7-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
15-ӘН Ехобаның Тұңғышын мадақтаңдар!
Ехоба кешірсе, толықтай кешіреді
“Олардың күнәларын толықтай кешіресің” (ЗӘБ. 130:4).
НЕГІЗГІ ОЙ
Киелі кітаптағы түрлі теңеулердің көмегімен Ехобаның кешірімділігіне деген ризашылығымызды арттыру.
1. “Кешірдім” деген сөздің астарында не жатқанын неге кейде түсіну қиын?
“СЕНІ КЕШІРДІМ”. Біреуді сөзімізбен не ісімізбен жаралағанда, осы сөздерді естуге зәру боламыз. Ал естігенде үстімізден бір ауыр жүк түскендей болады. Бірақ кейде адамның “кешірдім” деген сөзінің астарында не жатқанын түсінбей жатамыз. Неге? Өйткені біреулер кешірдім деген соң, бұрынғысынша дос болып қалады. Ал кейбіреулер кешірдім деп айтқанымен, сөйлесуден қашқақтап, араласпай кетеді. Осыдан кешіру дегенді әркім әртүрлі түсінетінін көреміз.
2. Жазбалардан Ехобаның кешіріміне қатысты не білеміз? (Сілтемені де қараңыз.)
2 Ал Ехобаның кешірімі адамдардікінен мүлдем басқа. Ешкім де ол кешіргендей кешіре алмайды. Зәбүр жыршысы Ехоба жайлы: “Адамдар сені қастерлеу үшін, олардың күнәларын толықтай кешіресің”,— деген a (Зәб. 130:4). Иә, Ехоба кешірсе, “толықтай кешіреді”. Ехоба — нағыз кешірудің дара үлгісі. Еврей жазбаларын жазған адамдардың кейбірі Ехобаның кешірімін сипаттау үшін тіпті бөлек бір сөз қолданған және ол сөзді ешқашан адамдарға қатыстырмаған.
3. Ехобаның кешірімі біздікінен қай жағынан өзгеше? (Ишая 55:6, 7)
3 Ехоба біреуді кешірсе, оның күнәларын түгел өшіріп тастайды. Соның арқасында сол адаммен қарым-қатынасы баз баяғы қалпына келеді. Ехобаның толықтай әрі жомарттықпен кешіретіні расымен де таңғалдырады (Ишая 55:6, 7 оқыңыз).
4. Бізге кешірудің шын мәнінде не екенін түсіндіру үшін Ехоба не істеген?
4 Ехобаның кешірімі адамдардікінен мүлдем басқа болса, біз оның қалай кешіретінін түсініп-біле аламыз бе? Ехоба өзінің қалай кешіретінін түсіндіру үшін Киелі кітапта бізге таныс, түсінікті болатын теңеулер жаздырған. Қазір солардың кейбірін қарастырып, Ехоба бізді қалай кешіретінін және кешіргенде күнәнің салдарынан бұзылған қарым-қатынасымыз қалай қалпына келетінін білеміз. Сондай-ақ дарқан көңілмен кешіретін мейрімді Әкемізге деген ризашылығымыз тереңдейді.
ЕХОБА КҮНӘЛАРЫМЫЗДЫ ЛАҚТЫРЫП ТАСТАЙДЫ
5. Ехобаның күнәларымызды кешіргенін неге теңеуге болады?
5 Киелі кітапта күнә жиі ауыр жүкке теңеледі. Дәуіт патша: “Күнәларым басымнан асып кетті, көтере алмас жүк болып еңсемді басты”,— деген (Зәб. 38:4). Егер адам күнәсіна өкінсе, Ехоба оның күнәларын кешіреді (Зәб. 25:18; 32:5). Бұл тармақтардағы “кешіру” деп аударылған еврей сөзі “алып тастау” не “көтеру” деген мағынаны білдіреді. Демек, Ехоба біздің күнәларымызды кешіргенде, иығымызды зілдей басып тұрған ауыр жүкті алып тастағандай болады.
6. Ехоба күнәларымызды бізден қаншалықты алыстатады?
6 Киелі кітаптағы тағы бір теңеуден Ехоба күнәларымызды бізден қаншалықты алыстататынын көреміз. Зәбүр 103:12-де: “Шығыс батыстан қанша қашық болса, ол бізден қылмыстарымызды сонша қашықтатты”,— делінген. Шығысқа ең алыс жер — батыс. Екеуі бір-бірімен ешқашан тоғыспайды. Демек, Ехоба бізді кешіргенде, күнәларымызды бізден барынша алыстатады. Бұл тамаша теңеу Ехобаның қаншалықты кешірімді екеніне расымен де көзімізді жеткізеді!
7. Киелі кітапта Ехоба күнәларымызбен не істейтіні айтылған? (Миха 7:18, 19)
7 Ехоба күнәларымызды бізден алыстатқаннан кейін, оларды сақтап қоя ма? Жоқ. Езекия патша Ехоба жайлы: “Барлық күнәмді арқаңнан асыра лақтырдың”,— деп жазған (Ишая 38:9, 17). Бұл дегеніміз — Ехоба өкінген жанның күнәсін өзінің көзінен таса жерге лақтырады. Езекияның сөздерін “Күнәларымды іс-түссіз жоқ қылып, мені ешқашан күнә жасамағандай еттің” деп те аударуға болады. Осы ойды шегелей түсетін Киелі кітапта тағы бір керемет теңеу бар. Миха 7:18, 19-да (оқыңыз) Ехоба күнәларымызды теңіздің түбіне лақтыратыны айтылған. Ал ежелгі заманда теңіздің түбіне түскен нәрсені қайтадан шығарып алу мүмкін емес болған.
8. Қарастырған теңеулерден не білдік?
8 Киелі кітаптағы осы теңеулерден білгеніміз, Ехоба күнәларымызды кешіргенде, иығымызды зілдей басқан жүкті алып тастап, бізді кінәлі сезімнен арылтады. Дәуіт патша айтпақшы, “заңсыз істері кешірілгендер мен күнәлары жабылғандар бақытты! Ехоба күнәсін мойнына артпайтын адам бақытты!” (Рим. 4:7, 8). Расында да, Ехобаның кешірімі — нағыз кешірім!
ЕХОБА КҮНӘЛАРЫМЫЗДЫ ӨШІРЕДІ
9. Ехоба өзінің қаншалықты кешірімді екенін қандай теңеумен түсіндірген?
9 Ехоба төлемнің арқасында өкінген жандардың күнәларын өшіріп, тазартып кетіре алады. Бұны да Ехоба керемет теңеулермен түсіндірген. Киелі кітапта Ехоба адамның күнәсін “жуып-шайып”, сол адамды тазартатыны айтылады (Зәб. 51:7; Ишая 4:4; Ерм. 33:8). Адамның қаншалықты тазаратынын Ехоба былай деп сипаттаған: “Күнәларың ал қызыл болса да, аппақ қардай етемін. Қырмызы матадай қызыл болса да, аппақ жүндей қыламын” (Ишая 1:18). Әдетте киімге түскен қып-қызыл дақты кетіру өте қиын. Бірақ Ехоба бұл теңеуімен күнәларымыз ізсіз ғайып болатынын көрсеткен.
10. Ехоба бізді қаншалықты кеңпейілмен кешіретінін қандай теңеуден көреміз?
10 Өткен мақаладан білгеніміздей, күнәні “қарызға” теңеуге болады (Мат. 6:12; Лұқа 11:4). Біз күнә жасаған сайын, Ехобаның алдындағы қарызымыз көбейген үстіне көбейе береді. Біз қарызға белшемізден батқанбыз! Бірақ Ехоба күнәларымызды кешіргенде, осы қыруар қарызымызды кешкендей болады. Ол бұның есесіне бізден ештеңе сұрамайды. Расында да, қарызы кешірілген адам қандай жеңілдік сезінсе, Ехоба күнәларымызды кешкенде біз де тура сондай жеңілдік сезінеміз!
11. Киелі кітапта “күнәларымыз өшіріледі” деген нені білдіреді? (Елшілердің істері 3:19 сілтеме)
11 Ехоба қарызымызды, яғни күнәмізді жай ғана кешіріп қоймайды, оны түгел өшіріп тастайды (Елшілердің істері 3:19 оқыңыз, сілт.). Мысалы, біреу қарызыңызды кешіріп, қағазынан сызып тастады делік. Бірақ сызылған сызықтың астынан қанша қарыз болғаныңыз бәрібір көрініп тұрады. Ал Ехобаның қарызды өшіруі мүлдем басқа. Мәселен, ежелде күйе, шайыр, су қоспасынан жасалған сияны ылғал губкамен сүртіп, өшіретін болған. Қарызды осындай тәсілмен “өшіргенде”, жазу түгелдей өшіп, мүлдем көрінбей қалатын. Сөйтіп, адам ешқашан қарыз алмағандай болатын. Ехобаның күнәларымызды кешіріп қана қоймай, оны түгелдей өшіріп тастайтыны жүрегімізді тебірентеді емес пе?! (Зәб. 51:9).
12. Қалың бұлт жайлы теңеуден не білеміз?
12 Ехоба күнәларымызды толықтай кешіретінін көрсету үшін тағы бір теңеу келтірген. Ол: “Заңсыздықтарыңды бұлтпен жауып тастаймын, күнәларыңды қою бұлтпен бүркеп қоямын”,— деген (Ишая 44:22). Былайша айтқанда, Ехоба бізді кешіргенде, күнәларымызды қалың бұлтпен жауып, көзге мүлдем көрінбестей етеді.
13. Ехоба күнәларымызды кешіргенде не сезінеміз?
13 Сонымен, қарастырған бұл теңеулерден не білдік? Ехоба кешіргенде, бізді күнәларымыздан жуып-тазартады. Сондықтан қателігіміз үшін өмір бойы өзімізді жегідей жеудің қажеті жоқ. Иса Мәсіхтің төгілген қанының арқасында Ехоба қарыздарымызды түгелдей өшіріп тастайды. Толықтай кешіретіні сонша, мүлдем күнә жасамағандай боламыз. Иә, күнәларымызға өкінсек, Ехоба бізді дәл осылай кешіреді.
ЕХОБА ДОСТЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРЕДІ
14. Ехоба “кешірдім” десе, шынымен кешіретініне неге сенімдіміз? (Суреттерді де қараңыз.)
14 Ехоба бізді толықтай кешіргеннің арқасында біз онымен қайтадан дос бола аламыз. Сондай-ақ күнәларымыз үшін өзімізді жегідей жеп, қиналмаймыз. Ехоба бізге кек сақтап, жазалаудың сәтін бағып жүр деп те қорықпаймыз. Ехоба ондайға ешқашан да бармайды. Ехоба “кешірдім” десе, шынымен кешіретініне неге сенімдіміз? Өйткені ол Еремия пайғамбар арқылы: “Мен олардың кінәсін кешіріп, күнәсін есіме алмаймын”,— деген (Ерм. 31:34). Елші Пауыл да Ехобаның бұл сөздерін өз хатында қайталап айтқан (Евр. 8:12). Ал Ехобаның “күнәсін есіме алмаймын” деген сөздері нені білдіреді?
15. Ехоба қай мағынада күнәмізді еске алмайды?
15 Киелі кітаптағы “еске алу” деген тіркес бұрынғы нәрсені еске түсіруді не сол жайлы ойлауды ғана білдірмейді. Бұл әрекет етуді де қамтиды. Мысал үшін, Исаның қасында бағанаға ілінген қылмыскер: “Иса, патша болғаныңда, мені есіңе ала көрші”,— деген (Лұқа 23:42, 43). Қылмыскер Исадан оны жай ғана есіне алуды емес, әрекет етуді, яғни қайта тірілтуді сұраған. Демек, Ехобаның күнәмізді еске алмайтыны оның бізге қарсы әрекет етпейтінін, яғни кешірілген күнәларымыз үшін кейін жазалап жүрмейтінін білдіреді.
16. Киелі кітапта күнәміздің кешірілуі немен салыстырылған?
16 Киелі кітапта Ехобаның кешірімі құлдықтан азат болумен де салыстырылады. Біз күнәкармыз, сондықтан “күнәнің құлымыз”. Бірақ Ехобаның кешірімінің арқасында біз “күнәнің құлдығынан босатылдық” (Рим. 6:17, 18; Аян 1:5). Расымен де, Ехобаның кешіріміне ие болған адам тура бір құлдықтан азат болғандай болады.
17. Ехоба бізді кешіргенде қай мағынада сауығамыз? (Ишая 53:5)
17 Ишая 53:5 оқыңыз. Киелі кітаптағы тағы бір теңеуден көретініміздей, біз айықпас дерті бар адам секілдіміз. Бірақ Ехоба өзінің Ұлын төлем ретінде бергеннің арқасында біз бейнелі мағынада сауықтық (Пет. 1-х. 2:24). Рухани дерт, яғни күнә Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзады. Бірақ төлемнің арқасында Ехоба күнәларымызды кешіріп, онымен қарым-қатынасымыз толықтай қалпына келе алады. Адам айықпас дертінен сауыққанда қалай қуанса, біз де рухани сауығып, Ехобамен қайтадан дос болғанда тура солай қуанамыз!
ЕХОБАНЫҢ КЕШІРІМДІЛІГІНЕ ШЕКСІЗ РИЗАМЫЗ
18. Ехобаның кешіріміне қатысты теңеулерден не білдік? (“Ехоба бізді қалай кешіреді?” деген қоршауды да қараңыз.)
18 Сонымен, Ехобаның кешіріміне қатысты теңеулерден не білдік? Ехоба кешірсе, толықтай және біржола кешіреді. Осындай кешірімінің арқасында көктегі Әкемізбен жақын дос бола аламыз. Біз Ехобаның кешірімі баға жетпес сый екенін ұмытпауымыз керек. Бұл сыйға біз өзіміз лайық болғандықтан емес, Ехоба бізді сүйіп, рақым танытқандықтан ие болып жүрміз (Рим. 3:24).
19. а) Біз Ехобаға не үшін ризамыз? (Римдіктерге 4:8) ә) Келесі мақалада не талқылаймыз?
19 Римдіктерге 4:8 оқыңыз. Бізді “толықтай кешіретін” Құдайымыз Ехобаға ризашылығымыз ұшан-теңіз! (Зәб. 130:4). Алайда Ехоба бізді кешірсін десек, біз де бір нәрсе істеуіміз керек. Иса былай деген: “Басқалардың күнәларын кешірмесеңдер, Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешірмейді” (Мат. 6:14, 15). Демек, біз де Ехоба Құдайымызға еліктеп, өзгелерді кешіргеніміз аса маңызды. Бұл жайлы келесі мақалада көбірек қарастырамыз.
46-ӘН Ехоба, рақмет!
a Еврей тілінде “кешіру” сөзінің түрлі баламалары болса да, бұл тармақтың түпнұсқасында толықтай кешіру деген мағынаны қамтитын сөз қолданылған. Киелі кітаптың көп аудармаларында осы маңызды жайт ескерілмеген, бірақ “Киелі жазбалар. Жаңа дүние аудармасында” Зәбүр 130:4 түпнұсқаға сай тура аударылған.