Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Исаны тыңдай беріңіз!

Исаны тыңдай беріңіз!

“Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!” (МАТ. 17:5).

54-ӘН Міне, жол!

АҢДАТПА *

1, 2. а) Құдай үш елшіге не деп бұйырды және олар бұған құлақ асты ма? ә) Осы мақалада не талқылаймыз?

 БІЗДІҢ заманымыздың 32 жылы Құтқарылу мейрамы өткен соң, Хермон тауында болса керек, Петір, Жақып, Жохан үшеуі бір керемет аян көрді. “Олардың алдында Исаның сырт көрінісі өзгеріске түсіп, бет әлпеті күндей жарқырады, киімі де жарқырап сәуле шашты” (Мат. 17:1—4). Сосын аянның соңына таман елшілер Құдайдың: “Бұл — менің сүйікті Ұлым. Мен оған ризамын! Оны тыңдаңдар!”— деген даусын естіді (Мат. 17:5). Расында да, бұл үш елші өмір бойы Исаны тыңдап өтті. Біз де солай еткіміз келеді.

2 Алдыңғы мақаладан біз Исаны тыңдап, кейбір істерді доғаруымыз керектігін білдік. Ал бұл мақалада біз істеуіміз керек екі нәрсені білеміз.

“ТАР ҚАҚПА АРҚЫЛЫ КІРІҢДЕР”

3. Матай 7:13, 14-ке сай, біз не істеуіміз қажет?

3 Матай 7:13, 14 оқыңыз. Иса екі қақпа туралы айтқан. Олардың біреуі “даңғыл” жолға түсірсе, екіншісі “тар” жолға түсіреді. Бұдан басқа жол жоқ. Сондықтан бізге осы екі жолдың біреуін таңдау қажет. Бұл — өмірімізде қабылдайтын ең маңызды шешім, өйткені мәңгілік өмір сүру-сүрмеуіміз соған байланысты.

4. “Даңғыл” жол деген қандай жол?

4 Біз осы екі жолдың қандай айырмашылығы бар екенін ұмытпауымыз керек. “Даңғыл” жолмен жүру оңай болғандықтан, көп адам сол жолды таңдаған. Өкінішке қарай, көп адам басым көпшіліктің соңынан еріп, сол жолда жүре бергісі келеді. Бірақ бұл жолда оларды Ібіліс Шайтанның жетелеп келе жатқанын және оның ақыры өлімге апаратынын түсінбейді (Қор. 1-х. 6:9, 10; Жох. 1-х. 5:19).

5. “Тар” жолды тауып, сонымен жүру үшін кейбіреулер қалай күш салды?

5 Ал “тар” жолды табатындар аз. Неліктен? Бұның себебін білу үшін Иса дәл осы тармақтан кейін не дегеніне көңіл бөлейікші. Ол ізбасарларына жалған пайғамбарлардың шығатынын ескерткен (Мат. 7:15). Қазіргі кезде әлемде мыңдаған дін бар, әрі олардың бәрі дерлік ақиқатты үйретеміз дейді. Діннің көптігі сонша — миллиондаған адам шатасып, қолдарын бір сілтеп, өмірге апаратын жолды іздеуді қойған. Бірақ ол жол бар және оны табуға болады. Иса былай деген: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді” (Жох. 8:31, 32). Ал сіз жарайсыз, өйткені көптің ағымына ермей, шындықты іздей бердіңіз! Құдайдың талаптарын білу үшін, оның Сөзін мұқият зерттей бастадыңыз, Исаның тәлімдеріне құлақ түрдіңіз. Сондай-ақ жалған діннің ілімдерінен бас тарттыңыз және содан бастау алған мейрамдарды тойламайтын болдыңыз. Сіз Ехобаның талабын орындап, оған ұнамайтын істерден бас тарту оңай емес екенін де түсіндіңіз (Мат. 10:34—36). Десе де өміріңізде өзгерістер жасауға тырыса бердіңіз. Өйткені көктегі Әкеңізді жақсы көрдіңіз және оны қуантқыңыз келді. Ол сізге риза болғанында сөз жоқ! (Нақ. с. 27:11).

ТАР ЖОЛДАН ТАЙМАУ ҮШІН...

Құдайдың кеңестері мен нормаларын ұстансақ, “тар” жолдан шығып кетпейміз (6—8 абзацтарды қараңыз) *

6. Зәбүр 119:9, 10, 45, 133-тармақтарға сай, “тар” жолдан шығып кетпеуге не көмектеседі?

6 “Тар” жолға аяқ басқаннан кейін, сол жолдан ауытқып кетпеуімізге не көмектеседі? Мынадай бір мысал келтірейік: әдетте тауға көтерілетін жіңішке жолдардың жиегінде темір қоршаулар орнатылады. Олар не үшін керек? Олар көлікпен келе жатқан жүргізушіні жолдан шығып кетуден және құздан құлап кетуден сақтап тұрады. Әрине, ешбір жүргізуші “осы темір қоршаулар керек емес, көлікті еркін айдатқызбайды” деп наразы болмайды ғой! Құдайдың Киелі кітаптағы нормалары да дәл осы қоршаулар сияқты. Олар “тар” жолдан шығып кетуден сақтайды (Зәбүр 119:9, 10, 45, 133 оқыңыз).

7. Жастардың тар жолға деген көзқарасы қандай болу керек?

7 Жастар, сендерде “Ехобаның нормаларын ұстансам, өз қалауымша жүріп-тұра алмай қаламын” деген ой бола ма? Шайтан осылай ойлағандарыңды қалайды. Даңғыл жолмен кетіп бара жатқандар өмірдің нағыз рақатын көріп жүргендей көрінуі мүмкін. Шайтан сендердің соларға қызыққандарыңды қалайды. Ол сыныптастарың немесе интернеттен көргендерің арқылы сендерді бар қызықтан құр қалып жүргендей сезіндіргісі келеді. Әрі бұған кінәлі — Ехобаның нормалары деген ой салғысы келеді *. Бірақ, қымбатты жастар, мынаны ұмытпаңдар: Шайтан даңғыл жолмен кетіп бара жатқандармен түбінде не болатынын жасырады. Ал Ехоба болса өмірге апаратын жолмен жүретіндерді алда қандай керемет сый күтіп тұрғанын нақты айтып отыр (Зәб. 37:29; Ишая 35:5, 6; 65:21—23).

8. Жастар, Олафтан не үйрендіңдер?

8 Олаф деген жас бауырластан не үйрене алатындарыңды қарастырып өтейікші *. Сыныптастары оны қыздармен жақындасуға көндіргісі келеді. Ол Киелі кітаптағы жоғары нормалармен өмір сүретінін айтқанда, кейбір қыздар бәстесіп, оны жыныстық қатынасқа көндірмейінше қоймаймыз дейді. Бірақ Олаф еш берілмейді. Бұдан бөлек, ол тағы бір сынаққа кезікті. Ол былай дейді: “Мұғалімдерім мені жоғары білім алуға барынша көндіргісі келді. —Сонда ғана абыройлы, құрметті боласың, өмірде жетістікке жетудің жалғыз жолы — сол,— деді”. Олафқа қысымға беріліп қалмауға не көмектесті? “Мен қауымдағы бауырластармен жақын дос болуға тырыстым. Біз бір отбасындай болып кеттік. Киелі кітапты жақсырақ зерттеуді де қолға алдым. Тереңірек зерттеген сайын, шындықта жүргеніме көзім жете берді. Осының арқасында Ехобаға қызмет етемін деген шешімімде нық тұрдым”,— дейді ол.

9. Тар жолда қала бергіміз келсе, не істеуіміз керек?

9 Шайтан сізді көпшілікке еріп, “жойылуға апаратын” даңғыл жолға түссе екен дейді. Сондықтан ол сізді өмірге апаратын жолдан шығаруға тырысып бағады (Мат. 7:13). Алайда Исаға әрі қарай да құлақ ассақ және тар жолдың өзімізге қорғаныш екенін ұмытпасақ, сол жолда қала береміз. Ал енді істеуіміз керек екінші нәрсеге көшейік.

“ОНЫМЕН ТАТУЛАС”

10. Иса Матай 5:23, 24-те айтқандай, біз не істеуіміз керек?

10 Матай 5:23, 24 оқыңыз. Иса Таудағы уағызында яһудилердің өміріндегі өте маңызды бір жағдайды келтірді. Ғибадатханаға келген бір яһудиді елестетіңізші. Ол құрбандыққа алып келген малын діни қызметкерге бергелі тұр. Бірақ сол сәтте бір бауырласының оған реніші бар екені есіне түсіп кетеді. Сонда ол құрбандығын тастай сала, ғибадатханадан кету керек еді. Не үшін? Ехобаға құрбандық ұсынудан да маңызды не болуы мүмкін? “Барып, алдымен онымен татулас”,— деді Иса.

Кішіпейілділік танытып, ағасымен татуласқан Жақыпқа еліктейсіз бе? (11, 12-абзацтарды қараңыз) *

11. Жақып ағасымен татуласуға қалай күш салды?

11 Рубасы Жақыптың өмірінде болған бір жағдайдан татуласуға қатысты маңызды сабақ аламыз. Ол туған жерінен жырақта жүргеніне 20 жылдай болғанда, Құдай періштесі арқылы оған үйіне қайтуды бұйырады (Мұс. 1-ж. 31:11, 13, 38). Бірақ бір қиын мәселе бар еді. Кезінде ағасы Есау оны өлтіргісі келген болатын (Мұс. 1-ж. 27:41). Ол әлі де өш алғысы келер деп “Жақып қатты қорқып, абыржыды” (Мұс. 1-ж. 32:7). Ағасымен татуласу үшін ол мына үш нәрсені істеді: біріншіден, Ехобаға жалбарынып дұға айтты. Сосын Есауға мол сый-тарту жіберді (Мұс. 1-ж. 32:9—15). Үшіншіден, аралары суып кетсе де, Жақып ағасын көре сала, бірінші болып иіліп тағзым етті. Ол бір рет те, екі рет те емес, жеті рет иілді! Жақып құрмет пен кішіпейілділік танытқанның арқасында ағасымен татуласты (Мұс. 1-ж. 33:3, 4).

12. Рубасы Жақыптан не үйренеміз?

12 Жақыптың ағасымен кездесуге дайындалғанынан және онымен қалай көріскенінен көп сабақ аламыз. Жақып Ехобадан көмек сұрап, кішіпейілділік танытты. Сосын ағасымен татуласып кету үшін бар жағдайды жасап, дұғасына сай әрекет етті. Ол ағасымен сөйлескенде кімдікі дұрыс, кімдікі қате болғанын айтып дауласпады. Оның бар мақсаты татуласу болды. Осы орайда Жақыпқа қалай еліктесек болады?

БАУЫРЛАСЫҢЫЗБЕН ТАТУЛАСУ ҮШІН...

13, 14. Бауырласымызды ренжіткен болсақ, не істегеніміз жөн?

13 Өмірге апаратын жолмен кетіп бара жатқандар татулық сақтаулары керек (Рим. 12:18). Ал егер біреуді ренжітіп қойсақ, қалай әрекет еткеніміз жөн? Жақып сияқты, Ехобаға жалбарына дұға айтайық, бауырласымызбен татуласуға көмектесуін сұрайық.

14 Біз уақыт бөліп, мына сұрақтар жайлы ой жүгірткеніміз дұрыс: мен намысымды ысырып, кішіпейілділікпен кешірім сұрап, бауырласыммен татуласуға дайынмын ба? Татуласуға бірінші болып қадам жасасам, Ехоба мен Иса не сезінеді? Осы екі сұрақ жайлы ойланып, бір түйінге келсек, Исаны тыңдауға бекінеміз. Сонда бауырласымызбен татуласу үшін кішіпейілділікпен сөйлесуге асық боламыз. Қазір Жақыптың үлгісіне оралайық.

15. Ефестіктерге 4:2, 3-тегі принцип бауырласымызбен татуласуға қалай көмектеседі?

15 Ал егер Жақып ағасымен кездескенде, “намысымды таптатпаймын” деп өзін ақтап, дауласа бастаса, не болар еді? Бұның ақыры өте жаман болар еді. Сондықтан біз де бауырласымызбен татуласамыз деп барсақ, кішіпейіл қалпымыздан айнымағанымыз жөн (Ефестіктерге 4:2, 3 оқыңыз). Өйткені “ренжіген ағайын бекіністен де берік келер, дауласқандар бекітілген қамалдай болар” (Нақ. с. 18:19). Ал бұл “қамалға” кірудің жолы — кішіпейілділікпен кешірім сұрау.

16. Не жайында ойланып алуымыз керек және неге?

16 Сондай-ақ біз ол адамға не деп айтатынымызды және қалай айтатынымызды жақсылап ойланып алуымыз керек. Дайын болғанда, барып онымен сөйлескеніміз жөн. Ондағы мақсатымыз бауырласымыздың көңіліндегі ренішін сейілтіп, жақсы қарым-қатынасымызды қалпына келтіру болу қажет. Бәлкім, ол басында сізге ауыр тиетін сөздер айтар. Бірақ сол кезде сіз ашуланып не өзіңізді ақтай бастасаңыз, қалай ойлайсыз, бұл татулыққа әкеле ме? Әрине, жоқ. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін көрсету емес, арамызда татулық орнату маңыздырақ екенін ұмытпайық (Қор. 1-х. 6:7).

17. Гилберт сізге қай жағынан үлгі болды?

17 Гилберт бауырласпен болған жағдайды алайық. Ол өзінің отбасындағы бір адаммен татуласу үшін өте көп күш салған. Ол былай дейді: “Ұзақ уақыт бойы онымен арамызда өте көп қиындық болды. Мен екі жылдан астам уақыт бойы арақатынасымызды түзеуге күш салдым. Онымен ашуланбай, ашық сөйлесуге тырыстым”. Гилберт тағы не істеді? “Онымен сөйлеспес бұрын мен дұға айтып алатынмын. Қандай да бір жағымсыз сөздер айтса, көңіліме алмауға өзімді дайындадым. Кешіруге де дайын болдым. Менің міндетім өзімнің дұрыстығымды дәлелдеу емес, татуласу екенін түсіндім”,— дейді Гилберт. Ол мұның қандай жемісін көрді? Гилберт қазір бүкіл отбасымен тату-тәтті қарым-қатынаста әрі көңілі де тыныш.

18, 19. Бауырласымызды ренжітсек, не істеуіміз керек және неге?

18 Сонымен, егер сіз бауырласыңызды ренжітіп қойсаңыз, не істегеніңіз жөн? Иса айтқандай, “барып, онымен татуласыңыз”. Бұл үшін Ехобаға осы жайында дұға етіп алыңыз және бауырласыңызбен татуласу үшін киелі рухымен көмектесуін сұраңыз. Сонда өзіңіз де бақытты боласыз және Исаны тыңдайтыныңызды да көрсетесіз (Мат. 5:9).

19 Ехоба бізге “қауымның басы” Иса арқылы осындай керемет нұсқаулар беріп жатқанына өте ризамыз! (Ефес. 5:23). Ендеше, елші Петір, Жақып пен Жохан сияқты біз де Исаны тыңдаймыз деп бекінейік (Мат. 17:5). Біз мұның бір жолы ренжіген бауырласымызбен татуласу екенін қарастырдық. Осыны істесек және өмірге апаратын тар жолда қала берсек, мұның баталарын қазір де көреміз және болашақта да бақытты күндеріміз таусылмайтын болады!

130-ӘН Кешірімді болайық

^ 5-абзац Иса бізге тар қақпадан кіріп, мәңгілік өмірге апаратын жолмен жүріңдер деген. Сондай-ақ ол ренжіскен бауырласымызбен татуласуды да бұйырған. Бірақ оған құлақ асу неге кейде қиын болады және сол сынақтармен қалай күресе аламыз?

^ 7-абзац “Жастарды қызықтыратын 10 сұрақ” кітапшасының “Мектептегі қысымға қалай төтеп берсем болады?” деген 6-сұрағын және www.pr418.com сайтынан “Құрдастардың қысымына төтеп бер!” деген фломастерлік анимацияны қараңдар (КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ/ЖАСТАР деген жерді қара).

^ 8-абзац Кейбір есімдер өзгертілген.

^ 56-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Құдай ұсынып отырған қоршаулары бар “тар” жолда қала берсек, порнография, азғындық және жоғары білім қуу сияқты қауіптерден аулақ боламыз.

^ 58-абзац СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жақып ағасы Есаумен татуласуды мақсат еткендіктен, оның алдында бірнеше рет иіліп тағзым етті.