ӨМІРБАЯН
“Мен ешқашан жалғыз қалған емеспін”
ЖАЛҒЫЗДЫҚТАН жабырқайтын кез бәрімізде болады. Жақын адамыңнан айырылғанда, жаңа жерге көшіп барғанда не қасыңда бірде-бір адам болмағанда, бойыңды еріксіз жалғыздық билейді. Бұл жағдайлардың бәрі менің де басымнан өтті. Бірақ артқа қарасам, жалғыз қалған кездерде, шын мәнінде жалғыз болған емеспін. Неге бұлай дейтінімді айтып берейін.
АТА-АНАМНЫҢ ҮЛГІСІ
Ата-анам басында католик дінін ұстанған. Бірақ Киелі кітаптан Құдайдың есімі Ехоба екенін білгенде, Ехоба куәгері болуды шешкен. Ұста болған әкем ағаштан Исаның мүсінін ойып жасайтын. Бірақ Куәгер болған соң, әкем бұл қабілетін Патшалықтың игілігі үшін қолданды. Ол үйіміздің бірінші қабатын әп-әдемі Патшалық сарайына айналдырды. Осылай Филиппиннің астанасы Маниланың маңындағы Сан-Хуан-дель-Монтеде алғашқы Патшалық сарайы пайда болды.
Мен 1952 жылы туылдым. Ата-анам сол кезден бастап-ақ төрт ағам мен үш әпкеме үйреткендей, маған да рухани тәлім бере бастады. Өсе келе әкем мені Киелі кітаптан күнде бір тарау оқуға талпындыратын болды. Ол менімен бірге ұйым басып шығарған түрлі әдебиеттерді де зерттейтін. Кейде ата-анамыз аудандық бақылаушылар мен Бетел өкілдерін қонақ ететін. Олардың айтып берген оқиғаларын естіп жігерленіп, мәз болып қалатынбыз. Олардың үлгісінің арқасында қызметті өмірде басты орынға қоюды үйрендік.
Ата-анам мен үшін сенімнің тамаша үлгісі болды. Өкінішке қарай, анам ауыр дерттен көз жұмды. Соған қарамастан, әкем екеуміз 1971 жылы ізашарлық қызметті бірге бастадық. Бірақ екі жылдан кейін әкем де қайтыс болды. Ол кезде мен небәрі 20 жаста едім. Әкемнен де, анамнан да бірдей айырылып қалғаным жаныма батып, бойымды жалғыздық меңдеді. Бірақ Киелі кітаптан тапқан “сенімді әрі берік” үмітім жанымның зәкірі іспетті болды, ол мені эмоциялық және рухани жағынан шайқалып кетуден сақтады (Евр. 6:19). Әкем өмірден өткен соң көп ұзамай-ақ арнайы ізашар болдым.
АУЫР ҚЫЗМЕТТІ ЖАЛҒЫЗ АТҚАРУЫМ
Мен Палаван провинциясындағы шалғай жатқан Корон деген аралға тағайындалдым. Корон аралына көшіп келгенімде жиырма бірде едім. Ол жерде электр қуаты аз, үйлерде су жоқ еді, ал көліктер өте аз жүретін. Қалада өскендіктен мұндайды мен бірінші рет көруім. Бұл аралда бауырластар да саусақпен санап аларлықтай еді.
Қасымда тағайындалған ізашар серігім де болмады. Сол үшін кейде жалғыз өзіме уағыздауға тура келетін. Бірінші айда отбасымды, достарымды сағынып қатты қиналдым. Кейде түнде жұлдызды аспанға қарап, көз жасымды төгіп жылап алатынмын. Тіпті бәрін тастап үйге қайта салайын ба деген ой да келетін.Сол жалғызсыраған кездерімде Ехобаға жүрегімді ақтарып дұға етуші едім. Киелі кітаптан, әдебиеттерден оқыған жігерлі ойларды еске түсіруге тырысатынмын. Зәбүр 19:14-тегі сөздер жиі ойыма келуші еді. Ехоба “Жартасым әрі Азат етушім” болу үшін, оның істері жайлы және қасиеттері жайлы ой жүгіртуім керектігін түсіндім. Бұған қоса, “Күзет мұнарасындағы” “Сен ешқашан жалғыз емессің” a деген мақала да ерекше жігер берді. Соны қайта-қайта оқи бердім. Ехобаға дұға ететін, зерттеу жүргізіп, ой жүгіртетін уақытты жақсы көретінмін. Өйткені сол кездері қасымда Ехоба бар екенін ерекше сезетінмін.
Корон аралына көшіп келген соң көп ұзамай ақсақал болып тағайындалдым. Менен басқа ақсақал болмағандықтан, апта сайынғы теократиялық қызмет мектебін, қызмет кездесуін, қауымның кітап зерттеу тобын және “Күзет мұнарасын” зерттеуді өзім жүргізетінмін. Апта сайын көпшілікке арналған баяндама айту да менің мойнымда еді. Бір сөзбен айтқанда, менде жалғызсырауға мүлдем уақыт қалмады.
Корондағы қызметім өте жемісті болды. Зерттеушілерімнің кейбірі шомылдыру рәсімінен өтті. Бірақ қиындықтар да болмады емес, болды. Кейде учаскеме жету үшін жарты күндей жаяу жүретінмін. Ол жаққа жеткен соң қай жерде түнейтінімді де білмейтінмін. Қауымымыздың уағыздайтын аумағына көптеген кіші аралдар кіретін. Сол аралдарға моторлы қайыққа отырып, буырқанған теңіздің бетімен жүзіп барушы едім. Ал өзім болса жүзуді де білмеймін. Осындай қауіпті сәттерде Ехоба мені қорғап, қолдап жүрді. Кейін ойлап қарасам, Ехоба мені осылай жаңа қызметке, жаңа қиындықтарға дайындаған екен.
ПАПУА — ЖАҢА ГВИНЕЯ
1978 жылы Австралияның солтүстігіндегі Папуа — Жаңа Гвинеяға тағайындалдым. Бұл ел — таулы ел. Көлемі Испанияның көлеміндей-ақ. Айналдырған 3 миллион халықтың 800-ден астам тілде сөйлейтінін біліп аң-таң болдым. Бірақ бір қуантатыны, адамдардың көбісі ток-писин деп те аталып кеткен меланезиялық пиджин тілінде сөйлейді екен.
Басында елдің астанасы Порт-Морсбидегі ағылшын қауымына уақытша тағайындалдым. Кейін ток-писин қауымына ауысып, тілді меңгеру үшін курсқа бара бастадым. Курстан білгендерімді бірден уағызда қолданып жүрдім. Соның арқасында тілді өзім ойлағаннан тезірек үйрендім. Тіпті аз уақыттың ішінде ток-писин тілінде көпшілікке арналған баяндама айттым. Бірақ бәрінен де таңғалдырғаны — келгеніме бір жыл болмай жатып-ақ ток-писин тіліндегі қауымдарға аудандық бақылаушы болып тағайындалдым. Сапар жасайтын аумағым үлкен-үлкен бірнеше провинциядан тұрды.
Қауымдар бір-бірінен алыс жатқандықтан, бірнеше аудандық конгрестер ұйымдастыруға тура келетін. Сондықтан мен көп жол жүретінмін. Бастапқыда өзімді жападан жалғыз сезіндім. Ел де, тіл де, мәдениет те — бәрі таныс емес, бәрі жаңа. Таулы-қырлы елде жолдың жоқтығы да
жағдайымды әжептеуір қиындатты. Апта сайын қауымдарға шашылып қалайын деп тұрған кішкентай ұшақпен баруға тура келетін. Кейде ұшақта менен басқа бірде-бір жолаушы болмайтын. Бұрын буырқанған теңіздің бетімен жүзген кездегідей, бұл кезде де жанымды шүберекке түйіп жүрдім.Көп адамда телефон болмағандықтан, ақсақалдарға көбінесе хат жазып жіберетінмін. Бірақ жиі хатымнан бұрын өзім жетіп қоятынмын. Сөйтіп, бауырластарды таба алмай, сұрастырып, іздеп жүретінмін. Бірақ бауырластарды тапқанда, олардың мені құшақ жая қарсы алып, жақсы көріп тұрғанын көргенде, бар қиындығымды ұмытып, қызметімді бағалап кететінмін. Ехоба мені барлық уақытта қолдап жүрді, соның арқасында онымен достығым бұрын-соңды болмағандай нығая түсті.
Бугенвиль аралындағы қауымға алғаш рет барғанда, бір ерлі-зайыпты күлімдеп қасыма келді. Олар менен: “Бізді ұмытқан жоқсыз ба?”— деп сұрады. Бұл ерлі-зайыптыға Порт-Морсбиге енді келген кезімде уағыздағаным есіме түсті. Олармен зерттеу сабағын бастап, кейін жергілікті бауырласқа тапсырып кеткен едім. Сөйтсем, екеуі де шомылдыру рәсімінен өтіпті. Папуа — Жаңа Гвинеяда үш жыл қызмет еткен уақытта көрген көптеген баталарымның біреуі осы болды.
ЕҢБЕКҚОР ШАҒЫН ОТБАСЫМ
1978 жылы Короннан кетпей тұрып, Адель деген бауырласпен танысқан едім. Ол өте сұлу, жанқияр болатын. Ол Сэмюэл және Ширли деген екі баласына тәрбие беріп, қарт анасына да қарап жүрді. Соған қарамастан ол тұрақты ізашар еді. Сөйтіп, мен Адельге үйлену үшін 1981 жылдың мамырында Филиппинге оралдым. Үйленгеннен кейін екеуміз де тұрақты ізашар болып, отбасымызға бірге қамқорлық көрсеттік.
Отбасылы болсам да, 1983 жылы арнайы ізашар болып тағайындалдым. Тағайындалған аумағым Палаван провинциясының Линапакан деген аралы еді. Сөйтіп, бүкіл отбасымызбен сол шалғай аралға көшіп бардық. Онда бір де бір Куәгер жоқ еді. Өкінішке қарай, Адельдің анасы шамамен бір жылдан кейін қайтыс болды. Бірақ қызметке барынша атсалысқанымыз бұл қайғыны жеңуге күш берді. Линапаканда зерттеушілердің саны көбейгені сонша — көп ұзамай-ақ Патшалық сарайына қажеттілік туындады. Содан өзіміз кішігірім Патшалық сарайын соғып алдық. Небәрі үш жылдың ішінде Еске алу кешіне келушілердің саны 110-ға жетті. Бұны көріп қуанышымызда шек болмады. Біз сол аралдан кеткеннен кейін, олардың көбісі шомылдыру рәсімінен өтті.
1986 жылы Кулион деген аралға тағайындалдым. Бірнеше жылдан кейін Адель де арнайы ізашар болды. Кулионда алапеспен ауыратын адамдар тұратын бір аумақ бар еді. Басында Адель екеуміз алапестен түрлері ұсқынсыз болып кеткен адамдарға уағыздауға қатты қорықтық. Бірақ жергілікті бауырластар олар арнайы ем қабылдап жүргендіктен, жұқтыру қаупі өте төмен екенін айтып сендірді. Сол алапес адамдардың кейбірі әйел бауырласымыздың үйінде өтетін қауым кездесуіне келе бастады. Кейін біз де ақырындап үйренісіп, оларға уағыздаудың бір ғанибет екенін Лұқа 5:12, 13).
түсіндік. Өздерін Құдайға да, адамға да керексіз сезініп жүрген бұл адамдар Киелі кітаптан үміт тапты. Ауруларынан әбден жүнжіп кеткен олар болашақта мінсіз денсаулыққа ие болатындарын естіп қуанғанда, жүрегіміз елжіреп кететін (Балаларымызға келсек, олар Кулионға тезірек үйренсін деп Короннан екі жас қыз бауырласты шақырдық. Соның арқасында балаларымыздың араласатын жақсы достары болды. Төртеуі көп баламен зерттеу сабағын өтетін. Ал Адель екеуміз сол балалардың ата-анасымен зерттейтінбіз. Бір кездері біз 11 отбасымен зерттеу сабағын өтіп жүрдік. Зерттеушілердің тез рухани алға басқандары сонша — көп ұзамай жаңа қауым құрылды.
Бастапқыда Кулионда менен басқа ақсақал болған жоқ. Сондықтан филиалдағы бауырластар менен Кулиондағы 8 жариялаушыға ғана емес, Марили деген ауылдағы 9 жариялаушыға да апта сайын қауым кездесулерін өткізіп тұруды сұрады. Ол ауылға біз қайықпен үш сағат жүзіп баратынбыз. Сол жерде қауым өткізіп болған соң, зерттеушілермен сабақ өту үшін бүкіл отбасымызбен көрші ауыл Халсиге кететінбіз. Ол жаққа жету үшін таулы-қырлы жерлермен сағаттап жаяу жүретінбіз.
Марилиде де, Халсиде де көп адам шындыққа келгендіктен, екі жерде де Патшалық сарайын соқтық. Линапакандағыдай бұл жақта да Патшалық сарайларын соғуға, құрылысқа қажетті заттарды табуға бауырластар мен қызығушылар көп атсалысты. Марилидегі Патшалық сарайы 200-дей адамды сыйдыратын. Оны кеңейтуге де болатындықтан, конгрестерді де сол жерде өткізіп тұрдық.
ҚАЙТА МЕҢДЕГЕН ЖАЛҒЫЗДЫҚ ПЕН ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚУАНЫШ
Балаларымыз есейген соң, Адель екеуміз 1993 жылы Филиппинде аудандық қызметті бастадық. Кейін мен Қызметті жетілдіру мектебінде тәлім беруді үйрену үшін 2000 жылы сол мектепке шақырылдым. Бастапқыда мен тәлімгер болуға дайын емеспін деп ойладым. Бірақ Адель әдеттегідей мені қанаттандырып, бойыма сенімділік ұялатты. Ол маған бұл жаңа қызметті атқаруға Ехобаның өзі күш беретінін айтып жігерлендірді (Філіп. 4:13). Бұндай сөздер Адельдің аузынан салмақты естілді. Өйткені ол денсаулығы кәдімгідей сыр берсе де, еш берілмей, қызметін атқарып жүрген еді.
Қызметті жетілдіру мектебінде тәлім беріп жүргенімде Адельдің Паркинсон ауруына шалдыққанын білдік. Бұл 2006 жыл еді. Біз не істерімізді білмей есеңгіреп қалдық. Оған күтім жасау үшін қызметімді тоқтатпақ болғанда, Адель: “Сен одан да маған қарайтын дәрігер тауып бер. Қызметімізді әрі қарай жалғастыра берейік. Ехоба бізге міндетті түрде көмектеседі”,— деді. Содан не керек, Адель өміріне еш шағымданбай, Ехобаға алты жыл бойы адал қызмет етті. Жүре алмай қалған кезінде мүгедектер арбасында отырып уағыздады. Ал сөйлей алмай қалғанда, бір-екі сөз айтып қауымда түсініктеме берді. Бауырластар оны тамаша үлгісі мен табандылығы үшін мақтап, үзбей хаттар жазып жүрді. Адель 2013 жылы өмірден өтті. Адал әрі сүйікті жарыммен 30 жыл өмірім тамаша өткен еді. Ал енді қайтадан жаным құлазып, жападан жалғыз қалдым.
Мен қызметімді тоқтатпай, жалғастыра бердім. Өйткені Адельдің қалауы осы еді. Қызметтен қолым босамағандықтан, жалғыздық сезімімен күресу жеңілдеу болды. 2014 пен 2017 жылдар аралығында ісімізге шектеу қойылған елдерді аралап, тагаль тілінде сөйлейтін қауымдарға сапар жасап жүрдім. Кейін Тайваньдағы, Құрама Штаттардағы және Канададағы тагаль тілінде өтетін қауымдарға да баратын болдым. Ал 2019 жылы Үндістан мен Таиландта ағылшын тілінде өткен Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте тәлім бердім. Бұл қызметтің бәрінен көп қуаныш таптым. Ехобаның ісіне өзімді түгелдей арнаған кезде, өзімді кәдімгідей бақытты сезінемін.
ЕШҚАШАН КӨМЕКСІЗ ҚАЛМАДЫМ
Қызметің ауысқанда жаңа бауырластарды кездестіріп, оларды жақсы көріп кетесің. Бірақ кетеріңде оларды қимай қиналасың. Осындай жағдайлардың арқасында Ехобаға толықтай сенім артуды үйрендім. Ехоба мені ешқашан көмексіз, қолдаусыз қалдырған емес. Бұл маған өмірімдегі өзгерістерді мойымай қабылдауға көмектесті. Қазір мен Филиппинде арнайы ізашар болып қызмет етемін. Жаңа қауымыма кәдімгідей үйреніп қалдым. Олар менің қамқоршы отбасыма айналды. Сэмюэл мен Ширли де аналары сияқты адал қызмет етіп жүргенін көріп қуанамын (Жох. 3-х. 4).
Мен өмірде біраз қиындық көрдім. Аяулы жарыңның аурудан қиналып, өмірден өткенін көрудің не екенін білемін. Қаншама рет жаңа жағдайға бейімделуге тура келді. Бірақ барлық кезде көзім жеткені — Ехоба “әрқайсысымыздан алыс емес” (Ел. іс. 17:27). “Ехобаның қолы құтқара алмайтындай қысқа емес” (Ишая 59:1). Ол өзінің қызметшілерін әрдайым, тіпті арал асып шалғай жерде жүрсе де, қолдап, қуаттап жүреді. Ехоба өмір бойы менің жартасым болып келеді, мен оған шексіз ризамын. Расымен де, мен ешқашан жалғыз қалған емеспін.
a 1972 жылғы “Күзет мұнарасының” (ағл.) 1 қыркүйектегі санының 521—527 беттерін қараңыз.