Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

48-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

97-ӘН Құдай Сөзімен өмір сүру

Исаның нанмен жасаған кереметі

Исаның нанмен жасаған кереметі

“Өмір беретін нан — менмін. Маған келген адам ешқашан аш болмайды” (ЖОХ. 6:35).

НЕГІЗГІ ОЙ

Жохан 6-тараудағы Исаның керемет жасап, мыңдаған адамды нанмен және балықпен тойындырғаны жайлы оқиғадан қандай тәлім алатынымызды көреміз.

1. Киелі кітап заманында нанның алар орны қандай болған?

 НАН Киелі кітап заманында негізгі ас болған (Мұс. 1-ж. 14:18; Лұқа 4:4). Тіпті Киелі кітапта “нан” деген сөз кейде тамаққа да нұсқайды (Мат. 6:11; Ел. іс. 20:7). Исаның көпке танымал кереметтерінің екеуі осы нанмен байланысты болған (Мат. 16:9, 10). Сол оқиғалардың бірін Жохан 6-тараудан оқимыз. Қазір соны қарастырып, қандай сабақ алатынымызды көрейік.

2. Киелі кітаптағы өте көп тамақ қажет болған жағдайды айтып беріңіз.

2 Уағыздан шаршап келген елшілерін ертіп, Иса қайықпен Ғалилеяның арғы бетіндегі Бетсайда деген қалаға келді (Мар. 6:7, 30—32; Лұқа 9:10). Сол жерде олар демалу үшін оқшау бір жерді таңдады. Бірақ ол жаққа мыңдаған адам ағылып келе бастады. Демалғысы келіп тұрса да, Иса жұрттың бетін қайтармай, оларға Патшалық жайлы уағыздады және араларындағы ауру-сырқауларын сауықтырды. Кеш түскенде елшілер осыншама адамға тамақты қайдан табамыз деп уайымдай бастады. Соған қарағанда, бірен-саран адамда ғана азын-аулақ тамақ болған көрінеді. Ал басым көпшілігіне ауылдарға барып өздеріне тамақ сатып алу қажет еді (Мат. 14:15; Жох. 6:4, 5). Бұл жағдайда Иса не істеді?

ИСА ХАЛЫҚТЫ НАНМЕН ТОЙЫНДЫРДЫ

3. Иса елшілеріне қандай нұсқау берді? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

3 Иса елшілеріне: “Оларға ешқайда кетудің қажеті жоқ. Тамақты сендер беріңдер”,— деді (Мат. 14:16). Олар тамақты қайдан таппақ? Жиналған ер кісілердің өзі 5000-дай еді, ал әйелдері мен бала-шағасын қосқанда, барлығы 15 000-ға жеткен болуы мүмкін (Мат. 14:21). Сол кезде Әндір: “Осында бір баланың бес арпа наны мен екі кішкене балығы бар. Бірақ бұл осыншама кісіге не болады?”— деген (Жох. 6:9). Баланың қолындағы арпадан жасалған нан әдетте кедейлер жейтін нан болған, ал балық қақталған болса керек. Шынымен де, бес нан мен кішкене екі балықты кімнің аузынан табасың?!

Иса адамдардың рухани да, тәндік те қажеттілігін қамдаған (3-абзацты қараңыз)


4. Жохан 6:11—13 тармақтардан қандай сабақ аламыз? (Суреттерді де қараңыз.)

4 Иса қонақжайлылық танытып, халықты топ-топқа бөлді, кейін көгалға жайғастырды (Мар. 6:39, 40; Жохан 6:11—13 оқыңыз). Иса нан үшін де, балық үшін де ризашылық білдіріп, Құдайға дұға етті. Бұнысы өте орынды еді. Өйткені жейтін тамағымыздың болғаны бірінші кезекте Құдайдың арқасы. Біз де Исаға еліктеп, жалғыз болсақ та, қасымызда адамдар болса да, алдымыздағы асқа ризашылық білдіргеніміз орынды. Дұға еткен соң Иса тамақты халыққа үлестірді. Олар тойып алғандарынша жеп, тіпті артылып қалды. Иса ысырап болмасын деп артылған тамақты, кейінірек жеу үшін болса керек, жинап алуды тапсырды. Бұдан алатын сабағымыз: біз де ысырапшыл болмай, қолда барымызды ақылмен жұмсауды үйренуіміз керек. Ата-аналар, осы оқиғаны балаларыңызбен бірге оқып, оларға дұға етудің, қонақжай болудың және жомарт болудың маңыздылығын үйретсеңіздер болады.

Исаға еліктеп, сіз де тамақ ішер алдында дұға етесіз бе? (4-абзацты қараңыз)


5. Исаның кереметін көрген жұрт не істемекші болды, ал Иса не істеді?

5 Жұрт Исаның берген тәліміне де, жасаған кереметіне де қайран қалды. Бәлкім, олар Мұсаның “араларыңнан мен сияқты бір пайғамбар шығады” деген сөздерін еске алып, сол пайғамбар Иса емес пе екен деп ойланса керек (Мұс. 5-ж. 18:15—18). Содан да болар, олар Исаны бүкіл елді нанмен қамтамасыз етіп отыратын керемет билеуші болады деп, патша еткісі келді (Жох. 6:14, 15). Иса бұған жол бергенде, Римнің қол астындағы яһудилердің саяси істеріне араласып кетер еді. Сондықтан ол өзін ұстап алып, патша етпекші болған халықтан қашып, тауға жалғыз кетіп қалды. Ол өзгелердің қысымына қарамастан, саяси істерге еш бас сұқпады. Біз үшін не деген керемет үлгі!

6. Саяси мәселелерде Исаға қалай еліктесек болады? (Суретті де қараңыз.)

6 Әрине, біреулер бізге келіп, “нанды көбейт, ауруларды сауықтыр”, я болмаса “сені патша қылайық” деуі екіталай. Бірақ өзгелер бізді халықтың қамын жасайды-ау деген адамға дауыс беруге не соны қолдауға итермелеуі мүмкін. Бұндай жағдайда не істеу керектігін Иса бізге анық көрсетті. Ол саяси істерге мүлдем араласпаған. Кейін тіпті: “Менің патшалығым осы дүниелік емес”,— деп айтқан (Жох. 17:14; 18:36). Бүгінде біз де Иса сияқты ойланып, Иса сияқты әрекет етеміз. Біз Патшалықты қолдаймыз, сол жайлы уағыздаймыз және Патшалық келсін деп дұға етеміз (Мат. 6:10). Қазір Исаның жасаған кереметіне қайта оралып, тағы қандай сабақ алатынымызды көрейік.

Иса яһудилердің де, римдіктердің де саяси мәселесіне араласпай, бізге тамаша үлгі қалдырды (6-абзацты қараңыз)


“НАНМЕН БОЛҒАН КЕРЕМЕТТІҢ МӘНІ”

7. Исамен және елшілерімен қандай жағдай болды? (Жохан 6:16—20)

7 Халықты тамақтандырған соң, Иса елшілерін қайыққа отырғызып, арғы беттегі Қапарнаумға жіберді. Өзі болса патша етпекші болған халықтан қашып, тауға кетіп қалды (Жохан 6:16—20 оқыңыз). Елшілер қайықпен жүзіп бара жатқанда, дауыл тұрып, теңіз қатты толқи бастады. Бір кезде судың бетімен Иса келді. Петір де Исаның айтуымен су бетімен жүрді (Мат. 14:22—31). Исаның қайыққа отырғаны сол-ақ еді, дауыл сап тыйылды. Бұны көріп шәкірттері: “Сіз шынымен де Құдайдың Ұлысыз!”— деп, оған тағзым етті a (Мат. 14:33). Бұлары өте қызық болды! Өйткені олар бұл сөздерді Иса нанды керемет түрде көбейткеннен кейін емес, су бетімен жүргеннен кейін ғана айтты. Марқа да осыған назар аударып: “Бұған шәкірттері қатты қайран қалды. Өйткені олар нанмен болған кереметтің мәнін ұқпаған еді, әрі жүректері түсінуге әлі де жабық болатын”,— деген (Мар. 6:50—52). Расында да, шәкірттер Ехобаның Исаға кереметтер жасау үшін орасан зор күш бергенін ұқпады. Кейін Иса нанмен болған керемет жайлы қайтадан өзі сөз қозғап, жұртқа тәлім берді.

8, 9. Жұрт Исаны не үшін іздеп барды? (Жохан 6:26, 27)

8 Негізі, жұрт тек қарындарының тойғанын ғана ойлады. Неге олай дейміз? Келесі күні олар Иса мен елшілердің кетіп қалғанын көргенде, Тибериядан келген қайықтарға отырып, Исаны табу үшін Қапарнаумға жүзіп кетті (Жох. 6:22—24). Олар Исаны не үшін іздеді? Патшалық жайлы көбірек білу үшін бе? Жоқ. Олардың бар ойлағандары тамақ еді.

9 Жұрт Исаны Қапарнаумның маңында кездестіргенде, Иса олардың бар ойы тамақ екенін ашық айтты. Олар “нан жеп тойса” да, Иса бұл нанның “бұзылатын тамақ” екенін айтты, кейін оларды “мәңгілік өмір беретін бұзылмайтын тамақ” үшін еңбек етуге шақырды (Жохан 6:26, 27 оқыңыз). Иса бұл тамақты Ехобаның өзі беретінін айтты. Мәңгілік өмір бере алатын бұл тамақ не қылған тамақ? Жұрт ол тамақты қайдан алмақ?

10. Мәңгілік өмірге ие болу үшін яһудилер не істеу керек еді?

10 Исаның “еңбек етіңдер” деген сөзін естігенде, яһудилер ол айтқан тамаққа ие болу үшін бірдеңе істеу керектігін түсінсе керек. Бәлкім, олар Мұса Заңын орындауымыз керек деп ойлаған шығар. Бірақ Иса: “Құдай жібергенге сеніңдер, оған осы ұнамды”,— деген (Жох. 6:28, 29). Демек, мәңгілік өмірге ие болу үшін олар Құдайдың жіберген өкіліне сену керек болған. Негізі, Иса бұл жайында бұған дейін де айтқан еді (Жох. 3:16—18, 36). Ал кейінірек ол мәңгілік өмірге ие болу үшін не істеу керектігін толығырақ түсіндірді (Жох. 17:3).

11. Яһудилер кәдімгі нанды ғана ойлап тұрғандарын қалай білдіртіп қойды? (Зәбүр 78:24, 25)

11 Яһудилер Құдай жібергенге сену керек деген жаңа ілімді қабылдамады. Сондықтан олар Исадан: “Қандай керемет жасайсыз? Соны көріп, сізге сенейік”,— деді (Жох. 6:30). Олар Мұсаның заманында ата-бабалары аспаннан түскен нан, яғни манна жегенін айтты (Нех. 9:15; Жох. 6:31; Зәбүр 78:24, 25 оқыңыз). Осы сөздерінен олардың әлі де кәдімгі нан туралы ойлап тұрғандары көрініп қалды. Иса мәңгілік өмір беретін аспаннан түскен “шынайы нан” жайлы айтқанда, олар бұл сөздер нені білдіретінін сұраған да жоқ (Жох. 6:32). Олардың кәдімгі тамақты ойлап кеткені сонша — Исаның айтып тұрған маңызды шындықтарына мән бермеді. Бұл жағдайдан біз қандай сабақ аламыз?

БӘРІНЕН ДЕ МАҢЫЗДЫСЫ НЕ?

12. Бәрінен де не маңызды екенін Иса қалай көрсетті?

12 Жохан 6-тараудан алатын басты сабағымыз: біз бірінші кезекте рухани қажеттілігімізді ойлауымыз керек. Иса да Шайтан азғырған кезде осы жайлы айтқан (Мат. 4:3, 4). Ал Таудағы уағызында рухани мұқтаждығымызды мойындаудың маңыздылығына баса назар аударған (Мат. 5:3). Енді біз өзімізді былай деп тексеріп көрейік: Менің өмірімнен тәндік қажеттілігімнен бұрын рухани қажеттілігімді ойлайтыным анық көріне ме?

13. а) Неге тамақтан рақат алуда тұрған ештеңе жоқ? ә) Біздің қандай ескертуге ден қойғанымыз абзал? (Қорынттықтарға 1-хат 10:6, 7, 11)

13 Әрине, Ехобадан қажетімізді сұрап, соның рақатын көруде тұрған ештеңе жоқ (Лұқа 11:3). Бейнетіміздің зейнетін көріп, “ішіп-жеп”, содан қуаныш алу — “бұл да Құдайдың бергені” (Уағ. 2:24; 8:15; Жақ. 1:17). Бірақ тәндік қажеттілігіміз бәрінен де маңызды болып кетпеу керек. Елші Пауыл да мәсіхшілерге хат жазғанда осыған ерекше назар аударған. Ол Синай тауының маңында исраилдіктермен болған жағдайды мысалға келтірді. Өйткені Пауыл мәсіхшілерді исраилдіктер сияқты “жамандыққа құмар” болудан сақтандырғысы келді (Қорынттықтарға 1-хат 10:6, 7, 11 оқыңыз). Исраилдіктердің тамақты көп ойлап кеткені сонша — Ехобаның жасап жатқан кереметі олар үшін “жамандыққа” айналып кетті (Мұс. 4-ж. 11:4—6, 31—34). Алтын бұзауға табынған кезде де бар есіл-дерттері ішіп-жеу, көңіл көтеру екені анық көрінді (Мұс. 2-ж. 32:4—6). Пауылдың айтқан ескертуі сол мәсіхшілер үшін уақытылы болды, өйткені олар Иерусалимнің күйрейтін уақыты таяп қалғанда өмір сүріп жатты. Қазір біз де осы дүниенің соңы таяп қалған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан Пауылдың кеңесіне біздің де мұқият ден қойғанымыз абзал.

14. Жұмақта не ішіп-жейтінімізге қатысты Киелі кітапта не айтылған?

14 Иса “сенің еркің көктегідей жер бетінде де орындалсын” деген соң, “бүгінгі күнге қажетті нанымызды бере көр” деген (Мат. 6:9—11). Киелі кітаптан білетініміздей, адамзатты нәрлі тамақпен қамдау Құдай еркіне кіреді. Ехобаның еркі жер бетінде де орнағанда не болатынын ойлап көріңізші. Мысалы, Ишая 25:6—8 тармақтарда айтылғандай, Ехобаның Патшалығы орнағанда жер бетінде аста-төк молшылық болады. Ал Зәбүр 72:16-да: “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады”,— делінген. Жұмақта иісі бұрқыраған ыстық нанды пештен шығарып жатқаныңызды, я болмаса небір жаңа тамақтарды істеп жатқаныңызды елестетіңізші. Әлде сіз өзіңіз жүзімдік отырғызып, соның жемісін жеп, шарабын ішкіңіз келе ме? (Ишая 65:21, 22). Жер бетінде Құдайдың еркі орнағанда, сан алуан тамақтың рақатын әрбір адам көреді.

15. Жұмақта қайта тірілген адамдарға қандай тәлім береміз? (Жохан 6:35)

15 Жохан 6:35 оқыңыз. Иса берген нан мен балықтан тойып жеген адамдармен болашақта не болады? Олар Исаға сенбесе де, кейбірі қайта тірілуі мүмкін (Жох. 5:28, 29). Кім біледі, олармен көрісіп те қалатын шығармыз. Жұмақта олар Исаның “өмір беретін нан — менмін. Маған келген адам ешқашан аш болмайды” деген сөздерінің мәнін ұғады. Оларға Исаның төлем құрбандығына, яғни Иса олар үшін жанын қиғанына сенім таныту керек болады. Ойлап көріңізші, біз жұмақта қайта тірілген адамдар мен туылған балаларға тәлім береміз. Бұндай ғаламат тәлім беру ісіне атсалысу — неткен ғанибет! Бұл іс тіл үйіретін ағыл-тегіл тамақтан әлдеқайда көп қуаныш сыйлайтын болады. Иә, жұмақта да рухани істер басты орында тұрады.

16. Келесі мақалада не талқылаймыз?

16 Біз Жохан 6-тараудың жартысын ғана қарастырдық. Бірақ Исаның “мәңгілік өмірге” қатысты берер тәлімі әлі де көп. Оның тәлімі сол замандағы яһудилерге ғана емес, бізге де қатысты. Келесі мақалада Жохан 6-тарауды әрі қарай қарастырамыз.

20-ӘН Сен Ұлыңды қидың

a Бұл ерекше жағдайды толығырақ келесі кітаптардан оқуға болады: “Иса пайғамбар — жол, шындық, өмір”, 131-бет және “Сенімін серік еткендер”, 185-бет.