53-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Жас ер бауырластар, қалай рухани толысқан ер азамат бола аласыңдар?
“Сен күшті де батыл ер азамат бол!” (ПАТ. 1-Ж. 2:2, “Жаңа өмір” баспасы).
135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”
АҢДАТПА a
1. Ер бауырлас жетістікке жету үшін не істеу қажет?
ДӘУІТ ПАТША ұлы Сүлейменге: “Күшті де батыл ер азамат бол!”— деп өсиет еткен (Пат. 1-ж. 2:1—3, “Жаңа өмір” баспасы). Барлық ер бауырластарымыз осы сөздерге сай болғаны жөн. Бұл үшін олар Құдай заңдарын ұстанып, өмірдің әр саласында Киелі кітап принциптеріне сай әрекет етуді үйрену қажет (Лұқа 2:52). Қауымдағы жас жігіттеріміздің неліктен рухани толысқан ер азаматқа айналғаны маңызды?
2, 3. Неге жас ер бауырластың рухани толысқан ер азамат болғаны маңызды?
2 Мәсіхші ер азаматтың отбасында болсын, қауымда болсын атқаратын рөлі таудай. Жас ер бауырластар, сендер болашақта мойындарыңа алатын жауапкершіліктер жайлы ойланып жүрген боларсыңдар. Мысалы, толық уақытты қызметші, қызмет көмекшісі, кейін ақсақал боламын деген мақсаттарың бар шығар. Сондай-ақ үйленіп, әке болуды да қалайтын шығарсыңдар (Ефес. 6:4; Тім. 1-х. 3:1). Осы мақсаттарыңа жету үшін әрі соларды жақсы атқару үшін рухани толысқандарың b аса маңызды.
3 Ал мәсіхші ретінде пісіп-жетілу үшін не істесең болады? Бойыңа белгілі бір қасиеттер мен қабілеттерді сіңіріп алуың тиіс. Ендеше, сол болашақтағы міндеттеріңе дайындалып, соларды жақсы атқару үшін не істей аласың?
РУХАНИ ТОЛЫСА ТҮСУ ҮШІН. . .
4. Кімдерден үлгі-өнеге алсаң болады? (Суретті де қара.)
4 Үлгі боларлық ерлерге елікте. Киелі кітапта жас жігіттерге үлгі қалдырып кеткен ер кісілер өте көп. Олар Құдайды сүйген әрі оның халқының қамы үшін түрлі міндеттер атқарған. Өз үйіңдегі не қауымдағы толысқан ер бауырластардан да үйренсең болады (Евр. 13:7). Оның үстіне, Исаның көрсеткен кемелді үлгісі бар (Пет. 1-х. 2:21). Олардың қай қасиеттеріне тамсана қарайсың? (Евр. 12:1, 2). Осы жайлы ойланып, оларға нақты қалай еліктейтініңді қарастыр.
5. Саналы болуды қалай үйрене аласың және неге бұл маңызды? (Зәбүр 119:9)
5 “Саналылықты” дамытып, сақта (Нақ. с. 3:21). Саналы адам бірдеңе істемес бұрын жақсылап ойланып алады. Сондықтан саналылыққа үйреніп, одан айырылмауға барынша күш сал. Неге бұлай еткенің маңызды? Өйткені мына дүниеде көптеген жас жігіттер тек өзінің ақыл-санасына сүйенеді немесе эмоциясының жетегімен әрекет етеді (Нақ. с. 7:7; 29:11). Қазіргі ақпарат құралдары да саған қатты ықпал етуі мүмкін. Ендеше, саналылықты қайдан үйренсең болады? Алдымен Киелі кітап принциптерін және олардың неліктен пайдалы екенін біліп ал. Кейін сол принциптерді өміріңде қолданып, Ехобаға ұнамды шешімдер қабылдап үйрен (Зәбүр 119:9 оқы). Бұл сенің рухани толысқан ер азамат болуыңа көмектесетін өте маңызды әдет (Нақ. с. 2:11, 12; Евр. 5:14). Ал қазір саналылық саған мына екі салада қалай көмек боларын білейік: 1) қыз бауырластармен араласқанда, 2) сырт көрінісіңе келгенде.
6. Саналы жас ер бауырлас қыз бауырластарға қалай құрмет танытады?
6 Ехоба сияқты ойлануды үйренген ер азамат әйел затын құрметтейді. Жас ер бауырлас бір қыз бауырласпен жақынырақ араласқысы келсе, бұл табиғи жайт және онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ жігіттің қызға үйленуге шын ниеті болмаса, ол қызда көңілі бардай ой қалдыратын ештеңе айтпайды да, жазбайды да, істемейді де. Осылай ол саналы әрекет етеді (Тім. 1-х. 5:1, 2). Ал егер қыз бауырласпен кездесіп жүрген болса, ол оның абыройын ойлап, ешқашан онымен жалғыз қалмайды, үшінші адамды ертіп жүреді (Қор. 1-х. 6:18).
7. Киім мен шаш үлгісін таңдағанда жас ер бауырлас қалай саналы бола алады?
7 Сондай-ақ саналылық дамытқан жас жігіт киім мен шаш үлгісін ақылмен таңдайды. Бүгінде сәнді трендтерді шығарып, жарнамалайтын адамдардың дені Ехобаны қастерлемейді я өнегесіз өмір кешеді. Осындай көзқарастағы адамдар ерлердің киім үлгілерін денеге жабысып тұратын не әйелдердікіне ұқсас етіп шығарады. Сондықтан толысқан мәсіхші болуға ұмтылатын жас ер бауырлас киім таңдағанда Киелі кітап принциптерін ұстанады әрі қауымдағы үлгілі бауырластарға еліктейді. Ол өзін былай деп тексерсе болады: “Менің сырт көрінісімнен парасаттылығым мен өзгелердің сезімін ескеретінім байқала ма? Киген киімімнен Құдайға қызмет ететін адам екенім бірден көріне ме?” (Қор. 1-х. 10:31—33; Тит. 2:6). Саналылықпен әрекет ететін жігіт бауырластарының ғана емес, көктегі Әкесі Ехобаның да сый-құрметіне бөленеді.
8. Жас ер бауырлас қалай сенімді адам болуды үйренеді?
8 Сенімді ақтайтын адам бол. Сенімді ақтай білетін жас жігіт бүкіл жауапкершіліктерін ұқыпты атқарады (Лұқа 16:10). Мысалы, Иса ешқашан да жауапсыз болып, міндетіне атүсті қарамаған. Ол Ехобаның тапсырған ісін, тіпті қиынға соққан кезде де, атқарып шыққан. Ол адамдарды, әсіресе өз шәкірттерін, жақсы көрген және олар үшін өмірін қиған (Жох. 13:1). Сен де Исаға еліктеп, өзіңе жүктелген кез келген тапсырманы тиянақты атқаруға барыңды сал. Ал егер тапсырманы қалай орындауды білмей жатсаң, кішіпейілділік танытып, толысқан ер бауырластардың көмегіне жүгін. “Әйтеуір жоқтан жақсы ғой” деп, тиіп-қашып істей салма (Рим. 12:11). Қайта, “адамдар үшін емес, Ехоба үшін істегендей” соңына дейін жеткіз (Қол. 3:23). Әрине, кемелсіз екеніңді де ұмытпай, қарапайым бол және қателіктеріңді мойындай біл (Нақ. с. 11:2).
ҚАЖЕТТІ ҚАБІЛЕТТЕРДІ МЕҢГЕРІП АЛ
9. Неліктен жас ер бауырластың өмірге қажетті қабілеттерді меңгеріп алғаны абзал?
9 Рухани толысқан ер азамат болу үшін саған өмірге қажетті қабілеттерді үйреніп алу керек. Бұл саған қауымдағы міндеттеріңді атқаруға, өзіңді я отбасыңды асырау үшін жұмыс істеуге және басқалармен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі. Аса қажет болатын қабілеттердің кейбірін қарастырайық.
10, 11. Ер бауырластың оқу-жазуды үйренгені өзіне және қауымға неге пайдалы? (Зәбүр 1:1—3) (Суретті де қара.)
10 Дұрыс оқып-жазуды үйрен. Киелі жазбаларда Құдай Сөзін күн сайын оқып, ой жүгіртетін адамның бақытты әрі оның әрбір ісі сәтті болатыны айтылған (Зәбүр 1:1—3 оқы). Киелі кітапты күнделікті оқысаң, Ехобаның ойын жақсырақ білесің. Осылайша саралап-салмақтауды және Жазбаларға сай әрекет етуді үйренесің (Нақ. с. 1:3, 4). Ал қауымға мұндай ер бауырластар өте қажет. Неге?
11 Қауымдағы бауырластар Киелі кітапқа негіздеп бағыт-бағдар сілтей алатын, кеңес бере алатын ер адамдарға мұқтаж (Тит. 1:9). Дұрыс оқып, сауатты жазуды үйренсең, қауымда мазмұнды әрі сенімді нығайтатын баяндамалар айтып, түсініктемелер бере аласың. Сондай-ақ осы дағдының арқасында сен зерттеу жүргізгенде, қауымда, конгрестерде баяндама тыңдағанда пайдалы ойларды өзіңе түртіп ала аласың. Бұл жазбаларың өз сеніміңді нығайтуға және басқаларды жігерлендіруге көмек болады.
12. Адамдармен тіл табысуды үйрену үшін не істесең болады?
12 Адамдармен тіл табысуды үйрен. Ер бауырлас бұны үйреніп алуы тиіс. Адамдармен жақсы тіл табысу үшін оларды құлақ қойып тыңдап, ойлары мен сезімдерін түсіне білуің керек (Нақ. с. 20:5). Бұл үшін адамның даусына, бет-әлпетіне, дене қимылдарына мұқият ден қойсаң болады. Бұл — адамдармен көбірек араласуың керек деген сөз. Ал егер сен өзгелермен тек электронды хабарламалар арқылы сөйлесетін болсаң, олармен жүзбе-жүз дұрыстап араласа алмай қаласың. Сондықтан адамдармен бетпе-бет сөйлесудің амалын жаса (Жох. 2-х. 12).
13. Жас жігіт тағы нені үйреніп алуы тиіс? (Тімөтеге 1-хат 5:8) (Суретті де қара.)
13 Өзіңді асырай алатындай бол. Рухани толысқан ер азамат өзін және отбасын асырай алуы шарт (Тімөтеге 1-хат 5:8 оқы). Кейбір елдерде жас ер бауырластар әкесінің не басқа бір туысының қасында жүріп, бір істі игеріп алады. Ал басқа бір елдерде ер бауырластар арнайы курстардан не колледжден қандай да бір кәсіпті не мамандықты меңгеріп шығады. Қалай болған күнде де, жұмыс таба алуың үшін бір істі игеріп алуың керек (Ел. іс. 18:2, 3; 20:34; Ефес. 4:28). Өзгелер сені еңбекқор, жұмысты соңына дейін апаратын адам деп білсін. Сонда саған жұмыс табу және сонда қалу оңай болады. Осы жоғарыда талқыланып кеткен бүкіл қасиеттер мен қабілеттер ер бауырласты алдағы міндеттеріне де дайындайды. Ол қандай міндеттер болуы мүмкін?
БОЛАШАҚ МІНДЕТТЕРІҢЕ ДАЙЫНДАЛ
14. Жас ер бауырлас толық уақытты қызметші болуға қалай дайындалса болады?
14 Толық уақытты қызметші. Рухани толысқан ер бауырластардың көбісі толық уақыт қызмет етуді жастайынан бастаған. Ізашарлық қызметтің арқасында жас ер бауырлас әртүрлі адамдармен қызметтесіп, тіл табысуды үйренеді. Тапқан ақшасын дұрыс жұмсап, көрпесіне қарай көсілуді де үйренеді (Філіп. 4:11—13). Қосалқы ізашарлық қызмет толық уақытты қызметке жақсы бастама береді. Көбісі тұрақты ізашар болуға дайындалу үшін біраз уақыт бойы қосалқы ізашар ретінде қызмет етеді. Ал ізашарлық қызмет болса құрылыс еріктісі не бетелдік болу сияқты басқа да толық уақытты қызмет түріне жол ашады.
15, 16. Жас ер бауырлас қызмет көмекшісі не ақсақал болу үшін не істесе болады?
15 Қызмет көмекшісі не ақсақал. Барлық ер бауырластар қауымда ақсақалдарға қойылатын талаптарға сай болуға тырысуы керек. Киелі кітапта ер бауырлас осындай міндетке ұмтылса, “оның игілікті істі қалағаны” делінген (Тім. 1-х. 3:1). Ер бауырлас ақсақал болмас бұрын, қызмет көмекшісі болуға лайықты болу керек. Қызмет көмекшілері ақсақалдарға қауымның істерін атқаруға көп көмектеседі. Ақсақалдар да, қызмет көмекшілері де бауырластарына кішіпейілділікпен қызмет етеді әрі уағыз ісіне құлшына қатысады. Жас ер бауырластар тіпті 17—19 жастарында да қызмет көмекшісі болып тағайындала алады. Ал қабілетті қызмет көмекшілері тіпті жиырмаларында ақсақал болып тағайындала алады.
16 Қызмет көмекшісі, кейінірек ақсақал болу үшін не істесең болады? Бұның нақты бір ережесі жоқ. Бірақ Киелі кітапта қызмет көмекшісі не ақсақалдарға қойылатын талаптар жазылған және бұл талаптар Ехобаға, отбасыңа және қауымға деген сүйіспеншілікке негізделген (Тім. 1-х. 3:1—13; Тит. 1:6—9; Пет. 1-х. 5:2, 3). Әрбір талапты жақсылап түсініп алып, соған сай болу үшін Ехобадан көмек сұрап, дұға ет c.
17. Жас ер бауырлас күйеу және отағасы болуға қалай дайындала алады? (Суретті де қара.)
17 Күйеу және отағасы. Иса рухани толысқан ерлердің кейбірі салтбасты болып қалатынын айтқан (Мат. 19:12). Ал егер шаңырақ көтеремін деп шешсең, саған күйеу және отағасы ретінде қосымша жауапкершіліктер жүктеледі (Қор. 1-х. 11:3). Ехоба күйеулерден әйелін асырайды, оған жақсы дос болады, рухани мықты болуға көмектеседі деп күтеді (Ефес. 5:28, 29). Осы мақалада қарастырылған саналы болу, әйелдерді құрметтеу, сенімді ақтай білу сияқты қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы күйеу болуға көмектеседі. Осылай күйеулік және отағалық міндетіңе жақсы дайындаласың.
18. Жас ер бауырлас әке болуға қалай дайындала алады?
18 Әке. Үйленгеннен кейін сен әке болуың мүмкін. Ал жақсы әке болуды сен Ехобадан үйрене аласың. Ехоба әкелерге қандай үлгі қалдырған? (Ефес. 6:4). Ол өзінің Ұлы Исаны жақсы көретінін әрі оған риза екенін ашық айтқан (Мат. 3:17). Әке болып жатсаң, сен де үнемі балаларыңды жақсы көретініңді айтып, сендіріп отыр. Жақсы істері үшін олардан мақтау сөзіңді аяма. Ехобаны үлгі тұтатын әкелер рухани толысқан ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіреді. Бұл рөлге қазірден бастап дайындалу үшін үй ішіндегілерге және қауымдағыларға сүйіспеншілік танытып, қамқор бол. Оларды жақсы көретініңді, бағалайтыныңды айтып үйрен (Жох. 15:9). Осының арқасында болашақта жақсы күйеу әрі жақсы әке, ал қазірдің өзінде Ехоба үшін, отбасың мен қауымың үшін қолғанат бола аласың.
ҚАЗІР НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫҢ?
19, 20. Қалай жас ер бауырластар рухани толысқан ер азаматтар бола алады? (Мұқабадағы суретті қара.)
19 Жас ер бауырластар, сендер өздігінен рухани толысқан ер азамат болып кетпейсіңдер. Бұл үшін үлгі болатын ерлерге еліктеулерің керек. Саналы, сенімді ақтайтын адам болуларың керек. Қажетті қабілеттерді меңгеріп, болашақтағы міндеттеріңе дайын болуларың керек.
20 Бәлкім, кейде сендер алдағы атқаратын міндеттерді ойлап, шамам жете ме екен деп уайымдайтын шығарсыңдар. Бірақ бұл қолдарыңнан келеді. Естеріңде болсын, Ехоба сендерге көмектесуге асық (Ишая 41:10, 13). Қауымдағы бауырластарың да сендерге қолдау көрсетеді. Ер бауырлас ретінде пісіп-жетілгенде, өмірің мән-мағына мен қанағатқа толы болады. Біздің аса қымбатты жас ер бауырластар, сендерді жақсы көреміз! Толысқан мәсіхші болу үшін күш салып жатқан сендерді Ехоба молынан жарылқасын! (Нақ. с. 22:4).
65-ӘН Алға ұмтыл!