Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ізгі бағушының даусына құлақ салыңыз

Ізгі бағушының даусына құлақ салыңыз

“Олар менің даусыма құлақ салады” (ЖОХ. 10:16).

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

АҢДАТПА *

1. Иса ізбасарларын қойларға теңеуінің бір себебі қандай?

 ИСА ізбасарларымен қарым-қатынасын бағушы мен қойлардың арасындағы қарым-қатынасқа теңеген (Жох. 10:14). Өйткені қойлар бағушысын таниды әрі даусына ереді. Бір саяхатшы осыны байқаған екен. Ол былай дейді: “Біз қойлармен суретке түскіміз келіп, оларды шақырдық. Бірақ даусымызды танымағандықтан, олар орындарынан қозғалмады. Сосын оларды бағып жүрген қойшы бала шақырып еді, бәрі жүгіріп келе қойды”.

2, 3. а) Исаның даусына құлақ салып жатқанымызды қалай көрсетсек болады? ә) Осы және келесі мақала не жайында?

2 Осы саяхатшымен болған жағдай Исаның: “Олар менің даусыма құлақ салады”,— деп шәкірттері жайлы айтқан сөздерін еске салады (Жох. 10:16). Бірақ Иса қазір көкте ғой, біз оның даусына қалай құлақ сала аламыз? Бұның ең басты жолы — оның тәлімдерін өмірде қолдану (Мат. 7:24, 25).

3 Исаның кейбір тәлімдерін осы және келесі мақалаларда қарастырамыз. Ол бізге кейбір істерді доғаруымыз керектігін, ал басқаларын істеуіміз керектігін айтқан. Ендеше қазір істемеуіміз керек екі нәрсеге тоқталайық.

“САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНУДЫ ҚОЙЫҢДАР!”

4. Лұқа 12:29-ға сай, қандай нәрселер бізді сарыуайымға салады?

4 Лұқа 12:29 оқыңыз. Иса тіршілік қамын уайымдап, “сарыуайымға салынуды қоюды” айтқан. Иса бізге әрдайым дұрыс әрі тиімді кеңестер беретіндіктен, оған құлақ асқымыз келеді. Бірақ кейде уайым бізді бәрібір меңдеп алады. Неліктен?

5. Кейбіреулер күнкөріс қамын неге уайымдайды?

 5 Кейбір адамдар ішер ас, киер киім, тұратын баспананы ойлап уайымдайды. Кедей елде тұрғандықтан, оларға бала-шағаларын асырау қиын шығар. Немесе бүкіл отбасын асырап отырған адам қайтыс болған шығар. Кейбіреулер COVID-19 пандемиясының кесірінен жұмыстарынан айырылған немесе табыстары азайып кеткен (Уағ. 9:11). Егер сіз де осындай қиындықтарға кезігіп жүрсеңіз, Иса айтқандай, уайымдауды қою үшін не істесеңіз болады?

Күнкөріс қамының уайымына батқанша, Ехобаға көбірек сенім артуды үйренейік (6—8 абзацтарды қараңыз) *

6. Петірмен болған бір жағдайды айтып беріңіз.

6 Бірде елші Петір өзге елшілермен бірге қайыққа отырып, Ғалилея теңізімен жүзіп келе жатты. Ол кезде теңізде дауыл тұрып тұрған еді. Кенет олар су бетімен келе жатқан Исаны көрді. Сонда Петір оған: “Ием, егер бұл сіз болсаңыз, өзіңізге су бетімен келуге бұйыра көріңіз”,— дейді. Иса: “Кел!”— дегенде, ол қайықтан шығып, су бетімен оған қарай жүрді. Бірақ дауылды көргенде, Петір қорқып кетті. Сөйтіп, суға бата бастады да: “Ием, құтқара көріңіз!”— деп айқайлап жіберді. Сонда Иса қолын беріп, оны құтқарып алды. Петір Исаға көз тіккен кезде, судың бетімен жүре алды. Ал назары дауылға ауғанда, қорқыныш пен күмәнға бой алдырып, суға бата бастады (Мат. 14:24—31).

7. Петірдің оқиғасынан қандай сабақ аламыз?

7 Петірдің оқиғасынан қандай сабақ аламыз? Ол қайықтан шығып, су бетімен жүре бастағанда, алаңдап кетіп, суға батамын деп ойламады. Ол Ұстазына жеткенге дейін су бетімен жүргісі келді. Бірақ ол соңына дейін Исаға назар тігудің орнына дауылға алаңдап кетті. Әрине, бүгінде біз су бетімен жүре алмаймыз, бірақ сенімімізді сынға алатын көптеген қиындықтарға кезігеміз. Егер назарымызды Ехобадан және оның уәделерінен тайдырып алсақ, бейнелі мағынада суға бата бастаймыз. Өмірде қандай дауылға кезікпейік, бар назарымызды Ехобаға және оның күшіне аударуымыз керек. Бұны қалай істей аламыз?

8. Күнкөріс қамын шектен тыс уайымдамауға не көмектеседі?

8 Біз қиындықтарымызды ойлап, уайымдаудың орнына Ехобаға арқа сүйеуіміз керек. Ехобаның мына бір уәдесін ұмытпайық: рухани істерді бірінші орынға қойсақ, ол біздің материалдық қажеттіліктерімізді міндетті түрде қамдайды (Мат. 6:32, 33). Ехоба осы уәдесінде тұратынын талай рет дәлелдеген (Мұс. 5-ж. 8:4, 15, 16; Зәб. 37:25). Егер Ехоба тіпті гүлдер мен құстардың қамын ойласа, бізге не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдаудың еш қажеті жоқ! (Мат. 6:26—30; Філіп. 4:6, 7). Балаларын жақсы көргендіктен ата-ана олардың қамын ойлайтыны сияқты, Ехоба да өз халқын жақсы көргендіктен олардың қамын ойлайды. Иә, Ехоба қажетімізбен қамдайтынына еш күмәнданбасақ болады!

9. Бір ерлі-зайыптының оқиғасынан не үйренеміз?

9 Ехоба қажетімізбен қалай қамдайтынына бір мысал келтірейік. Толық уақыт қызмет ететін бір ерлі-зайыпты ескі көліктерімен бір сағаттай жол жүріп, босқындар лагерінде тұратын әйел бауырластарымызды қауым кездесуіне алып келеді. Ер бауырлас былай дейді: “Жиналыстан кейін біз әйел бауырластарды үйге тамақ ішуге шақырдық, бірақ кейін үйімізде оларға беретін еш нәрсеміз жоқ екені есімізге түсті”. Бірақ олар бәрібір қонақтарды үйлеріне алып келеді. “Үйге келсек, есік алдында азық-түлікке толы екі дорба тұрды. Оны кім қалдырып кеткенін білмейміз, бірақ бар білетініміз — Ехоба біздің қамымызды жасады”,— дейді ер бауырлас. Кейін бұл ерлі-зайыптының көліктері бұзылып қалады және оны жөндеуге ақшалары болмайды. Бұл көлік оларға қызметке шығуға қажет болатын. Көлік жақын маңдағы жөндеу гаражында тұрғанда, бір ер кісі келіп: “Мынау кімнің көлігі?”— деп сұрайды. Сонда ер бауырлас: “Бұл менің көлігім, оны жөндеу керек”,— деп айтады. Сонда әлгі кісі: “Бұл маңызды емес. Менің әйеліме дәл осындай түсті, дәл осындай көлік керек. Бұған қанша сұрайсың?”— дейді. Ер бауырлас басқа көлік сатып алуға жететіндей ақша алады. Ол былай деді: “Сол күні қуанышымызда шек болмады! Бұл — жай ғана кездейсоқ жағдай емес. Бұл Ехобаның қолы болды”.

10. Күнкөрісті уайымдамауға Зәбүр 37:5 қалай көмектеседі?

10 Ізгі бағушымызға құлақ салып, күнкөріс қамын шектен тыс уайымдауды қойсақ, Ехоба бізді міндетті түрде қажетімізбен қамдайды (Зәбүр 37:5 оқыңыз; Пет. 1-х. 5:7).  Бесінші абзацтағы жағдайларға оралайықшы. Ехоба бізге осы уақытқа дейін отағамыз немесе жұмыс берушіміз арқылы қажетімізді беріп келген шығар. Ал енді отағасы қайтыс болып, не басқа да бір себеппен асырай алмаса немесе жұмысымыздан айырылып қалсақ, Ехоба әрі қарай да басқа жолдармен қамымызды жасай бермек. Ізгі бағушымыз бізге тағы не істеуді доғарыңдар дейтінін келесі тақырыпшадан білейік.

“АЙЫПТАУДЫ ДОҒАРЫҢДАР”

Адамның сыртына қарап тон пішуді доғарсақ, айыптауды да доғарамыз (11, 14—16 абзацтарды қараңыз) *

11. Матай 7:1, 2-ге сай, Иса нені доғарыңдар деген және неге бұл кейде қиынға соғады?

11 Матай 7:1, 2 оқыңыз. Иса адамдардың кемелсіз екенін және өзгелерді сынап-мінеуге бейім екенін жақсы білген. Сондықтан ол: “Айыптауды доғарыңдар”,— деген. Біз бауырластарымызды айыптамауға көп күш саламыз. Бірақ кемелсіз болғандықтан, кейде бәрібір айыптап қоямыз. Сондай кезде не істегеніміз дұрыс? Исаға құлақ салып, айыптауды доғаруға барынша тырысайық.

12, 13. Ехобаның Дәуіт патшаға қалай қарағанынан басқаларды айыптауды доғаруға қатысты қандай сабақ аламыз?

12 Бізге Ехобаның үлгісі жайында ой жүгірткеніміз көмектеседі. Ол адамның жақсы жақтарына көбірек назар аударады. Бұны Дәуіт патшамен болған жағдайлардан білеміз. Ол Барсабиямен азғындық жасады, кейін тіпті күйеуін өлтіртті (Сам. 2-ж. 11:2—4, 14, 15, 24). Осындай күнәсінан Дәуіттің өзі ғана емес, оның бүкіл отбасы, соның ішінде басқа әйелдері де зардап шекті (Сам. 2-ж. 12:10, 11). Басқа бір жолы Дәуіт Ехобаға толық сенім артпай, Исраилде жауынгерлерді санақтан өткізді. Осылай Ехоба бұйырмаған нәрсені істеп, күнә жасады. Ол әскерінің көптігін мақтан тұтып, соған сенім артқандықтан осылай етсе керек. Бұның нәтижесінде 70 000 исраилдік індеттен көз жұмды (Сам. 2-ж. 24:1—4, 10—15).

13 Сіз сол заманда Исраилде өмір сүрген болсаңыз, Дәуітке қалай қарар едіңіз? Ол Ехобаның кешіріміне лайық емес деп ойлар ма едіңіз? Бірақ Ехоба бұлай ойламады. Ол Дәуіттің осы уақытқа дейін адалдық сақтап келгеніне және шын өкінгеніне мән бергендіктен, оның ауыр күнәларын кешірді. Ехоба Дәуіттің оны қаншалықты сүйетінін және дұрыс әрекет еткісі келетінін жақсы білді. Біз Құдайдың жақсы қасиеттеріміз бен жақсы істерімізге назар аударатынына өте ризамыз, солай емес пе?! (Пат. 1-ж. 9:4; Шеж. 1-ж. 29:10, 17).

14. Мәсіхшілерге өзгелерді айыптауды доғаруға қандай ой қалып көмектеседі?

14 Ехоба күнәкар адамдардан кемелділікті күтпейді, сол сияқты біз де басқалардан кемелділікті күтпей, керісінше, жақсы жақтарына назар аударайық. Біреудің кемшілігін байқап, бойынан мін табу түк те қиын емес. Бірақ рухани адам біреудің кемшіліктерін көрсе де, онымен жақсы қарым-қатынаста болады. Әдетте, табиғи күйдегі алмаз күңгірт әрі көріксіз болады. Бірақ дана адам оны кесіп, жонғаннан кейін, өте әдемі гауһар тасқа айналатынын біледі. Сол сияқты біз де Ехоба мен Исаға еліктеп, адамның сыртқа білініп қалатын кемшіліктеріне емес, жақсы қасиеттеріне көбірек мән берейік.

15. Неліктен біреудің жағдайын ескергеніміз оны айыптамауға көмектеседі?

15 Басқаларды айыптамауға олардың жақсы қасиеттеріне назар аударудан бөлек, тағы бір нәрсе көмектеседі. Бұл — олардың өмірлері жайлы ойланып, жағдайларын ескеру. Бірде ғибадатханада Иса садақа жәшігіне бір кедей жесір әйелдің құны өте аз екі тиын салғанын көреді. Сонда Иса: “Неге ол көп салмайды?”— деді ме? Жоқ, Иса оның қанша бергеніне емес, жағдайына және ниетіне назар аударды. Ол кедей жесір әйелді қолынан келгеннің бәрін істегені үшін мақтады (Лұқа 21:1—4).

16. Вероникамен болған жағдайдан қандай сабақ аламыз?

16 Біреудің жағдайын ескеру қаншалықты маңызды екенін Вероника деген бауырластың оқиғасынан білеміз. Ол қызмет еткен бір қауымда бір ұлы бар жалғызбасты әйел бауырлас болған екен. “Олар қауымның істеріне онша араласпайтындай көрінетін, сондықтан мен олар жайында жақсы ойда болмадым. Кейін анасымен қызметке шыққанымда, ұлы аутизммен ауыратынын білдім. Ұлының тәндік әрі рухани денсаулығы үшін ол көп тер төгеді екен. Ұлы қатты қиналған күндері ол басқа қауымның кездесулеріне қатысады екен”,— дейді Вероника. “Мен оның осылай қиналып жүргенін қайдан білейін? Ехобаға қызмет етіп, барын салып жүргені үшін мен оны қазір қатты бағалаймын және құрметтеймін”.

17. Біз Жақып 2:8-ге сай, не істеуіміз керек және бұлай етуге не көмектеседі?

17 Егер бір бауырласты айыптаған болсаңыз, не істегеніңіз жөн? Біз бір сенімдегілерді сүюіміз керектігін ұмытпаңыз (Жақып 2:8 оқыңыз). Сондай-ақ Ехобаға жалбарына дұға етіп, айыптауды доғаруға көмектесуін сұраңыз. Сосын, дұғаңызға сай, сол бауырласқа жақындап, сөйлесіңіз. Онымен бірге уақыт өткізіңіз. Мысалы, уағыздауға немесе тамаққа шақырсаңыз болады. Осылай оны жақсырақ таныған сайын, Ехоба мен Исаға еліктеп, оның жақсы жақтарын көре аласыз. Сонда ізгі бағушымыз сіздің “айыптауды доғарыңдар” деген бұйрыққа құлақ асып жатқаныңызды көріп, сізге риза болады.

18. Ізгі бағушымыздың даусына құлақ салып жүргенімізді қалай көрсетеміз?

18 Қойлар бағушысының даусына құлақ салатынындай, Исаның ізбасарлары да оның даусына құлақ салады. Біз күнкөріс қамын уайымдауды және өзгелерді айыптауды доғаруға күш салсақ, Ехоба мен Иса бұған батасын береді. Ендеше, “кішкене отардан” болайық, “басқа қойлар” болайық — барлығымыз да ізгі бағушымыздың даусына құлақ салып, мойынсұна берейік! (Лұқа 12:32; Жохан 10:11, 14, 16). Келесі мақалада Иса ізбасарларына істеулері керек қандай екі нәрсені айтқанын білеміз.

101-ӘН Бірлесе қызмет етейік

^ 5-абзац Исаның “қойларым даусыма құлақ салады” дегені шәкірттері одан тәлім алып, соған сай әрекет ететіндерін білдіреді. Осы мақалада біз Исаның тәлімдерінің екеуіне назар аударамыз. Біріншісі — материалдық қажеттіліктерімізді ойлап уайымдамау. Екіншісі — өзгелерді айыптауды доғару. Қазір Исаның осы кеңестерін өмірімізде қалай қолдана алатынымызды көрейік.

^ 51-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас жұмысынан айырылып қалды, отбасына қажеттінің бәрін алуға ақшасы жоқ және тұратын жаңа жер табуы керек.

^ 53-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас қауымға кешігіп келді. Бірақ ол бейресми куәлік беріп, қарияларға қол ұшын беріп және Патшалық сарайын күтіп ұстауға көмектесіп, жақсы қасиеттер танытады.