50-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
135-ӘН Ехобаның шақыруы: “Ақылды бол, балам”
Ата-аналар, балаңыздың сенімін нығайтыңыз
“Құдайдың ізгі де ұнамды әрі кемелді еркіне не жататынына көз жеткізіңдер” (РИМ. 12:2).
НЕГІЗГІ ОЙ
Баламен мағыналы әңгіме құруға және баланың Құдай мен Киелі кітапқа деген сенімін нығайтуға көмектесетін ата-аналарға арналған тиімді кеңестерді қарастырамыз.
1, 2. Балаңыз Киелі кітап ілімдеріне күмәнданып, сұрақтар қойып жатса, бұған қалай қарағаныңыз дұрыс?
АТА-АНА болуды демалыссыз жұмыс деп айтсақ, артық айтпаспыз. Ата-аналар, баланың бойында сенім дамытуға аянбай күш салып жатқандарыңыз үшін сіздерді мақтағымыз келеді (Мұс. 5-ж. 6:6, 7). Бірақ балаңыз өсе келе, Киелі кітап ілімдері мен ондағы заң-талаптарға күмәнданып, сұрақтар қоя бастауы мүмкін.
2 Балаңыздың сұрақтарын естіп, бірден уайымдап кетуіңіз мүмкін. Тіпті сенімі әлсіреп кетті ме деп қорқатын да шығарсыз. Бірақ ұмытпаңыз, баланың өсе келе сұрақтар қойғаны өте дұрыс, өйткені солай ғана оның жеке көзқарасы қалыптасады (Қор. 1-х. 13:11). Сондықтан балаңыздың сұрақ қойғанынан шошымаңыз, керісінше, мұны мүмкіндік деп қарастырыңыз. Балаңыздың шын көңілмен қойған сұрақтарын пайдаланып, оған тереңірек ой жүгіртіп, айғақтарға көз жеткізуді үйретіңіз.
3. Бұл мақалада не жайында қарастырамыз?
3 Бұл мақалада біз ата-ана баласына 1) шындыққа көз жеткізуге, 2) Киелі кітаптағы дұрыс пен бұрысқа қатысты талаптарды орындаудың пайдасын түсінуге және 3) өз сенімдерін қорғап сөйлеуге қалай көмектесе алатынын қарастырамыз. Бұдан бөлек, баланың сұрақ қойғаны неге жақсы екенін талқылаймыз. Сондай-ақ баламен наным-сенімдері жайлы сөйлесуге жағдай жасау үшін ата-ана не істей алатынын көреміз.
БАЛАҢЫЗҒА СЕНІМІН НЫҒАЙТУҒА КӨМЕКТЕСІҢІЗ
4. Бала қандай сұрақтар қоюы мүмкін және неге?
4 Ата-аналар, мынаны естен шығармаңыздар: Құдайға деген сенім ата-анадан балаға өтетін қасиет емес. Сізге де Ехобаға деген сенім туа біткен жоқ. Балаңыздың да бойында сенім өздігінен пайда болмайды. Сондықтан балаңыз өсе келе “Құдайдың бар екеніне неге сенуім керек? Киелі кітаптағы сөздердің рас-өтірік екенін қайдан білемін?” деген сияқты сұрақтар қоюы мүмкін. Негізі, Киелі кітаптың өзі “ақыл-ойымызды іске қосуға”, “бәрін тексеруге” шақырады (Рим. 12:1; Сал. 1-х. 5:21). Балаңыз күмәнданған кездерде оған қалай көмектессеңіз болады?
5. Балаңыздың Киелі кітапқа деген сенімі артуы үшін не істесеңіз болады? (Римдіктерге 12:2)
5 Балаңызға шындыққа көз жеткізуді үйретіңіз (Римдіктерге 12:2 оқыңыз). Балаңыздың сұрақ қойғанын пайдаланып, ізденіс құралдарының көмегімен сұрақтарының жауабын қалай табуға болатынын көрсетіңіз. Киелі кітап адамдар жазған кітап емес, “Құдай Сөзі” екеніне көзі жету үшін, балаңызды jw.org сайтынан мақалалар мен видеоларды қарап шығуға талпындырыңыз (Сал. 1-х. 2:13). Мысалы, ол ежелгі Ниневия қаласы жайлы оқыса болады. Бұрында кейбір ғалымдар Ниневия қаласының шынымен болғанына күмәнданған. Бірақ 1850 жылдары бұл қаланың қалдықтары табылған. Осылай Киелі кітаптың растығы дәлелденді (Соф. 2:13—15). Ал егер балаңыз “Ниневияның күйреуі” деген мақаланы оқып шықса, Киелі кітаптағы сол қалаға қатысты пайғамбарлықтың қалай дәл орындалғанын көре алады. Балаңыз әдебиеттерімізде айтылған мәліметті басқа да кітаптар мен энциклопедияларда айтылған мәліметпен салыстырса, Киелі кітаптың растығына көзі жете түседі.
6. Киелі кітаптың туралығына балаңыздың көзі жете түсу үшін не істесеңіз болады? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.)
6 Балаңызға Киелі кітаптың туралығын дәлелдейтін айғақтарды көрсетіңіз. Негізі, баламен Киелі кітап және Құдай жайлы сөйлесуге мүмкіндіктер көп. Балаңызбен мұражайға, ботаникалық баққа не Ехоба куәгерлерінің филиалындағы көрмеге барсаңыз, бұндай әңгіме өздігінен-ақ басталады. Мысалы, мұражайға тікелей не онлайн барудың бір пайдасы, Киелі кітаптың туралығын растайтын тарихи оқиғаларға балаңыздың назарын аударып, оған артефактілерді көрсете аласыз. Мысалы, Құдайдың есімі 3000 жыл бұрын Моаб тасына қашалып жазылғанын балаңыз біле ме? Бұл тастың түпнұсқасы Лувр мұражайында сақталған (Париж, Франция). Ал көшірмесін Ехоба куәгерлерінің бас басқармасындағы “Киелі кітап және Құдай есімі” деп аталатын көрмеден көруге болады (Уорвик, Нью-Йорк). Бұл таста Моаб патшасы Мешаның Исраилге қарсы бас көтергені жазылған. Тура осы оқиға Киелі кітапта да баяндалады (Пат. 2-ж. 3:4, 5). Киелі кітаптың туралығын растайтын айғақтарды өз көзімен көргені балаңыздың сенімін нығайтады (Шеж. 2-ж. 9:6).
7, 8. а) Табиғаттың әсемдігі мен үйлесімділігінен нені көруге болады? Мысал келтіріңіз. (Суретті де қараңыз.) ә) Жаратушыға деген сенімі арту үшін балаға қандай сұрақтар қойсаңыз болады?
7 Балаңызды табиғат әлемі жайлы ойлануға талпындырыңыз. Табиғатқа шыққанда не бақшада жұмыс істегенде, балаңызға табиғатта кездесетін таңғажайып бірізділікті көруге көмектесіңіз. Бұл бірізділік табиғат әлемінде бәрі асқан шеберлікпен және ерекше үйлесімділікпен ойластырылғанын дәлелдейді. Мысалы, спираль құрылымын ғалымдар талай жылдан бері зерттеп келеді. Биофизик Никола Фамелидің айтуынша, табиғатта кездесетін кез келген спиральды санап көрсең, белгілі бір сандар тізбегі байқалады. Оны Фибоначчи сандар тізбегі деп атайды. Спираль құрылымы табиғат әлемінде өте көп кездеседі. Мысалы, бұндай құрылымды кейбір галактикалардан, ұлудың бақалшағынан, өсімдік жапырақтарынан және күнбағыстың гүлшоғырынан көруге болады a.
8 Балаңыз мектепте табиғаттағы заңдылықтар туралы сабақ өтуі мүмкін. Сондай заңдылықтардың бірі табиғаттағы пішіндерді қалыптастырады. Мысалы, қар ұлпаларының пішіні белгілі бір геометриялық құрылымдарға сай қалыптасады, яғни қар ұлпасының ішіндегі жекелеген өрнектер сол тұтас қар ұлпасының пішінін қайталайды. Оны фракталдар деп атайды. Фрактал құрылымы табиғат әлемінде жиі кездеседі. Әртүрлі пішіндерді қалыптастыратын осындай заңдылықтарды орнатқан кім? Айналамыздағы таңғажайып тәртіп пен үйлесімділікті кім ойлап тапты? Осындай сұрақтар жайлы ойланатын болса, балаңыз бәрін жаратқан Құдай екенін түсініп, сенімі нығая бастауы мүмкін (Евр. 3:4). Осы орайда балаңыздан “Егер Құдай табиғат әсем болу үшін заңдылықтар орнатқан болса, біз де бақытты болуымыз үшін бізге заң-талаптар берді деу қисынды ма?” деп сұрап көріңіз. Содан кейін Құдай бұл заң-талаптарды Киелі кітапқа жаздырғанын айтып түсіндірсеңіз болады.
БАЛАҢЫЗҒА ҚҰДАЙДЫҢ ЗАҢ-ТАЛАПТАРЫНЫҢ ПАЙДАСЫН ТҮСІНДІРІҢІЗ
9. Балаңыз Киелі кітаптағы заң-талаптардың дұрыстығына күмәнданып жатса, бұған не себеп болуы мүмкін?
9 Кейде балаңыз Киелі кітаптағы дұрыс пен бұрысқа қатысты заң-талаптарға күмәнданып, сұрақтар қоюы мүмкін. Ондай кездері оның бұндай сұрақтарды не үшін қойып жатқанын түсінуге тырысыңыз. Ол Киелі кітаптағы заң-талаптардың дұрыстығына шынымен сенбей ме? Бәлкім, ол жай ғана кейбір нәрселерді не үшін істеуге болатынын-болмайтынын өзгелерге түсіндіріп бере алмайтын шығар. Екі жағдайда да “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” басылымын қолданып, балаңызға Ехобаның заң-талаптарын орындау неге дұрыс екенін түсіндіріп берсеңіз болады b.
10. Балаңызға Ехобаның досы болуға қалай көмектессеңіз болады?
10 Балаңызға Ехобамен дос болуға көмектесіңіз. Балаңызбен Киелі кітапты зерттегенде, “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабындағы суреттер мен сұрақтарды тиімді пайдаланыңыз. Сонда балаңыздың не ойлап, не сезініп жүргенін түсіне аласыз (Нақ. с. 20:5). Мысалы, 8-сабақта Ехоба қамқор досқа теңеледі. Онда Ехоба нағыз дос сияқты пайдалы ақыл-кеңесін айтып, қауіп-қатерден қорғап отыратыны айтылған. Жоханның 1-хаты 5:3-ті талқылап болған соң, балаңыздан былай деп сұрап көріңіз: “Ехоба қамқор досымыз болса, біз оның былай істе, былай істеме деген нұсқауларына қалай қарауымыз керек?” Бұл қарапайым сұрақ болып көрінетін шығар. Бірақ осындай сұрақтың арқасында балаңыз Құдай өзінің заң-талаптарын бізді сүйгендіктен беретінін түсінуі мүмкін (Ишая 48:17, 18).
11. Балаңызға Киелі кітап принциптерінің пайдалы екенін түсінуге қалай көмектессеңіз болады? (Нақыл сөздер 2:10, 11)
11 Балаңызға Киелі кітап принциптерінің пайдасын түсіндіріңіз. Бірге Киелі кітапты не күнделікті тармақты оқығанда, отбасыңыз Киелі кітап принциптерінің қандай пайдасын көргенін айтып беріңіз. Мысалы, балаңыз еңбекқор, шыншыл болудың өзіміз үшін пайдалы екенін түсіне ме? (Евр. 13:18). Сондай-ақ Киелі кітап принциптерін ұстанатын адамның денсаулығы да, эмоциялық күйі де жақсы болатынын айтып беріңіз (Нақ. с. 14:29, 30). Принциптерді осылай талқылап отырғаныңыз балаңызға Киелі кітаптағы ақыл-кеңестерді бағалай түсуге көмектеседі (Нақыл сөздер 2:10, 11 оқыңыз).
12. Стив ұлына Киелі кітап принциптерінің пайдасын қалай түсіндіреді?
12 Францияда тұратын Стив деген бауырлас жасөспірім ұлына Ехобаның заң-талаптарының артында сүйіспеншілік тұрғанын түсіндіру үшін көп күш салады. Ол былай дейді: “Әйелім екеуіміз баламыз Итанға мынадай сұрақтар қоямыз: “Ехоба бұл принципті ұстанғанымызды не үшін қалайды? Бұдан оның бізді жақсы көретінін көруге бола ма? Бұл принципті орындамасаң, не болады деп ойлайсың?” Осылай ой жүгірткеннің арқасында Итан Ехобаның заң-талаптарын ата-анасы айтқандықтан емес, өзі түсінгендіктен орындап жүр. Стив тағы былай дейді: “Біздің бар мақсатымыз — Итан Киелі кітаптың даналығы адамдардың даналығынан әлдеқайда асып түсетінін түсінсе екен дейміз”.
13. Балаңызға Киелі кітап принциптерін ұстануды қалай үйретсеңіз болады? Мысал келтіріңіз.
13 Балаңызға Киелі кітап принциптерін ұстануды үйретіңіз. Балаңызға үй тапсырмасы ретінде қандай да бір әңгімені оқып келуді берсе, сол мүмкіндікті қалт жібермеңіз. Бұл әңгімелерде кейбір кейіпкерлердің әрекеттері азғындықпен не қатыгездікпен байланысты болуы мүмкін. Бірақ оқулықта олардың іс-әрекеттері ақталып, тіпті жақсы етіп көрсетілуі мүмкін. Сондықтан балаңызды Киелі кітап принциптерінің көмегімен сол кейіпкерлердің әрекеттері дұрыс па, бұрыс па — сол жайлы ойлануға талпындырыңыз (Нақ. с. 22:24, 25; Қор. 1-х. 15:33; Філіп. 4:8). Сонда мектепте үй тапсырмасын талқылағанда, балаңыз ұстазына не сыныптастарына куәлік беруге дайын болады.
БАЛАҢЫЗҒА СЕНІМІН ҚОРҒАУДЫ ҮЙРЕТІҢІЗ
14. Мектепте балалар қандай тақырыптан қорқуы мүмкін және неге?
14 Кейбір жастар өз нанымдарын қорғап сөйлеуге қорқуы мүмкін. Сабақта эволюция туралы талқылана қалса, қорыққаннан жүректері зу ете қалатын шығар. Өйткені мұғалімдер эволюция туралы сенімділікпен айғақтар келтіруі мүмкін. Ата-аналар, өз нанымдарына деген сенімі шайқалмас үшін балаңызға қалай көмектессеңіз болады?
15. Киелі кітаптағы шындықтарға деген сенімділігі арту үшін балаңызға қалай көмектессеңіз болады?
15 Балаңыздың Киелі кітап нанымдарына деген сенімін арттырыңыз. Балаңыздың қорқуына да, ұялуына да еш себеп жоқ, өйткені ол жаратылыс туралы нағыз шындықты біледі (Тім. 2-х. 1:8). Негізі, ғалымдардың көбісі тіршілік өздігінен және аяқ астынан пайда бола қалды дегенмен келіспейді. Тіршіліктің сан алуандығы мен күрделілігіне қарап, олар бұның артында асқан шебер, дана Тұлға тұрғанын түсінеді. Сондықтан олар дүниежүзі бойынша мектептерде өтетін эволюция теориясын мойындамайды. Сондай-ақ балаңыз бауырластардың эволюцияға не үшін сенбейтінін естіп-білсе және олардың келтірген қисынды дәлелдері жайлы ой жүгіртсе, тіршілікті Құдай жаратқанына көзі жете түсуі мүмкін c.
16. Жаратушыға деген сенімін қорғап сөйлеуді балаңызға қалай үйретсеңіз болады? (Петірдің 1-хаты 3:15) (Суретті де қараңыз.)
16 Балаңызға Жаратушыға деген сенімін қорғауды үйретіңіз (Петірдің 1-хаты 3:15 оқыңыз). Балаңызбен бірге jw.org сайтындағы “Жастардың сауалдары. Тіршіліктің бастауы Жаратушы ма, эволюция ма?” деген мақалалар топтамасын қарастырып көріңіз. Сол мәліметтердің ішінен балаңыздың сыныптастарыма осыны айтып бергім келер еді деген тұстарын таңдап, кейін соны бірге айтып жаттығыңыздар. Оған ешкіммен сөз таластырудың қажеті жоқ екенін айтып отырыңыз. Біреу қызығып сұрақтар қойған жағдайда қарапайым сөздермен қисынды жауап беруге талпындырыңыз. Мысалы, сыныптасы оған: “Мен өз көзіммен көрмейінше сенбеймін. Ал Құдайды мен ешқашан көрген емеспін”,— деуі мүмкін. Сондай кезде балаңыз мысал келтіріп, былай десе болады: “Елестетіп көрші, сен елсіз жапан далада келе жатырсың. Бір кезде алдыңнан тастан қаланған құдық шығады. Сонда сен ол құдық өзінен-өзі пайда болды деп ойлап қалмайсың ғой. Оны біреу қазғанына еш күмәнің болмайды. Тура солай планетамызды, ішіндегі бүкіл жаратылыстарды да біреу жаратты деу қисынды емес пе?”
17. Балаңызды шындық жайлы айтудың мүмкіндігін іздеуге қалай талпындырсаңыз болады? Мысал келтіріңіз.
17 Балаңызды шындық жайлы айтудың мүмкіндігін іздеуге талпындырыңыз (Рим. 10:10). Балаңыз қандай да бір музыкалық аспапта ойнауды үйреніп жүр деп елестетіңіз. Әдетте адам қарапайым ноталарды ойнаудан бастайды. Кейін аспапты жақсы меңгерген кезде, әуендерді еш қиналмай ойнайтын болады. Тура солай балаңыз да бастапқыда өзінің сенімін қарапайым түсіндіруі мүмкін. Мысалы, ол сыныптасымен әңгімесін былай бастаса болады: “Білесің бе, инженерлер ойлап тапқан нәрсесінің бәрін табиғаттан қайталайды. Саған сол жайлы бір күшті видео көрсетейінші”. Кейін “Жаратылыс ғажайыптары” топтамасынан бір видеоны көрсетіп, былай десе болады: “Табиғатта бар нәрсені қайталап, бірдеңе ойлап шығарған ғалымдарды адамдар марапаттап жатады. Ал сол табиғаттың өзін жасаған кім? Ол үшін біз кімді даңқтауымыз керек?” Осындай қарапайым сұрақтардың өзі сыныптасының қызығушылығын оятып, көбірек білуге талпындыруы мүмкін.
БАЛАҢЫЗДЫҢ СЕНІМІН НЫҒАЙТУДАН ТАЛМАҢЫЗ
18. Баланың Құдайға деген сенімін нығайту үшін ата-аналар не істей берулері керек?
18 Біз Ехобаға сенбейтін адамдардың арасында өмір сүріп жатырмыз (Пет. 2-х. 3:3). Сондықтан, қымбатты ата-аналар, зерттеу сабағы кезінде балаңызды Құдайдың Сөзіне және оның заң-талаптарына құрметін арттыратын мақалаларды оқып-зерттеуге талпындырыңыз. Ехобаның жаратылыстарының таңғаларлық тұстарына назар аударып, ой жүгіртуді үйретіңіз. Киелі кітаптағы егжей-тегжейлі орындалып қойған пайғамбарлықтарды да түсінуге көмектесіңіз. Ал ең маңыздысы, балаңызбен бірге отырып дұға етіңіз және өзіңіз де балаңыз жайлы дұға етіп жүріңіз. Сенімді болыңыз, осылардың бәрін жасап жүрсеңіз, Ехоба еңбегіңізге батасын беріп, балаңызға сенімін нығайтуға көмектеседі (Шеж. 2-ж. 15:7).
133-ӘН Ехобаға жастайыңнан қызмет ет
a Көбірек білу үшін jw.org сайтынан “Ғажайып жаратылыстар Құдайдың даңқын паш етеді” (ор.) деген видеоны қараңыз.
b Балаңыз “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” басылымын зерттеп қойған болса, онымен Құдайдың заң-талаптары қарастырылатын 3, 4-бөлімдегі кейбір сабақтарды қайталап шықсаңыз болады.
c 2006 жылғы “Ояныңдар!” журналынан “Жаратушыға не үшін сенеміз?” (ор.) деген мақаланы және “Тіршіліктің бастауы. Бес маңызды сұрақ” деген кітапшаны оқып көріңіз. Сондай-ақ “Тіршіліктің пайда болуына қатысты пікірлер” топтамасынан бауырластардың көзқарасы жайлы видеолар көріңіз.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Бір Куәгер бала дронға қызығатын сыныптасына “Жаратылыс ғажайыптары” топтамасынан бір видео көрсетіп жатыр.