Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Ақталатын үмітіңізге қуаныңыз

Ақталатын үмітіңізге қуаныңыз

“Бұл үміт ақталмай қалмайды” (РИМ. 5:5).

142-ӘН Үмітіміз жалындай берсін

АҢДАТПА a

1. Неге Ыбырайымның үміті берік болған дей аламыз?

 ЕХОБА досы Ыбырайымға оның ұрпағы арқылы жер бетіндегі барлық халықтарға батасы қонатынын уәде еткен болатын (Мұс. 1-ж. 15:5; 22:18). Құдайға деген сенімі берік болғандықтан, бұл уәденің жүзеге асатынына Ыбырайым еш күмәнданбады. Бірақ арада жылдар өтіп, Ыбырайым 100-ге, ал әйелі 90-ға келді және сол уақытқа дейін екеуі бірде-бір бала сүймеді (Мұс. 1-ж. 21:1—7). Десе де Киелі кітапта: “[Ыбырайым] көптеген халықтардың түп атасы болатынына үмітін үзбей сене берді”,— делінген (Рим. 4:18). Білетініміздей, түбінде Ыбырайымның үміті ақталды. Өйткені көптен күткен ұлы Ысқақ дүниеге келіп, ол әке атанды. Ехобаның уәдесі бәрібір орындалатынына Ыбырайым не үшін сенімді болды?

2. Ехоба өз уәдесін орындайтынына Ыбырайым неге сенімді болды?

2 Ыбырайым Ехобаны өте жақсы білгендіктен, ол “өз уәдесін орындай алатынына кәміл сенген” (Рим. 4:21). Ыбырайымның сенімін көріп, Ехоба оны ықыласына бөледі және әділ адам деп тапты (Жақ. 2:23). Римдіктерге 4:18-ден көретініміздей, Ыбырайымның сенімі мен үміті қатар жүрген. Қазір Римдіктерге 5-тарауды талдап, елші Пауыл үміт жайлы не дегенін көрейік.

3. Пауыл үміт жайлы не айтқан?

3 Пауыл үмітіміз міндетті түрде ақталатынына неге сенімді бола алатынымызды түсіндірген (Рим. 5:5). Сондай-ақ ол үміт өсіп, молаятынын көрсеткен. Римдіктерге 5:1—5 тармақтардан бұл процесс қалай жүретінін оқығанда, өзіңіз жайлы ойланыңыз. Сонда уақыт өткен сайын үмітіңіздің молайып жатқанын көріп таңғаларсыз. Сондай-ақ бұл талқылауда біз үмітіміз қазіргіден де берік бола түсу үшін не істеуіміз керектігін көреміз. Бірақ, алдымен, Пауыл “ақталмай қалмайтын үміт” деп нені айтқанын қарастырайық.

КЕРЕМЕТ ҮМІТІМІЗ

4. Римдіктерге 5:1, 2-де не жайлы айтылған?

4 Римдіктерге 5:1, 2 оқыңыз. Пауыл бұл сөздерін Римдегі қауымға жазған. Ондағы бауырластар Ехоба мен Иса туралы білім алып, сенім дамытып, мәсіхші болған. Сондықтан Құдай оларды “сенімдері арқылы әділ деп жариялады” және киелі рухпен майлады. Осылай бұл мәсіхшілер керемет үмітке ие болды.

5. Майланғандардың үміті қандай?

5 Елші Пауыл кейін Ефестегі мәсіхшілерге хат жазғанда, Құдай майланғандарға қандай үміт бергенін айтты. Олар “қасиеттілерге арналған мұраға” ие болмақ еді (Ефес. 1:18). Ал Қолостықтарға арналған хатында Пауыл “өздерің үшін көкте сақтаулы тұрған үміт” деп, майланғандардың үміті қай жерде орындалатынын көрсетті (Қол. 1:4, 5). Ендеше, майланған мәсіхшілердің үміті — көктегі мәңгілік өмірге қайта тіріліп, сол жерде Мәсіхпен бірге билік ету (Сал. 1-х. 4:13—17; Аян 20:6).

Ф. Френц бауырлас майланғандар өз үміттеріне толықтай сенімді екенін білдірді (6-абзацты қараңыз)

6. Бір майланған ер бауырлас үміті жайлы не деген?

6 Майланған мәсіхшілер өздерінің үміттерін жоғары бағалайды. Солардың бірі Фредерик Френц бауырлас былай деген еді: “Біздің үмітіміз шынайы. Кішкене отарға жататын 144000-ның әрқайсысының үміті толығымен ақталады, тіпті олар ешқашан ойламаған деңгейде ақталады”. Ехобаға талай жыл адал қызмет еткен Френц бауырлас 1991 жылы былай деді: “Үмітімізге деген ризашылығымыз титтей де азайған емес. Қайта, жыл өткен сайын оның құны арта түсті. Бұл сый — тіпті миллион жыл күту керек болса да, соған тұратын сый. Қазір мен осы үмітімді бұрынғыдан да қатты бағалаймын”.

7, 8. Мәсіхшілердің басым бөлігінің үміті қандай? (Римдіктерге 8:20, 21)

7 Бүгінде Ехобаның қызметшілерінің көбісінің үміті майланғандардікінен өзгеше. Олар Ыбырайым пайғамбар сияқты жер бетінде Құдай Патшалығының қол астында мәңгі өмір сүруге үміттенеді (Евр. 11:8—10, 13). Елші Пауыл осы үміт керемет болашаққа жетелейтінін жазған (Римдіктерге 8:20, 21 оқыңыз). Осы болашақ жайлы алғаш естігеніңізде, сізге әсіресе Құдайдың қай уәдесі ұнаған еді: күнә енді аяқтан шалмай, кемелді болатыныңыз ба, әлде өмірден өткен сүйікті адамдарыңызбен жұмақта қайта қауышатыныңыз ба? Расында да, Құдай берген осы үміттің арқасында алда бізді небір керемет баталар күтіп тұр!

8 Жерде не көкте мәңгі өмір сүруге үміттенбейік, бәріміз үмітімізден қуаныш аламыз және бұл үмітіміз молайған үстіне молая алады. Пауылдың бұл жайлы не айтқанын қарастырғанымыз үмітіміз міндетті түрде ақталатынына сенімімізді арттырады.

ҮМІТ ҚАЛАЙ МОЛАЯДЫ?

Барлық мәсіхшілер қиындыққа кезігетіндерін түсінулері керек (9, 10-абзацтарды қараңыз)

9, 10. Пауылдың жағдайынан көретініміздей, мәсіхшілер нені түсіну керек? (Римдіктерге 5:3) (Суретті де қараңыз.)

9 Римдіктерге 5:3 оқыңыз. Пауыл қиындықтар үмітіміздің молаюына септігін тигізетінін айтқан. Бұл бір қарағанда қисынсыз көрінер. Білетініміздей, Мәсіхтің ізбасарларының бәрі қиындыққа кезігеді. Мысалы, елші Пауылдың жағдайын алайық. Ол Салоникадағы бауырластарға былай деп жазған: “Қиындыққа кезігуіміз керектігін өздеріңмен бірге болғанда айтып жүруші едік. Міне, сол айтқанымыз болды” (Сал. 1-х. 3:4). Ал Қорынттағы қауымға: “Бауырластар, сендерді Азия аймағында басымызға түскен қиындықтан бейхабар қалдырғымыз келмейді. Басымызға түскен қиындықтың ерекше ауыр. . . болғаны сонша — тірі қаламыз деп үміттенбедік те”,— деп жазды (Қор. 2-х. 1:8; 11:23—27).

10 Бүгіндегі мәсіхшілер де қиындықтарға ұшырайтындарын түсінулері керек (Тім. 2-х. 3:12). Сіз де Исаға сеніп, оның соңынан ергеніңіз үшін қиындық көріп жүрсіз бе? Бәлкім, достарыңыз не туыстарыңыз сізге күлетін шығар, тіпті айғайлап, ұрсатын да болар. Жұмыста өтірік айтпайтыныңыз үшін қиындық көрген кезіңіз болған ба? (Евр. 13:18). Я болмаса үмітіңіз жайлы өзгелерге айтқаныңыз үшін үкімет тарапынан қуғын көрген боларсыз. Басымызға қандай қиындық түспесін, Пауыл айтқандай, біз қуануымыз керек. Неге?

11. Неге біз кез келген қиындықта табанды болуға бекінуіміз керек?

11 Қиындыққа қуануымыздың бір себебі — соның арқасында маңызды бір қасиетті дамытамыз. Римдіктерге 5:3-те “қиындықтарда табандылық туатыны” айтылған. Қиындықтар барлық мәсіхшілердің басына түсетіндіктен, барлық мәсіхшілер қиындықта табандылық танытуға бекіну керек. Сонда ғана күткен сыйымызға ие болып, үмітіміз ақталады. Біз Исаның мысалындағы тастақ жерге түскен “тұқымға” ұқсағымыз келмес еді. Ондай адамдар басында “сөзді естіп, қуана қабылдаған”, бірақ “қиындық пен қуғынға кезіккенде, бірден оған сенуден қалған” (Мат. 13:5, 6, 20, 21). Әрине, қиындық пен қуғынға ұшырау ешкімге де ұнамайды әрі ешкімге оңайға соқпайды. Бірақ қиындықта табанды болған адам мұның көп пайдасын көреді. Қандай?

12. Қиындықта табанды болсақ оның қандай пайдасын көреміз?

12 Қиындықта табандылық танытудың пайдасы жайлы шәкірт Жақып былай деп жазған: “Табандылықтарың толығымен көрсетілсін, сонда барлық жағынан кемелді де толысқан, еш кемшіліксіз боласыңдар” (Жақ. 1:2—4). Неге Жақып табандылықтарың толығымен көрсетілсін деп айтқан? Себебі сол кезде бойымызда шыдамдылық, сенім және Құдайға арқа сүйеу сияқты қасиеттер жоғары деңгейде дамиды. Бірақ табандылықтың берер жемісі бұл ғана емес.

13, 14. Табандылық танытсақ не болады және оның үмітке қандай әсері бар? (Римдіктерге 5:4)

13 Римдіктерге 5:4 оқыңыз. Пауыл “табандылық Құдайдың ықыласына бөлейтінін” айтқан. Ойлап көріңізші, егер сіз табандылық танытсаңыз, Ехобаның ықыласына бөленесіз. Әрине, қиындықтан қиналып жатқаныңызға Ехоба қуанбайды. Бірақ ол сізге риза болады. Табандылығымызбен Ехобаны қуантып, оның ықыласына бөлену неткен бата! (Зәб. 5:12).

14 Айтқанымыздай, Ыбырайым қиындықтарда табандылық танытқан және Құдайдың ықыласына ие болған. Ал Ехоба оны досы әрі әділ адам деп санады (Мұс. 1-ж. 15:6; Рим. 4:13, 22). Ехоба бізге де солай қарасын десек, не істеуіміз керек? Құдайдың ықыласына бөленуіміз қызметте қанша және қандай жұмыс атқарып жатқанымызға емес, адалдық пен табандылық танытатынымызға байланысты. Жасымыз, жағдайымыз, қабілетіміз қандай болмасын, табандылықты бәріміз де таныта аламыз. Сіз дәл қазір Ехобаға адалдық сақтап, қиындыққа табандылықпен төзіп жүрсеңіз, Ехобаның ықыласына ие екеніңізді біліңіз және содан жұбаныш табыңыз. Ехобаның ықыласына ие екенімізді білудің әсері зор. Бұл біздің үмітімізді молайтады.

МОЛАЙҒАН ҮМІТ

15. Римдіктерге 5:4, 5-те Пауыл тағы не деді және оның сөздері неге кейбіреулерді шатастырады?

15 Сонымен, қиындықта адалдық сақтап, табандылық танытсақ, Ехобаның ықыласына бөленеміз. Содан кейін не болатыны жайлы Пауыл былай деп жазған: “Құдайдың ықыласы болса үміт береді, ал бұл үміт ақталмай қалмайды” (Рим. 5:4, 5). Бұл сөздер кейбіреулерді шатастыруы мүмкін. Неге? Өйткені бір-екі тармақ бұрын, яғни Римдіктерге 5:2-де Пауыл мәсіхшілердің “Құдайдың ұлылығына ортақтасамыз” деген үміті бар екенін айтып кеткен еді. Онда неге ол қазір қайтадан үміт жайлы сөз қозғап жатыр?

Уақыт өте үмітіңіз алғашқы кездегіге қарағанда молайып, шынайы бола түседі (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. Адамның бойындағы үміт қалай өсе бастайды? (Суретті де қараңыз.)

16 Пауыл үміт жайлы тағы бір рет не үшін айтқанын түсіну үшін үміт бір орында тұрмайтынын, өсіп, молаятынын есте ұстауымыз керек. Мысалы, сіздің үмітіңізді алайық. Құдай Сөзіндегі керемет үміт жайлы алғаш рет естіген кезіңіз есіңізде ме? Жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүретініміз сіз үшін арман-қиял болып көрінген шығар. Бірақ Ехобаны жақыннан танып, оның Киелі кітаптағы уәделері жайлы жақсырақ білгенде, үмітіңіз барған сайын молайып, шынайы бола түсті.

17. Шомылдыру рәсімінен өткеннен кейін де қалай үмітіміз өсіп, молая береді?

17 Шомылдыру рәсімінен өтіп қойсаңыз да, Ехобаны одан сайын жақыннан танып, рухани толыса бересіз (Евр. 5:13—6:1). Соның арқасында үмітіңіз де молайып, өсе береді. Римдіктерге 5:2—4 тармақтарда айтылған сөздердің растығына талай көз жеткізген боларсыз. Сіз әртүрлі қиындықтарды бастан кештіңіз. Бірақ берілмей, табандылық таныттыңыз, соның арқасында Құдайдың ықыласын сезіндіңіз. Сол кезде оның уәде еткен баталарына ие болатыныңызға да сенімді бола түстіңіз. Осылай үмітіңіз бастапқыға қарағанда молайып, шынайы бола түсті. Бұндай үміт өміріңіздің әрбір саласына ықпал етеді. Атап айтқанда, отбасыңызға қалай қарайтыныңызға, қандай шешім қабылдайтыныңызға, тіпті уақытыңызды қалай пайдаланатыныңызға әсер етеді.

18. Ехоба қандай кепілдік берді?

18 Құдайдың ықыласы үміт беретінін айтқаннан кейін, Пауыл маңызды бір жайтқа назар аударды. Ол біздің үмітіміз міндетті түрде ақталатынын айтты. Неге бұған сенімді бола аламыз? Пауыл киелі рухтың жетелеуімен: “Бұл үміт ақталмай қалмайды. Себебі өзімізге берілген киелі рух арқылы жүрегіміз Құдайдың сүйіспеншілігіне кенелді”,— деп жазған (Рим. 5:5). Кепілдік болып табылатын осы сөздерден кейін, үмітіміз ақталатынына сенімді болуға бізде барлық негіз бар.

19. Үмітіңізге қатысты не нәрсеге сенімді болсаңыз болады?

19 Мынаны ұмытпаңыз: Ехоба Ыбырайымға уәде берді, оны ықыласына бөледі және оған досым деп қарады. Ыбырайым Ехобаның уәдесіне үміттеніп, оның орындалғанын өз көзімен көрді. Киелі кітапта: “Ыбырайым шыдамдылықпен күткеннен кейін, осы уәдені алды”,— делінген (Евр. 6:15; 11:9, 18; Рим. 4:20—22). Расында да, оның үміті ақталмай қалмады. Сіз де сенімді болыңыз: адалдық сақтасаңыз, сіздің де үмітіңіз ақталады. Өйткені сіздің үмітіңіз шынайы, ол сізге қуаныш сыйлайды әрі еш көңіліңізді қалдырмайды (Рим. 12:12). Пауыл былай деп жазған: “Киелі рухтың құдіретімен үміттерің молая түсу үшін, үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!” (Рим. 15:13).

139-ӘН Жұмақта жүргеніңді елестет

a Осы мақалада біздің қандай үмітіміз бар екенін және сол үмітіміз ақталатынына не үшін сенімді бола алатынымыз қарастырылады. Сондай-ақ Римдіктерге 5-тарауды талқылап, шындықты алғаш естіген кездегі үмітіміз бен қазіргі үмітіміз неге бірдей емес екенін көреміз.