52-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Қыз бауырластар, қалай рухани толысқан әйел бола аласыңдар?
“Әйелдер,.. барлық жағынан байсалды, қай нәрседе де адал болуы тиіс” (ТІМ. 1-Х. 3:11).
133-ӘН Ехобаға жастайыңнан қызмет ет
АҢДАТПА a
1. Толысқан мәсіхші болу үшін не істеу керек?
БАЛАЛАРДЫҢ дем арада есейіп кететініне таңғалып жатамыз. Олар бұған еш күш салмайды, өздігінен есейе береді. Бірақ мәсіхші ретінде толысып, жетілу үшін адам күш салу керек b (Қор. 1-х. 13:11; Евр. 6:1). Бұл үшін оның Ехобамен қарым-қатынасы өте тығыз болуы керек. Сондай-ақ оған бойында Құдайға ұнайтын қасиеттер жетілдіру үшін, белгілі бір қабілет-дарындарды қалыптастыру үшін және болашақта мойнына алатын жауапкершіліктерге дайын болу үшін киелі рух қажет (Нақ. с. 1:5).
2. Мұсаның 1-жазбасы 1:27-де не айтылған және осы мақалада не қарастырамыз?
2 Ехоба адамдарды бірін ер, бірін әйел етіп жаратқан (Мұсаның 1-жазбасы 1:27 оқы). Олардың сырт келбетінен бөлек, бір-бірінен тағы бір ерекшеліктері бар. Ехоба олардың әрқайсысына өзіндік рөл берген. Сол рөлдерін атқару үшін оларға кейбір қасиеттер мен қабілеттер керек (Мұс. 1-ж. 2:18). Осы мақалада біз жас қыз бауырластардың қалай рухани толысқан әйел бола алатындарын қарастырамыз. Ал келесі мақалада жас ер бауырластар жайлы сөз қозғаймыз.
ЕХОБАҒА ҰНАМДЫ ҚАСИЕТТЕРДІ ЖЕТІЛДІР
3, 4. Қыз бауырластар кімге қарап бой түзесе болады? (Суретті де қара.)
3 Киелі кітапта Ехобаны жақсы көрген, оған қызмет еткен әйелдер көптеп табылады (jw.org сайтынан орыс тіліндегі “Женщины в Библии: чему учит их пример?” деген мақаланы қара). Олар осы мақаланың негізгі тармағына сай, “қай нәрседе де адал болған”. Олардан және қауымыңдағы үлгі алуға тұрарлық әйел бауырластардан көп нәрсеге үйренсең болады.
4 Ендеше, “рухани толысқан әйелдердің қайсысына қарап бой түзесем болады?” деп ойлан. Олардың адамды баурайтын әдемі қасиеттерін байқап, “бұл қасиеттерді мен қалай таныта аламын?” деп ой жүгірт. Келесі абзацтарда рухани толысқан әйел болуға қажетті үш қасиетті жіктеп шығайық.
5. Рухани толысқан әйел болу үшін неге кішіпейілділік аса маңызды?
5 Толысқан мәсіхші болу үшін кішіпейіл болу аса маңызды. Әйел бауырлас кішіпейіл болса, ол Ехобамен де, басқалармен де жақсы қарым-қатынаста болады (Жақ. 4:6). Мысалы, Ехобаны сүйетін әйел ол орнатқан басшылық принципіне кішіпейілділікпен мойынсұнады (Қор. 1-х. 11:3). Қауымда және отбасында осы принципті ұстанудың өзіндік ерекше тұстары бар c.
6. Қыз бауырластар Рабиғадан не үйренсе болады?
6 Бұл ретте Рабиғадан үлгі алсақ болады. Ол ақылды, керек кезде батыл іске кірісетін шешімтал әйел болған (Мұс. 1-ж. 24:58; 27:5—17). Сонда да ол өзгелерге құрмет көрсетіп, бағына білген (Мұс. 1-ж. 24:17, 18, 65). Біз де Рабиға іспетті кішіпейіл болып, Ехоба жауапкершілік тапсырған адамдарға мойынсұнатын болсақ, отбасымыздың ұйытқысы әрі қауымға да өнеге боламыз.
7. Қыз бауырластар Естердің қарапайымдылығына қалай еліктесе болады?
7 Барлық толысқан мәсіхшілерге тән тағы бір қасиет — қарапайымдылық. Киелі кітапта: “Қарапайымдарға даналық тән”,— делінген (Нақ. с. 11:2). Естер осындай қарапайым, Құдайға адал әйел болған. Қарапайымдылығының арқасында ол “патшайым болдым” деп көкірек керіп кетпеген. Ол немере ағасы Мардохайдың ақылын тыңдап, бұлжытпай орындаған (Ест 2:10, 20, 22). Біз де жақсы ақыл-кеңес іздеп, соған құлақ асатын болсақ, бұл — қарапайымдылықтың белгісі (Тит. 2:3—5).
8. Тімөтеге 1-хат 2:9, 10-ға сай, әйел бауырлас киініп, әрленіп-сәнденгенде қалай қарапайым бола алады?
8 Естердің қарапайымдылығы тағы бір нәрседен көрінеді. “Дене бітімі келіскен, сұлу қыз” болса да, ол жұртты өзіне қаратуға тырыспаған (Ест. 2:7, 15). Әйел бауырластар Естерге қалай еліктесе болады? Оның бір жолы — Тімөтеге 1-хат 2:9, 10-дағы (оқы) кеңеске құлақ асу. Елші Пауыл мәсіхші әйелдер қарапайым да есті киінсін деген. Гректің бұл сөздері әдеппен киінуді, өзгелердің сезімі мен көзқарасын ескеруді білдіреді. Біз қарапайым киінетін аяулы әйел бауырластарымызды мақтан тұтамыз!
9. Әбигелден не үйренсек болады?
9 Толысқан әйел бауырластарға парықтылық қасиеті де өте қажет. Бұл қандай қасиет? Парықтылық деп ақыл-парасатты іске қосып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата білуді және дұрыс нәрсені істеуді айтады. Әбигелді алайықшы. Күйеуінің ақымақтығының кесірінен бүкіл үй іші пәлеге ұшырамақ еді. Осыны біліп, Әбигел дереу әрекет етті. Ақыл-парасатпен әрекет еткенінің арқасында ол талай адамның басын аман алып қалды (Сам. 1-ж. 25:14—23, 32—35). Бойымызда парықтылықты дамытсақ, қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігін де анықтай білеміз. Сондай-ақ бұл қасиет — өзгелердің жағдайын сұрап, қызығушылық танытқан кезде, шектен шығып кетпеуге көмектеседі (Сал. 1-х. 4:11).
ҚАЖЕТТІ ҚАБІЛЕТТЕРДІ МЕҢГЕРІП АЛ
10, 11. Сауатты болудың қандай пайдасы бар? (Суретті де қара.)
10 Әйел бауырластардың күнделікті тұрмыста керек болатын қабілеттерді меңгеріп алғандары дұрыс. Қыз баласы кішкентайынан бойына сіңірген дағдылардың пайдасын үлкен өмірде көп көреді. Мысалы, олар нені үйреніп алса болады?
11 Дұрыс оқып-жазуды үйрен. Кей мәдениетте, әйелдерге сауатты болудың аса қажеті жоқ деп санайды. Бірақ мәсіхшілерге оқып-жаза білу ауадай қажет d (Тім. 1-х. 4:13). Егер Құдай Сөзін оқып, ой жүгірте алсаң, Ехобаға жақындай түсесің. Сондай-ақ Киелі кітапты тереңінен зерттеп, жақсы тәлімгер де бола аласың. Оқу-жазуды білгеніңнің арқасында жұмысқа да тұрып, ақша таба аласың. Ендеше еш нәрсеге қарамай, сауатты оқып-жазуды үйреніп ал (Ешуа 1:8; Тім. 1-х. 4:15).
12. Нақыл сөздер 31:26-дағы сөздер өзгелермен тіл табысуыңа қалай көмектеседі?
12 Адамдармен тіл табыса білуді үйрен. Мәсіхшінің өзгелерді тыңдап, сөйлесе білуі маңызды. Осы орайда шәкірт Жақып: “Әркім тыңдауға жүйрік, сөйлеуге. . . баяу болсын”,— деп жақсы кеңес берген (Жақ. 1:19). Адамды мұқият тыңдай білсек, оның сезімдерін түсінеміз немесе “қайғысына ортақтас” бола аламыз (Пет. 1-х. 3:8). Ал егер адамның не айтқысы келгенін не сезімдерін түсінбей жатсаң, орынды сұрақтар қойсаң болады. Ал кейін, сөйлемес бұрын бір сәт ойланып ал (Нақ. с. 15:28 сілт.). “Менің айтайын деп тұрғаным шын ба және ол адамның рухын көтере ме? Бұл ізеттілікке, мейірімділікке жата ма?” деп ойланып көр. Сондай-ақ сөйлесуді басқалармен жақсы тіл табысатын әйел бауырластардан да үйренсең болады (Нақыл сөздер 31:26 оқы). Олардың не айтатынына, қалай сөйлейтініне мән бер. Сөйлеу мен тыңдау қабілетін шыңдаған сайын, өзгелермен әңгімең жарасып, арақатынасың да нығаяды.
13. Үй тірлігіне пысық болуды қалай үйренсең болады? (Суретті де қара.)
13 Үй шаруасына пысық болуды үйрен. Көп жерлерде үй тірлігін әдетте әйелдер атқарады. Бұны сен анаңнан не басқа бір пысық әйел бауырластан үйрене аласың. Синди деген қыз бауырлас былай дейді: “Анамның бойыма сіңірген ең асыл тәрбиесі — еңбек етуден қуаныш алу. Тамақ пісіруді, үй жинауды, киім тігуді, базарлап, керек-жарақ сатып алуды үйреніп алғанымның арқасында өз жағдайымды жасап, Ехоба үшін де көп нәрсе істей аламын. Анам мені қонақжай болуға да үйретті. Соның арқасында маған үлгі болатын көптеген бауырластармен таныстым” (Нақ. с. 31:15, 21, 22). Үй шаруасына пысық, еңбекқор, қонақжай әйел бауырластарымыз отбасы үшін де, қауым үшін де зор бата (Нақ. с. 31:13, 17, 27; Ел. іс. 16:15).
14. Кристаллдың сөзінен не түйдің және нені ойда ұстағаның жөн?
14 Өз күніңді өзің көре біл. Барлық толысқан мәсіхшілер өздерін асырауды және қанағатшыл болуды үйренгендері маңызды (Філіп. 4:11). Бұл ретте Кристалл есімді қыз бауырлас былай деді: “Жоғары сыныптарға өтер кезде, ата-анам маған ертең жұмыс таба алатындай саланы таңдауға көмектесті. Әкемнің айтуымен, бухгалтерлік сабақтарды таңдап, кейін соның көп пайдасын көрдім”. Жұмыс таба алатындай саланы меңгеріп алудан бөлек, қаражатыңды үнемдеп, дұрыс жұмсауды да үйрен (Нақ. с. 31:16, 18). Лажы болса, қарыз алудан аулақ жүріп, азды қанағат ете білсең, рухани мақсаттарыңа жете аласың (Тім. 1-х. 6:8).
БОЛАШАҚ МІНДЕТТЕРІҢЕ ДАЙЫНДАЛ
15, 16. Неге салтбасты әйел бауырластар қауымға зор бата? (Марқа 10:29, 30)
15 Ехобаға ұнамды қасиеттер дамытып, қажетті қабілеттерді меңгергенің сені үлкен өмірге дайындайды. Мысалы, алда сенде қандай таңдаулар болады?
16 Белгілі бір уақыт тұрмыс құрмауды шешерсің. Кейбір әйел бауырластар мәдениеттерінде құп саналмаса да, Исаның сөздеріне сай, тұрмыс құрмауды шешеді (Мат. 19:10—12). Өзгелері белгілі бір жағдайларға байланысты әзірге салтбасты болып жүр. Ехоба мен Иса салтбасты бауырластарды ешқашан кем санамайды. Дүниежүзіндегі аяулы салтбасты әйел бауырластар қауымдарда жақсы үлгі болып жүр. Өзгелерге деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығының арқасында олар біреуге рухани ана, біреуге рухани әпкедей болып кеткен (Марқа 10:29, 30 оқы; Тім. 1-х. 5:2).
17. Қыз бауырластар толық уақытты қызметке қазірден қалай дайындалса болады?
17 Толық уақыт қызмет ете аласың. Төрткіл дүниедегі әйел бауырластарымыздың уағыз ісінде атқаратын еңбектері орасан (Зәб. 68:11). Ал сен толық уақыт қызмет етуді қазірден жоспарлай аласың ба? Мысалы, ізашар, құрылыс еріктісі, бетелдік болуға ұмтыла аласың. Мақсатың жайлы дұға ет. Соған қол жеткізген бауырластармен сөйлесіп, сол қызметке лайықты болу үшін не істеуге болатынын сұрастыр. Сосын өз жағдайыңды ескеріп, жоспар құр. Егер толық уақытты қызметке қол жеткізсең, Ехобаға көбірек бересің әрі өмірің көркейе түседі.
18. Неге қыз бауырлас болашақ жарын өте мұқият таңдауы керек? (Суретті де қара.)
18 Тұрмысқа шығамын деп шешуің мүмкін. Осы қарастырған қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы жар болуға көмектеседі. Алайда болашақ күйеуіңді таңдарда аса мұқият бол, өйткені бұл — сенің өміріңдегі ең маңызды шешімдердің бірі. Сол таңдаған ер адамыңа ертең бағынуың керек болады, соны ұмытпа (Рим. 7:2; Ефес. 5:23, 33). Сондықтан мына сұрақтар жайлы жақсылап ойлан: “Ол рухани толысқан ба? Рухани істерді басты орынға қоя ма? Ақылмен шешім қабылдай ма? Өз қателіктерін мойындай ма? Әйелдерге сый-құрмет көрсете ме? Ол маған рухани мықты болуға көмектесе ала ма? Мені асырай ала ма? Маған жақсы дос бола ала ма? Өзіне жүктелген міндеттерді жақсы атқара ма? Мәселен, оның қауымда қандай жауапкершіліктері бар және оларды қалай атқарады?” (Лұқа 16:10; Тім. 1-х. 5:8). Бірақ әрине, егер жақсы күйеу болатын адамды тапқың келсе, өзің де жақсы әйел болуды үйренуің керек.
19. Неліктен “көмекші” болу өте сыйлы рөл дей аламыз?
19 Киелі кітапта жақсы әйел күйеуін “толықтыратын көмекші” екені айтылған (Мұс. 1-ж. 2:18). Бұл — әйелді кемсітетін емес, қайта, қадірін арттыратын рөл. Киелі кітапта “көмекші” деген тіркес көбінесе Ехобаға қатысты қолданылады (Зәб. 54:4; Евр. 13:6). Әйел күйеуіне қолдау көрсетсе, отбасына қатысты қабылдаған шешімдерін іске асыруға көмектессе, оған нағыз көмекші бола алады. Ехобаны жақсы көргендіктен, ол күйеуінің беделін арттыруға тырысады (Нақ. с. 31:11, 12; Тім. 1-х. 3:11). Болашақтағы осы міндетке дайын болу үшін Ехобаға деген сүйіспеншілігіңді күшейте бер әрі қауымда және отбасында жақсы көмекші бола біл.
20. Отбасында ананың алар орны қандай?
20 Сен болашақта ана болуың мүмкін. Тұрмыс құрғаннан кейін, балалы болуларың мүмкін (Зәб. 127:3). Сондықтан да ана болуға алдын ала дайындалғаның дұрыс. Біз талқылап кеткен қасиеттер мен қабілеттер саған жақсы жар әрі жақсы ана болуға көмектеседі. Сен махаббат-мейіріміңмен, шыдамдылығыңмен өз үйіңді жылы ұядай етесің, ал ондай ортада балалар алаңсыз өсіп, гүлдей жайқалады (Нақ. с. 24:3).
21. Неліктен біз әйел бауырластарымызды асылға балаймыз? (Мұқабадағы суретті қара.)
21 Қымбатты қыз бауырластар, сендер Ехоба мен оның халқы үшін ерен еңбек етесіңдер, сол үшін сендерді жақсы көреміз (Евр. 6:10). Бойларыңда Ехобаға ұнамды қасиеттер тәрбиелеуге, өздеріңе және өзгелерге қуаныш сыйлайтын қабілеттерді үйренуге, болашақта атқаратын міндеттеріңе дайындалуға көп тер төгесіңдер. Сендердің Ехобаның ұйымында алар орындарың аса бағалы!
137-ӘН Ехобаға адал әйелдер
a Аяулы жас қыз бауырлас, сен қауым үшін аса қымбатсың. Егер бойыңда Ехобаға ұнамды қасиеттерді жетілдірсең, қажетті қабілеттерді меңгеріп алсаң және болашақ міндеттеріңе дайындалсаң, мәсіхші әйел ретінде пісіп-толысасың. Сонда Ехоба үшін атқаратын қызметіңде мол батаға кенелесің.
b СӨЗ МӘНІ: Рухани толысқан мәсіхші осы дүниенің даналығымен емес, Құдай рухының жетелеуімен жүреді. Ол Исаға еліктейді, Ехобамен тығыз қарым-қатынаста болу үшін аянбай күш салады және өзгелерге риясыз сүйіспеншілік танытады.
d Оқудың маңыздылығы жайлы білу үшін jw.org сайтынан “Балаларды оқуға баулу. 1-бөлім: Оқыған дұрыс па, әлде көрген бе?” деген мақаланы қара.