудің бір ғана үлгісі ұсынылған. Басқа үлгілерін көру үшін “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралына” кіріп, “Киелі кітап” деген тақырыптағы “Киелі кітапты оқу және түсіну” деген тақырыпшаны қараңыз.
^ 14-абзац Бұл тармақтарды қауымда “Күзет мұнарасын” зерттеп жатқанда оқудың қажеті жоқ.
^ 22-абзац JW.ORG сайтымыздағы “Сенімін серік еткендер. Киелі кітаптағы ерлер мен әйелдер” деген мақалалар топтамасын қараңыз (КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ҚҰДАЙҒА ДЕГЕН СЕНІМ деген жерде).