Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ішімдікке қатысты Құдайдың көзқарасын ескеріңіз

Ішімдікке қатысты Құдайдың көзқарасын ескеріңіз

ЕХОБА бізге мол сый тарту еткен. Солардың бірі — таңдау еркіндігі. Таңдау еркіндігінің арқасында Ехоба берген басқа сыйларды қалай қолданатынымызды өзіміз шешеміз. Киелі кітапта шараптың да бізге берілген сый екені айтылған. Тіпті: “Нан көңілді көтерер, шарап өмірге қуаныш сыйлар”,— делінген (Уағ. 10:19; Зәб. 104:15). Алайда сіз ішімдікке қатысты көзқарастар мен нормалар әр елде әртүрлі екенін, тіпті ішімдікке салынып кеткен адамдар да бар екенін білетін шығарсыз. Ендеше, ішімдік ішуге келгенде дұрыс шешім қабылдауға не көмектеседі?

Қандай ортада, қай елде туып-өссек те, айналамыздағылардың емес, Құдайдың көзқарасын қабылдап, соған сай әрекет етсек, міндетті түрде бақытты боламыз.

Байқап жүргеніміздей, дүниеде ішкілікке салынған, шамадан тыс ішетін адамдар өте көп. Олардың арасында біреулері босаңсып, демалу үшін ішсе, басқалары қиындықтарын ұмыту үшін ішеді. Ал өзге жерлерде “көтере аламын” деп іше беру — мықтылықтың, есеюдің белгісі болып саналады.

Алайда мәсіхшілер біреудің ойымен емес, қамқор Жаратушымыздың даналығымен жүреді. Ехоба шамадан тыс ішудің арты жақсылыққа апармайтынын айтып кеткен. Нақыл сөздер 23:29—35 тармақтарда мас адамның қандай болатыны және мұның неге әкеп соқтыратыны егжей-тегжейлі жазылған a. Мысалы, Еуропада тұратын Даниел деген ақсақал мәсіхші болғанға дейін көп ішетін болған екен. Ол былай дейді: “Мен мас болғанша ішіп, жаман істерге барып қойдым. Соның кесірінен жан дүниемде тыртықтар қалып, әлі күнге дейін қиналамын”.

Ендеше мәсіхшілерге ішімдікке келгенде даналықпен шешім қабылдауға және шамадан тыс ішуден болатын қиындықтардан аулақ болуға не көмектеседі? Құдайдың ішімдікке қатысты көзқарасын қабылдап, соған сай әрекет ету.

Қазір Киелі кітапта ішімдік туралы не айтылғанына және адамдар не үшін ішетініне тоқталып өтейік.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ПРИНЦИПТЕР

Құдайдың Сөзі орынды мөлшермен ішуді айыптамайды. Онда тіпті: “Қуанышпен тамағыңды же, шат көңілмен шарабыңды іш”,— деп, шарап адамды қуантатыны айтылады (Уағ. 9:7). Исаның да, Құдайдың басқа адал қызметшілерінің де шарап ішкен кездері болған (Мат. 26:27—29; Лұқа 7:34; Тім. 1-х. 5:23).

Құдайдың Сөзі аздап ішуге тыйым салмағанмен, мас болуды айыптайды. Онда: “Шарап ішіп мас болмаңдар”,— деп нақты ескертілген (Ефес. 5:18). Тіпті: “Маскүнемдер. . . Құдай Патшалығын мұра етпейді”,— делінген (Қор. 1-х. 6:10). Ехоба шамадан тыс ішуді және салынып ішуді қатаң айыптайды. Сондықтан ішімдік ішуге келгенде көпшіліктің дегенімен жүрмей, Құдайдың көзқарасын ескергеніміз маңызды.

Кейбіреулер “мен ішімдікті көтере аламын, мас болмаймын” деп көп ішеді. Алайда бұл өте қауіпті. Жазбаларда анық айтылғандай, “шарапқа құмар” адам ауыр қателіктер жасап, Құдаймен қарым-қатынасын бұзып алуы мүмкін (Тит. 2:3; Нақ. с. 20:1). Иса “ішімдікке салынған” адамға Құдайдың жаңа дүниесінде орын жоқ екенін айтқан (Лұқа 21:34—36). Ендеше, ащы судың ащы салдарынан аулақ жүруге не көмектеседі?

НЕ ҮШІН ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ІШЕТІНІҢІЗ ЖАЙЛЫ ОЙЛАНЫҢЫЗ

Ішімдікті өз халқымызда қалыптасқан әдет бойынша ішу өте қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан мәсіхшілер ішіп-жеуге келгенде, Ехобаның ойын ескереді. Киелі кітапта: “Ішсеңдер де, жесеңдер де не басқа нәрсе істесеңдер — бәрін Құдайды дәріптеу үшін істеңдер!”— деп айтылған (Қор. 1-х. 10:31). Қазір кейбір сұрақтар мен Киелі кітап принциптерін қарастырып, ішімдікке Құдайдың көзқарасымен қарауды үйренейік.

Ішімдікті басқаларға жағыну үшін ішесіз бе? Кезінде Ехоба исраилдіктерге: “Көпшілікке ерме”,— деп, ұнамсыз адамдарға ілеспеуді ескерткен (Мұс. 2-ж. 23:2). Бүгіндегі мәсіхшілер де бұл ескертуге құлақ асады. Құрдастарымыздың ырқына көніп, ішімдікке қатысты көзқарасымыз бен шешімімізді өзгертсек, Ехобаның нормаларын бұзып, одан ажырап қалуымыз мүмкін (Рим. 12:2).

Ішімдікті мықты екеніңізді көрсету үшін ішесіз бе? Кейбір елдерде ішімдікті жиі ішу және сылқия тойып ішу әдеті қалыптасқан (Пет. 1-х. 4:3). Бірақ Қорынттықтарға 1-хат 16:13-те: “Сергек болыңдар, сенімде нық тұрыңдар, ержүрек әрі берік болыңдар”,— делінген. Қалай ойлайсыз, ішімдік сізге берік болуға немесе мықты болуға көмектесе ме? Олай емес, керісінше, спирттік ішімдіктер адамның сезімдерін мұқалтады, санасын тұмандандырып, жаман шешімдерге апарады. Осылай, адам мықты адамға емес, керісінше, әлсіз адамға айналады. Ишая 28:7-де шараптың кесірінен жолдан адасқан адам теңселіп жүретіні және дұрыс шешім қабылдай алмайтыны айтылған.

Шындығында, адамды мықты ететін күшті Ехоба дарытады және мықты болуға, Қорынттықтарға 1-хат 16:13-те айтылғандай, сергек болу, сенімде нық тұру жатады (Зәб. 18:32). Мәсіхші сергек болып, сенімде нық тұру үшін рухани күйіне әсер ететін кез келген қауіпті байқай біліп, одан бірден қашуы керек. Иса жер бетінде жүрген кезде дәл осындай мықтылық танытты. Оны батыл әрі өз ұстанымына берік болғаны үшін көп адам құрметтеген.

Ішімдікті проблемаңызды ұмыту үшін ішесіз бе? Зәбүр жыршысы киелі рухтың жетелеуімен Ехобаға былай деген: “Сарыуайымға салынғанымда, Сен мені жұбатып, жаныма жай бердің” (Зәб. 94:19). Өмірдің ауыртпалықтарынан еңсеңіз езілгенде, бөтелкеге емес, Ехобаға жүгініңіз. Оған жиі-жиі дұға етсеңіз, уайымыңыз бірте-бірте сейіле бастайды. Сондай-ақ қауымдағы толысқан мәсіхшімен кеңесіп, ақыл сұрағаныңыз да таптырмас көмек бола алады. Шын мәнінде, қиындығымды ішімдікпен басамын деген адам, керісінше, өзіне тағы бір қиындық қосып алады, өйткені ішкен соң өзін қадағалай алмай, жаман шешім қабылдап қоюы мүмкін (Ошия 4:11). Жоғарыда айтылып кеткен Даниел былай деп мойындады: “Мен көп уайымдайтынмын және өзімді кінәлай беретінмін. Жанымды қоярға жер таппай, бөтелкеге жармасатынмын. Бірақ одан проблемаларым еселеніп кетті. Достарымды да, өз-өзіме деген құрметті де жоғалттым. Кейін маған бөтелке емес, Ехоба керек екенін түсіндім. Ехобамен бірге қиындықтарға төтеп беріп, проблемаларымды шеше алдым”. Біздің жағдайда үміт жоқтай көрінсе де, мынаны ұмытпайық: Ехоба кез келген уақытта көмектесе алады (Філіп. 4:6, 7; Пет. 1-х. 5:7).

Егер сіз ара-тұра ішіп жүрген болсаңыз, мына сұрақтар жайлы ойланып көргеніңіз жөн: Сізге досыңыз не туысқаныңыз қанша және қалай ішетініңізді уайымдайтынын айтқан ба? Олай болса, өзіңіз білмей ішімдікке әуестеніп бара жатқан болуыңыз мүмкін. Сіз бұрынғыдан көп ішіп жүрсіз бе? Онда бұл тәуелділікке апаруы мүмкін. Сіз ішімдікті аузыңызға алмай бірнеше күн не одан ұзақ уақыт жүре аласыз ба? Жүре алмасаңыз, ішімдікке үйір болып кеткеніңіз. Бұндай жағдайда маманның көмегіне жүгінген дұрыс болар.

Кейбір мәсіхшілер ішімдіктің жаман салдарын білгендіктен, оны аузына да алмауға бекінген. Басқалар болса оның дәмін ұнатпағандықтан ішпеуді шешкен. Осындай достарыңыз не таныстарыңыз болса, оларды сынап-мінемей, шешімдерін құрметтеңіз.

Ішімдікке қатысты өзімізге белгілі бір шектеулер орнатып алғанымыз даналыққа жатады. Мысалы, мәсіхші қанша мөлшерден артық ішпейтінін өзі үшін белгілеп алар немесе қаншалықты жиі ішетінін (мысалы, аптасына бір рет тамақтың барысында) шешіп алар. Кейбір мәсіхшілер ішімдіктің түрлеріне қарай өздеріне шектеулер орнатқан. Олар шарап пен сыраны аздап ішкенімен, спирт мөлшері жоғары ішімдіктерден мүлдем бас тартқан, тіпті басқа сусындармен араластырып та ішпейді. Осылай өзімізге нақты ережелер орнатып алсақ, оны ұстану да жеңіл болады. Толысқан мәсіхші ішімдікке қатысты қабылдаған шешіміне өзгелердің алдында ыңғайсызданбағаны жөн.

Ескеру керек тағы бір жайт — басқалардың сезімі. Римдіктерге 14:21-де: “Ендеше ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы”,— делінген. Осы кеңеске құлақ асуға бізді не талпындырады? Сүйіспеншілік. Егер ішімдік ішу біреуді сүріндіруі мүмкін екенін түсінсеңіз, онда оны сүйгендіктен, сол жағдайда ішпей-ақ қоюды шешерсіз. Сонда оның сезімдеріне құрметпен қарап, өзіңіздің емес, сол адамның игілігін ойлайтын боласыз (Қор. 1-х. 10:24).

Мәсіхшінің шешіміне әсер ететін тағы бір жайт — үкімет шығарған заңдар. Мысалы, заң бойынша спиртті ішімдік ішуге белгілі бір жастан бастап қана рұқсат берілуі мүмкін немесе ішімдік ішіп алып көлік жүргізуге не қандай да бір құрылғыда жұмыс істеуге тыйым салынуы мүмкін (Рим. 13:1—5).

Ехоба бізге тарту еткен мол сыйдың бірі — таңдау еркіндігі дедік. Осы сыйдың арқасында біз не ішіп-жейтінімізді таңдай аламыз. Ендеше, көктегі Әкемізді қуантатын таңдаулар жасай отырып, осы еркіндікті бағалайтынымызды көрсете берейік.

a АҚШ-тың ауруды бақылау және алдын алу орталығы алкогольді тіпті бір ретке де шектен тыс ішудің салдары ауыр болатынын мәлімдеді. Оған кісі өлтіру, өзіне қол жұмсау, жыныстық қорлық көрсету, өз жұбын жәбірлеу, қауіпті жыныстық қатынасқа түсу және түсік тастау жатады.