Есіңізде ме?
Биыл шыққан “Күзет мұнарасы” журналдарын мұқият оқыдыңыз ба? Олай болса, келесі сұрақтарға жауап беріп көріңіз:
“Ой-санамызды жаңартуға” не жатады? (Рим. 12:2)
Бұл үшін игі істер жасап қана қою жеткіліксіз. Жан дүниемізге үңіліп, тексерген соң, өмірімізді Ехобаның нормаларына қарай мейлінше туралауымыз қажет. (w23.01, 8, 9-б.).
Әлемдегі жағдайларды бақылағанда қалай байсалды бола аламыз?
Пайғамбарлықтар қалай орындалып жатқанын білгіміз келетіндіктен, әлемдегі оқиғалар бізді қызықтырады. Бірақ өзімізше жорамалдап, қауымға жік салудан аулақпыз. Қайта, әңгімемізді Ехобаның ұйымынан келген мәліметке ғана негіздейік (Қор. 1-х. 1:10). (w23.02, 16-б.).
Иса өткен шомылдыру рәсімі мен оның ізбасарлары өтетін шомылдыру рәсімінің айырмашылығы неде?
Иса Құдайға бағышталған халықтан шыққандықтан, оған біз сияқты Ехобаға бағышталудың қажеті болмады. Кемелді, күнәдан таза болғандықтан, оған өкінудің де керегі болмады. (w23.03, 5-б.).
Жиналыста басқалар да түсініктеме беру үшін не істесек болады?
Қысқа түсініктеме берсек, басқалар да жауап бере алады. Тым көп ой айтпағанымыз да дұрыс. Сонда басқалардың да алып-қосары болады. (w23.04, 23-б.).
Ишая 35:8-дегі “Қасиетті жол” нені білдіреді?
Басында бұл бейнелі жол еврейлердің Бабылдан өз отандарына қайтатын жолын білдірген. Ал біздің заманымызда ше? 1919 жылға дейін ғасырлар бұрын, Киелі кітапты аударып, басып шығару сияқты жол дайындау жұмыстары басталды. Құдай халқы “Қасиетті жолмен” рухани жұмақта келе жатыр, ал түбінде бұл жол Патшалықтағы баталарға апарады. (w23.05, 15—19 б.).
Нақыл сөздер 9-тарауда қандай бейнелі екі әйел жайлы айтылады?
Нақыл сөздер кітабында “ақымақ әйелге” барғандар “көр түбіне түсетіні”, ал “нағыз даналықты” бейнелейтін әйелге барғандар “түсінік сыйлайтын жолға” түсіп, өмір сүретіні айтылады (Нақ. с. 9:1, 6, 13, 18). (w23.06, 22—24 б.).
Лұтпен болған жағдайда Құдай қалай кішіпейіл де иліккіш болды?
Ехоба Лұтқа Содом қаласынан қашып, тауға бар деп бұйырған. Бірақ ол Сиғорды паналайыншы деп жалынғанда, Құдай оның өтінішін орындады. (w23.07, 21-б.).
Күйеуі порнография көретін болса, әйелі не істеу керек?
Әйелі бұл үшін өзін кінәламағаны жөн. Қайта, бар ойын Құдаймен қарым-қатынасына аударуы және Киелі кітаптағы Ехобадан жұбаныш тапқан әйелдердің оқиғасы жайлы ой жүгіртуі қажет. Ол күйеуіне порнография көріп қоятын жағдайлардан аулақ жүруге көмектессе болады. (w23.08, 14—17 б.).
Өзгелер сенімімізді сынға алғанда терең түсінік жұмсақ жауап беруге қалай көмектеседі?
Адам сын айтқанда не сұрақ қойғанда мұны сол адам туралы білудің мүмкіндігі деп қарасақ болады. Осылай оның ой-пікірін не уайымын біле аламыз. Соның арқасында оған жұмсақ жауап бере аламыз. (w23.09, 17-б.).
Мәриямның қалай күш алғанынан не үйренеміз?
Мәсіхтің анасы болатынын білгенде Мәриям өзгелерден қолдау іздеді. Сонда Жәбірейіл періште мен Елізабет оған Жазбалардан жігер берді. Біз де бауырластардан күш алсақ болады. (w23.10, 15-б.).
Ехоба дұғаларымызға қалай жауап беруі мүмкін?
Ол дұғамызды тыңдайтынын уәде еткен әрі дұғамызды тыңдағанда өз ниетін ойда ұстайды (Ерм. 29:12). Ол бірдей өтініштерге әртүрлі жауап беруі мүмкін, бірақ ол әрқашан да бізді қолдап-демейді. (w23.11, 21, 22-б.).
Неге Пауыл Римдіктерге 5:2-де үміт жайлы айтып қойса да, 4-тармақта “Құдай үміт береді” деп тағы айтқан?
Адам жер бетінде мәңгі өмір болатынын алғаш білгенде, ода үміт пайда болады. Бірақ қиындықтарға ұшырап, оған табандылықпен төтеп бергенде, Құдайдың ықыласына бөленгенін сезінеді. Сонда алғашқы үміті молая түсіп, үміттенгені жүзеге асатынына сенімдірек болады. (w23.12, 12, 13-б.).