Нағыз дос бола біліңіз
ҚИЫН шақта қасыңыздан ешкім табылмай, жалғызсыраған кезіңіз болған ба? “Ерекше қиын уақытта” өмір сүріп жатқандықтан, жиі көңіліміз түсіп, жиі жалғызсырайтын шығармыз (Тім. 2-х. 3:1). Бірақ басымызға қиын күн туғанда жалғыз емес екенімізді естен шығармайық. Киелі кітапта “қиын шақта” нағыз достар демеу болатыны айтылған (Нақ. с. 17:17).
НАҒЫЗ ДОС ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Елші Пауыл миссионерлік сапарда жүргенде достары қасында болып, көп қолғабыс етті (Қол. 4:7—11). Римде түрмеде отырғанда да достары көмекке келіп, оның істері мен міндеттерін өз мойындарына алды. Мысалы, Епафродит Філіпідегі бауырластар беріп жіберген заттарды Пауылға әкеліп берген (Філіп. 4:18). Тихик болса Пауылдың хаттарын әртүрлі қауымдарға жеткізген (Қол. 4:7). Достарының осындай қолдауының арқасында Пауыл үй қамауында да, кейін түрмеде отырғанда да қызметін тоқтатпай атқара берді. Сіз де Пауылдың достарынан үлгі алып, нағыз дос бола біліңіз.
Біздің күндерімізде де нағыз дос болып жүрген бауырластар жетерлік. Мысалы, Испанияда тұрақты ізашар болып қызмет ететін Элизабет қиын шақта қасынан табылған бір әйел бауырласқа өте риза. Элизабеттің анасы қатерлі ісікке шалдыққанда, ол Киелі кітап тармақтарын келтіріп, жігерлендіретін біраз хабарламалар жіберген екен. Элизабет былай дейді: “Сол хабарламаларды оқығанда, мені де ойлайтын біреу бар екенін ғой деп, бойыма кәдімгідей күш бітетін” (Нақ. с. 18:24).
Бауырластарға уағызға шығуға не қауымға баруға көмектессек, бұл да достығымызды нығайтады. Мысалы, қарт бауырласты қауымға не қызметке апарып-әкеле аласыз ба? Бұл өзара жігерленудің керемет мүмкіндігі (Рим. 1:12). Өкінішке қарай, кейбір бауырластарымыз денсаулыққа не басқа жағдайларға байланысты үйлерінен шыға алмайды. Ондай кезде нағыз дос екенімізді қалай көрсетсек болады?
ҮЙДЕН ШЫҒУҒА МҮМКІНДІГІ ЖОҚ БАУЫРЛАСТАРҒА НАҒЫЗ ДОС БОЛА БІЛІҢІЗ
Кейбір бауырластар денсаулығына не басқа да жағдайларға байланысты қауым кездесулеріне келе алмайды. Лимфома ауруына шалдыққан Дэйвидтің жағдайын қарастырайық. Ол жарты жылдан аса уақыт бойы химиотерапия алған. Ем қабылдаған уақытта Дэйвид әйелі Лидиямен қауымға онлайн қатысып жүрген.
Олар қауымдағы достарынан қандай қолдау көрді? Патшалық сарайындағы кейбір бауырластар қауым кездесуінен кейін қалып, олармен видеоконференция арқылы сөйлескен. Дэйвид пен Лидия түсініктеме бергенде, бауырластар оларды мақтап, жігер беретін хабарламалар
жазып жүрген. Соның арқасында олар өздерінің жалғыз емес екенін түсінген екен.Үйден шығуға мүмкіндігі жоқ бауырластармен бірге қызмет ете аласыз ба? Жоспарымызды сәл өзгертіп, оларға көңіл бөлсек, қол-аяқтары жіпсіз байланған аяулы бауырластарымызды ұмыт қалдырмағанымызды көрсетеміз (Нақ. с. 3:27). Ондай бауырластармен хат не телефон арқылы уағыздасаңыз болады. Ақсақалдар бұл бауырластардың уағыз кездесуіне видеоконференция арқылы қосылуына қам жасай алады. Бұндай шара үшін Дэйвид пен Лидия да риза болды. “Уағыз кездесуіндегі қысқаша талқылау мен дұғаның өзі кәдімгідей жігер беретін”,— дейді Дэйвид. Үйден шығуға мүмкіндігі жоқ бауырластармен қызметтесудің тағы бір жолы — қауіпсіз әрі орынды болса, зерттеушіңізді сол бауырластардың үйіне шақырып, зерттеу сабағын сол жерде өту.
Үйден шығуға мүмкіндігі жоқ бауырластармен қызметтескенде, олардың көркем қасиеттеріне куә боламыз. Бұл да достықты нығайтады. Мысалы, олардың қалай уағыздайтынына және Құдай Сөзін қалай шебер қолданатынына тәнті болып, оларға деген құрметіңіз артуы мүмкін. Бауырластарыңызға рухани істерде қолғабыс етсеңіз, достарыңыздың қатары көбейері сөзсіз (Қор. 2-х. 6:13).
Тит қиын шақта досы Пауылдың қасынан табылып, оның жанына жұбаныш берген (Қор. 2-х. 7:5—7). Титке еліктеп, біз де бауырластарды тек сөзбен ғана қолдап қоймай, қиын сәтте қасынан табылып, қолымыздан келгенше көмек көрсетейік (Жох. 1-х. 3:18).
ҚУҒЫН-СҮРГІН КЕЗІНДЕ БАУЫРЛАСТАРҒА НАҒЫЗ ДОС БОЛА БІЛІҢІЗ
Ресейдегі бауырластарымыз бір-бірін қолдап, тамаша үлгі көрсетіп жүр. Мысалы, Сергей мен Татьянаның жағдайын алайық. Полиция қызметкерлері үйлерін тінтіп, кейін олардың өздерін тергеуге алып кеткен. Алдымен олар Татьянаны босатып, үйіне жіберген. Сергей былай дейді: “Татьяна үйге келген бойда бір әйел бауырлас еш қорықпай үйімізге келіпті. Кейін басқа да достарымыз келіп, тінтуден астан-кестені шыққан пәтерімізді жинасқан екен”.
Сергей тағы былай дейді: “Нақыл сөздер 17:17 — менің сүйікті тармағым. Онда: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— делінген. Басымнан өткен қуғын-сүргін кезінде бұл сөздердің растығына одан сайын көзім жетті. Нағыз достарым болмағанда, бұл қиындықты жеңуге өз күшім жетпес еді. Қасымнан табылған батыл достарым — Ехобаның сыйы” a.
Дүниедегі жағдай ушыққан сайын қиындықтарымыз да көбейеді. Сондықтан сүйеніш болатын достар бізге ауадай қажет. Ал зор алапат кезінде мұндай достарға одан бетер зәру боламыз. Ендеше, қазірден бастап нағыз дос бола білейік! (Пет. 1-х. 4:7, 8).
a jw.org сайтынан “Батыл достарым — Ехобаның сыйы” (ор.) деген мақаланы оқып көріңіз.