Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Сеніміңіз бен істеріңіз арқылы әділ бола аласыз

Сеніміңіз бен істеріңіз арқылы әділ бола аласыз

“Ыбырайым. . . оның сеніміне еліктейтіндердің түп атасы” (РИМ. 4:12).

119-ӘН Сеніміміз берік болғай

АҢДАТПА  a

1. Ыбырайымның сенімі жайлы ойлағанда бізде қандай сұрақ пайда болады?

 КӨПШІЛІКТІҢ Ыбырайым пайғамбар жайлы естуі бар, бірақ ол туралы көп біле бермейді. Ал сіздің Ыбырайым жайлы біліміңіз мол. Мысалы, сіз оның “сенімі арқылы әділ деп есептелетіндердің бәрінің түп атасы” атанғанын білесіз (Рим. 4:11). Мүмкін, сіз “Мен Ыбырайымдікіндей мықты сенім таныта алам ба екен?” деп ойлаған шығарсыз. Иә, бұл сіздің қолыңыздан келеді.

2. Ыбырайым жайлы қарастырғанымыз неге маңызды? (Жақып 2:22, 23)

2 Ыбырайымдікіндей сенім таныту үшін оның үлгісі жайлы оқып-зерттесеңіз болады. Құдайдың бұйыруымен ол шалғай жерге көшіп барды, ондаған жылдар бойы шатырларда өмір сүрді және жан баласын құрбан етуге дайын болды. Болаттай берік сенімі болмағанда Ыбырайым бұлай жасамас еді. Осылай сенімі мен ісінің арқасында ол Ехобаның көңілінен шығып, досы атанды (Жақып 2:22, 23 оқыңыз). Ехоба барлығымыздың, жеке сіздің де, сондай батаға кенелгеніңізді қалайды. Сол себепті де Ехоба Пауыл мен Жақыпқа рухымен қозғау салып, Киелі кітапқа Ыбырайымның үлгісі жайлы жаздырды. Ендеше қазір Римдіктерге 4-тарау мен Жақып 2-тараудан сол жайлы қарастырамыз. Бұл екі тарауда да Ыбырайым жайлы бір маңызды мәлімет жазылған.

3. Пауыл да, Жақып та қай тармақты келтірді?

3 Пауыл да, Жақып та Мұсаның 1-жазбасы 15:6-дағы мына сөздерді келтірді: “Ыбырам Ехобаға сенді. Сондықтан Құдай оны әділ деп санады”. Әділ деген сөз Құдай өзіне ұнамды, еш кінәсіз деп тапқан адамға қатысты айтылады. Құдай Тағала кемелсіз әрі күнәкар пендеге еш кінәсіз деп қарайтын болса, бұл бір керемет емес пе? Құдай сізді де әділ деп тапқанын қалайтыныңыз шүбәсіз. Сіз бұған қол жеткізе аласыз. Бұл үшін не істей алатыныңызды білу үшін Ыбырайымның қалай әділ адам атанғанына тоқталайық.

СЕНІМСІЗ ӘДІЛ БОЛА АЛМАЙМЫЗ

4. Адам баласына әділ болуға не кедергі келтіреді?

4 Римдіктерге жазған хатында Пауыл барлық адамдардың күнәкар екенін айтқан (Рим. 3:23). Олай болса, адам қалайша әділ, мінсіз, Құдайға ұнамды бола алады? Осы сұрақтың жауабын Пауыл адал мәсіхшілерге Ыбырайымның үлгісін негізге ала отырып, түсіндірді.

5. Ехоба Ыбырайымды не себепті әділ деп жариялады? (Римдіктерге 4:2—4)

5 Ехоба Ыбырайымды Қанахан жерінде тұрып жатқанда-ақ әділ деп жариялады. Оның әділ деп аталған себебі, Мұса Заңын бұлжытпай орындағандықтан ба? Жоқ (Рим. 4:13). Өйткені Мұса Заңы исраилдіктерге содан 400 жылдан кейін ғана берілді. Ендеше Ыбырайым не үшін әділ атанды? Рақымы мол Ехоба оны сенімі үшін әділ деп жариялады (Римдіктерге 4:2—4 оқыңыз).

6. Ехоба қалай күнәкарды әділ деп жариялайды?

6 Пауыл адамның Құдайға деген сенімі болса, осы “сенімі арқылы әділ деп саналатынын” айтқан (Рим. 4:5). Әрі қарай ол былай деді: “Істеріне қарамай-ақ Құдай әділ деп есептеген адамның бақытты екендігін Дәуіт те айтқан: “Заңсыз істері кешірілгендер мен күнәлары жабылғандар бақытты! Ехоба күнәсін мойнына артпайтын адам бақытты!” (Рим. 4:6—8; Зәб. 32:1, 2). Құдай өзіне сенген адамның күнәларын кешеді, яғни толықтай жабады. Оны біржолата кешіріп, бұдан былай кінәсін мойнына артпайды. Сенімі үшін оны еш кінәсіз, әділ адам деп санайды.

7. Ежелдегі Құдайдың адал қызметшілерін неге әділ деп санауға болады?

7 Ыбырайым, Дәуіт және Құдайдың басқа да адал қызметшілері әділ деп жарияланса да, кемелсіз, күнәкар болып қала берген. Бірақ сенімдері үшін Құдай оларды мінсіз деп тапты, әсіресе құдайсыз адамдармен салыстырғанда олар кінәсіз болып тұрды (Ефес. 2:12). Пауылдың хатынан анық білеріміз, сенімсіз біз Ехобамен дос бола алмаймыз. Ыбырайым мен Дәуіт сенімдерінің арқасында Ехобамен дос болды, бізге де онымен дос болу үшін сенім қажет.

СЕНІМ БАР ЖЕРДЕ ІС ТЕ БОЛУ КЕРЕК

8, 9. Кейбір адамдар Пауыл мен Жақыптың сөздерін қалай тұжырымдап алған және неге бұл қате пікір?

8 “Құр сенімнің болғаны жеткілікті ме, әлде іс-әрекет те маңызды ма?” деген сұрақ мәсіхшілер әлемінде ғасырлар бойы дау тудырып келеді. Кейбір діни жетекшілер “Иеміз Иса Мәсіхке сенсең болды, сонда құтқарыласың” деп үйретеді. Олар тіпті Пауылдың “Құдай адамды істеріне қарамай-ақ әділ деп есептейді” деген сөздерін негізге алып жатады (Рим. 4:6). Ал басқалары адам “құтқарылу” үшін шіркеу қасиетті деп санайтын жерлерге бару және басқа да парыздарды орындау қажет дейді. Олар мұны растау үшін Жақып 2:24-тегі: “Адам тек сенімі емес, істері арқылы әділ деп жарияланады”,— деген сөздерді келтіруі мүмкін.

9 Осындай екі түрлі көзқарастың нәтижесінде кейбір діни жазушылар Пауыл мен Жақыптың сенім мен іс-әрекетке қатысты ойлары бір жерден шықпаған деп жатады. Кейбір діни жетекшілердің айтуынша, Пауыл әділ деп жариялану үшін сенімнің өзі жеткілікті деп санаған. Ал Жақып сенімін іс-әрекетпен көрсетпейтін адам Құдайға ұнай алмайды деп үйреткен. Бір дінтанушы профессор бұны былай деп түсіндірді: “Пауылдың адамға іс-әрекеттің керегі жоқ, ол сенімімен-ақ әділ деп жарияланады деп тұрып алғанын Жақып түсіне алмаған”. Алайда Пауылға да, Жақыпқа да хаттарын жазуға рухымен қозғау салған Ехоба ғой (Тім. 2-х. 3:16). Демек, олардың бұлай екі түрлі сөйлеуінің бір себебі бар. Оны білу үшін жалпы олар хаттарында не жайлы жазғанын қарастырып алуымыз керек.

Пауыл Римдегі яһуди мәсіхшілерге Мұса Заңын ұстану емес, сенім қажет екенін түсіндірді (10-абзацты қараңыз) b

10. Негізінен, Пауыл қандай “істер” жайлы айтқан? (Римдіктерге 3:21, 28) (Суретті де қараңыз.)

10 Римдіктерге 3, 4-тарауларда Пауыл “істер” деп не туралы айтқан? Ол негізінен “заң талаптарын орындау”, яғни Синай тауында берілген Мұса Заңын ұстану жайлы айтқан (Римдіктерге 3:21, 28 оқыңыз). Пауылдың күндерінде кейбір яһуди мәсіхшілер Мұса Заңы да, ондағы талаптар да күшін жойғанына көндіге алмаған көрінеді. Сондықтан Пауыл Ыбырайымды мысалға келтіріп, адам “заң талаптарын орындау” арқылы емес, сенім арқылы Құдай алдында әділ деп жарияланатынын дәлелдеді. Осы ой біздің де бойымызға жігер құяды. Себебі бұл жүрегімізде Құдай мен Мәсіхке деген сенім болса, әрқайсысымыз Ехобаның ықыласына бөлене аламыз деген сөз.

Жақып мәсіхшілерді сенімдерін “істерімен” дәлелдеуге, мысалы ешкімді алаламай жақсылық жасауға, шақырған (11, 12-абзацтарды қараңыз) c

11. Жақып қандай “істер” жайлы айтқан?

11 Ал Жақып өз хатының 2-тарауында “істер” деп Пауыл айтқан “заң талаптарын орындауды” айтпаған. Ол мәсіхшілердің күнделікті тұрмыс-тіршілігінде жасайтын игі істерін айтқан. Мәсіхшінің сол істеріне қарап, Құдайға деген сенімі шынайы не жалған екенін білуге болады. Жақып бұған екі мысал келтірген.

12. Жақып сенім бар жерде іс те болатынын қалай жеткізді? (Суретті де қараңыз.)

12 Бірінші мысалында Жақып мәсіхшілер ешкімді алаламауы керектігін айтқан. Осы ойды жеткізу үшін ол бай адамға жақсы қарап, ал кедейді кемсіткен адамды мысалға келтірді. Жақып мұндай адам сенімім бар дегенмен, істегені сөзіне сай емес екенін айтты (Жақ. 2:1—5, 9). Екіншіден, ол бауырласының киер киім мен күнделікті асқа зәру екенін көре тұра, жәрдем бермеген адамды мысалға келтірді. Мұндай адам Құдайға сенемін дей тұра, бұнысын ісімен көрсетпесе, сенімінен не пайда?! “Іс-әрекетсіз болса, сенім де өлі”,— деді Жақып (Жақ. 2:14—17).

13. Сенімді іспен дәлелдеу керектігін Жақып кімнің мысалымен түсіндірді? (Жақып 2:25, 26)

13 Жақып сенімін іспен дәлелдеудің үлгісі ретінде Рахабты келтірген (Жақып 2:25, 26 оқыңыз). Рахаб Ехоба жайлы естіп, оның өз халқын қалқалап келе жатқанын түсінді (Ешуа 2:9—11). Сөйтіп, бастарына қауіп төнген екі исраилдік тыңшыны аман алып қалып, сенімін іспен көрсетті. Осылай ол кемелсіз болса да, Исраил халқынан шықпаса да, тура Ыбырайым сияқты әділ деп жарияланды. Рахабтың үлгісінен біз сенімнің іс-әрекетпен қатар жүруі керектігін түсінеміз.

14. Пауыл мен Жақыптың жазғандары неліктен бір-біріне қайшы емес?

14 Бұдан түйгеніміз, Пауыл мен Жақып жай ғана сенім мен істерді әртүрлі қырынан ашқан. Пауыл яһуди мәсіхшілерге Мұса Заңын ұстанып қана Ехобаның ықыласына ие бола алмайтындарын түсіндірген. Ал Жақып барлық мәсіхшілер сенімдерін өзгелерге жақсылық жасау арқылы көрсету керектігіне екпін түсірген.

Сеніміңіз Ехобаға ұнайтын істерді жасауға қозғау сала ма? (15-абзацты қараңыз)

15. Сенімімізді іспен көрсетудің қандай жолдары бар? (Суреттерді де қараңыз.)

15 Әділ деп жариялануымыз үшін Ехоба бізден дәл Ыбырайым істегенді істеңдер деп талап етпейді. Негізінде, сенімімізді іспен дәлелдеудің жолдары мың сан. Мысалы, қауымға жаңадан келгендерді жылы қарсы алу, мұқтаждық көріп жатқан бауырластарға жәрдем қолын созу және өз отбасымыздағыларға жақсылық жасау. Осы істеріміз үшін Ехоба бізге ықыласын түсіріп, батасын береді (Рим. 15:7; Тім. 1-х. 5:4, 8; Жох. 1-х. 3:18). Сенімімізді паш ететін әсіресе маңызды іс — өзгелерге жан сала ізгі хабарды жеткізу (Тім. 1-х. 4:16). Сондай-ақ Ехобаның уәделері орындалатынына және ол әрқашан дұрыс әрекет ететініне сенетінімізді де іспен дәлелдей аламыз. Осыларды істесек, Құдай бізді әділдердің қатарына санап, досы ететініне кәміл сенейік.

ҮМІТ СЕНІМДІ ҚАЙРАЙДЫ

16. Ыбырайым не нәрсеге үміттенді әрі сенді?

16 Римдіктерге 4-тарауда Ыбырайымнан алар тағы маңызды сабағымыз — үмітті сөндірмеу. Ыбырайым алдан зор үміт күтті! Өйткені Ехоба ол арқылы “көптеген халық” жарылқанатынын уәде еткен еді (Мұс. 1-ж. 12:3; 15:5; 17:4; Рим. 4:17). Бірақ Ыбырайым 100 жасқа, ал Сара 90 жасқа шықса да, әлі де ұлды болмады. Пенденің көзімен қарағанда, бұл жаста балалы болу мүмкін емес еді. Сондықтан бұл Ыбырайымға айтарлықтай сынақ болды. Дегенмен ол “көптеген халықтардың түп атасы болатынына үмітін үзбей сене берді” (Рим. 4:18, 19). Түбінде оның үміті ақталды. Көптен күткен ұлы Ысқақ дүниеге келіп, Ыбырайым әке болды (Рим. 4:20—22).

17. Әділ деп саналып, Құдайдың досы бола алатынымызды қайдан білеміз?

17 Ыбырайым сияқты біз де Ехобаның көңілінен шығып, досы бола аламыз. Осы ойды қозғап, Пауыл былай деген: “Әділ деп саналды” деген сөздер оған ғана емес, әділ деп саналатын біздерге де арнап жазылған. Өйткені біз Иеміз Исаны өлімнен қайта тірілткен Құдайға сенеміз” (Рим. 4:23, 24). Ыбырайымдікі секілді біздің де сеніміміз, істеріміз, сондай-ақ үмітіміз болу керек. Ал үміт жайлы Пауыл Римдіктерге 5-тарауда сөз қозғайды. Бұл тақырыпты келесі мақалада тарқатамыз.

28-ӘН Ехобаның досы болайық

a Біз Құдайдың ықыласына бөленіп, оның көз алдында әділ болғымыз келеді. Осы мақалада бұл үшін не істеу керектігін әрі неге сеніміміз іспен қатар жүру керектігін білеміз. Бұл ойлар Жақып пен Пауылдың хаттарындағы сөздерге негізделеді.

b СУРЕТ СИПАТТАМАЛАРЫ: Пауыл еврей мәсіхшілерді киімінің етегін көк жіппен тігу, Құтқарылу мейрамын тойлау, жуыну рәсімдерін жасау сияқты “заң талаптарын орындауға” емес, сенімдеріне көңіл бөлуге шақырды.

c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жақып сенімімізді іспен көрсету үшін игі істер жасауға, мысалы кедейлерге көмектесуге шақырды.