Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Оқырман сауалдары

Оқырман сауалдары

Мұсаның 3-жазбасы 19:16-да: “Адамның өміріне қастандық жасамаңдар”,— делінген. Бұл бұйрықтан өзімізге қандай сабақ аламыз?

Исраил халқы киелі болу үшін, Ехоба оларға: “Біреуге жала жауып, мұны елге таратпаңдар. Адамның өміріне қастандық жасамаңдар. Мен Ехобамын”,— деген (Мұс. 3-ж. 19:2, 16).

Мұндағы “адамның өміріне қастандық жасамаңдар” деген сөйлем түпнұсқа тілде “адамның қанына қарсы тұрмаңдар” деп берілген. Мұсаның 3-жазбасы 19:16-дағы осы сөздер туралы бір еврей еңбегінде былай делінген: “Тармақтың осы бөлігін аудару оңай емес, өйткені “қанына қарсы тұру” деген еврей тіркесінің астарында қандай ой жатқанын білу өте қиын”.

Кейбір ғалымдар “қанына қарсы тұру” деген тіркесті түсіндіру үшін оны алдыңғы тармақпен байланыстырады. Онда былай делінген: “Сотта әділетсіздік жасамаңдар. Кедейге алалаушылық танытпаңдар, байға да орынсыз құрмет көрсетпеңдер, бәрін әділ соттаңдар” (Мұс. 3-ж. 19:15). Демек, олардың тұжырымдауынша, 16-тармақтағы “қанына қарсы тұру” деген тіркес исраилдіктердің сотта, іскерлік мәселеде және отбасында әділ болулары керектігін, өз пайдалары үшін арамдық жасамаулары керектігін білдірген. Иә, әділ болып, арам істерден аулақ болуымыз керектігі рас. Бірақ бұл тіркесті сол 16-тармақтың өзіндегі ойлармен байланыстырсақ, жақсы түсінеміз.

16-тармақтың бірінші жартысына назар аударсақ, Құдай өз халқына “біреуге жала жауып, елге таратпауды” бұйырған. Біреуге жала жабу — өсек тарату сияқты емес. Рас, өсек те біраз қиындық тудырады (Нақ. с. 10:19; Уағ. 10:12—14; Тім. 1-х. 5:11—15; Жақ. 3:6). Бірақ жала жабудың нәтижесі бұдан да ауыр. Жала жабушының мақсаты — біреуді әдейілеп қаралау. Біреудің өмірін қатерге тігетінін білсе де, жала жабушы ол жайында өтірік айтудан тайынбайды. Осының бір мысалы — Набутаймен болған жағдай. Екі жалған куәгер оған әділетсіз жала жауып, жұрт оны таспен атқылап өлтіреді (Пат. 1-ж. 21:8—13). Демек, жала жабатын адам біреудің өміріне қастандық жасауы әбден мүмкін.

Адамның бейкүнә жанға жала жапқаны оны жек көретінін білдіреді. Жоханның 1-хаты 3:15-те: “Бауырласын жек көретін әркім — кісі өлтіруші. Ал кісі өлтірушіде мәңгілік өмір жоқ екенін білесіңдер”,— делінген. Мұсаның 3-жазбасы 19:16-дағы сөздерден кейінгі тармақта “ешкім бауырын іштей жек көрмесін” делінгені бекер емес.

Көргеніміздей, Мұсаның 3-жазбасы 19:16-дағы “біреуге жала жаппаңдар” деген сөздер мәсіхшілер үшін қатаң ескерту болып табылады. Біз өзге адам туралы жаман ойлап, оған жала жабудан барынша аулақ болуымыз керек. Біреуді жақтырмағандықтан немесе қызғанғандықтан жала жапқанымыз оны жек көретінімізді білдіруі мүмкін. Мәсіхшілер өзгені жек көруден абай болулары керек (Мат. 12:36, 37).