Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

51-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

3-ӘН Сен бізге күш бердің, үміт бердің

Көз жасыңызды Ехоба ұмытпайды

Көз жасыңызды Ехоба ұмытпайды

“Көз жасымды месіңе жинап қойшы, Сен олардың бірін қалдырмай кітабыңа жазып қойдың емес пе?!” (ЗӘБ. 56:8).

НЕГІЗГІ ОЙ

Ауыр күй кешкен кездерде Ехоба жан дүниемізді түсінеді және бізді жұбатып, көмекке келеді.

1, 2. Біз не себепті жылаймыз?

 ЖЫЛАЙТЫН кез бәрімізде де болады. Кейде қуанышымыз ішімізге сыймай, қатты толқып, көзімізге жас аламыз. Баламыз дүниеге келгенде, жақсы сәттер есімізге түскенде не көптен бері көрмеген досымызды көргенде, қуаныштың көз жасына ерік береміз.

2 Өкінішке қарай, көзіміздің жасы қуаныштан ғана болмайды. Көп жағдайда біз көңіліміз құлазып, ауыр күй кешкеннен жылаймыз. Жақын адамымыз сатып кетсе, айықпас дертке шалдықсақ не жақынымыз өмірден өтсе, қайғыдан көз жасымызды төгеміз. Сондай кездерде Иерусалим Бабылдың қолына түскені үшін қасірет шеккен Еремия сияқты күй кешетін шығармыз. Ол: “Көз жасым көл-дария болды. Көз жасым сорғалап, еш тыйылмайды”,— деген (Ерм. з. 3:48, 49).

3. Қызметшілерінің қайғыдан жылағанын көргенде Ехоба не сезінеді? (Ишая 63:9)

3 Қиналған шағымызда қанша көз жас төккеніміз Ехобаға мәлім. Киелі кітапта талай айтылғандай, жанымызға батқан ешбір жағдай оның көзінен таса қалмайды және ол зар илеп көмекке шақырған үнімізді естиді (Зәб. 34:15). Бірақ Ехоба қиналғанымызға құр қарап отырмайды. Баласының жылағанына бейжай қарамайтын мейірімді әке сияқты Ехоба да бізге жаны ашып, тез көмекке келеді (Ишая 63:9 оқыңыз).

4. Киелі кітаптағы кейбір оқиғалардан Ехоба жайлы не білеміз?

4 Киелі кітаптан анық көретініміздей, қызметшілерінің көз жасы Ехоба үшін бәрібір емес. Бұған Ханнаның, Дәуіттің және Езекия патшаның оқиғасы дәлел. Олардың көз жасына не себеп болды? Ехоба олардың зар илеген даусын естігенде, не істеді? Қайғыдан, сатқындықтан не шарасыздықтан жылаған сәттерде бұл оқиғалар бізге қалай жұбаныш береді?

ҚАЙҒЫДАН ЖЫЛАҒАНДА

5. Ханна қайғыдан қандай күй кешті?

5 Ханнаның жанына батып, оны жылатып жүрген бірнеше қиындығы болды. Солардың бірі — күйеуінің Пәнана деген тағы бір әйелі бар еді және ол Ханнаны жек көретін. Бұл аздай, Ханна бала сүйе алмады, ал Пәнананың бірнеше баласы болды (Сам. 1-ж. 1:1, 2). Ол Ханнаның бедеулігін бетіне басып, қоймай мазақ ететін. Ханна “жүрегі қарс айырылып” қайғыға батқаны сонша — “көз жасын төгіп, нәр татпай қойған” (Сам. 1-ж. 1:6, 7, 10). Егер сіз Ханнаның орнында болсаңыз, қандай күй кешер едіңіз?

6. Ханна жұбанышты қайдан тапты?

6 Ханна жұбанышты қайдан тапты? Бірде ол Ехобаға ғибадат ету үшін киелі шатырға барды. Киелі шатырдың кіреберісіне жақын жерде болса керек, ол “еңіреп тұрып Ехобаға дұға етті”. Ол жалбарынып: “Күңіңнің қасіретіне көңіл аударып, мені есіңе алшы”,— деді (Сам. 1-ж. 1:10ә, 11). Дұғасында ол Ехобаға бар уайымын, бар қайғысын бүкпей айтты. Егіле жылап тұрған аяулы қызын көріп, Ехобаның аяныштан жүрегі сыздап кеткенінде сөз жоқ.

7. Ехобаға мұңын шағып дұға еткені Ханнаға қалай көмектесті?

7 Ехобаға бар мұңын ақтарып айтқаны және бас діни қызметкер Елидің жұбаныш сөздері Ханнаның көңілін орнықтырды. Киелі кітапта айтылғандай, “ол тамақ ішіп-жей бастады, жүзінен де қайғының нышаны байқалмайтын болды” (Сам. 1-ж. 1:17, 18). Басына түскен қиындықтары сол сәтте шешіліп кетпесе де, Ханна бір жеңілдеп қалды. Өйткені ол еңсесін басқан мұң-шері мен қайғысын Ехобаға тапсырды. Ехоба зар жылаған қызметшісіне бейжай қарамай, оған бала сыйлады (Сам. 1-ж. 1:19, 20; 2:21).

8, 9. Еврейлерге 10:24, 25-ке сай, қанша қиналып тұрсақ та, қауымға бару неге маңызды? (Суретті де қараңыз.)

8 Алар сабағымыз. Сіз де басыңызға түскен қайғыдан жылап жүрсіз бе? Бәлкім, туысыңыз не досыңыз өмірден өткен болар. Мұндайда жалғыз қалғыңыз келетіні кәдімгі нәрсе. Бірақ көңіліңіз құлазып тұрғанына қарамай қауым кездесулеріне барсаңыз, Ханна киелі шатырға барып жігерленгеніндей, сіз де жұбанып қаласыз (Еврейлерге 10:24, 25 оқыңыз). Қауымда біз көңілімізге жұбаныш пен жігер беретін тармақтар естиміз. Осылай Ехоба кеудемізді қысқан мұңды ойларды жағымды ойлармен алмастырады. Әрине, бұдан жағдайымыз бірден оңалып кетпесе де, іштегі сезімдеріміз жайланып, сәл де болса жеңілдеп қаламыз.

9 Қауымға барудың тағы бір пайдасы — жанашыр бауырластарымыздың жылы-жұмсақ сөздері еңсемізді кәдімгідей көтеріп тастайды (Сал. 1-х. 5:11, 14). Әйелінен айырылған бір арнайы ізашар былай дейді: “Әйелімді сағынғаннан әлі күнге дейін жанарыма жас тығылады. Кейде оңаша қалып, бір жылап аламын. Сондай сәттерде нағыз жұбанышым — қауымым. Бауырластарымның мені қолдап айтқан жылы сөздері көңілімді жайландырады. Қауымға қанша жаман болып келсем де, қауымнан үнемі жігерленіп, қанаттанып қайтамын”. Ұмытпайық, қауымға барсақ, Ехобаның бізге бауырластар арқылы көмектесуге мүмкіндігі болады.

Бір сенімдегі бауырластарыңыздан жұбаныш табыңыз (8, 9-абзацтарды қараңыз)


10. Жанымыз құлазып жүргенде, Ханнаға қалай еліктесек болады?

10 Ханнаға көмектескен тағы бір нәрсе — ол бар зар-мұңын Ехобаға айтып, дұға етті. Сіз де “бар уайымыңызды оған артыңыз”, ол міндетті түрде дұғаңызды естіп, көмекке келеді (Пет. 1-х. 5:7). Күйеуі ұрылардың қолынан қаза тапқан бір әйел бауырласымыз былай дейді: “Жаным қиналып, азапталғаным сонша — ешқашан бұрынғыдай күліп-ойнай алмаспын дедім. Қайғыға батып кетпегенім тек көктегі мейірімді Әкеме дұға еткеннің арқасы. Кейде сөз таппай, не айтарымды білмесем де, Ехоба мені түсініп, демеп жүрді. Ішімнің бәрі алай-дүлей болған кездері тыныштық сұрап дұға ететінмін. Сонда санам мен жүрегімде бірден тыныштық орнап, әрі қарай өмір сүруге күш табатынмын”. Жүрегіңізді ауыртқан қайғыңызды айтып келгенде, Ехоба сіздің қиналып жатқаныңызға құр қарап отыра алмайды. Мұндай күйіңіз оның да жанына батады. Ехоба барлық қайғы-қасіретімізді алып тастамаса да, жанымызға жай беріп, тыныштық сыйлайды (Зәб. 94:19; Філіп. 4:6, 7). Адалдығыңыз бен табандылығыңыз үшін ол сізді батасыз қалдырмайды (Евр. 11:6).

САТҚЫНДЫҚТАН ЖЫЛАҒАНДА

11. Өзгелердің қиянатынан Дәуіт қандай күй кешті?

11 Дәуіт өмірінде небір қиындықтарды бастан кешіп, көз жасын талай төккен. Оны көбісі жек көрді, тіпті сенген адамдары сатып кетті (Сам. 1-ж. 19:10, 11; Сам. 2-ж. 15:10—14, 30). Бір жырында ол былай деген: “Күрсіне-күрсіне әбден қажыдым, Түні бойы төсегімде көз жасымды көл қылдым, Жылай-жылай төсегімді суладым”. Дәуіт осыншалықты түңіліп кетуіне не себеп болғанын айтып: “Қаскөйлердің көптігінен”,— деген (Зәб. 6:6, 7). Олардың қиянаты ауыр тигені сонша — Дәуіт көз жасына ерік беріп, тоқтамай жылай берген.

12. Зәбүр 56:8-ден көретініміздей, Дәуіт не нәрсеге сенімді болды?

12 Адамдардан қанша қиянат көрсе де, Дәуіт Ехобаның оны жақсы көретініне еш күмәнданбаған. Сондықтан ол: “Ехоба зарыма құлақ асады”,— деп сеніммен айтқан (Зәб. 6:8). Ал Зәбүр 56:8-де (оқыңыз) ол Ехобаның сүйіспеншілігі мен қамқорлығын көркем тілмен сипаттаған. Дәуіт Ехоба оның көз жасын месіне жинап қойғандай, бірін қалдырмай кітабына жазып қойғандай елестеткен. Дәуіт Ехоба оның әрбір күрсінісін байқап, есінде сақтайтынына сенімді болған. Сондай-ақ Ехоба оның қандай қиындықты бастан кешіп жатқанын ғана емес, солардың кесірінен қандай күй кешіп жатқанын да білетініне еш күмәні болмаған.

13. Біреуден қатты көңіліміз қалғанда, неден жұбаныш тапсақ болады? (Суретті де қараңыз.)

13 Алар сабағымыз. Жақын адамыңыздан сіздің де көңіліңіз қалды ма? Кездесіп жүрген адамыңыз не өмірлік жарыңыз тастап кеткеннен не жақын адамыңыз Ехобаға қызмет етуін доғарғаннан жүрегіңіз қарс айырылып, өзіңізді қоярға жер таппай жүрсіз бе? Әйелі опасыздық жасаған бір бауырлас былай дейді: “Әйелімнің мені осылай тастап кеткеніне еш сене алмадым. Ішім астан-кестен болып, мұңайдым да, ашуландым да. Өзімді түкке тұрғысыз сезініп кеткен кездерім де болды”. Адамнан көңіліңіз қалғанда, Ехоба сізді ешқашан тастамайтынын есте ұстап, содан жұбаныш табыңыз. Жаңағы бауырлас тағы былай дейді: “Адамдармен қарым-қатынас тұрақсыз, ал Жартасымыз Ехоба сенімді. Қандай жағдай болмасын, ол әрдайым қасымыздан табылады. Ол адал қызметшілерін ешқашан тастамайды” (Зәб. 37:28). Есіңізде болсын, Ехобаның сүйіспеншілігі адамдардікінен әлдеқайда күшті. Жақын адамыңыздың сатқындығынан жаныңыз қиналғанда, Ехоба сізді шын жақсы көретініне сенімді болыңыз (Рим. 8:38, 39). Бір сөзбен айтқанда, адам баласы сізге не істесе де, көктегі Әкеңіздің сізге деген сүйіспеншілігі еш өзгермейді.

Ехоба жүрегі жаралы жанға жақын тұрады (13-абзацты қараңыз)


14. Зәбүр 34:18-дегі сөздер бізге қандай жұбаныш береді?

14 Сатқындықтың құрбаны болғанда, Зәбүр 34:18-дегі (оқыңыз) Дәуіттің сөздері де жұбаныш береді. Бір сөздікте айтылғандай, “сағы сынған” не сілтемедегі “рухы күйреген” деген тіркес алға ұмтылуға еш себеп көрмейтін адамға нұсқауы мүмкін. Осындай күй кешіп жүргендерге Ехоба қалай қарайды? Мазасы қашып жылаған баласын бірден қолына алып жұбататын ана сияқты, Ехоба да сатқындықтан жүрегіміз ауырғанда бізге “жақын тұрады”. Ол бізге жаны ашығандықтан, жаралы жүрегімізді таңып, күйреген рухымызды көтеру үшін бірден көмекке келеді. Алға ұмтылуға әрдайым себеп болсын деп, Ехоба бізге керемет үміт берген. Бұл үміт басымызға түскен сынақтан сынбай өтуге көмектеседі (Ишая 65:17).

ШАРАСЫЗДЫҚТАН ЖЫЛАҒАНДА

15. Езекия не үшін өксіп жылады?

15 Яһуда патшасы Езекия 39 жасында айықпас дертке шалдыққанын біледі. Сонда Ишая пайғамбар Ехобадан хабар әкеліп, Езекияның сол аурудан өлетінін айтады (Пат. 2-ж. 20:1). Бұл хабарды естіп, Езекия шарасыз күй кешті. Ол Ехобаға жалынып дұға етіп, өксіп жылады (Пат. 2-ж. 20:2, 3).

16. Ехоба Езекияның жылап тұрып айтқан дұғасына қалай жауап берді?

16 Езекияның жылап айтқан дұғасынан Ехобаның жүрегі елжіреп кетті. Ол Ишая арқылы Езекияға: “Айтқан дұғаң құлағыма жетті, көз жасыңды да көрдім. Мен сені сауықтырамын”,— деді. Бірақ Ехобаның мейірімділігі бұнымен ғана шектелген жоқ. Ол Езекияның өмірін ұзартатынын және Иерусалимді ассириялықтардың қолынан азат ететінін уәде етті (Пат. 2-ж. 20:4—6).

17. Айықпас дертке шалдықсақ, Ехоба бізді қалай демейді? (Зәбүр 41:3) (Суретті де қараңыз.)

17 Алар сабағымыз. Емі жоқ ауруға шалдығып, шарасыз күй кешіп жүрсіз бе? Сондай кезде Ехобаға дұға етіңіз, тіпті көз жасыңызды төгіп дұға етсеңіз болады. Киелі кітапта анық айтылғандай, “қайырымы мол Әкеміз және жұбаныш атаулының қайнар көзі” Ехоба бізді қиындық көрген кездің бәрінде жұбатады (Қор. 2-х. 1:3, 4). Әрине, біз Ехоба бар қиындығымызды шешіп тастайды деп күтпеуіміз керек, бірақ ол бізді қолдап-демейтініне әрдайым сенімді бола аламыз (Зәбүр 41:3 оқыңыз). Дертімізбен күресуге әліміз болу үшін Ехоба бізге киелі рухы арқылы күш-қуат, даналық және жантыныштығын береді (Нақ. с. 18:14; Філіп. 4:13). Ехобаның болашақта ауру атаулыны жоқ қыламын деген уәдесі де — біз үшін таптырмас демеу (Ишая 33:24).

Ехоба дұғамызға жауап беріп, бізге күш-қуат, даналық, жантыныштығын сыйлайды (17-абзацты қараңыз)


18. Қиналған шағыңызда сізге қай тармақ жұбаныш береді? (“ Көз жасымызды сүртетін жұбаныш сөздер” деген қоршауды қараңыз.)

18 Езекия патша Ехобаның сөзінен жұбаныш тапқан. Тура солай Құдай Сөзі бізді де жұбата алады. Киелі кітап қиналған кезімізде рухымызды көтеріп, жұбаныш беретін сөздерге толы (Рим. 15:4). Батыс Африкада тұратын бір әйел бауырлас қатерлі ісікке шалдыққанын біліп, сол үшін талай көз жасын төккен. Ол былай дейді: “Ишая 26:3-тегі сөздер маған ерекше жұбаныш береді. Басымызға түскен қиындықтарды шешу, өкінішке қарай, кейде қолымыздан келмейді. Бірақ Ехоба сыйлайтын тыныштықтың арқасында біз кез келген қиындықта оң көзқарас сақтай аламыз”. Сіздің де шарасыз күй кешіп, қиналған шағыңызда жаныңызды жайландыратын сүйікті тармағыңыз бар ма?

19. Бізді қандай болашақ күтіп тұр?

19 Соңғы күндер бітуге таяғандықтан, бізді жылататын жағдайлар көбеймесе, азаймайды. Бірақ Ханнаның, Дәуіттің және Езекия патшаның жағдайынан білгеніміздей, Ехоба жылаған кезімізді байқайды және мұндай күйімізге бейжай қарамайды. Ехоба көзімізден тамған әрбір тамшы жасымызды есте сақтайды. Сондықтан басымызға қиын күндер туғанда, Ехобаға ішімізді ақтарып дұға етейік, қауымдағы жанашыр бауырластарымыздан ешқашан бөлектеніп жүрмейік. Киелі кітаптағы жанымызға шипа беретін сөздерден де жұбаныш ала берейік. Сенімді болайық, соңына дейін табанды болсақ, міндетті түрде Ехобаның батасына кенелеміз. Жұмақта Ехоба әрбір көз жасымызды сүртіп тастайды, енді қайтып қайғыдан, сатқындықтан және шарасыздықтан жыламайтын боламыз (Аян 21:4). Жыласақ, тек қуаныштан жылаймыз!

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”